Кіндік қаным тамған ауылым не сол елдің адамдары туралы жазарда менің есіме ылғи Әбдіжәміл Нұрпейісов түседі. Олай болатын жөні бар, Аралдың алтын тамырының сонау 1960 жылы жазған «Туған жер» деп аталатын керемет эссесі ең алдымен ойға оралады.
Санадағы сарытап сағыныш
641
оқылды

Балағымнан құм бұрқыраған балалық шағымды сағынғанда да осы жолсапар очеркті тағы бір оқып аламын: «Туған жеріңді мақтаса, тап бір өзіңді мақтағандай төбең көкке жетеді. Көңілің өсіп, аруақтанып қаласың. Өйткені ол – шыр етіп жарық дүниеге келгенде алғаш рет жауырының тиген, кіндік қаның тамған жер. Баяғы бала кезіңде осы даланың май топырағын жалаң аяғыңмен бұрқылдатып басып, зырлап жүгіріп, қозы-лақ қуып өстің. Табаныңа осы даланың шөңгесі кірді. Саршатамыз шілдеде осы даланың топырағы қайнап, табаныңды шоқтай қарып күйдіріп бара жатқасын есіңде ме, сен кенет тұра қалып кір-кір тұмсығыңның ұшын қинала кіржитіп, екі аяғыңды алма-кезек көтеріп, желге қақтырып алатын едің де, зырлап жүгіре жөнелетінсің.

Мінін жасыратын кісілер болады. Туы­сынан тым аса қуысшыл келе ме, әлде шамшыл, әлде секемшіл келе ме, әй­теуір қалай болғанда да ондай кісілер өз намысына өзі өртеніп, жұрт білетін мінін шалғайымен жапқандай қымтап болады. Со сияқты туған жерінің мінін өз бойындағы мініндей көріп, оған да намыстанып, өртеніп, шамаң келсе оны да шалғайыңмен жапқандай боп жүресің».

«Мінін жасыратын кісілер болады» дегеннен шығады, менің бойымда бір кемшін болды: жігіт шағымда ару Алматыда жүргенімде атағы жер жаратын бір жерле­сімді жағалаған емеспін. Марқұм әкем айтып отыратын: «Жетектеген төбет қора көрмейді. Өмірде өзіңе сен, не болса да өзіңнің бақталайыңнан көр. Кісі жағалап, жағдайыңды жақсартамын деме!». Әке өсиетіне адалдыққа не жетсін?! Аманатқа қиянат жасағың келмейтін кей тұстарда кісікиік болып кеткен кездер аз емес.

Оқуым жазу-сызудың айналасында болғандықтан, ең құрығанда Алматы шаһарында тұратын аралдық ақын-жазу­шыларға барып, жөн-жосығымды айтуға да болатын еді-ау! Жоқ. Университетті бітір­ген соң да шалғайдағы аудандық газеттерде жұмыс істеп, тіптен алшақтап кеттім. Тұйықтықтың томағасын сыпырып, «қоғамдық саяқ» категориясының эле­менттерінен бертінде, ғасыр аяғына таман арылдым десем болады. Онда да жақын­ырақ араласқаным Әбе (Әбдіжәміл Нұр­­­­пейі­сов) мен Қуаныш Жиенбаев бо­л­ды. Марқұм Жақау Дәуренбек ағамның бірде маған қалжыңдап айтқан сөзі әлі құлағымда тұр: «Осы сен адамдармен жүре аманда­сасың, сосын көтерілмей қалдың». 

