Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңға түзету енгізілмек

Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар кейбір заңнамалық актілерге оларды Конституция нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Сонымен қатар Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялады.

Кейбір заңнамалық актілерге оларды Конституция нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша түзетулер жөнінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов баяндады. Ол заң жобасы Конституциялық Соттың 2023 жылғы 13 маусымдағы нормативтік қаулысын іске асыруға бағытталғанын айтты. Оған сәйкес, «Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның 13-бабы мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген тұлғалардың кәсіпкерлік қызметке құқығын шектеу бөлігінде Конституцияға сәйкес келмейді деп танылған.

– Мұндай тұлғаларға республикалық мемлекеттік кә­сіп­орындарда, коммуналдық кәсіпорындарда, коммунал­дық мемлекеттік мекемелерде, оның ішінде мектептерде, ауруханаларда басқару функцияларын жүзеге асыратын адамдар жатады. Бұл – бірінші басшылар, олардың орынбасарлары, бас бухгалтерлер, мемлекеттік сатып алу департаменттерінің басшылары, филиалдардың басшы­лары. Олар кәсiпкерлiк қызметпен айналыса алады, бiрақ тиісті қызмет олардың лауазымдық міндеттерін орындауына кедергі келтірмеуі, тиісті қызмет олардың қызметтік мүлкін пайдалануына әкеп соқпауы және мүдделер қақтығысын тудырмауы керек, – деді Ұлан Сарқұлов.

Бұл тыйым тең тұлғалардың басқа санаттарына да қолданылады. Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Қайрат Балабиев лауазымға тағайындалған кезде сенімгерлік басқару шарты бойынша сенімгерлік басқаруға беруге жатпайтын мүліктің тізбесі коммерциялық ұйымдардың акцияларымен және цифрлық активтермен толықтырылатынын айтты. 

Конституциялық Соттың ұсынымдарына сәйкес заң жобасын әзірлеушілер оның тартымдылығын арттыру мақсатымен мемлекеттік қызметті атқару шарттарын жақсартуға бағытталған басқа да түзетулерді ұсынып отыр.

Баяндаманы тыңдаған соң депутаттар заң жобасының нормаларына қатысты сұрақтарын қойды. Талқылау нәтижесінде заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылданды.

Мәжіліс сондай-ақ 2023 жылы 21 тамызда Ханойда қол қойылған Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялады. Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев қазір 23 мемлекетпен осындай келісімдер жасалғанын айтты. Келісім Вьетнамда қылмыс жасағаны үшін сотталған қазақстандықтарға жазасын Қазақстанда өтеуге мүмкіндік береді.   

– Шарт халықаралық құқық негізінде егеменді мемле­кет­тер теңдігі қағидаларын басшылыққа ала отырып жасалған. Негізгі мақсаты – екі ел арасындағы құқықтық ынтымақ­тастықты нығайту. Шарттың талаптарына келсек, сотталған адам екі елдің бірінің азаматы болуы тиіс, өз еркімен елге қайтару туралы келісімі керек және екі елде де қылмыс болып саналатын әрекеттер үшін сотталған болуы қажет, – деді Ғалымжан Қойгелдиев.

Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Нұрсұлтан Байтілесов қосымша баяндамасында шартты ратификациялау сотталғандарды оңалту және өз ұлтының қоғамына интеграциялау үшін қолайлы жағдай туғы­затынын атап өтті. 

Вьетнам азаматтары да Қазақстанда сотталған жағдайда осындай мүмкіндікке ие болады.

Бұдан бөлек, Мәжіліс комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Олар: Бір тараптан ЕАЭО пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Иран Ислам Рес­публикасы арасындағы еркін сауда туралы келісімді, Қазақ­стан мен БАӘ үкіметтері арасындағы жел электр стансасы жобасын іске асыру туралы келісімді және Қазақстан мен Қатар арасындағы ұстап беру туралы келісімді рати­фикациялау туралы заң жобалары.

Сондай-ақ жалпы отырыста Заңнама және сот-құқық­тық ре­форма комитетінің құрамына «Ақ жол» партиясы фрак­циясының жаңа депутаты Серік Ерубаев сайланды. 

Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев Премьер-Ми­нистрдің Бірінші орынбасары Р. Склярға жолдаған депу­таттық сауалында халықты қолжетімді газбен қам­тамасыз ету керек екенін атап өтті. 

