Министр жергілікті атқарушы органның өкілдерімен, құрылыс және авиация саласының сарапшыларымен кездесу өткізді, онда әуежайлар салу жоспары талқыланды.
Катонқарағай мен Зайсан әуежайы қай жерде салынатыны белгілі болды
Фото: Көлік министрлігі
461
оқылды

Көлік министрі Марат Қарабаевтың жұмыс сапары Шығыс Қазақстан облысында жалғасып жатыр. Сапар барысында ведомство басшысы еліміздің шығысында жаңа әуежайлар орналасатын алаңдармен танысты. Мәселен, Катонқарағай ауданында жаңа әуежай Солдатово ауылының қасында салынады, – деп хабарлайды  Aikyn.kz.   

Бұл ауыл Катонқарағай және Үлкен Нарын ауылдарының арасында орналасқан. Катонқарағай ауылына дейінгі қашықтық 38 шақырымды құрайды. Ал Зайсанда әуежай Сәтбаев атындағы бұрынғы әскери әуеайлақтың аумағында орналасады. Бұл жерден Зайсан қаласына дейінгі қашықтық – 25 шақырым. 

“Бастапқы кезеңде әуежайларда Q400, ATR 42/72, CRJ200 әуекемелері үшін ұзындығы 2 200 метр жасанды ұшу-қону жолағы салынады. Әуекемелерінің бұл түрлері Астана мен Алматыдан облыстың туристік орындарына дейін әуеқатынасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Кейін бұл жолақты кеңейту жұмыстары жүргізіліп, сыйымдылығы көбірек үлкен ұшақтарды (Airbus А320, Boeing 737) қабылдауға да мүмкіндік бар», – делінген министрлік хабарламасында. 

"Мемлекет басшысы Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында сапалы жол инфрақұрылымы бар аэровокзал кешендері мен әуежайларды салуды тапсырды. Қойылған міндеттерді уақытылы орындау үшін ел өңірлеріне жұмыс сапарымен шығып, нысандар салынатын учаскелермен танысудамыз. Алдағы уақытта қолға алынатын жұмыстарды пысықтадық. Үш әуежайдың да құрылысы келесі 2025 жылы басталады", – деп атап өтті министр. 

Министр жергілікті атқарушы органның өкілдерімен, құрылыс және авиация саласының сарапшыларымен кездесу өткізді, онда әуежайлар салу жоспары талқыланды. Аталған учаскелер төмендегідей факторларға сәйкес таңдалды. 

Авиация және құрылыс саласының сарапшылары мен жобалаушылар алдын ала зерттеулер жүргізді: 

1. Жер бедері мен метеожағдай ескерілді; 

2. Әуекемелерінің қонуына кедергі жоқ; 

3. Қонудың екі курсынан да әуекемелерін қабылдау-шығару мүмкіндігі; 

4. Әуежай инфрақұрылымын болашақта кеңейту мүмкіндігі бар; 

5. Ыңғайлы локоция (Үлкен Нарын, Катонқарағай, Зайсан, Тарбағатай маңы) ; 

6. Инженерлік инфрақұрылымның болуы және қолданыстағы жолдарға жақын орналасуы.

 Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.