Жат жұртта жабыққан еңбекшіге кім қорған?

Президент Қ.Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында шетелге табыс іздеп шығатын қазақ­стандықтардың еңбек миграциясына тосқауыл қоймау керегін айтқан болатын.

Бұл тұрғыда өзге елдің оң үлгісін пысықтау ұсынылды. Мысалы, Өзбекстан бұл істі жүйеге түсірді. Жуырда Астанада өткен «ОА+Германия» саммитінде немістермен ұйымдасқан көші-қон туралы келісті. Неміс еліне 50 мыңдай жұмысшысы аттанады. Америка, Ұлыбритания, Швейцария, өзгесі өзбек қызметкерлеріне толды. Көрші ағайынның ізгі үлгісі, оң тәжірибесі қандай?

Еңбек өмірді көркем етеді

Жасыратыны жоқ, шенеуніктер өзгенің тозығынан озығын айы­рып, үйрену орнына «мигранттар елі» деп Ор­талық Азия республикаларын мен­сін­бей, келекелеп келді. Оның соңы 2016 жы­лы халықаралық жанжалға ұласты: сол кез­дегі Мәдениет министрі Арыстанбек Мұ­хамедиұлы Мәскеудегі дәретханаларды ор­талық азия елдерінің өкілдері сүртіп, жуып жүргенін айтып, мұны «өте өкі­ніш­ті», ұят іс деп атады. Мәдениет министрінің мә­дениетсіз ісі көршілерде дау тудырып, оған ресми түсініктеме беруіне тура келді. 

Шенділердің менмен кеудесін Қа­зақ­стан Президенті басты. 2022 жылғы 16 мау­­­сымда, Ұлттық құрылтайдың І оты­ры­сында Қасым-Жомарт Тоқаев шетелде жұ­мыс іздеуден қазақстандықтар да ар­лан­­бауға тиісін білдірді. 

– Маңдай термен тапқан әр тиын – на­ғыз ардың ісі, Абай айтқан «толық адам­ның» еңбегі екенін жастардың сана­сы­на тоқуымыз қажет. Бұрынғы бір ми­нист­­­ріміз бауырлас көрші мемлекеттің аза­маттарын келеке қылғаны бар. Олар Ре­сейге барып, қара жұмыс істеуге мәж­бүр, ал біз, қазақтар, ондай жұмысты іс­те­­­­мей­міз, бақытты халықпыз деп айтқан. «Естімеген елде көп», әрине. Бұдан өткен со­рақылықты ойлап табудың өзі қиын. Ең­бектен қашқан адам кеудесін ұрып, мақ­танбай, керісінше, ондай әрекетінен ұялуы керек, – деді Қ.Тоқаев.

Президент адал жұмыстан қашып, жеңіл табыс іздеген қазақ жастарының құ­маройынға салынғанына қынжылыс біл­дірді. Қазақстанда оқығысы, жұмыс іс­те­гісі келмейтін 34 жасқа дейінгі NEET са­­натындағы жастар саны 400 мыңдай екен. Олардың ел, жер көріп, шетелде ең­­бек етуін дұрыс ұйымдастырса, мұның пай­­дасы болуы мүмкін. Мұны өзбек ағайын­­ның озық, дайын үлгісінен көруге болады. 

Қазақстан бұл жұмысқа енді кірісіп жа­тыр. Еңбекмині мәліметінше, рес­пуб­ли­ка бірқатар мемлекетпен, негізінен, ТМД елдерімен «Еңбекші көшіп-қону­шы­лардың еңбек қызметі және құқық­та­рын қорғау туралы келісім» бекітті. Айыр­ма­шылығы сол, Өзбекстан нақты бір ел­мен, көбіне Батыс мемлекеттерімен соған ба­ратын өзбек еңбекшілерінің жұмыс іс­теу жағдайларын жеңілдетуге, құқығын қор­ғауға келіседі. Ал Қазақстанның бекіт­кен келісімдері екіжақты болып келеді. Мысалы, «Өзбекстандағы Қазақстанның және Қазақстандағы Өзбекстанның ең­бек­ші көшіп-қонушыларының еңбек қыз­­меті және құқықтарын қорғау туралы келісім». 

