Болашақтың бағбаны

Елімізде әр сала майталмандарының кәсіби мерекесі атап өтіледі. Оның ішінде білімнің көзін ашып, еліміздің өркендеуіне үлес қосушы ұстаздардың да күнтізбеде атаулы күні белгіленген.

Бұл күн қазан айының алғашқы жексенбісінде дәстүрлі түрде атап өтіліп келген келген еді. Былтырдан бастап мұғалімдердің кәсіби мерекесі 5 қазанға ауысты. Мұндай нақты күннің белгіленуі қоғамда ұстаздардың беделі жоғары екенінің көрінісі болса керек.

М.Жұмабаевтың «Алты Ал­аш­тың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» дегені бар. Расында, сауат аштырып, пайым мен пара­сатты үйлестіріп бере білетін ұла­ғат­ты ұстаздарға төрден орын беру – құптарлық іс. Дамыған елдің қатарынан жай табу үшін бәсекеге қабілетті тұлға қалып­тас­тыруымыз керек. Бұл да мұ­ғал­імнің еншісіндегі іс екені анық. Осылайша, бір ұлт ұлан­дары­ның сауатты болып бой түзеуіне жауапты ұстаздардың қоғамдағы беделі жылдан жылға өсіп келеді. Парламент Мәжілі­сі­нің депутаты Жұлдыз Сүлей­мен­ова «Педагог мәртебесі ту­ралы» Заңға енген өзгерістен кей­ін бірқатар мәселе оң шеші­мін тапқанын айтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүйелі ре­фор­маларының негізінде қабыл­данған «Педагог мәртебесі ту­ра­лы» заң аясында педагог­тер­дің кәсіби қызметіндегі бірқатар маңызды мәселе шешілді. Бірін­­шіден, мұғалім­дердің құ­қық­тары мен міндеттері нақты реттелді, бұл оларды заңсыз артық жұмыс­қа тартудан қорға­ды. Бұрынғыдай міндетті түрде сенбіліктерге қатысу, қоғамдық жұмыстарды орындау сияқты міндеттер заңнамалық деңгейде шектелді. Мұғалімдердің тек оқу-тәрбие жұмысына шоғырлануы олардың кәсіби беделін көтеруге ықпал етеді деп санаймын. Қазір университеттерге педагогикалық мамандықтарға мектепте жақсы оқыған балалар келуде. Осы реформалар және жалақының біршама өсуі, бұл педагог маман­дығына деген еңбек нарығында сұраныстың көтерілуіне негіз болды, – деді депутат. 

Сонымен қатар Ж.Сүлеймен­ова әлемде мұғалімдер мәртебе­сін арттыру үшін бірнеше маңыз­ды қағидаттарды атап өтті. Олар: жоғары кәсіби біліктілік талап­тары, үздіксіз кәсіби даму мүм­кін­діктері, материалдық және әлеуметтік қолдау, сондай-ақ қоғамның мұғалімдерге құрметі.

– Мұғалімнің қазіргі қоғам­дағы беделі әртүрлі факторларға байланысты өзгеріп отырады. Педагогикалық мамандықтың беделі соңғы жылдары қабылдан­ған реформалардың арқасында біршама өсті. Өсе береді деп санаймын. Жоғарыда айтылған заңнамалық өзгерістер мұғалім­дердің әлеуметтік мәртебесін көтеріп, оларға деген қоғамның көзқарасын жақсартуға негіз болары айқын. Сонымен қатар ақ­параттық технологиялардың дамуы және қоғамдағы өзгерістер мұғалімдерге жаңа міндеттер жүктейді. Онлайн білім беру, цифр­лық дағдыларды игеру қажеттілігі мұғалімдердің кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіріп отыру­ын талап етеді, ал бұл өз кезегінде олардың кәсіби беделін нығайта түседі.

Мұғалімнің мәртебесі заң­дармен ғана емес, қоғамның мәдени құндылықтары мен көз­қарасына байланысты қалып­таса­тынын ескеру қажет, – дейді Ж.Сүлейменова.

Депутаттың айтуынша, пед­агог мәртебесі туралы халықара­лық тәжірибе әлемнің әртүрлі елдерінде мұғалімдердің құқық­тарын қорғау, әлеуметтік қолдау, кәсіби біліктілік қабілеттерін өсіру мен білім беру сапасын жақсарту мақсатында түрлі заң­на­малық және қоғамдық шара­лар­мен жүзеге асырылады. Мы­салы, Финляндияда мұғалім­дер қоғамдағы ең құрметті ма­ман­дықтардың бірі болып саналады. Мұғалімдерге сенім арту – Фин­ляндиядағы басты қағидалардың бірі. Бұл елде педагогтің беделі жоғары, себебі олар білім беру сая­сатының негізгі қозғаушы күші ретінде қарастырылады. Ал Жапонияда мұғалім мәртебесі дәстүрлі түрде жоғары бағала­нады. Мұғалім­дерді құрметтеу – елдің мәдени құндылықтарының бір бөлігі. Жапонияда мұғалім­дердің қыз­меті елдің әлеуметтік және эко­но­микалық дамуы үшін аса маңыз­ды деп танылған. Оң­түстік Кореяда мұғалімдерге жа­ла­қы төлеу, әлеу­меттік кепіл­діктер беру жақсы дамыған. Бұл елде мұғалім­дердің кәсіби білік­тілігін жетілдіру міндетті және мұғалім­дер үнемі оқыту бағдарла­ма­лары­на қаты­сады. Білім беру жүйесіне қоғам тарапынан үлкен қолдау көрсе­тіліп, ата-аналар мен оқу­шы­лар мұғалімдердің еңбегін жоғары бағалайды. Германияда мұғалім­дерге жоғары талаптар қойылып, оларды даярлау жүйесі өте қатаң түрде жүзеге асырыл­ады. Мұғалім­дер университет­терде бес жылдан астам білім алып, педагогикалық практика­дан өтеді. Олардың әлеу­меттік мәртебесі мен жалақы­сы, әсіресе жұмыс тәжірибесі көп мұғалімдер үшін өте жоғары. Сонымен қатар Гер­манияда мұғал­імдердің кәсіби дамуы мемлекет тарапынан қол­дау тауып, оларға арнайы трен­ингтер мен оқыту курстары ұсыны­­лады.

