Астанада «AMANAT» партиясының бастамасымен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумы өтті. Форумға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.
Мәслихат – мемлекеттік биліктің маңызды тармағы
864
оқылды

Астанада «AMANAT» партиясының бастамасымен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумы өтті. Форумға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. 

Алқалы жиынды ашқан Мәжіліс Спикері, «АMАNАТ» партиясының Төраға­сы Ерлан Қошанов мәслихат депутаттарының форумында алғаш рет еліміздегі алты саяси партияның өкіл­дері, барлық деңгейдегі мәслихат депу­таттары мен бір мандатты округ­терден сайланған депутаттар бас қос­қанын атап өтті. Со­ны­мен қатар партия Төрағасы бұл фо­румның ең өзекті мәселелерді тал­қы­лайтын, пікір алма­сатын дәстүрлі алаңға айналып келе жатқанын және соңғы жылдары елімізде түбегейлі ре­фор­малар жүргізіліп, іске асқанына тоқталды. 

«Конституциялық өзгерістердің нә­тижесінде саяси институттардың үй­лесімді жұмысы жолға қойылды. Бұл ре­формалар түйткілді мәселелерді ше­шуге, байыпты шешімдерді қабылдауға жол ашты. Заң шығарушы органның қызметі мен мазмұны да толықтай өз­герді. Көппартиялы Парламент түрлі пікірді тоғыстырған қоғамның үніне ай­налды. Қазір күн тәртібіндегі кез келген мәселе Парламент қабырғасында ашық талқыланып жатыр. Азаматтарды алаң­датқан ең көкейкесті мәселелер заңна­малық деңгейде шешімін табуда», – деді Төраға. 

Спикердің айтуынша, Әділетті Қазақ­­­­станды құру – елдегі ауқымды ре­формалардың темірқазығы. Оң өзге­ріс­тер қоғамның ертеңгі күнге деген үмітін оятып, халықты Мемлекет бас­шысы ұстанған реформалар төңі­регінде топ­тас­тырды. Қазақ­стандықтар таң­далған жолдың дұрыстығына көз жет­кізіп, өткен конституциялық рефе­рен­дум­да, Прези­дент сайлауында толық сенім артты. Мәжіліс Төрағасы алдағы рефе­рендум қорытындысы қоғам сенімін одан әрі нығайта түсеріне сенім білдірді. Ол аза­маттардың үміті мен сенімі – Қазақ­станның жарқын болашағының негізі, ал Президент бас­та­малары мен рефор­маларын табысты іске асыру бар­лы­ғымыздың ортақ жауап­кершілігіміз деді.

Партия Төрағасы Ерлан Қошанов және форумда баяндама жасаған Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын, сала маман­дарын тыңдағаннан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз алды. Мемле­кет басшысы алдымен жиынға қаты­сушыларды форумының ашы­луымен құттықтап, мәс­лихаттың мем­лекеттік биліктің өте маңыз­ды тармағы екеніне тоқталып, 2022 жылы референдум ар­қылы Конституцияға маңызды өзгеріс­тер енгізілгені, соның нәтижесінде Парламенттің рөлі айтар­лықтай күшейгені, жалпы билік инсти­туттарының жұмысын жетілдіру үшін нақты шаралар қабыл­данғаны туралы атап айтты.

– Шын мәнінде, бұл жиынның мән-маңызы айрықша. Депутаттар өзекті мә­селелерді ашық айта білетін, азамат­тардың қоғамдағы ой-пікірін атқарушы билікке тікелей жеткізетін қауым. Бір сөзбен айт­сақ, депутат болу – халықтың үні болу де­ген сөз. Мәслихат – мемлекеттік билік­тің өте маңызды тармағы. Аймақ жұрт­шылығының тыныс-тіршілігі, мұң-мұқ­тажы қашанда мәслихат де­пу­таттарының жіті назарында болуға тиіс. Сайлау­шы­лардың мүддесін қорғап, ел үмітін ақтау – басты парыз. Мен мәслихаттардың қыз­метіне ерекше мән беремін. 

Атап айтсақ, облыстық мәслихат сай­лауы аралас жүйе арқылы өтеді. Ал ау­дандық депутаттар тек мажоритарлық тә­сілмен сайланады. Бұл қадам еліміздің демократиялық жолмен дамуына зор сер­пін берді деп сеніммен айта аламыз. Ау­қымды реформаның нәтижесінде саяси бәсеке жандана түсті. Жаңа ережеге сай өткен сайлаудан кейін мәслихаттарға жаңа адамдар келді. Бүгінде ортамызда көптеген жас депутат отыр. Олар түрлі мінберден жастарға қатысты өзекті мәселелерді батыл көтеріп жүр, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент мәслихат депутаттарының негізгі міндеттерін атап өтті. Мәслихат депутаттары саяси сауатты, жергілікті бюджеттің ісіне араласатын адам болу керек және мәслихат саясаткерлердің жаңа толқынын қалыптастыратын орынға айналуға тиіс.

«Бірінші. Мәслихат депутаттарының біліктілік деңгейін жоспарлы түрде арттыру қажет. Мәслихаттар – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі негізгі институт. Сондықтан оның тиімділігі де­путаттардың кәсібилігіне тікелей бай­ланысты. Біліміне білігі сай депутаттар корпусын жасақтауға, ең алдымен, оларды ұсынған партиялар мүдделі болуы керек. Бүгін мәслихат депу­таттарының білік­тілігін жетілдіру туралы ұсыныс айтылды. Мәслихат депутаттары қызметінің тиім­ділігін арттыру үшін бұл бағытқа ерекше назар аудару қажет. Бұған Мемлекеттік басқару академиясын тарту керек. Пар­тиялар өз депутаттарының бі­ліктілігін жетілдіру мақсатында Акаде­миямен ын­тымақтастық орнатқаны жөн деп са­най­мын. Әрине, бұл жұмысты аймақтың ерекшеліктерін, халық қалау­лыларының кәсіби және қоғамдық-саяси тәжірибесін ескере отырып ұйымдастыру қажет. Со­нымен бірге депу­таттар халық­пен тіке­лей байланыс жасай білуге және өз жұмысы туралы қоғамды жан-жақты ха­бард­ар етуге тиіс. Мойындауымыз ке­рек, бұл істе көзге көрініп тұрған кем­ші­ліктер бар. Атап айтқанда, мәслихат депу­тат­тарының сайлаушылар алдындағы есебі көбіне формалды түрде өтеді. Мұн­дай кез­десу­лерге тыңғылықты дайын­далып, сапалы өткізуге ерекше мән берген дұрыс. Саясат дағдыларын меңгеру, адамдармен сөйлесе алу және ашық диа­лог кезінде өз ұстаны­мын дәлелдей білу өте маңызды.

Екінші. Мәслихаттардың жергілікті экономикалық саясатқа ықпалын арттыра түсу мәселесіне айрықша назар аудару керек. Қазір жаңа Бюджет және Салық ко­декстері әзірленіп жатыр. Онда жер­гілікті өзін-өзі басқаруға қатысты рефор­маның ерекшеліктері ескерілуге тиіс. Үкі­­мет ауыл әкімдерінің бюджетін қалып­тастыру және оны жұмсау тәсілдерін қайта қарауы керек. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің қаржылық дербестігін арттыру үшін нақты ұсыныстар әзірлеуі қажет. Кодекс жобаларын талқылауға мәслихаттар белсене қатысқаны жөн. Жергілікті бюд­жет қаржысының дұрыс әрі тиімді бөлінуі өте маңызды. Қазір республикалық бюд­жеттің кіріс бөлігі толық орындалмай жа­тыр. Мен Жолдауда Үкімет пен Ұлттық банкке осыған қатысты нақты шаралар қа­­былдауды тапсырдым», – деді Президент.

Ал үшіншіден, мәслихаттар жалпы­ұлттық міндеттерді жүзеге асыруға үлес қосуы керек.

«Былтыр менің төрағалығыммен өткен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңейтілген кеңеске көптеген депутаттар қатысты. Мұндай жиын алдағы уақытта да өтіп тұрады. Себе­бі реформаларды өңірлерде іске асыруда мәслихаттардың орны айрықша. Мәсли­хаттардың мемлекеттік және қоғамдық міндеттерді жүзеге асыруға етене араласуы, өздері түрлі бастама көтеруі маңызды. 

Сондықтан жастарға, әйелдерге, кәсіп­керлерге, зейнеткерлерге, ерекше қажет­тіліктері бар адамдарға қолдау көрсету, халықтың қарыз жүктемесін азайту, ауыл тұрғындарының кірісін арттыру, пайда­ланылмай жатқан және заңсыз берілген жерлерді қайтару, экологиялық, қаржылық сауаттылықты жетілдіру, сондай-ақ қоғам­дағы оқу мәдениетін қалыптастыру сияқты жобалар – айрықша назар аударуды қажет ететін өзекті мәселелер», – деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы төртіншіден, мәслихаттар мен әкімдіктер өзара үйлесімді жұмыс істеуі керек екенін айтты. 

«Реформаның арқасында еліміздегі әкімдер институты айтарлықтай өзгерді. Ауыл әкімін тікелей сайлау тәсіліне бір­жола көштік. Аз уақыттың ішінде ауыл әкім­дерінің 90 пайызына жуығы жаңарды. Сондай-ақ аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау жүйесін пилот­тық жоба ретінде сынап көрдік. Биылғы Жол­дауда айттым, олардың бәрі жаңа жыл­дан бастап сайланатын болады. Осы­лайша, басты билік тармақтары түгел сайлау жүйе­сіне көшті. Қазақстан тари­хында ешқашан ондай тәжірибе болмаған. Тіпті, мұндай ауқымды реформа осы аймақта біздің елде ғана жасалып жатыр деуге толық негіз бар. Мұның бәрі – демок­ратиялық даму жо­лындағы айрықша маңызды қадамдар», – деді Президент.

Мемлекет басшысы Үкіметке «Қа­рызсыз қоғам» және «Ауыл аманаты» секілді партиялық жобалардың ауқымын кеңейтуге көмектесуді және « Таза Қазақ­стан», «Адал еңбек – Адал табыс» қағидасы сияқты басқа да негізгі факторлар арқылы Әділетті Қазақстан құрудың маңызды­лығына мән беру керектігін тапсырды. Тек Жар­лықпен жасалатын, Өкіммен орын­далатын әдеттен арылып, тазалық пен тәр­тіпті қанға сіңген қағидаға айналды­рудың маңыздылығына мән берді.

«Жалпы, біздің елімізде заң және тәр­тіп үстемдік құруға тиіс. Сонда ғана рефор­маларды табысты жүзеге асыруға және ел экономикасына инвестиция тар­туға бола­ды. Заң және тәртіп – Әділетті Қазақ­стан­ның мызғымас тұғыры. Кез келген қоғам әділдік болғанын қалайды. Қазақ­стан хал­қының да талабы – осы. Сондық­тан мен әділдік қағидатын орнықтыруға бар күш-жігерімді саламын», – деді Пре­зидент.

 

Нұртөре  ЖҮСІП, 

Сенат депутаты: 

Балалар тәрбиесіне бейқам қарамау керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумында ел өміріндегі өзекті мәселелерді атап өтті.

«Былтыр менің төрағалығыммен өткен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңейтілген кеңеске көптеген де­путат қатысты. Мұндай жиын алдағы уақытта да өтіп тұрады. Себебі ре­формаларды өңір­лерде іске асыруда мәс­лихаттардың орны айрықша. Мәсли­хаттардың мемлекеттік жә­не қоғамдық міндеттерді жүзеге асыруға ете­не араласуы, өздері түрлі бастама көтеруі маңызды», – деді Президент.

Мемлекет басшысы мәслихат депу­тат­тарының айрықша сенім мандаты иесі екенін қадап айтты.

«Тұрғындар сіздерді жақсы біледі. Ой-пі­кірін өздеріңізге тікелей жеткізеді. Мә­­се­лесін шешуге көмектеседі деп үміт ар­та­ды. Осы жауапкершілікті терең сезініп, халыққа адал қызмет ету керек. Әлем­дегі ахуалды кө­ріп отырсыздар. Ең бас­тысы, еліміз ты­­ныш, жұртымыз аман. Әрине, түрлі қиын­­дықтар кездесуі мүм­кін. Бірақ тату­лық пен келісім бол­са, біз оның бәрін мін­детті түрде еңсере­міз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ашық аспан астын­дағы бейбіт өмір ең басты байлық екенін еске салды. Шын мәнінде, әлемде соғыс өрті тұтанып, жан-жағымыз отқа оранып жат­қанда бейбіт Қазақстандағы өмірдің мәнін дұрыс сезінген абзал.

Президент бұл мәселеге көбірек тоқ­талды. Заманауи технологиялар дамуға даңғыл жол ашатынын, сондай-ақ өмірі­мізге айтарлықтай қауіп те төндіретінін жет­кізді. Танымал әлеуметтік желілер бала­ларды ғана емес, үлкендерді де зомбиге айналдыруы мүмкін.

«Ата-аналар балаларының тәрбиесін мемлекетке немесе мектепке ысыра сал­мауы керек. Гаджеттердің құрсауында қалдыруға тіпті болмайды. Балаларына цифрлық гигиенаның қарапайым ереже­лерін үйретуге ата-ана жауапты. Ұл-қыз­дарымызға көңіл бөлу, бірге уақыт өткізу, оларды алаңдатқан мәселелер жайында әңгімелесу маңызды. Баланың смартфон немесе компьютер пайдаланған кезінде не істеп жатқанын қатаң қадағалау қажет», – деді ол.

Балалар мен жасөспірімдер арасында ел ішіндегі шынайы қаһармандарды наси­хаттауды тапсырды. Бұл да өте керек нәрсе.

Талғат БАЛТАБАЕВ, 

Шымкент қаласы мәслихатының депутаты: 

Уәдесінде тұрмаса, мандатынан айырылады 

Бүгінгі жиында еліміздің түкпір-түкпі­рінен әріптестеріміз бас қосып, пікірлесіп, жұмыс барысын талқыладық. Мәслихат депутаттарының ІІ респуб­­­­лика­лық фору­мынан біздің аларымыз көп. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан­дай, депутаттар – өзекті мәселелерді ашық айта білетін, азаматтардың қоғамдағы ой-пікірін атқарушы билікке тікелей жет­кізетін қауым. Сондықтан аймақ-ай­мақтағы халықтың үнін жеткізушіміз. 

Оның үстіне «AмANAT» партиясынан сайланған депутаттарға талап кү­шей­тілген. Бес жылда елмен етене жақын жұ­мыс істеуі тиіс. Егер депутат бір жыл ішін­де өзінің сайлауалды бағдарламасы бойынша нақты нәтиже көрсетпесе, мандатынан айы­ры­лады. Сол себепті қол қусырып, қарап отыр­ған жоқ. Депутаттың қай-қайсысы да елі­міздің қарқынды дамуына бағыталған нақты іс-әрекетке үлес қосуға көшті. Мәсе­лен, Әділетті Қа­зақстан бағыты бойынша Шым­кент қа­ласы мәслихатының депу­­тат­тары ау­қым­ды жұмыс атқарып жатыр. Қазір біз Шым­кент қаласы әкімдігінің баста­ма­сымен бұрынғы әкімдердің кезінде жеке қолға негізсіз өтіп кеткен маңызы бар мем­­лекеттік нысандарды мемлекет мен­ші­гіне қайтару жұмысы белсенді жүр­гі­зіп жатырмыз. Сондай-ақ тексеріс бары­сын­да көптеген жерде бюджет­тің негізсіз жұм­сау фактілері анықталды.

