Мақсаты – айқын, мұраты – биік, адал мемлекеттік қызметші Отанының да мәртебесін биіктетеді.
Мемлекеттік қызметшінің оң имиджін қалыптастыру – маңызды мәселе
447
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында елді дамыту және азаматтардың өмірін жақсарту бойынша тапсырмалар берді. Жолдаудың негізгі бағыттары ретінде экономика, әлеуметтік саясат, инфрақұрылым, экология, мемлекеттік басқару және құқық қорғау мәселелері айтылды. 

Мемлекет басшысы өз сөзінде халықпен тікелей байланысатын, көпшіліктің көңілін күпті еткен жайларды шешуге өкілетті тұлғаға қойылатын талаптар өлшемі уақытқа сай жаңа сатыға көтерілгенін тілге тиек етті. Мемлекеттік қызметші келбеті қандай болуы керек, оған қажетті адами, кәсіби қасиеттер қандай, мемлекеттік қызметшінің оң имиджін қалыптастыру – мемлекет үшін, қоғам үшін маңызды мәселе. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына өзінің алғашқы Жолдауында да «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет екенін айтқаны белгілі. 

Биылғы Жолдаудың 8-тармағында Президент Мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін арттыру мәселесіне айрықша тоқталды.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғалы бес жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қоғам мен билік құрылымдары арасындағы қарым-қатынас мәдениетін өзгерте алдық. Пікір білдірудің бірқатар тиімді тетігі және түрлі диалог алаңдары пайда болды. Мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен тікелей сөйлесуі қалыпты жағдайға айналды. Бұл тұжырымдама мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының жаңа моделін қалыптастырды. Олар жауапкершілікпен, проактивті, ашық және тиімді жұмыс істей бастады. 

Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мәселесі әлі де өзекті. Үміткерді кызметке тағайындаған кезде оның кәсіби және моральдық қасиеттерін мұқият ескерген жөн. Бұрынғы жұмысын қалай атқарғаны да қаперде болуы керек. Меритократия қағидаттарынан ешкім бас тартқан жоқ. Бұл бағыттағы жұмыстың аяқ алысы жаман емес.  Қазір мемлекеттік органдардың бәрі кадр жөніндегі бірыңғай ақпараттық жүйеге көшті. Енді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Үкімет бюджеттен қаржыландырылатын мекемелердің кадр мәселесіне қатысты жұмысын толық автоматтандыруы керек», – деп Президент Жолдауда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен жасалған жұмыстарға оң бағасын берді, осы мәселеге әрбір Жолдауында айрықша назар аударып отыр.

«Е-қызмет» жүйесі, бұл – мемлекеттік қызметтегі адам ресурстарын басқарудағы бірыңғай интеграциялық ақпараттық жүйе. Бұл жүйеде іске асырылып жатқан онлайн іріктеу форматына ел бойынша 44 мемлекеттік орган қосылған. Келесі жылы ақпараттық жүйе бұдан да белсенді жұмыс істемек. Демек, мемлекеттік қызметке қабылдау ашық, тиімді бола түспек.

Мемлекет басшысы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында: «Барлық деңгейдегі шенеуніктер мен басшылар қоғамның тамырын тап баса білуге, азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап-түсінуге, соған сәйкес дер кезінде нәтижелі шаралар қабылдауға және дұрыс шешім шығаруға қабілетті болуы керек. Бұл – ең басты талап. Олар «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидатты берік ұстануға тиіс»,  деген болатын.

Әрбір мемлекеттік қызметші елдік мақсатта ұждан мен адами ұстанымдарды сақтай отырып, халқына мүлтіксіз жұмыс істеуі керек. Сонда ғана мемлекеттік қызметшіге халықтың сенімі оянады. Мемлекеттік қызметте өз ісіне адал, әдептен озбайтын, жаңа талаптарға жауап беретін, отаншыл азаматтардың бүгінде көп екені қуантады. Мақсаты – айқын, мұраты – биік, адал мемлекеттік қызметші Отанының да мәртебесін биіктетеді.

Бибігүл АҒЫБАЕВА,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram  арнасынан таба аласыз.