Қазір қарап отырсам, осы ісіме өкіне­мін. Жабысып қалудың қажеті жоқ шығар, бірақ алдымдағы ағаларыма сәлем беріп, жай бой көрсетіп қайтқанның несі айып еді?! Осы өкініш әсіресе Жақсылық Түмен­баев ағамды ойлағанда өзекті өртей түседі. Студент кезімізде «Жалынның» жабық бәйгесі» деген болды. Сол кезде оның  мәртебесі Мемлекеттік сыйлықтан жо­ғары көрінетін. Себебі – біреу. Аталмыш сыйлық барынша әділетті берілетін. Міне, сол сыйлықты Жақсылық аға бірнеше рет алды. Жетпісінші-сексенінші жылдары Алматыдағы ең оқылымды жазушы бол­атын. Ол атақты ҚазТАГ-та бас редактор­дың орынбасары болып еңбек етті. Біздің оқу ғимаратымыздан бие бауындай жердегі агенттікке барып, сол кездері әр әңгімесі мен хиқаятын оқып жүрген сүйікті жазушы ағама сәлем беріп, таныспағаныма әлі күнге дейін өзімді қоярға жер таппаймын.

Сөз өнерінің суверенитетін Құдайын­дай көретін Жақсылық Түменбаев бір эссе­сінде былай деп жазады: «Адамның кейбір қызықты сәттері болады. Күнделікті тіршіліктің күйбеңі арасында кейде әлде­қашан естіген бір сөзің, әлдеқашан көрген бір қылығың ойыңа сап ете түседі. Баяғыда бір жүздескен адамыңның жалт еткен ер­ек­ше бір кейпі көз алдыңа келе қалатыны бар. Содан сол бір ауыз сөз, сол бір қылық, әлгі бір кейіп көпке дейін ой-сезіміңді әлдилеп, тербейді де жүреді, ішпей-жемей рақат бір күйге бөленесің. Осындай сәтті сыйлаған адамың тірі болса басқан ізін, о дүниелік болса аруағын айналуға барсың. Өйт­кені мұндай сәт адам басында көп бола бермес».

Осындай ғажап сезімді жеріне жеткізіп жазған сыршыл да лирик жазушымен көзінің тірісінде бір дидарласпағаныма әлі өкінемін. Неге? Біріншіден, осындай ой қуған ақық жанның кейін өзім есті­гендей ғажап кісі болғанына шүбә кел­тір­меймін. Мұндай сезім мен логикаға толы тосын ойды көңіл астары ояу адам ғана айта алады. Ал енді осындай көшелі кісімен мүмкіндігің бола тұра өміріңде бір рет болса да жүздесе алмағаныңа қалай қынжылмайсың?! Жалғыз кездесудің өзі өміріңе азық болатын сәттер аз емес қой. 

Екіншіден, тірісінде араласпағаныңмен, кейіннен әлгі адамның көркем кісі бол­ғанын басқалардан естіген сайын өкін­іші­ңнің орнын толтыру тіпті мүмкін бол­май­ды екен. Оның үстіне, Жақсылық аға қайтыс болғаннан кейін тағдыр оның ұлы Мұхтармен, одан соң асыл жары Несібелі Қартбайқызымен бірге жұмыс істеуді маңдайға жазды. Ал аяулы қызы Саяға Журналистика факультетінде дәріс оқығаным бар. Тұла бойы тұңғышы Мұхит ініммен де араласудың талай рет сәті түс­кен.

Мен Жақсылық ағаның парасатты порт­ретін сол кісілердің айтқаны бойынша санамда жаздым. Бекзат суреткердің бойындағы барлық қасиет, дәлірек кес­телесем, жазушылық шеберлігі мен адами болмысы маған бір-бірімен біте қайнасып, ұлы гармонияға ұмтылған тұтастықтай көрінеді.  Жақаңды еске алу сол монолит құ­бы­лыстың саф ауасымен тыныстауға мүмкіндік беретінін несіне жасырайын?! Жақсылық ағамның жадымда қатталып қалған дегдар болмысы енді келіп санамда сарытап сағынышқа айналғанын бүгін ол туралы естелік жазу үстінде бір-ақ біл­дім. 