Сырымбек СӘРСЕМБАЕВ,

Атырау облыстық мәслихатының депутаты: 

Моноқалаларды дамыту керек

Мұнай, газ, көмір, темір, басқа да қазба бай­лықтар – күндердің күнінде таусылатын шикізат қоры. Сондықтан да еліміздегі бар­лық моноқаланың экономикасын әрта­рап­­тандыру қажет. Арқалық, Құлсары, Кен­тау, Риддер, Саран сынды еліміздегі 27 моноқа­ла­­ны дамытуымыз керек. Ол үшін елімізде жұмыс істейтін шетелдік ірі компаниялар бірінші кезекте отандық шағын және орта биз­нестің, жергілікті кәсіпкерлердің тауар­лары мен өнімдерін сатып алуға басымдық беру керек. Бірақ ірі мұнай өндіруші мекеме­лер өздеріне қажетті өндірістік құрал-жаб­­дық­­­тарын, барлық керекті заттарын шет ел­дерден әкелуде. Бүгінде Теңізшевройл, Қа­ра­­­шығанақ Петролиум Оперейтинг, НСОС сия­қты ірі мұнай өндіруші үш мекеме­­нің сатып алып отырған тауарларындағы қа­­­зақ­стандық мазмұн, отандық өнімдермен (қамту) мөлшері шамамен 10%-дан аспайды. Сондықтан еліміздегі ірі компаниялардың сатып алатын тауарларының қазақстандық құра­­­мы, яғни отандық өнімдердің үлесін кемінде 50 пайызға жеткізуіміз керек деп есептеймін.

Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ,

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі: 

Халықты заңға бағынуға шақырды

Мәслихат депутаттарының ІІ респуб­ликалық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат депутат­тарының біліктілігін арттыру туралы айтты. 

Президент  мәслихат депуттаттарының бірінші кезекте прогрессивті, практик және оптимист болу қажет деді. Ал олардың жо­лы –  мемлекеттік саясатты қолдау, оны қор­ғау және мемлекеттік идеяның артында тұру. Яғни, оны халыққа жеткізе білу. Бізде кейде мемлекетшіл азаматтар пікірдің не болмаса резонансты ойдың құрбаны болып кететін жайттар бар. Міне, ондайдың жете­гінде кетпеуі керек. 

Екіншіден, форумда қоғамдағы ушығып тұрған, елді мазалап жүрген жағдайлар қозғалды. Атап айтсақ, суицид мәселесі. «Әр баланың өлімі – менің жүрегіме ауыр соққы» деп айтқан Президенттің сөзімен то­­лы­қ келісемін. Әрбір бала ертеңгі күні еліміздің діңгегін қалайтын азамат. Ең бі­рінші жауапкершілік ата-анада. Бәріміз бала өсіріп отырмыз, сондықтан бұл мә­селеге ата-ана белсенді атсалысуы қажет. 

Мемлекет басшысының көтерген үшін­ші мәселесі – халықты ұйысуға, ортақ тәр­тіпке, заңға бағынуға шақырды. Себебі кез келген мемлекеттің болашағы заң мен тәртіптен тұрады. Депутат Ринат Рифхатұлы айтқандай, қазір күш көрсетіп, әлімжеттік жасайтын заман емес. Тәрбие мен білімнің, мәдениеттің заманы. «Таспен ұрғанды аспен күткен» халықпыз. Сондықтан осы мәселе­лерге ден қою керек деп есептеймін. 

Ғабит ТӘЖІМҰРАТОВ,

Астана қаласы мәслихатының депутаты:

Форум – тәжірибе алмасу алаңы

Президент мәслихат депутаттарының біліктілігін арт­тыру­ды тапсырды. Сондай-ақ мәслихаттар мен әкімдік­терді үйле­сім­ді жұмыс істеуге шақырды. Саяси шараға елі­міздің түкпір-түк­пірінен үш мыңдай де­путат­тың қатысуы бекер емес. Форум – ор­талық пен аймақты біріктіріп, сол проб­лемаларды талқылайтын, пікір алмасатын алаң. Бұл жолғы форум, біріншіден ақыл­дасу және ой қозғау, тәжірибе алмасу алаңы болды. 

Қала тұрғындарымен үнемі етене жұмыс істейтіндіктен, бізді жақсы біледі. Ой-пікір­­лерін біз тікелей жеткізеді. Бізге сенім артып, мәселелерін үнемі айтып, шешуге кө­мектеседі деп үміт артады. Осы жауап­кершілікті терең сезі­ніп, халыққа адал қыз­мет ету керек.

Дулат ӘБІШ,

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты:

Депутаттар халыққа қызмет етуі тиіс 

Мәслихат депутаттарының форумына биыл екінші рет қатысып отырмын. Маған ұнағаны – сөз сөйлеген аза­маттардың бәрі нақты әрі ушығып тұрған, бүгінгі күннің мәселелерін көтерді. Форум сонысымен де қызықты болды. Мемлекет басшысы сөз сөйлеген әр депутаттың сөзін қолдап, қуаттады. Тіпті, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев депу­таттар, оның ішінде ауылдық депутаттардың бәрі бір мандаттан сай­ланатынын жеткізді. Сондай-ақ облыстық мәслихатта депутаттар бірмандатты және партиядан сайланғаны бар. Әлі де болса оларға толығымен көңілі тойлмайтынын білдірді. Оған да себеп бар. Мәселен, Парламент депутаттарының отырысы дебат ретінде өтеді. Олардың әрбір сөйлеген сөзі қызу талқыланып, соңы пікірсайысқа ұласады. Президент осыны үлгіге алу керегін атап өтті. Ол – рас. Бізде бірнеше партия бар. Әлде де болса олардың бәсекелес емесі өз басымыздан өтіп жатыр. Алдағы уақытта ондай депутаттар ұйқыдан оянып, шынымен халықпен жұмыс істейтін болар деп сенемін.

Оған қоса, атқарушы билік пен депутаттар қос билік тармағы бойынша сайлаушыға жұмыс істеуі керек. Қорыта айтсақ, Прези­денттің бүгінгі көтерген мәселесінің бәрі тікелей депутаттарға қатысты. Сон­дықтан бұл форум жалғасуы керек. Өйткені осы ар­қылы депутаттар өз кем-кетігін түзеп, білімін жетілдіре түседі.

Елдос ДАЛАБАЙ,

Тараз қалалық мәслихатының депутаты:

Халық аманатына адалмыз!

Форум кезінде Мемлекет басшысы депутаттарды жан-жақты болуға үндеді. Әрі олар қоғам тамырын дөп басып, аймақ жұртшылығының мұң-мұқтажын үнемі назарда ұстауы тиіс. Ол үшін қажет болса, жергілікті депутаттардың біліктілігін арттыру қажет деді. Бұдан бөлек, мәсли­хаттар мен әкімдіктерді алдағы уақытта үйлесімді жұмыс істеуге шақырды.

Бұрынғыдай өтірік әңгіме жоқ. Халық алдындағы аманатымызды адал атқарып жатырмыз деп ойлаймын. Себебі мені сайлаған тұрғындар қандай мәселе айтса да, мен олардың мәселесін әкімдікке айта­мын, олар бір айда менің сұрағыма жауап береді.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