Әлеуметтанушы Нұрхан Біләлдің ай­туын­ша, мұның кемшілігі бар: біріншіден, он­дай екіжақты келісімдер өте ұзақ дайын­далады. Қарсы тарап өз миг­рант­та­рын қорғаудың жолдарын іздестіреді, өз елінде түрлі ортада консультация өткізіп, ре­комендациялар жинайды, келісім жо­ба­­сын келісу рәсімдерін өткізеді. Бұл бір­­­­неше жылға ұзайды.

«Екіншіден, азаматтары Қазақстанға жұ­мыс іздеп, жаппай ағылмайтын бай, да­мыған елдер мұндай екіжақты келісім бе­кітуге құлықсыз. Елімізге келетін шет­ел­дік санаулы маманы онсыз да еңбек контрактісімен қорғалған. Өзбекстан бол­са, өзге елдерге тек өзбектің жұмыс кү­шін жолдау туралы келіседі. Сәйке­сін­ше, келіссөз нысанасы нақты. Қазақ­стан­ның келісіміндегідей, «еңбек көші-қоны про­цесін құқықтық реттеу және екі мем­ле­кет арасында жұмыс күшінің өтуі үшін қо­лайлы жағдайлар жасау» дегендей жалпы ұғыммен шектелмейді. Мысалы, Швейцарияға бір жылда қанша маман жол­дайтынын нақты көрсетеді, олардың бі­ліктілігін, қылмысқа қатыстылығын тек­серуге, тіл үйрету курстарынан өткізуге нақты міндеттемелер алады», – деді Н.Біләл. 

Ол өз ұсыныстарын Еңбек министр­лі­гіне жолдағанын айтады. Ең бастысы, Қа­зақстанда осы бағыттағы жұмыс бас­тал­­ғанына екпін түсірді. Соның нәтиже­сін­­де еліміз алдағы жылдары 9 елмен  қазақстандық еңбек мигрант­та­ры­ның құқығын қорғау туралы келісімдер бе­кітуі мүмкін. Бірақ сарапшы шетелдегі қа­зақстандық еңбеккерлердің құқығын қорғаумен айналысатын жеке орган не ұйым жоғына назар аудартты. Бұл дип­ло­матиялық өкілдіктерге, консулдықтарға қо­сымша жүктелген.

Біз шетелдегі қазақтармен қарым-қатынасты нығайту үшін құрылған «Отандастар қорымен» де хабарластық: «Сіздер шетелде жұмыс істеп не іздеп жүр­ген қазақстандықтарға көмектесе­сіз­дер ме?» деген сұраққа, қор өкілдері: «Жоқ, «Отандастар қоры» шетелдегі қа­зақ­тарға атажұртқа көшіп келгеннен аза­маттық алғанға дейін ақпараттық қолдау көр­сетеді», – деп жауап қатты.

Шетелдегі еңбекшіге не кедергі?

Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігінің хабарлауынша, қазақ­стандық жұмысшылар табыс іздеп, көп баратын елдермен бірге еңбек мигрант­та­ры­ның құқығын қамтамасыз ету бойынша екі­жақты келісімдер жобалары әзірге пы­сықталып жатыр. Қазір Түркия, БАӘ, Сауд Арабиясы, Ұлыбритания, Оңтүстік Ко­рея, Израиль, Германия, Латвия, Жаңа Зе­ландия сияқты елдермен арадағы келі­сім­дердің жобасы дайын. Бірақ олардың қа­шан қабылданып, күшіне енетіні бел­гі­сіз. 

Тек Қатармен арада қазақстандық жұ­мыс­шыларды жалдауды реттеу туралы ке­лісімге қол жеткізілді. Тиісті құжатқа 2024 жылғы 14 ақпанда Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев пен елге са­пар­лап келген Қатар әмірі шейх Тәмим бен Ха­мад Әл Тәни қол қойды. Құжат қазақ­стан­дық еңбекшілердің Қатарға кіруі, тұруы және одан кету тәртіптерін регла­мент­тейді, олардың жалақысын уақытылы алып, еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша құқықтарын қорғайды. Өн­діріс­тік жарақат алса, өтемақы төлеу мәсе­ле­лері қарастырылыпты. Құжатты енді екі ел­дің парламенттері ратификациялауы ке­рек. 