Жақсылық ағамның сөзін тағы қайта­лау­ға тура келіп тұр: «Осындай сәтті сыйлаған адамың тірі болса басқан ізін, о ­дүниелік болса аруағын айналуға бар­сың». Осы сөздерді ой елегінен қайта-қай­та өткізіп отырған мен оның көзін көр­месем де, сөзін көргендей сезімде отырмын. Иә, мұндай сәт адам баласында көп бола бермес. Осындай сәтті сыйлаған о дүниелік ағамның аруағынан айналдым. Баяғыда бір жүздесудің сәті түспеген ағам­ның сарғайған газет беттеріндегі жалт еткен ерекше бір кейпі көз алдыма келе қалатыны бар. Содан сол әлгі бір ауыз сөзі, әлгі бір басылым бетіндегі кейпі ой-сезімімді әлдилеп, тербейді де жүреді, ішпей-жемей рақат бір күйге бөленесің. Көңілге сол – медеу. 

Биыл – ой күзетіп, қарасөз қорыған қарымды қаламгер Жақсылық Түменбаев­тың 80 жылдығы. Төрт мүшелінде мына жалған өмірден дәрілбақиға асығыс ат­танып кеткен ағам тірі болғанда қазақ әдебиетіне талай олжа салар еді. Оған күш-қуаты да, ақыл-парасаты да, дарын-таланты да жететін. Нағыз кемел шағына келген тұста өмір жібінің үзілгеніне егілесің. Бірақ Жақаң тіршілігінде, бас-аяғы жиырма жылдың ішінде талай дүниені жазып қалдырды. Соның қадір-қасиетіне жетіп алсақ та жақсы-ау! Әрине, кезінде қазақтың көрнекті қаламгері Сафуан Шаймерденов бір мақаласында ағам туралы ағынан жарылып айтқаны бар: «Мен Жақсылық Түменбаевтың «Жұлдыз» журналында басылған «Ауыл шетіндегі үй» повесін оқыған едім. Ол повестің ұнағаны соншалық, газет, журнал беттерінен осы авторды әманда іздеп жүре­тінді шығарғанмын». Өзінің алдындағы аға буын өкілінің термелі тебіренісін тірі кезінде естіген Жақаң жазушылық бағасын біліп кеткеніне шүбә келтірмеймін. 

Тарам тіршіліктің құнын да, мәнін де асқан ыждағаттылықпен ұңғыл-шұңғылына дейін үңгіп, фәнидің басқа адамдар білуге құлшына қоймайтын тұстарын да түгелімен санасына електен өткізіп барып сіңірген, жер бетіндегі жұмыр басты пенденің ең бас­ты миссиясын мүлтіксіз жыға танып, сол міндетін жазушы ретінде барынша толық орындау жолында жүйелілікпен және жанқиярлықпен өмір сүрген Жақсы­лық Түменбаев туралы жуырда ғана бір кездескенімізде қазақтың қазіргі біреу де болса, бірегей  сыншысы Құлбек Ергө­бек ағамның әңгіме арасында аяқ астынан айт­қан алғаусыз пікірі де жүректі лүп еткізді.

Тірі кезінде жаны сұлу жазушы ағам Қажы­ғали Мұханбетқалиұлы да  өзіне тете рухани інісін аузынан тастамайтын: «Шіркін, Жақсылық өте талантты жазушы еді. Шымыр шығармалары шаш етектен. Соған қарамастан ешқашан елдің алдына шығуға ұмтылмайтын. Ұстамды жігіт бола­тын. Оны бағалауға келгенде басқалар­дың сараңдық танытқанына әлі де ішім ашиды».

Сондықтан да  сүбелі сөзге ғана иек арт­қан талантты жазушы Жақсылық Түменбаевтың туындылары өзінің түп төрелігінің төріне озды деп айту қиын. Ал­пыс­ыншы жылдардың аяғында, жетпіс­ін­ші жылдардың басында әдебиетке шеру­леп келген шарқайрақ шоғырдың ішін­дегі сөз саптауы сирек кездесетін суреткердің әлі де әдебиеттанушылар тара­пы­нан лайықты бағасын алатынына сенгің келеді.

Өмірден ерте өткен дарын иесі Жақсы­лық Түменбаев шығармаларының ішіндегі шоқтығы биігі – «Ауыл шетіндегі үй» повесі. Осы туындысымен әдебиет аламанына аптықпай еніп, оқырмандары­ның ықыласына бөленді. Бұл шығармада қазақ ауылының бейнесі, сонда өмір сүрген адамдардың тағдыры, сол кездегі қоғам қайшылығы айшықты суреттелген. Айтары жоқ, жазушы шығарманың бас­ын­да шеткі үйдің иесін суреттеуінен-ақ оқырманды елітіп әкетеді: «Омарғалидың жас кезінен бері сүйегіне сіңген әдеті боз ала таңнан тұрады. Мұнысына жұрт бір кезде сүйсінетін: «Ерте тұрған жігіттің ырысы артық емес пе?» Қазір күледі: «Осы­ның не шаруасы қалып барады екен». Бірақ оның ерте тұрғанынан әзір зиян көрген ешкім жоқ.

Омарғали – қазір кемтар кісі. Оң аяғын сүйретіп басады, оң қолы жансыз бос салбырап, бұйдасын шұбатқан түйеше бір қырымен жүреді. Сонысына қарамай ол артынан біреу қуып келе жатқандай ылғи асығыс, істеген ісінің бәрі тез. Оның қауға тартқанын көрсеңіз: қауғаны құдыққа сау қолымен салады, сосын жұлқи бір тартып, оң қолтығына қысып алады да, екінші тартқанда шелекті науаға төңкереді».

Сұңғыла суреткер осылай жазса керек. Болмашы бір көріністе сомдағалы отырған образын оймақтай оймен түю шарболаттай шын шебердің қолынан келсе керек. Құдайшылығымызға құлдық ұрсақ, дәл осы шығарма өмір шындығын айна қатесіз көр­сетуімен, адамның ит-тіршілігін адами жеткізуімен шедевр дүние деңгейіне көтеріліп тұрғанын мойындайсың. Сыни реализм канондарын шығармасының өн бойына сыналап кіргізген автор социалис­тік қоғамның қаны сорғалаған шындығын шынның жүзінде отырып бойындағы буырқанған қызу қанымен жазып шық­қанына аямай қол соққың келеді. Мұндай шығарма мәңгі жасай берері хақ. Өйткені «өзін-өзі сақтау инстинкі» тек осындай өмір­шең туындының бойында жасырынып жатады.

Әрқашан ақиқаттың ауылынан алыс­тамайтын ақық суреткер кез келген шы­ғар­масында саясатты сырт айналып, өмір­дің өзін өрнектегенді ұнатты. Әдебиет­тің құдірет күші адамның қоғамдағы шы­найы орнын анықтап беруімен ерекшеленетінін ешқашан естен шығарма­ған Жақсылық Түменбаевтың әр шығарма­сында тапқырлықпен айтылған тұшымды тұжырымдары қашанда оның өмірді өрнектеудегі өлшемімен һәм нанымымен ас­тасып жатты. Болаттай берік позиция­сына ешқашан сатқындық жасамаған Жақаң инемен құдық қазғандай шығарма­шы­лы­ғынан алдағы күні қайыр болатынына бек сенді. Біз де сеніп келеміз. 

«Ауыл шетіндегі үй» повесінен тағы бір эпизод: –Айналайын балам, біздің үй­дің желкесіне тау болып құм үйіліп қалғаны, енді болмаса үйді басып алатын түрі бар. Соны әрмен қарай ысырып тастай қоясыз ба? – деп өтінішін айтты.

Жігіт Омарғалиға қарап бұрылып тұрды.

– Не бересің?

– Жартылығыңды іш.

Жігіт басын шайқады.

– Екеуін берейін.

Бөлдезерші басын шайқады.

– Тіпті үшеуін, төртеуін берейін, әлгі Әшенді жығып алған ақшам бар ғой.

– Қызыңды берсең... – Жігіт тауып айтқан адамша жан-жағындағыларға мардымси қарады. Омарғали тас төбеге ұрғандай қалшиып тұрып қалыпты, адамға көп тік қадала бермейтін екі көзі әлгі жігіт­тің бүлк етпеген бетінен айырылар емес.

– Не дедің-әй, сен? – әлден уақытта тіл­ге келді. – Не дедің сен, иттің баласы? – Омарғали көз ілеспес шапшаңдықпен жігіттің жағасынан ала түсті. «Мына жынды қайтеді-ей» деп шошып, жан ұшы­ра жұлқынған жігіт әшейінде сыртынан он екі мүшесінің алтауы жоқ деп мазақ қылатын жаман шалдың уысынан шығып кете алмады. Екінші бір жұлқынғанда еке­уі ұмар-жұмар құлап түсті. Омарғалидың қолы сонда да ажырар емес, жігіттің алқымын сығып барады. Ол өзін ойлаудан қалғалы қашан?! Егер оның жартыкеш санасында дәл қазір бір сәуле болса, ол қызына арналған нұр еді, егер оның жарымжан жүрегінде махаббат ұшқыны қалса, ол да қызына арналған. Адам солай, жантәсілім еткенде де әуелі өзін емес, ұрпағын, перзентін ойлайды».

Өмір шындығын қаз қалпында беру үшін адамның ішкі дүниесін ақтарып-төңкеруден әсте жалықпаған Жақсылық Түменбаевтың салқынқандылық суын сарқып ішкен суреткер екені әр шығарма­сы­нан  осылай атойлап тұратыны – қызық құбылыс. Ең алдымен, көркем шындықтың шыңына жету жолында өмір шындығынан ешқашан ауытқымай, сол ақиқатқа жүгініп отырып жазатынына жүрегің жібиді. 

Тағдыр тәлкегіне түскен Омарғали («Ауыл шетіндегі үй»), от басының отын өшірмеген қазақ әйелдері Ботагөз («Қимас қазына»), Күлшат («Түп-тұнық сөз»), Балмейрам («Ауыл мен Алматының арасында»), Әлпеш («Лотерея билеті»), балаң таза махаббат кейіпкерлері Гүлжанат («Мен сүйген қыз»), Нәзия («Жыл айналып келгенше»), Жансерік («Аққозы»), қаланың күйкі тірлігіне көнген Қуандық («Туған ошақ жылуы») – қаламгер қиялы мен өмір­лік тәжірибе синтезінен туған оқшау образдар. Жақсылық аға осы образдарын креативтік тұрғыдан алғанда мінсіз сомдай білгенімен алға озып тұр. Мұндай адамдар бұған дейін де болған, қазір де бар, бұдан кейін де бола береді. Дей тұра, Жақсылық Түменбаевтың осы типтік кейіпкерлерді саф алтындай сомдай білгендігінің арқа­сын­да өрнекті образдар шеруі оқырман жүрегінде жатталып қалды. 

Жазушы кейіпкерлерінің астын сызып айтар тағы бір ерекшелігі, қай-қайсысы да басынан қандай тауқымет кешсе де, оқырман көңіліне кірбің түсірмейді. 

Оқ­ыр­ман ойында аяулы адамдармен шы­­ғарма арқылы араласқан аз уақыттан тек жылы да мұңды көңіл күй қалады. Адам жанының нәзік иірімін өзінің жанындай сезінетін қаламгер оқырман жүрегіндегі тығылып не тұншығып жатқан әлемнің сырын ашу­мен шектеліп қалмай, қам көңілді жұбататындай дәрумен қалыппен қайта қауыштыратынымен қайран қалдырады. Жақаң адамның жан дүниесіндегі сілкіністі сезімталдықпен және асқан ептілікпен өз көкірегіне үюмен тоқтап қалмайды. Ол сол жиған-тергенін әр жүректің өз жазуын­дай қайта жаңғыртып қайтара­тынымен құнды. Сондықтан да образ құру схемасын шебер таңдап алған жазу­шы­ның өзіндік шынайы қаламгерлік табиғатын жеке басының адами арына өнепейінгі адалдығынан іздеген де дұрыс деген тұжырымға келесің.

Жақсылық Түменбаев етек-жеңі кең, көкірегінде тазалық кептері ұя салған қарапайым жандардың өмірін арқау еткен «Қимас қазына», «Мен сүйген қыз», «Ауыл мен Алматының арасында», «Тасбөгет», «Туған ошақ жылуы», «Махаб­бат қорығы», «Көктайғақ», «Әке жыры» шығармалары да – оның талантты жазушы екенін дәлелдейтін дүниелер. Жазушының тағы бір ерекше қасиеті, ол өз шығармалар­ын­да жасанды конфликтіге бармады. Шеткейде, ел ішінде жетілген жазушы көрген-түйгенін қоңыраулатқаннан гөрі қоңыр әдіппен жазғанды жақсы көрді. Қазақ­тың мұңын жоқтады. Ұлтының таби­ғи тазалығын дәріптеп өтті. 

Жақаң шығармашылыққа біржолата кіріскен сонау 70-80-жылдарда көркем өнердегі таптық доктрина, «социалистік гуманизмге» негізделген «жаңа адам» бейнесін жасау талаптары күшін толық жоймаса да, бұл жасанды ұғымдар солғын тарта бастаған шақ еді. Дәл сол кезде қазақ жазушыларының көбі бүкіладам­заттық гуманизм идеяларына иек артып, соци­ализм идеологиясының шексіздігіне және сол кездегі қатып қалған қағидаларға күдікпен қарай бастаған. Жақсылық Тү­мен­баев та сол кездегі алғашқы шығар­ма­ларынан-ақ адамның тарихи процестің субъектісі ретіндегі маңызына және бол­мыс­тың басқа формаларына қатысты әлемдік көркем әдебиет дамуындағы қал­­ып­тасқан дәстүрлеріне сүйенгенін байқау қиын емес. Осылайша, Жақсылық Түменбаевтың адамға деген идеялық-көр­кемдік қатынасынан оның шығармашы­лығының стильдік сипаты қалыптасты. Су­реткердің өзіндік стилі оның адамға деген жаңа дербес көзқарасымен өмірге келді. Бұл – шығармаларында өмір шын­дығы мен заман келбетін көркемдік таным деңгейінен бағамдау процесін адам тағ­дыр­­ы­мен терең сабақтастыра білген  Жа­қсы­лық Түменбаевтың тағы бір дара­лы­ғы. Ол ең алдымен сөз өнерінің адамды жан-жақты танудағы рөліне баса назар аударды, адамдық аспектіге бетбұрыс жасау арқылы сөз өнерінің ішкі мүмкіндік­терін сарқа пайдалануға, көркемдіктің апо­гейіне жетуге ұмтылды. Осы бағдар оны қым-қиғаш тіршіліктің ұңғыл-шұңғы­лына қаймықпай үңілуге мүмкіндік берді. Сондықтан да Жақсылық аға жазушылық дебютінен жолы болды деп батыл айтуға болады.  

Ой мен сезімді қатар өрген шығарма­лар­ын­да Жақсылық Түменбаевтың психо­­логизм, публицистикалық сарын, фило­со­фиялық түйін, лирикалық желі, харак­терлі баяндау сияқты көркемдік сипаттарға мән берумен қатар адам жанының ішкі иірімдеріне, оның өмірдегі орнына шұқшия үңіле білгені – қазақ әдебиетіне қосқан сүбелі үлесі. Осы тың үдеріс оның өмір шындығын бейнелеудегі және көркем бейне жасаудағы дербес стилі мен дара сөз саптауын қалыптастырғаны айқын.

Сыршыл да лирикалық сұлу прозасы­мен қазақ әдебиетінің өркендеуіне үлесін қосқан Жақсылық Түменбаевтың ұлттық болмысымызды шынайы бейнелеген шұ­­рай­лы шығармалары әлі талай оқыр­манын рухани сусындата берері анық.

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