Басқа аймақтарды айтпағанда, облыс орталығы Талдықорған қаласының төңірегінде де ежелгі қорымдар мен обалар, петроглифтер таңбаланған тұтас шатқалдар мен жоталар, тау қойнаулары баршылық. Бір өкініштісі, бақылаудың болмауынан, дер кезінде мемлекет қорғауына алынбағандықтан, тоналып, тозғаны, жартастары құрылыс материалдары үшін пайдаланылғандары да жетіп артылады. Осыдан бірнеше жыл бұрын экологтар мен тарихшылар, археологтар шулап жүріп Кербұлақ ауданындағы Арқарлы тауларындағы петрголифтерді тас-талқан етіп, тақта тастарды құрылыс материалдарына айналдырып жатқандарды әрең тоқтатқан еді. Кейінгі жылдары осындай сорақы жағдай Талдықорған маңындағы Қызылтас жоталарындағы петроглифтер таңбаланған жартастарға және сол аймақта орналасқан табиғаттың тамаша тартуы «Тасбақа» пішініндегі алып тасқа қатысты да қайталанды. Облыстағы алпауыт кәсіпорындардың бірі осы аймақты меншігіне қаратып алып, құрылыс материалдарын өндіру мақсатында ойран-топырын шығара бастаған. Экобелсенділер мен еріктілер, тарихқа жаны ашитындар БАҚ жұмылдырып, Астана мен Алматыда баспасөз мәслихаттарын ұйымдастырып, облыс пен қаланың атқарушы билігіне жүгініп жүріп бұл бассыздықты сәл саябарсытқан болатын. Оған біздің газет те өзіндік үлесін қосқан. Ақырында тарихи орын кері қайтарылып, мемлекеттің қорғауына алынғаны белгілі болды. Бұл туралы осыдан біраз бұрын облыс басшысы айтып, қорғауға алынған алқапта тазалық акциясын өткізіп, көгалдандырып, жасыл желек отырғызу жайлы бастама көтерген.
Осы орайда күні кеше Жетісу облысында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ауқымды әрі аса маңызды шара ұйымдастырылды. Нақтырақ айтқанда, Талдықорған қаласында «Қызылтас – Тасбақа» экологиялық акциясы өткізілді. Шарапатты шараға облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов, қала басшысы Ернат Бәзіл және қоғам белсенділері мен жастар, экоеріктілер, «Жасыл ел» еңбек жасақтары белсене қатысты. Тарихқа жаны ашитын, экологияға жүрегі ауыратын жұртшылық өкілдері де қызу атсалысты. Экоакция өткізілген аумақта Қызылтастағы сирек кездесетін петроглифтердің жергілікті маңыздағы қорғалатын тарихи-мәдени нысандар тізіміне енгізілгені жайлы тақтайша орнатылды.
Қызылтастағы петроглифтерге қатысты түсінбестіктер басталғаннан бері осы дау-дамайлы істің бас-қасында жүріп, тарихи орынның талқандалуына қарсылықтарды ұйымдастыруға белсене қатысқан экобелсенді Динара Бакирова жергілікті жерде шешімін табуы тым күрделеніп кеткен мәселеге дер кезінде назар аударған Мемлекет басшысына, облыс жетекшісіне халықтың алғысын жеткізді. Жоғарыда жазғанымыздай, осыдан біраз бұрын облыс әкімі Бейбіт Исабаев қоғамдастықтар мен экологтардың және тиісті құзырлы ұйымдардың бірлескен жұмыстары нәтижесінде «Тасбақа» тас пен сол маңдағы жартастарға таңбаланға петроглифтерді сақтап қалу мақсатында нақты шаралардың жүзеге асқанын және соның арқасында кенішті игеру заңды негізде тоқтатылғанын, бұл мәселеге түебегейлі нүкте қойылғанын мәлімдеген еді.
Экоакцияға қатысқан «Қазақстан студенттері альянсы» Жетісу облыстық филиалының төрағасы, экоерікті Ескендір Аманқостың айтуынша, бүкіл еліміз бойынша өткізіліп жатқан тазалық акциясының маңызы аса зор. Ортақ игілікті істен үлкен де, кіші де шет қалмай, бір кісідей атсалысуда. Мұндай шарапатты шаралар өсіп келе жатқан жас ұрпақтың туған елдің тарихына деген қызығушылығын оятып, табиғатты аялауға тәрбиелейді. Адамдардың экологиялық сауатын арттырып, қоршаған ортаға қатысты жауапкершілігін барынша күшейтеді.
Талдықорғанда өткен акциядан текеліліктер де шет қалмады. Кеншілер қаласында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қаламы қарымды журналист, ақын Торғын Тұрлыбекованың қатысуымен «Жан мен тән тазалығы – рухани тазалықтың өзегі» тақырыбында «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. Жергілікті ақынмен жүздесуге экоеріктілер мен жастар жиналып, табиғат пен тарихқа қатысты пікір алмасып, қоршаған ортада тазалықтың сақталуы аса маңызды екенін талқылады. Осы орайдағы ұсыныстарын ортаға салды.
Жалпы, Жетісу облысында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында өңір аумақтарын тазарту, жасылдандыру шаралары жалғасуда. Қазірі кезге дейін жалпы жұрттың қолдауына ие болған экологиялық акцияларға облыстың 200 мыңнан астам тұрғыны қатысқан. Күні бүгінге дейін сол адамдардың көмегімен, 161 техника пайдаланыла отырып, 7 793 тонна қоқыс шығарылып, 30 726 тал егілген.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы