Соның бірі – Мерей Мақажан. Жастайынан сан түрлі кинотуындыларда басты рөлдерімен көзге түсіп, өнер әлемінде бағы жанған ару көрерменнің көзайымына айналып үлгерді. Таяуда Мереймен жүздесіп, сұхбаттасудың сәті түсті.
– Мерей, кино әлеміне алғаш қадам басқаныңызға он үш жылдан асық уақыт өтіпті. Отандық киноиндустрияда бала кезінен бастап бағы мен бабы қатар шапқан талантты актрисалардың бірі өзіңізсіз. Әңгімемізді ең алдымен шығармашылық тынысыңыздан бастасақ.
– Биыл жаз айларында екі телехикаяға түстім. Қазір екі телехикаяның да түсірілімі өз мәресіне жетті. Туындыны осы жылы күз, қыс айларында «Алматы» және «Астана» телеарналарынан эфирге беру жоспарланған. Ал алда келе жатқан өзге де жобалар әзірге құпия болып қалсын.
– Кешегі бала Мерей мен бүгінде бір емес, бірнеше фильм мен телехикаяда бой көрсеткен танымал актрисаның арасында нендей айырмашылық бар?
– Иә, расында, бала Мерей мен қазіргі Мерейдің арасында айырмашылық көп деп айтар едім. Кино әлеміне енді ғана қадам басқан Мерей әлі көпті көрмеген, айналасындағы адамдарды толық танып, білмейтін, өзінің кішкентай әлемінде жүрген жан еді. Қазір арадан он үш жыл уақыт өтіпті. Осы уақыт аралығында өмірде де, өнер жолында да жаңа адамдарды кезіктірдім, жаңа тәжірибе жинадым. Есейген сайын осынау өзгерістің барлығы ішкі жан дүниеме әсер етті. Сондықтан бүгінгі Мерейдің ішкі әлемі өзгерген болар, бәлкім.
– Таяуда «Хабар» арнасынан ұсынылған «Қара жәшік» телехикаясында басты рөлдердің бірін сомдағаныңыздан хабардармыз. Аталған телехикаяның кастингінен қалай өттіңіз? Режиссер басты рөлді сомдайтын актрисаның бойынан қандай қасиеттерді талап етті?
– Жаз айларында «Қара жәшік» телехикаясының режиссері Әсет Жұмақанмен «Арман қала» телехикаясының түсірілім алаңында бірге жұмыс істедік. Ол бұл телехикаяның кастингінде режиссер қызметін атқарды. Түсірілім уақытында режиссер мені кезекті жобасының кейіпкері ретінде көргісі келген екен. «Арман қала» телехикаясын түсіру барысында ол маған мектеп оқушыларына қатысты телехикая түсіргелі отырғанын және басты рөлде мені көргісі келетінін айтып ұсыныс білдірді. «Қара жәшік» телехикаясы бүгінгінің өзекті мәселесін қозғайды. «Арман қала» негізінен комедия жанрына құрылса, керісінше, «Қара жәшік» ауыр тақырыпты арқау еткен. Телехикаядағы кейіпкерлердің рөлі де өзгеше. Сонымен, жазда түсірілім аяқталған соң «Қара жәшіктің» кастингінде бағымды сынап көру үшін видео түсіруге көштім. Әрине, бұл еш қиындықсыз өтетін кастинг болған жоқ. Мұнда менен өзге қаншама қыз болды. Кастинг аяқталғаннан кейін продюсер мен режиссер егер телехикая мазмұны маған ұнаса, сондай-ақ тақырыптың өзектілігі қызықтырса, онда телехикаяның түсірілім алаңында күтетінін айтты. Расында, «Қара жәшіктің» көтерген тақырыбы маған ұнады. Себебі мұндай күрделі туындыларды Қазақстанда бұрын-соңды көрген емеспін. Қазір кезінде көптің шуын туғызған «Синий кит» сынды балалардың санасын улайтын ойындар пайда болып жатыр. Сондықтан бұл қоғамдық маңызы зор әрі балалар мен жасөспірімдер үшін өте қажет тақырып деп ойлаймын. Мен телехикаяда рөлімді сомдауға ойланбастан келісімімді бердім. Бірақ алғашында анам мен әкем түсірілімге қатысуыма қарсы болды. Себебі телехикая қыркүйек айында түсірілді. Ал ата-анам маған мекептегі сабақтан қалмауымды, тапсырмаларды жіберіп алмауымды жиі ескертетін.
– Телехикаяның сценарийімен алдын ала танысып алдыңыз ба? Осы тұста ата-анаңыздың тарапынан ешқандай қарсылық болған жоқ па?
– Иә, мамандар телехикая сценарийін маған алдын ала жіберді. Мен ең бірінші анама телехикая қайтыс болған қыздың өмірі туралы екенін айтып ескерттім. Бірақ анам алғашында қорықты. Содан бері ол қатты ойланып, «мүмкін тағы да ойланып көрерсің» деп мен үшін алаңдайтын. Өйткені кейбірінде мынадай теріс түсінік қалыптасқан: сен экранда қандай рөл сомдасаң, болашақта кейіпкердің оқиғасы өміріңде қайталанып келуі мүмкін. Тіпті анам телехикаяны экраннан қараған уақытта кейбір сахналарды көзін жұмып тамашалады. Дегенмен актрисалық өнер – менің мамандығым болғаннан кейін, мұндай ауыр сахналарға кәсіби маман ретінде қарауға тырысамын.
Отбасы тыныш болса, баланың әлемі де жарқын болады
– Жасөспірімнің бойындағы ауыр психологиялық «травмалардың» алдын алу, мектеп қабырғасындағы оқушылардың тәрбиесі, қоғамдағы буллинг мәселелерін алға тартқан драма жанрындағы туындыдан өзіңіз қандай ой түйдіңіз? Бұл тақырып қоғамда қаншалықты өзекті?
– Телехикаядан түйгенім, қандай жағдай болмасын ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың жақсы болуы маңызды. Ата-ана мен бала бір-біріне ашық болғаны жөн. Өкініштісі, кейбір ата-аналар үйдегі балаларының мәселелеріне көз жұмып қарайды немесе балалар ата-анасының өмірінде қандай жағдай болып жатқанынан бейхабар. Телехикая арқылы кез келген ата-ана баланың мәселесіне түсіністікпен қарауы қажет екенін ұғындым. Мәселен, телехикаядағы Айым мектептегі буллингті, өміріндегі жағдайларды анасына дер кезінде айтса, ал анасы қызын түсініп, қолдау танытқанда жағдай басқаша болар ма еді?.. Әрине, анасы мен қызының арасында махаббат болды. Бірақ баланың ата-анасына деген сенімі болған жоқ. Сондықтан ата-ана баланың санасында қалыптасып қалған «олар мені түсінбейді» деген түсініктен арылуға әсер етуі тиіс. Отбасы институтындағы тәрбиенің маңызы өте зор. Отан отбасынан басталады. Жанұяда барлығы тыныш болса, баланың айналасымен қарым-қатынасы да қалыпты болмақ. Дегенмен мәселенің барлығын отбасындағы тәрбиеге ысырып қоюға болмайды, одан бөлек күнделікті араласатын ортаның қысымы да адамға әсер етпей қоймайды.
– Телехикая қазіргі қоғамның ащы шындығын кейіпкерлердің өмірі арқылы көрерменге жеткізген туынды. Түсірілім барысында өз өміріңізде болған жағдайларға ұқсас оқиғалар кездесті ме?
– Жеке өзім буллинг оқиғаларына ұшырап көрмедім. Алайда қыздардың арасындағы буллинг жағдайы таныс құрбымның басынан өтті. Өмірімде мұндай жағдаймен бетпе-бет келмеген соң түсірілім барысында қыздармен төбелесетін сахнаның алдында құрбымнан кеңес сұрайтынмын. Сол сахнада рөлімді сомдау барысында неліктен қыздар мәселені шешу үшін жұдырық сілтеуге дейін барады деген сұрақ пайда болатын. Мәселенің байыбына бармай жұдырықтасудың не қажеті бар, неге сөзбен шешпеске?..
– Сұхбаттарыңыздың бірінде өнерге келуіңізге әкеңіздің ықпалы бар екенін, яғни ең алғаш кастингке әкеңіз ертіп апарғанын айтып қалдыңыз. Актрисалық қабілет әулеттен дарыған өнер ме, әлде жеке қызығушылығыңыздың арқасында пайда болды ма? Осы ретте кино саласымен тұтас бір династия айналысты ма деген сауал туындайды.
– Менің әкем мен әпкем кино саласында өзін сынап көрген өнер адамдары. Актрисалық қабілет бойыма әкемнен дарыды. Анам мен ағам өнерге аса жақын жандар емес. Олар кадрдың сыртында жүргенді ұнатады. Қазір әпкем Жанель Мақажанның балалары да өнерге жақын болып өсіп келеді. Өнерге келуіме әкем мүлдем қарсылық танытқан емес. Бала кезімде ең алғашқы кастингіме де әкем ертіп апарған еді. Сол кезде әкем: «Кастинг ұнаса, актрисалық өнерді әрі қарай дамытып алып кетсең болады, егер ұнамаса, мен сені мәжбүрлемеймін. Өзің қалаған басқа салаға бар. Мен сені әркез қолдап жүремін», – деп айтқаны есімде.
Тарихымыз бен мәдениетіміздің дамуына әсер еткен әйел тұлғалар көп
– Болашақта өзіңізді киноның қай жанрында байқап көргіңіз келеді? Арманыңыздағы рөл қандай?
– Келешекте тарихи тұлғалардың рөлін сомдағым келеді. Расында тарихи фильмдердің атмосферасы өзгеше. Фильмнің көрерменге жеткізер ойы бір төбе, ал түсірілімге дайындық барысы, декорация мен грим жұмысының өзі тіптен ерекше. Достарым типажымның тарихи фильмдерге, соның ішінде қазақ қыздарының болмысына көбірек жақын келетінін айтады. Байқасаңыз, отандық киноиндустрияда әйел туралы фильмдер некен-саяқ. Алайда өткенімізге көз жүгіртіп қарасақ, тарихымыз бен мәдениетіміздің дамуына әсер еткен әйел тұлғалар көп. Солардың бірі Хадиша Бөкеева, Шара Жиенқұлова және т.б атап өтуге болады.
– Әрбір актердің тәжірибесінде бұрын-соңды сомдап көрмеген рөлге дайындық барысында өзіндік тактикасы болатыны рас. Кейбірі түсірілім басталар алдында рөлге ену үшін уақытша үнсіздік алса, бірі достарымен жиі кездесіп, уақытын көңілді өткізгенді құп көреді. Ал сіздің рөлге дайындық процесіндегі ритуалыңыз қандай?
– Егер мен сомдайтын кезекті кейіпкер бұрын-соңды ойнап көрмеген рөлдердің бірі болса, кейіпкерді біршама уақыт зерттеймін. Мәселен, метрода жүрген уақытта кейіпкеріме ұқсас адамды жолықтыруым мүмкін. Тіпті, академияда оқып жүрген кездері айналамдағы адамдарды жан-жақты бақылаймын. Әртүрлі типаждағы адамдардың әрқайсысынан рөліме қажет қырларын алғым келеді. Кейде болмысы, мінез-құлқы рөліме ұқсас жандарды байқасам, оларды жақсы түсіну үшін барынша тіл табысуға тырысамын. Себебі бұл алдағы түсірілімде рөлімді ойдағыдай сомдап шығуға әсер етеді. Кейіпкердің жан дүниесіне кіру үшін, сол жанға ұқсас адамды өзім іздеймін.
– Санжар мен Қайсар – балалық шағымыздың ностальгиясы. Тіпті, бұл телехикаяны көрмеген бала кемде-кем. Осы ретте көптің қызығушылығын тудыратын сауалдың бірі «Санжар мен Қайсарда» ойнаған балалар қазір қайда? Бүгінге дейін бір-біріңізбен жиі көрісіп тұрасыздар ма?
– Иә, телехикаяда ойнаған балалардың көбімен әлі күнге дейін байланысты үзген емеспіз. Санжардың рөлін сомдаған Абылай Жұмабай қазір Өнер академиясында білім алады. Кей күндері көрісіп тұрамыз. Сәлеміміз түзу. Қайсарды сомдаған Нұрдәулет Есболғанов Астана қаласында тұрады. Телехикая аяқталғалы бері мен онымен әлі күнге дейін көріспедім. Дегенмен бір-бірімізбен онлайн байланысып, әңгімелесеміз. Бір қызығы, егізім Аиданың рөлін сомдаған Еркежан Байжанмен жақында арамызда туыстық қарым-қатынас орнады. Еркежан Америкадағы оқуынан елге оралды. Қазір кино саласында режиссер, продюсер қызметін атқарып келеді. Санжар мен Қайсардың анасының рөлін алып шыққан Баян ханыммен кинода, театрда көрісіп қалсақ, өткен күндерді еске алып отырамыз. Телехикаядағы әріптестерім жаныма жақын жандар болған соң қауышқан сәтте балалық шақтың естен кетпес естеліктеріне беріліп кететінім рас...
– Ал қазіргі отандық киноиндустрия, медиа саласында аудиторияға үздіксіз ұсынылып отырған балалар контентіне көңіліңіз тола ма?
– Өкінішке қарай, қазіргі қазақстандық киноиндустрияда балалар контентінің деңгейі әлсіреп бара жатқандай көрінеді. Әрине, жыл өткен сайын елімізде балаларға арналған мультфильмдер саны ұлғайып, отандық арналарда жиі жарық көріп келеді. Бірақ телехикаялар тұрғысынан қарасақ, баяу қарқынмен өсіп келеміз. Әлі есімде, 13-14 жасымда бізге балаларға, жасөспірмдерге арналған телехикаялар жетпейтін. Балалық шағымда Nickelodeon, Disney сынды арналардың ұсынған өнімін көріп өстім. Өз елімізде балаларға арналған мұндай телехикаялар жоқтың қасы еді. Шынымды айтсам, бұл көңілімді қалдырады. Қазір оқырмандардың көбі жақсы түсінетін болар, мектептегі оқушы өміріне қатысты тақырып әрқашан өзекті. Сондықтан балалар мен жасөспірімдерге арнап түсірілетін телехикаяларда мектеп қабырғасындағы оқиғалар көбірек қозғалса екен деймін.
Агата Кристидің жанкүйерімін
– Түсірілім алаңында біршама өнер иелерімен сахналас болдыңыз. Сол бір әріптестеріңіздің арасында «комфорт» болған сахналық серіктес ретінде кімдерді атар едіңіз?
– Ойыма ең алғаш келген жан – Еркебұлан Дайыров. Осы уақытқа дейін Еркебұлан ағамен түсірілімдерде бірнеше рет әріптес ретінде жұмыс істедік. Ол кинода әрқашан менің әкемнің рөлін сомдайды. Сондықтан да болар, әлі күнге дейін арамызда әкесі мен қызының жылы қарым-қатынасы сақталып қалыпты. Еркебұлан ағамен жүздесіп қалсақ, ол мені «қызым» деп атайды. Жас актрисалар үшін кейбір жобаларда үлкендердің демеуін қажет ететін сәттер кездеседі. Мен қиын сахнаның алдында өз рөлімді қалай сомдап шығарымды білмесем немесе шаршасам Еркебұлан аға әрдайым қолдау көрсете біледі. Сондай-ақ эстрада мен кино әлемінде қатар жүрген Кәмшат Жолдыбаеваны жаныма жайлы жандардың бірі деп айта аламын.
– Қандай жанрдағы кітаптарды жиі оқисыз? Отандық немесе шетелдік авторлардың арасында оқырманға ұсынар шығармаңыз бар ма?
– Маған ұнайтын жанрлардың бірі – детектив. Мен детектив жанрындағы туындыларымен оқырманның жүрегінен орын алған танымал жазушы Агата Кристидің жанкүйерімін. Дүкеннен кітап сатып алатын уақытта Агата Кристидің бір кітабын міндетті түрде аламын. Ағылшын жазушысының шығармаларын небәрі бір күннің ішінде оқып аяқтауға болады. Детектив жанрынан өзге классиканы ерекше жақсы көремін. Биыл жазғы демалыста қазақ классика әдебиетін оқыдым. Соның ішінде оқырмандарға Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» кітабын оқуға кеңес берер едім. Шығарма оқырманына өмірде жолықтырған адамдарды уақытында бағалай білу қажет екенін ұғындырады. Алайда кітапты оқып тәмәмдағаннан кейін санамда көп сауал қалды. Бұл сұрақтардың жауабын енді өзің іздейсің, түйін шығарасың.
– Әңгімеңізге рақмет, Мерей! Өрлей беріңіз!
Сұхбаттасқан
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