«Баламның аяғына кірген тікен менің маңдайыма кірсін» дейтін қазақпыз. Басқа-басқа, бірақ таразыға баланың тағдыры түсіп жатса, ата-ана үшін одан ауыр, қасіретті жүк жоқ шығар бәлкім.
Кешір бізді, Айару!
732
оқылды

Көзі қарақты оқырман біледі, осы жазда Атырауда қайғылы жағдай болды. Дәлірек айтсақ, 26 маусым күні  кешкілік қатты жау­ған жаңбыр мен ышқына соққан зәрлі жел жеті жасар бүлдіршіннің өмірін жалмап кетті.

Небәрі жеті жастағы Айару сал­мағы тоннадан асатын ескерт­кіштің астында қалып, көз жұм­ды. Бір әулеттің көз қуанышы, бала да болса арманы көп, айна­ласына шуағын шашып жүретін кішкентай құлыншақтың өмір­ден өткеніне үш айдан астам уа­қыт болды. Тұтас шаңырақты қара жамылдырған қайғылы оқиға ел арасында ұмытыла бастаса да, қайғы жұтқан отбасы үшін бұл оңай сынақ болып отырған жоқ. Біз ескерткіштің астында қалып, өмірден өткен кішкентай Айарудың әкесіне хабарластық. Қайғыдан қан жұтқан әке Айарудың өліміне қа­тысты ашылған қылмыстық істің әлі күнге дейін сиыр­құйым­шақтанып жатқанына алаңдаулы. 

«Айаруымның өмірден өтке­ніне 100 күн болды. Шынымды айтсам, күні кеше ғана еркелеп, мойныма асылып, тәтті қылық­тарымен қуантып жүрген қызым­ның енді жоқ екеніне әлі көндіге алмай жүрмін. Айаруымның өлі­мі, сол қарғыс атқан күн туралы еске алып, ол тақырыпты қозғай беру өзім үшін де қиын. Біз сәл ес жиып, өз-өзімізге кел­геннен кейін, ескерткішті сапа­сыз салғандардың жазасын алуын талап етіп, полицияға арыз жаздық. Бірақ арада үш айдан астам уақыт өтті. Ал қылмыстық іс болса, әлі күнге дейін зерттелу үстінде. Үш айдан бері анық-қанығы нақтыланбайтын не қылған іс? Менің ойым да, от­басым­ның ойы да сол, біз тергеу амалдары әдейі кешіктіріліп жа­тыр деп қабылдап отырмыз. Бұ­лай болмайды», –  дейді Айару­дың әкесі Айдос Сабыров.

Біз Атырау облысы Полиция департаментіне осы іс бойынша түсінік беруін сұрап, хабарластық. Алайда Полиция департаментінің бізге берген жауабы қысқа болды. «Аталған факт бойынша Қыл­мыс­тық кодекстің 306-бап, 3-бөлігі және 371-бап, 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс жүр­гізілуде. Өзге ақпарат тергеу құ­пиялығына байланысты жария етілмейді» делінген Атырау облысы Полиция департа­ментінің берген жауабында. 

Қайғылы оқиға қалай болды? Арада 100 күн өтсе де, қылмыстық тергеу баяу жүріп жатқан қай­ғылы оқиғаның хронологиясын бірге еске түсіріп көрелік. 

2024 жылдың 26 маусымы болатын. Жұмыстан тыс уақытын балаларына, отбасына арнайтын Айдос әдеттегіше бүлдіршіндері­мен бірге сейіл құруға шықты. Жаз жылулыққа, қуанышқа толы мезгіл ғой. «Балаларыма тари­хымыз туралы әңгіме айтайын, жақсы бір рухани кеш болсын» деген ниетпен Айдос Атырау қа­ласының орталығында орналас­қан «Жеңіс» саябағына келеді. Ескерткіштердегі бейнелер, мәңгілік алау, оның  мәні, жалпы «Жеңіс» саябағы туралы әңгіме айтып, балалардың сұрағына жауап беріп, қаннен қаперсіз келе жатқан әке мен қос бала­пан­ның әңгімесін кенеттен соққан қатты жел бұзды. Желге араласып қатты жауын жауып, әп-сәтте аласапыран басталды да кетті. Жауынның астында қалған адам не істеуі керек? Ықтасын іздейді ғой. Айдос та жалма-жан бала­ларын бауырына қысып, ең жа­қын орналасқан ескерткіштің ығына тұра қойған еді. Сол ескерткіш көзінің ағы мен қарасы болып отырған Айаруын жалмап кететінін білгенде, әке байғұс оның маңына да жоламаушы еді ғой. 

