Ақыл айтқанның бәрі ақылды емес

Бүгін әлеуметтік желі бетін аша қалсаңыз, ақыл айтатын «ақылмандардан» аяқ алып жүргісіз.

«Бәрі маған ақыл айтқыш. 

Сезбейді ғой олар дым, 

Өзім де елге көптен бері көсемсуді доғардым» немесе

«Жамау етіп тұрмысқа жалақымды, 

Жалбақтаумен қарсы алам қонағымды. 

Өмір жәйлі әңгіме қозғай қалсаң, 

Бір ақымақ таппайсың, бәрі – ақылды!» – деп жырлапты ақын Тыныштықбек өлеңінде. Иә, бүгін әлеуметтік желі бетін аша қалсаңыз, ақыл айтатын «ақылмандардан» аяқ алып жүргісіз. Бір курс сатып алып, оқып кеңес беретін псевдо-психологтар, физика мен космос жайында уағыз айтатын молдалар, тарих жөнінде айтатын әлеуметтанушылар, қалай баю керектігін үйрететін коучтар – бүгінгі заманның «ақылмандары». Тренинг өткізіп ақылын ақыға сататындар да жетерлік. Дегенмен олардың айтқан ақылдарының рас, өтірігін бағамдап, ой таразысына салып, сыни ойлау жү­йе­мізді қосып, сараптау бізге артылған жүк болмақ. 

Сонау бір заманда бір поэзия өнерінен аса хабары жоқ ортанқол ақынның «Патшаға арнап ғажап туынды жаздым. Осы туындымды хан қақпасының алдына іліп қойсам деймін» дегенде, қасын­дағы атақты бір ақын «Сол туын­дыңның қасына өзіңді де іліп қоюыңа кеңес беремін» дейді. Сонда әлгі «не үшін?» деп сұра­ғанда, «Осынау «ғажап» туын­дыңызды сіздің шығарғаныңызды хан ием білуі керек емес пе?» деген екен. Иә, қаншама ғасырлар бойы дарынсыздардың өз-өздерін асыра бағалағанына куә болып келе жатырмыз. Мұндай жағдай барлық салада кездеседі. «Мен ештеңе білмейтінімді білемін» деген грек данышпаны Сократ секілді өзіңнің білмейтіндігіңді білу үшін де білімпаз болуың керек демек. Ал біз өзіміздің білмейтіндігімізді білеміз бе?! Күмәніміз бар. Бұған әлеуметтік желідегі аспандағы жұлдыздан көп ақылшылардың білмейтін­дігін біреуге үйреткісі келгендігін мысал етсек болады. Иә, әдетте тәжірибесіз адамдар өзінің қа­білетін асыра бағалайды. Керісін­ше, тәжірибелі адамдар, өз мүм­кіндігін төмендетуге бейім. Бұл ретте қытай данышпаны Лао Цзы «Білген айтпайды, айтқан біл­мейді» деп нақтылай түседі. Дегенмен осы бір құбылыстың психологияда атауы да бар болып шықты. Ол қандай құбылыс десеңіз, лирикалық шегініс жа­сайық... 

Даннинг-Крюгер эффектісі қалай пайда болды?

1995 жылы сәуірде бір әумесер америкалық Питтсбургтегі  бір күнде екі банкті тонайды. Бір таң­қаларлығы, ол тіпті бетін жасы­руға тырыспай, керісінше банктен шығар кезінде бейнебақылау камераларына қарап жымиған да екен. Банкте емін-еркін ешқандай бетпердесіз ойран салған қылмыс­керді полиция лезде қолға түсі­реді. Кейін белгілі болғандай бұл Макартур Уилер деген қылмыскер болып шықты. Бір күн өтпей сол күні түнде қолға түскен қылмыс­кердің сондағы таңданысында шек жоқ еді. Өз қылмысын мойындамай қанша тулағанымен, ақыры оған камералардың бейне­жазбасын көрсеткенде ғана сабасына түседі. Дегенмен ол «менің бетімде лимон шырыны болған еді ғой», – деп ол күбірлей беріпті. Уилер теріге лимон шы­ры­нын жағып алу оны бейне­бақылау камераларына көрін­бейтін етіп тастайды деп ойлаған сыңайлы. Лимон шырыны көрін­бейтін сия ретінде пайдалана­тынын білетін оның ойынша, бейнекамерада бет-жүзі де көрін­бейтін болуы тиіс еді. Бұл гипо­тезаны сынау үшін қылмыскер тонау алдында Polaroid-те бірнеше суретке түсіп те көрген екен. Бір таңғаларлығы, фотосуретте бет шынымен көрінбейді. Кейінірек тәртіп сақшылары мұның да сы­рын анықтады. Сынақ барысында лимон шырыны қылмыскердің көзіне тамып кетеді. Көзі ашып, абыржыған Уилер өзін түсіруде қалт кеткен екен. Демек, бос бөлмені түсірген. Полиция ақыры Уилердің есі ауыспаған және есірткі қолданбаған, бар болғаны ақымақтығымен қателесті деген тұжырым жасады.

Кейін Корнеллдегі психология профессоры Дэвид Даннинг пен оның аспиранттарының бірі Джастин Крюгер бұл құбылыстың керемет мысал екенін түсінді. Бұл құбылысты олар 1999 жылы зерттеп, ғылыми негіздеген. Зерттеушілер тобы студенттер арасында әзіл-оспақ, логикалық ойлау және грамматика бойынша тест өткізеді. Қатысушыларға нәтижелерін көрсетпес бұрын Даннинг пен Крюгер олардан өз жұмыстарын пайызбен бағалауды сұрады. Барлық үш сынақта ең төменгі балл жинаған студенттер (шамамен 15%) өз нәтижелерін олар жинағаннан 50%-ға жоғары бағалайды. Ал ең жоғары нәти­желерге қол жеткізген қатысу­шылар болса, өздерін жоғары бағаламай, керісінше қарапайы­мдылық танытыпты. Сосын ға­лымдар «қабілетсіз адамдар өз­дері­нің қабілетсіздігін түсіне ала ма?» деген сұраққа бастарын қа­тырады. Осылайша, бұл мәселені шешу үшін ғалымдар ең төменгі балл жинаған қатысу­шыларды қайта шақырды. Оларға енді басқа студенттердің сынақтарын ба­ғалау ұсынылды, содан кейін бастапқы тестілеу нәтижелерін қайта бағалау ұсы­нылды. Олар өздерінің қабі­летсіздігін мойын­дамағанымен қоймай, керісінше өздеріне одан да жоғары ұпай берді. Келесі зерттеулерінде Даннинг пен Крюгер зертханадан шығып, мылтық атып машық­танатын жерге барады. Ол жерде олар мылтық атуға әуестене­тіндерден қарудың қауіпсіздігі туралы сұрау салады. Олардың алдыңғы нәтижелері сияқты сұрақтарға дұрыс жауапты ең аз бергендер өздерінің атыс қаруы жайындағы білімдерін асыра бағалайды. Ақыры ғалымдар «Білімсіздік пен білімсіздігін білмейтіндер: өз­дерінің қабілет­сіздігін мойындау­дағы қиындық­тар өзін-өзі жоғары бағалауға қалай әкеледі» атты мақаласын жариялады. Ақырында психо­логия­да Даннинг-Крюгер эффек­тісі деген жаңа термин пайда болды. 

Терминге байланысты тағы бір мысал. 2016 жылы Мэрил Ст­риптің «Примадонна» фильмін­дегі кейіпкерді еске түсіріңізші. Америкада ХІХ -ХХ ғасырларда өмір сүрген Флоренс Фостер Дженкинс есімді кейіпкер. Әлгі ханым көк түйір таланты, тіпті қабілеті болмаса да өз дәуірінің әйгілі әншісі һәм пианисткасы болды. Өйткені өзінің ғажайып «дарынына» сенімді болғаны сонша, өзін күлкіге айналдырған тыңдармандарын оның ғажап та­лантын көре алмайды деп қабылдаған. Әкесінің басқа мамандық таңда деп берген кеңесіне қарамастан, Флоренс бар байлығын қазіргі тілмен айтқанда өз концерттерін ұйым­дастыруға және оны жарнамалауға жұмсады. Айналасы оны «барлық дәуірлердің ең дарынсыз опера әншісі» дегеніне қарамастан, ол әйгілі болды. Оның репер­туарында Моцарттың, Вердидің, Брамс пен Штраустың туынды­лары болды. Ол ешқашан нотаға тура түспейтін және байғұс аккомпианаторлары оның сан­даған қателігін, жарықшақты да­уысын жасырамыз деп-ақ шаршайтын. Халық тіпті оның жексұрын дауысын тыңдап, кү­лкіге қарық болу үшін ғана концерттеріне топырлап жинала­тын. Қалай дегенмен де Флоренс өз арманына жетті. Ол мыңдардың алдында концерт берді және танымал болды. Ол өлгеннен кейін осынау ерекше әнші туралы деректі және көр­кемфильмдер түсірілді. Абайдың «Арсыз болмай атақ жоқ» дегені осындайда еске түседі.

«Болған жігіт болдым демес»

Даннинг-Крюгер эффектіне сәйкес, тәжірибесіз адамдар қате тұжырымдар жасап, сәтсіз ше­шімдер қабылдайды. Олар өзінің сәтсіздіктері қате шешім мен тәжірибесіздіктің нәтижесі екенін түсінбейді және өздерінің «ергежейлі» қабілеттеріне сенеді. «Әдетте түсінігі жетімсіздер көп білеміз деп ойлайды, ал мүлде ақылынан айырылғандар бәрін білеміз деп ойлайды» деген Дж. Бруно ойы осы көріністі сипат­тайды. Ал тәжірибелі адамдар, қабілетін адекватты бағалап, өз дағдыларына сәл күмәндануға бейім. Олар басқалар ыждағат­тылықпен үйренсе өздері жасай алатын нәрсені олар да оңай меңгеріп кетеді деп ойлайды. Бұл ретте «Адамның шығу тегі» кітабында Чарльз Дарвин «На­дандық білімнен гөрі сенімділікті жиірек тудырады» десе, Бертран Рассел: «біздің әлемнің қиыншы­лығы – ақымақ адамдар тым се­німді, ал ақылды адамдар күмән­ге толы» деп нақтылайды. Өз «та­ланттары» мен «тәжірибелеріне» тым сенімді жандардың күлкіге қалып жатқанын өмірде жиі бай­қауға болады. Бұл барлық сала­да бар. Спортта танымал кәсіпқой боксшыларды жекпе-жекке ша­қырған әуесқойлар жетерлік. Олардың қандай нәтижемен аяқталғаны да көпке таныс. Біз жоғарыда өзін зор, өзгені қор санайтындар туралы сөз еттік. Енді монетаның екінші жағына қарай ойыссақ. 

Крюгер әсерінің тағы бір белгісі – өзін қор санаулық. Бұл әдетте білімділер мен таланттылар арасында жиі көрініс табады. Мұндай адам өзінің құзыреттілігін жеткілікті түрде бағалай алмайды. Мұндай синдромы бар адам өзін-өзі бағалаудың төмендігінен зар­дап шегіп, өз білімін жеткіліксіз деп санайды, айналадағылардың бәрі сауатты деп ойлайды. Айыр­машылығы сол, біліксіз адамдарға қарағанда шынымен білімдар адамдар басқалардың сынауынан қашпайды және кері байланыс жасап, қателігін түзетіп отыруға қауқарлы. Себебі олар – Кон­фуций айтпақшы, «Нағыз білім – өз надандығыңның деңгейін білу» деген қағиданы ұстана­тындар. Бұны қазақ бір ауыз сөз­бен «Бол­ған жігіт болдым демес, болдым десе болғаны емес» деп қысқа қа­йырады. 

 

ТҮЙІН: 

Бүгінде «Абай деген ақын болмаған», «Кітапты кедей адамдар оқиды», «Мерседесті молдалар ойлап тапқан» деген ойларын ортаға салған жоғарыдағы дерт иелерін аз байқап жүрген жоқпыз. Бұларды «ақпараттық алаяқ» деп атауымызға да болады. Себебі бұл ақпараттарға имандай сенетін қауым тағы бар. Мұндайда С.Батлердің «Жарық дүниеде алаяқтардан ақымақтар көп, өйтпегенде алаяқтардың өмір сүруіне ешбір себеп болмас еді» деген сөзі еске түседі. «Өзінің ақымақтығын білген адамды данышпанға тең десе де болғандай. Ал өзін данышпанға балаған ақымақ – шын мәніндегі ақымақ» деген ғұлама сөзі мен «Дүниеде ең оңайы – біреуге ақыл айту, ең қиыны – өз-өзіңді жөнге салып, өзіңді-өзің түсіну» деген әл-Фарабидің сөзін естен шығармағанымыз абзал. Ал біз өз ақымақтығымызды білеміз бе?!

Наурызбек САРША