Күрестің күні жарқырасын десек...

Күрес – ұлттық рухты көтеретін, патриотизм мен бірлікті насихаттайтын спорт түрі. Алайда бүгінде балуандарымыз бірқатар мәселемен бетпе-бет келіп отыр.

Күрестің дамуына қандай өзгерістер қажет екенін, шетелден келген легионерлерді шақырудың тиімділігін білмек болып мамандардан жауап алуға тырысқан едік.

Ислам БАЙРАМУКОВ,

Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері:

Тактикалық дайындық әлсіз

Жалпы, біздің төл спортымыз ретінде саналып кеткен күрес халқымыз үшін қа­шанда биік тұратыны сөзсіз. Жыл сайынғы жарыстарда, олимпиада төңірегінде жас­тарымыз, тәжірибелі күресшілеріміз өз бақ­­тарын сынауда. Алайда соңғы олим­пиададағы нәтижені ескерсек, күрестің халі елімізде мүшкіл екенін көреміз. Оған бірнеше себеп бар. Күрестің бастапқы мәселесі ретінде құрамадағы жігіттердің так­тикалық дайындықтарының әлсіз еке­нін айтуға болады. Әр жарыс бапкер үшін де, спортшы ретінде де өте маңызды. Сон­дықтан әр қарсыластың күрес деңгейін анықтап, оны жіті зерт­теуден өткізу керек. Содан кейін барып арнайы соған қарсы тактикалық дайындық жасалуға тиіс. Қай жерде шалу, қолды тұсап ұстау деген се­кіл­­ді тапсырмалардың арқасында спорт­шы­ларымыздың тактикалық өрісі кеңейе­ді. Екінші мәселе – физикалық тұрғыда жі­гіт­теріміздің нашар екеніне көзім жетті. Әлем­дік аренадағы дода болғандықтан спорт­шыларымыз бар күшін жұмсауға тиіс. Физикалық күш ерік-жігер арқылы келеді. Осы ерік-жігерімізді әлі де қатайту ке­рек деп ойлаймын. Тағы да айта кететін жайт, жі­гіттеріміздің психологиялық жағ­дайы төмен. Егер спортшыларымыз пси­холо­гиялық түрде мығым болса, кез келген қар­­сыласын жеңіліп бара жатып та жеңіп кетуге қауқары жететін еді. Енді олим­­пиа­дадан кеткен қателіктерімізді талдап, әб­ден зерттеу керек. Әр ұтымды пі­кірді тың­­­дай отыра нақты бір шешім шығару керек. 

Легионердің де легионері бар. Әр күрес салмағы бойынша спортшыларымыз олим­­­пиадада топ жарғаны былай тұрсын, жолдаманың өзін ала алмайтын жағдайға жетсе, онда бізге өзгеріс қажет. Өз ойым әр салмаққа тым болмаса бір легионер спортшыны қосып, күресшілермізбен өз тәжірибесін бөліссе жақсы болар еді. Ке­­зінде бірге спарринг жасаған Ильмади Джаб­­раилов, Игорь Климов сынды даңқты спортшылардың арқасында мен үлкен тәжірибе алдым. Сол сияқты енді өсіп келе жатқан жастардың күреске деген дағды­ларын өсіруді көздесек, кейбір легио­­нер­лердің болғаны дұрыс деп ойлаймын.

Ақжүрек ТАҢАТАРОВ,

Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері:

Легионер бапкерлер керек

Қазақ күресінің негізгі мәселелерінің бірі дисциплина, яғни тәртіп дер едім. Ко­мандада тәртіп болуы керек. Тәртіп ар­қылы спортшы дайындық процесіне және жа­рыстарға дұрыс көзқараспен қа­рап, жат­­тығулар мен тактикаларды қа­таң түрде орындайды. Сонымен қатар ол жара­қат­­тардан сақтануға, қарсыластың әрекет­теріне жылдам жауап беруге және ұзақ­­мерзімді табыстарға жетуге ықпал ете­ді. Одан кейін жаттықтырушы құрам­ды ауыс­­­­­тыру керек деп ойлаймын. Неге де­сеңіз? Бірінші себеп – нәтиженің бол­мауы. Спорт­­­­­шылар күткендей өнер көр­сетпеуі мүмкін, бұл басшылықты бас­қа тәсілмен жаңа жаттықтырушылар іздеуге мәжбүр етеді. Әр түрлі жарыс­тардағы жан­жал, дау­­­лар да өзгерістерге елеулі себеп бола­­­тыны сөзсіз. Жаңа мақ­саттар мен стра­­тегиялар жаңа көз­қа­расты талап ететін­­­діктен де бапкер­лердің ауысқанын құп көремін.