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев газ саласын дамыту жөнінде өткен кеңесте «Газ саласы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды орын иеленіп отыр. Адамдар газды жылдан-жылға көбірек тұтынуда, бірақ газ өндіру қарқыны оған сай емес. Халықты қолжетімді газбен қамтамасыз ету керек» деп айтқан болатын. Түркістан облысында табиғи газбен қамтылған елді  мекендер саны 557-ге жетіп, қамту деңгейі 67,2 пайызды құрайды. Десе де, әлі 300-ге жуық елді мекен осы күнге дейін газбен қамтыл­маған. Яғни, жарты миллиондай жұрт көгілдір отынсыз күнелтіп келеді. Үш айдан бергі газ тапшылығы «жығылған үс­тіне жұдырық» болып, газ баллондарын сақырлатып, жұртты бекет жағалатып қойды. 

Облыс халқының 80 пайыздан астамы ауылда тұрады. Олар газ баллондарын күнделікті тұрмыста пайдаланады. Тұтынушыларға баллонмен газ жеткізіп беретін  мекемелер қызметін тоқтатқан. Көлігі барлар қалаға сандалса да, газ әкеледі, көлігі жоқтар есек арбамен отын мен тезек теріп от жағып жатыр. Онсыз да жолдары жалаңаштанып, көлең­келейтін талы жоқ облыста осылайша бұталай берсе, жың­ғыл­дан жыңғыл, сексеуілден сексеуіл қалмас. Президент күні кеше жасыл аймақ, ну орманды көбейтуді тапсырды емес пе?!» – деді ол.

Осы орайда депутат Премьер-Министрдің Бірінші орынбасарына бірқатар тапсырма беруін сұрады. Олар: Түркістан облысының газдалмаған елді мекендердің 450 мың халқының тұрмыстық қажеттіліктерін өтеу үшін және заңда көзделген қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау, өрт пен жарылыстың алдын алу мақсатында газ баллондарды аккредиттелген мекемелерде сұйық газбен толтыру және басқалары. 

Ал келесі бір депутат Мархабат Жайымбетұлы тауар ай­на­лымы мәселесін көтеріп, Премьер-Министрдің орын­басары Серік Жұманғаринге депутаттық сауал жолдады. 

«Халықпен кездесуде әлеуметтiк жағынан осал топтағы жандар маркетплейс арқылы нәпақасын тауып жатқанын жеткізді. Алайда олар біршама кедергіге тап болуда. 

Біріншісі – тауарды таңбалау талабы. Ірі бизнес, яғни көтерме сатушылардың көбі бұл талапты сақтамайды және таңбаланбаған тауарларды сатады. Ал бұл іс-әрекеттері шағын кәсіп иелеріне зияны тиіп отыр. Себебі кедендік ресімдеудің оңайлатылған түрі бола тұра, қажетті шарттар толық орындалмайды. Елімізде салық түсімдері бойынша орындау жоспарына сәйкес 2,4 трлн теңге қаражат бюд­жетке түспеген.

Екінші – тауарларды заңсыз әкелуге (контрабанда және контрафакт) кеден органдары тарапынан бақылау мәселесі. Сол кедендік бақылау пунктінен миллиардтаған қаражат айналымы өтіп жатыр. Қазір Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда қайнап жатыр. Заңды тауар өткізіп жатса жақсы, ал заңды белшесінен басып жүргендер қаншама? Кеден бекеттерінде маркировка мен қауіпсіздік алғы шарттардың бірі болуы қажет. Бізде маркировка алмағаны үшін айыппұл көзі де қарастырылмаған.

Үшінші мәселе мынау: Елімізде маркировканы беретін жалғыз мекеме – «Цифрлық экономиканы дамыту орта­лығы» ЖШС. Әсіресе, жалғыз маркировка бойынша дара сайт ismet.kz жұмысын әліде жетілдіруді талап етеді. Аталған сайт қарапайым халыққа түсінікті және үздіксіз жұмыс істеуі қажет» – деді М. Жайымбетұлы. 

Депутат жолдаған сауалдан кейін Премьер-Министрдің орынбасарына төмендегідей мәселелерді қарастыруды ұсынды.

«Міндетті тауарларды таңбалау жөніндегі талаптарды сақтамағаны үшін жауапкершіліктерді қайта қарап, күшейту, интернет сауда алаңдарын зерделеп, талаптары мен пайыздық мөлшерлемелерін төмендету бойынша маркетплейс өкілдерімен (Kaspi, Wildberries, Ozon, Amazon) жан-жақты келіссөздер жүргізу, «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС мекемесін мемлекеттік органның қарамағына беру және жұмыстарына жүйелі түрде сарап­тама жүргізу қажет», – деді депутат. 

С.БЕГІМБАЙ