Мәслихат депутатының айтуынша, мұнай, газ, көмір, темір, басқа да қазба байлықтар – күндердің күнінде таусылатын шикізат қоры. Сондықтан да еліміздегі барлық моноқаланың экономикасын әртараптандыру қажет.
«Ол үшін елімізде жұмыс жасайтын шетелдік ірі компаниялар бірінші кезекте отандық шағын және орта бизнестің, жергілікті кәсіпкерлердің тауарлары мен өнімдерін сатып алуға басымдық беру керек. Бірақ ірі мұнай өндіруші мекемелер өздеріне қажетті өндірістік құрал-жабдықтарын, барлық керекті заттарын шет елдерден әкелуде. Бүгінде Теңізшевройл, Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг, НСОС сияқты ірі мұнай өндіруші үш мекеменің сатып алып отырған тауарларындағы қазақстандық мазмұн, отандық өнімдермен (қамту) мөлшері шамамен 10%-дан аспайды. Сондықтан еліміздегі ірі компаниялардың сатып алатын тауарларының қазақстандық құрамы, яғни отандық өнімдердің үлесін кемінде 50 пайызға жеткізуіміз керек деп есептеймін», – деді ол.
Сонымен қатар, депутат мыңдаған азаматтың кәсіп ашып, тұрмысын түзегенін айтты.
«Ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы жемісті іске асуда. Бұл жоба Сіздің Сайлауалды бағдарламаңыздан бастау алады. Соның арқасында мыңдаған азамат шағын кәсібін ашып, тұрмысын түзеді. Жоба жүздеген отбасының атаулы әлеуметтік көмектен арылуына септігін тигізді. Біз бұл жобаларды әрі қарай да табанды түрде іске асыра береміз. Осы жұмыстың барлығына мәслихат депутаттары белсене қатысып жатқанын атап өткім келеді», – деді депутат.