Менің ойымша, енді келген легио­­нер­лер қазақтың балаларын сындырады. Көп жерлерде легионерлерді әкелу тиімді, олар­дың тәжірибелері біздің спортшы­­ларымыз үшін үлгі болмақ деп жатады. Менің оларға жауабым неліктен легионер бапкерлерді алдырмаймыз. Легионер спорт­шы тек бір-ақ адам ол кез келген уақытта спортты тастап кете алады. Одан бөлек ол залдағы 30 баламен емес, тек өзі­нің салмағындағы ғана 2-3 адаммен күре­седі. Нәтижесінде, жаңағы 2-3 бала ғана спорттық дәрежеде өседі. Ал бапкердің жағдайы бөлек. Ол тек 30 баланы ғана емес, 300 баланы қолынан өткізіп, үлкен жетістіктерге әкеле алады. Сондықтан ле­гионер спортшыны емес, легионер бап­керді әкелуді дұрыс деп санаймын. 

Аслан ҚАЖЕНОВ,

спорт журналисі:

Сала үздіктері федерация құрамында жоқ

Отандық күресімізде, өкінішке қарай, динамика түсіп бара жатқаны рас. Париж олимпиадасындағы Демеудің бір жетіс­тігімен оны толтыра да алмаймыз. Оның өзінде Демеудің бас бапкері олимпиадаға бармай қалды. Оны осында отырып Қазақ­стан федерациясы шеттетіп жіберді. Жал­­пы, осы Париж олимпиадасына дайын­­­­­­дықтың өзіне еркін күреске 698 мил­лион, ал грек-рим күресіне 701 мил­­­лион теңге бөлінген. Ол ақшаның қай­да кеткенін еш­­­кім білмейді. Жауапты фе­дерация есеп бермей отыр. Десе де, бұл – бюджеттің ақ­­­шасы, халықтың ақшасы болғандықтан, халық әр теңгенің есебін білуі керек. Тағы бір қынжы­латы­нымыз, Ақжүрек Таңа­таров, Мәулен Ма­мыров, Ислам Байра­му­ков, Екатерина Ларионова сынды басқа да осы саланың үздіктері федерация құра­­мында жоқ. Олар отандық балуандардың дайын­­дығына қатыса алмай, ақыл-кеңес­терін айта алмайды. Осы жағдайда спорт жан­күйер­лері, әсіресе күрес жан­күйер­лерінің іші ашиды.

Тәуелсіздік жылдардан бастап легио­нерлерді ең көп тартқан бағыт осы күрес болып есептеледі. Сол кезде келген балуан­­­­дар өзінің тарихи отанына оралды. Жетіс­­тікке жеткендер ақшасын алып, сыйақы­­­мызды қалтасына басып тайып тұрды. Осы­­­ған қарамастан әлі де шетелден спорт­шы әкелуді тоқтатпай жатыр. Нәти­жесінде, байрақты бәсекелерден еш нәти­­же бермей­­­тіндігіне көзіміз жетті. Тіпті, Мемлекет бас­­шысының өзі бұл жағ­дайды үлкен сынға алған болатын. Шеттен легио­­нер тарту мәсе­лесін жіті қарау жө­нінде тапсырма берді. Бірақ сонда да Қазақстан күрес феде­ра­циясы оны да пыс­қырмай тұр деп айтуға болады. Алда жаңа реформалар, жаңа өзгерістерді күтеміз.

Әсет ҚАЛИ