Бүгінде Қазақстанда мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 500 мыңнан астам педагог қызмет етеді. Олар – білім беруден бөлек, балаларды рухани байытып, адамгершілік тәрбие беретін тұл­ғаның бірі. Сондықтан ұстаз ең­бегі шәкірті жеткен барлық жет­іс­тіктердің негізі болмақ. Астана қаласы әкімдігінің Әдіс­те­мелік орталығы басшының орынбасары Дидар Байтасов мұғалімнің қазір­гі қоғамда беделі жоғары бағала­натын айтты. 

– 2019 жылы Президент қол қой­ған «Педагог мәртебесі тура­лы» заң күшіне енген соң пед­агог­тер үшін оң өзгерістер болды. Әуелі, мемлекеттік бағдарла­маның жүзеге асырылуы аясында жалақының көтерілуі әлі де жал­ғасын тауып келеді. Ұстаздар үшін қосымша ынталандыру жүйе­лері жаңартылып, ауылдық жерлерде сабақ беретін, дәптер тексеру, жаңартылған мазмұнды оқытатын мектеп мұғалімдеріне қосымша үстемеақылар қарас­тыр­ылды. Айта кететін тағы бір ерекшелігі – жүктеменің азайты­л­уы. Яғни, бұрынғы оқу жүкте­месі аптасына 18 сағат болса, қазір 16 сағатқа дейін төмен­детілді. Бұл не үшін жасалды? Бұл мұғалімдердің сабаққа дайын­далуына, кәсіби дамуына немесе жеке өмірі мен отбасына көбірек көңіл бөлу үшін мүмкіндік береді. 

Заң жүзінде педагогтерді заңсыз әрекеттерден қорғау шараларын күшейтті және мұғалімдердің құ­қықтарын бұзғаны үшін әкім­шілік жауап­кершілікті қарас­тырды. Білікті мұғалімдер жас мамандармен тәжірибесін бөлісу, оларға әдістемелік көмек көр­сетуге ынталандыру мақсатында қосым­ша төлемақы жүйесі енгіз­ілді. Сонымен қатар педагог­ке тән емес жұмыстарға тартуға, ша­ма­дан тыс есептер беруге, не­гіз­сіз тексерулер жүргізуге тый­ым салу сияқты өзгерістер біздің педагогтерге сапалы білім беру­мен айналысуға мүмкіндік бер­ді, – дейді ол.

Алаш қайраткерлерінің қо­ғам­дағы мұғалім орнын жоғары бағалауы бүгінгі күнде де өзектілі­гін жоймағанын негізге алған Дидар Байтасов осыған сәйкес, ұстаздарға талаптың күшей­тіл­генін де назардан тыс қалмағанын атап өтті. 

– Қазіргі қоғамда ұстаздарға әр­қашан ерекше құрмет көрсеті­ліп, олардың абыройын асырып жүр­еді. Бұл – біздің елде ғана емес, кез келген елде қалыптасқан үр­діс. Жылдан жылға педагогика­лық мамандықты таңдайтын жастар қатары көбейіп келеді. Десек те, мектептерде кейбір пән­­дер бойынша әлі жетіспеу­шілік бар. Әрине, олардың ішінде мұғалімдікке аяқасты келіп, нем­құрайлы көзқараспен қарай­тындары бар шығар. Бірақ мұға­л­ім болуды шешкен талап­­керлерге Ұлттық бірыңғай тестіл­еудің шекті балын 75 балға дейін көтерді. Мұны болашақ ұстаз­дарға деген талаптың күшеюі деуге болады. Бір жағынан мұғал­імдік қызметке білімді, саналы аза­маттарды тарту үшін жасалған қатаң талап десек те болады. Жалпы, Қазақстанда ұстаздардың беделі мемлекеттік шаралардың арқасында күшейіп, нығайып келеді. Оны толық қалпына кел­тіру үшін жалақы өсіріп, эконо­микалық қолдау көрсетіп қой­май, қоғамдық қолдауды да жақ­сар­­туымыз қажет, – деді Дидар Байтасов. 

Кәсіби мереке білім саласын­да жүрген мұғалімнің мерейін өсіріп, мәртебесін көтеруге оң ықпал етеді. «Мектептің жаны –  мұғалім. Ол қандай болса, мектеп те сондай болмақшы. Яғни, мұ­ғалім білімді болса, балалар мек­тептен терең білім алып шық­пақшы. Солай болған соң, ең әуе­лі мектепке керегі – білімді, педа­гогика, методикадан хабар­дар, жақсы оқыта білетін мұғал­ім». Ұлт ұстазы Ахмет Бай­тұрсын­ұлының осы сөзі қазіргі қо­ғам­дағы ұстаздардың орны мен оларға қойылатын талапты ай­қын көрсетіп тұр.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