Министрлік мамандары қазақстандық жұ­мысшылардың қандай да бір елге ұйым­дасқан түрде, топпен жұмысқа тұр­ғы­зылуын нақты көздейтін контракт немесе ке­лісім жоғын түсіндірді. Мысалы, бұған дейін Aiqyn Оңтүстік Кореяға жұмыс іздеп ба­рып, қиындық көрген, тіпті көз жұмған қа­зақстандықтар туралы жазды. Проблема сақ­талып қалды. Еңбекмині Қазақстанды осы елдің Employment Permit System жүйе­сіне енгізу бойынша жұмысты аяқта­ған жоқ. Оған енсе, қазақстандықтар осы елде заңды түрде жұмыс істей алар еді.

Сарапшы Нұрхан Біләл тағы бір мә­се­лені көтерді. Оның ұлы АҚШ-тың Фло­рида штатында тұрады екен, оның кан­ди­даттық ғылыми атағы бұл елде мойын­дал­май­ды. Сондықтан ғылыми дәрежесін қай­­та қорғауға тура келіпті. Сол сияқты қа­зақ­стандық ЖОО-лардың дипломдары да мойындала бермейді. ТМД аясында оған мүше елдердің бірыңғай білім кеңіс­тігін қалыптастыру туралы келісім сонау 1992 жылдан бері күшінде. Алайда бұл бағытта іс ілгерілемей тұр. Ресей Болон жүйе­сінен шығып кетті, өзге елдер сол жүйе­де дамып жатыр. 2007 жылы Қазақ­стан Қытаймен де білім және ғылыми дәрежелер туралы құжаттарды өзара тану тура­лы келісімге қол қойды. Соған қара­мас­тан, ҚХР қазақстандық дипломмен жұ­мысқа алмайтын көрінеді.

Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбек еңбек иммиграциясында мұн­дай проблема барын жасырмады. Тіпті, ТМД елдері бұл салада ұлттық процедура­лар­­ды қолданады, олар өзара үйлестіріл­меген. 

– Дипломдарды өзара тану туралы шет мем­лекеттермен, соның ішінде ТМД ел­дерімен жеке, екіжақты келісімдер бе­кіт­кен жоқпыз. Өзбекстанмен, Еуразиялық одақ елдерімен жоғарғы білім мен ғылым ту­ралы жалпы келісімдер ғана бар. Ол екі­жақты, көпжақты базалық келісімдер де ұлттық процедураларға сілтеме жа­сай­ды. Сондықтан дипломдарды өзара та­ну­дың ортақ механизмдері пысықталмады, – деді министр С.Нұрбек.

Ғылыми дәрежелер бойынша ілгері­леу­шілік бар. 2024 жылғы сәуірде ел Пар­ламенті «Еуразиялық экономикалық одақ­қа мүше мемлекеттерде ғылыми дәре­­­­желер туралы құжаттарды өзара тану ту­ралы келісімді» ратификациялады. Оған сәйкес, ЕАЭО-ның 5 мемлекеті бір-бірі­нің ғылыми дәрежелері туралы құжа­тын еш растаусыз мойындайды.

– Келісімге сәйкес, одақта ғылыми дә­режелер туралы құжаттарды мойын­дау­дың барлық рәсімі тек еңбек мигрант­та­ры­на таралады. Мысалы, қазақстандық ғалым Ресейге барып, ғылыми дәрежесіне сәй­кес кәсіби қызметін жүзеге асырса, осы тетікті пайдалана алады. Оның қо­лын­да еңбек келісімшарты болуы керек. Егер келісімшарты болмаса, ЕАЭО ел­дерінде сол бұрынғыдай дәрежесін тану мемлекеттік қызметіне жүгінуге тиіс. Тек­серіліп, расталса, нострификация не­месе эквивалент туралы куәлік ала алады. Қа­лай болғанда, бұл – одақ аясында еңбек мигранттарының ғылыми дәрежесін ав­то­матты танудың алғашқы тетігіне айнал­ды. Қытайға келсек, 2007 жылы жеке ке­лісім бекітілді. Онда ұлттық проце­дура­лар қолданылады, – деді министр Саясат Нұрбек.  

Яғни, автоматты мойындау деген жоқ. Соңғы үш жылда министр­лік­ке Қытайда диплом алған азаматтардан оны тану туралы 39 өтінім түсіпті. Оның 17-сінен бас тартылған, 22-сі расталды. 

Өзбектерге 2 200 еуро жалақы төленеді

Бұл тұрғыда еңбек миграциясы сала­сын­да Ресейге тәуелділіктен құтылған «өз ағамыз» өзбек елінің кейбір тәжірибесі үл­гіге тұрарлық. Биылғы 16 қыркүйекте Са­марқанда Германия канцлері Олаф Шо­льц пен ӨР Президенті Шавкат Мир­зиёев­тің келіссөздерінің қорытындысында ГФР мен Өзбекстан осы елдің білікті жұ­мыс­шыларының неміс еліне баруын оңай­лататын бірегей келісімге қол қойды. Құ­жат «Миграция мен мобильділік сала­сын­да жан-жақты серіктестік туралы ГФР жә­не ӨР үкіметтері арасындағы келісім» деп аталады. 

Ташкент жақсы табыс іздеген азамат­та­­­рының әлемнің әр еліне өз бетінше қаң­ғыруы, сөйтіп, адам саудасының, қыл­мыс әлемінің құрбанына айналмауы, шет­елде лайықты жұмыс тауып, білікті ма­манға айналуы үшін үш жыл бұрын ең­бек миграциясын жүйелі жолға түсірді. Бұл мақсатта тек шетелдік көші-қон мә­се­лелерімен айналысатын жеке органды – Сыртқы еңбек миграциясы агенттігін (СЕМА) құрды. 

Агенттік басшысы Бехзод Мусаевтың ай­туынша, аталған келісімге сәйкес, Гер­мания жыл соңына дейін өзбектің 800-ден аса мейірбикесін қабылдап, оларға айына кем дегенде 2 200 еуро (шамамен 1 млн 175 мың теңге) жалақы төлейді. Мұның сыр­тында ГФР өзбектің теміржол пойы­зы, автобус жүргізушілерін, медицина қыз­меткерлерін дайындайды.

Б.Мусаев емтиханнан сүрінбей өткен өз­бектер ұйымдасқан тәртіппен өзі үшін сай­­ланған жұмыс орнына тұруға неміс елі­не аттанатынын қосты. Олар жұмыс іс­тей жүріп, жоғары технологияларды мең­геру үшін оқытылады. Келісім өзбек жұ­мыскерлеріне Шенген аймағындағы Гер­манияда жеңілдетілген визалық рәсім қа­рас­тырады, жақсы жалақы төлейді. Өз ке­зегінде өзбектер еңбек міндеттемелерін адал атқаруы, жергілікті қоғамдық тәртіп­ті бұзбауы, қылмыс жасамауы керек.

Қазір германиялық компаниялар СЕМА арқылы ресми түрде Өзбекстанға 50 мың бос жұмыс орнын ұсынып отыр. Оның бәрін қамту үшін оңтүстік көр­ші­мізде агенттіктің ұйымдастыруымен ере­сек­терге неміс тілін тегін, қарқынды түрде үй­рететін орталықтар желісі өрістеді. Өз­бектерді жұмысқа алу үшін ГФР Еңбек министрлігі төл Ausbildung бағдарламасын енгізді. Ол өзбектерді неміс елі үшін қажет нақты кәсіптерге жеделдетіп, тереңдетіп оқы­тудан, еңбеккерлердің теориялық, прак­тикалық білімді қатар игеруінен (дуаль­ді білім) тұрады.

Посткеңестік кеңістік елдерінің дип­ломы Батыста мойындалмайды, сол се­беп­ті өзбек мамандарына да арнайы оқы­ту курстарынан өтіп, сертификат алуы­на тура келеді. Немістер өзбек еңбек­кер­лерін сондай-ақ машинажасау, метал­лур­гия, көлік пен логистика салаларына бел­сенді шақырып жатыр. 

Еуропа неге мигранттарға мұқтаж?

Ташкент өз азаматтарын Батыс ел­дерінің фермерлік шаруашы­лық­тарына орналастыруға да күш салады. Со­ның арқасында 2022 жылдан бері бри­тан патшалығының фермалары мен егіс­тік­тері өзбек еңбеккерлеріне толды. Бір қы­зығы, бүгінде Ұлыбританиядағы еңбек миг­ранттарының саны жөнінен Өзбекстан Украинадан кейінгі екінші орынға шық­ты. Оларға орта есеппен 2 мың фунттай (ша­мамен 1,3 миллион теңгедей) жалақы тұрақ­ты төленеді.

Қазір Еуропада халықтың қартаюы, де­мографиялық дағдарыс жаппай тір­кел­ді. Жұмыс күшінің серпінді азаюына еу­ро­палық жастардың қара күшті қажет ете­тін жұмысты істегісі келмейтіні, кең­се­де отырып, тез баюды мақсат тұтатыны да ықпал етеді. Осы орайда ӨР Сыртқы ең­бек миграциясы агенттігі 2022 жылғы сәуірде Швейцариямен келісімге келгенін жариялады. Сол жылы швейцариялық Globogate Recruiting ұйымы өзбекстандық орта буын мамандарын тарту бағдарла­ма­сын әзірледі. Онда да неміс тілін білетін өз­бек жұмысшыларына сұраныс зор. 

Жалпы алғанда, Өзбекстан Президенті биыл ұйымдасқан түрде 100 мың азаматты шетелдегі жоғары жалақылы жұмыстарға ор­наластыруды тапсырды. Агенттік бұл жос­пар орындалатынын білдірді. 

Осы арқылы Өзбекстан ТМД кеңіс­ті­гіндегі миграциялық тығырықтан шықты. Өйт­кені бұрынғы онжылдықтарға Өзбек­станның еңбек мигранттары нәпақасын Қа­зақстан мен Ресейден табатын. Қа­зақ­стан үш жыл бұрын келімсектердің ағы­нын күрт шектеді. Өзбекстан Пре­зи­ден­тінің баспасөз хатшысы Шерзод Аса­дов­тың мәліметінше, 2016 жылға дейін 4-6 миллионға дейін өзбек азаматы Ресейге жұмыс іздеп аттанатын. Бүгінде бұл сан 1 мил­лион адамға дейін азайды. Сонымен бір мезгілде ресейлік жұмыс берушілер құ­ры­лыс, жөндеу, жүк арту және басқа жұ­мыстарды атқарғаны үшін өзбек миг­ранттарының талап ететін ақысы еселеп қым­баттағанына шағымданады. Бұрын­ғыдай арзанға істейтін өзбек жұмысшысын Қа­зақстанда да таба алмайсыз. 

Соның арқасында еңбек мигрант­тары са­нының кем дегенде 4 есе азайғанына қарамастан, олардың өз еліне жолдайтын қаражаты сонша есеге күрт өскен. ӨР Орталық банкінің мәліметінше, 2016 жылы өзбектердің Ресейден жіберген қаржысы 2,7 млрд долларды құраса, 2023 жылы бұл сома 8,58 миллиард долларға жетті. Жалпы, 2023 жылы шетелдегі өзбек миг­ранттары Отанына 16,1 миллиард дол­лар аударған! Осының арқасында олар өз елінің қосымша инвесторына айналды. 2024 жылдың бірінші жартысында олар­дың Өзбекстанға аударған қаржы ауда­рым­дары былтырғы бірінші жартыжыл­дық­тағыдан (5,2 млрд) тағы 25% артып, 6,5 миллиард долларға жетті. Жыл қоры­тын­дысында 20 миллиардқа жуықтап, ре­корд орнатады деп күтіледі.

«Өз елінде еңбек етпей, шетелге кете­тін­дерді қолдаудың қажеті қанша?» деген сауал туындауы мүмкін. Сарапшылардың тү­сіндіруінше, біріншіден, кез келген мем­лекет өз азаматтарын кез келген жер­де, соның ішінде шетелде де қорғауға мін­­­­детті. Екіншіден, мүлдем көшіп кет­кен­дермен салыстырғанда, шетелге уа­қыт­ша кеткен еңбек мигранттарының үл­кен бөлігі өз Отанына қарасады. Мы­са­лы, табысының бір бөлігін атажұртта қал­ған отбасына аударады. Жатжұртта тә­­жірибе жинап, бизнесін өркендеткен соң еліне оралып, жаңа кәсіпті дөңге­лет­кен немесе компаниясының филиалын аш­қан мигранттар бар. Осындай азамат­та­рын демеп, еңбекті бәсекелестік дең­гейі­не көтерген мемлекеттер жетерлік. Со­ның арқасында олар адами капиталын да­мытып, сапалы өнімдерімен жер жүзін мойындатып отыр. 

Елдос СЕНБАЙ