Алайда қатты жауын да, зәрлі жел де тегіннен мінез көрсетпеген екен. Ескерткіш өзін ықтамақ болған әкені де, балаларды да басып қалды.

«Шыны керек, мен біткен же­рім осы екен деп ойладым. Талықсып кеткен едім, қызым­ның «әке» деп айқайлаған жан дауысы шықты. Есімді жиып қарасам, Айаруым соңғы демін алған екен. Өзі кетіп бара жатса да, мені оятып кеткендей болды. Қызымның жанұшыра шыр­қырай шыққан дауысы әлі күнге дейін құлағымнан кетер емес», – дейді кемсеңдеген әкесі. 

Өң мен түстің арасындай сүт пісірім уақытта болған оқиғаны балаларға ем көрсеткен дәрігер де күрсіне еске алды. «Қайғылы оқиға күні Атырау облыстық балалар ауруханасына 2015 және 2017 жылы туған екі бүлдіршін  түсті. 7 жасар қыз ауыр дене жарақатымен демде реанимация бөлімшесіне жатқызылды. Жағ­дайының ауырлығына, жарақат­тың күрделілігіне байланысты, өкінішке қарай бала қайтыс боп кетті. Баланың алған жарақаты оның өмір сүруіне мүмкіндік бермеді. Екінші бала травм­пунк­т­те қаралды. Қолдың жабық сынығы және ауыз қуыс тілдің жарақатына және бет жарақатына байланысты, науқасқа толыққан­ды ем көрсетілді», – дейді Атырау облыстық балалар ауруханасы басшысының орынбасары Ержан Есболаев.

Қала тұрғындарын дүр сіл­кіндірген қайғылы оқиғаға бай­ланысты, Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин де пікір білдірді. 

«Мен өзім тәжірибелі құры­лыс­шымын, сондықтан мұндай ауыр бюстің қалай құлағаны мен үшін де жұмбақ. Қайғылы оқиға болған жерге мен де бардым. Құ­лаған бюстты орнынан жылжы­туға тырыстым, ол қозғалмады. Сондықтан бюст желдің әсерінен құлап кетті деу қиын. Осы оқиға­дан кейін «Жеңіс» саябағында орнатылған барлық ескерткіш пен бюсттер тексерілуде», –  деді  Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкін.

Белгілі болғанындай, Жеңіс күні атыраулықтар тәу етіп келетін «Жеңіс» саябағындағы «Еске алу аллеясы» 2020 жылдың 9 мамырында ашылған. Онда Ұлы Отан соғысының батырлары, «Даңқ» орденінің толық кава­лерлеріне арналған 14 бюст орнатылды.

«Бюсттер ардагерлердің есім­дері жазылған гранит тұғырларға орнатылған. Барлық 14 бюст Орал қаласында кәсіпкерлер мен демеушілердің қаражатына дайындалды. Мемлекет бір тиын да қаражат жұмсамады», – деп нақтылады Атырау қаласы әкім­дігінің баспасөз қызметі.

Иә, бюст те, ескерткіш те тексеріліп, кем-кетігі түзелер. Тіпті, кінәлілер де жауапқа тартылар. Тек кішкентай жүрегі арманға толы, бір әулеттің көз қуанышына айналған Айарудың енді келмейтіні өкінішті. Жеті-ақ жыл өмір сүріп, ата-анасына бақыт сыйлаған кішкентай ғана құлыншақтың артында мәңгілік періште бейнесі сақталған сурет­тері мен видеолары ғана қалды. Тіпті, қуыршақтарының өзі Айа­ру­ды жоқтап, күңіреніп тұр­ғандай...

«Ескерткіш те, аллея да ор­нат­қан жақсы-ау. Тек тиын үнем­дейміз деп, желкілдеп өсіп келе жатқан жас құрақтардың өмірін қиюға себепкер болып қал­майық­шы...»

Бауыр еті баласынан айрыл­ған әке мен ананың зары да, үні де осы қазір... Кешір бізді, Айару!

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы