Базардағы етті менсінбей, оны тек дүкеннен алатын қалалықтар өзіне қауіп төнгенін біле бермейді. Базардан басқа барлық сауда орнында сатылатын еттің ветеринарлық бақылаудан өтпейтіні анықталды.
Қазанға түсетін ет қауіпсіз бе?
коллаж: Елдар ҚАБА
393
оқылды

Заңда ондай бақылау тек базарларға орнатылған. Мұны растаған салалық комитет ескі тәжірибені өзгертіп, бүкіл сауда нысанына ерекше мемлекеттік бақылау енгізу мәселесін пысықтап жатыр. Реформаның көздегені не?

Қағида бар, талап жоқ

Кейде заңдар өмірдегі өзгерістерден кешігіп жүреді. 90-шы жылдардан қалыптасқан бұрынғы тәжірибе бойынша дүкендер желісі, мейрамханалар етті не­гізі­нен базардан алғызатын. Сондықтан заң­нама аясында базарлардағы ет саудасына ветеринарлық бақылау орнатылды. Алайда содан бері гипермаркеттер, қоғамдық та­мақ­тандыру орындары «фермадан дастарқанға дейін» қағидатына көшіп алды. Ол бойынша аталған бизнес ныс­ан­дарының қожайындары шаруа қожа­лықтарымен, бордақылау алаңдарымен өзара келісімге келіп, олардан етті тікелей ала бастады. 

Бұл бізге Батыстан келген «ойын ере­жесі» болатын, оны Үкіметтің өзі елге таратты. Еуроодақ мұны «Фермадан шанышқыға дейін» (Farm to Fork Strategy) стратегиясы деп атайды. Ол осы арқылы басы артық делдалдарды жойып, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтты. «Ор­нықты өнім» қағидаты күшейтілді, ет пен ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің экологиялық қауіпсіз тәсілдері енгізілді. 

Қазақстан Батыстың осы үлгісін қа­был­дағанымен, сол сияқты заңнаманы өмір шындығына сай келтірмеді. Бұл Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің тұжырымдауынша, елдегі мал шаруашылығы өнімдерінің қадаға­лануын нашарлатты, жануарлардан алы­натын азық-түлік өнімдерінің қауіп­сіздігін төмендетті. 

– Ветеринарлық-санитарлық бақылау болмаса, агониялы жағдайда өлтірілген жануарлардың еті сатылуы мүмкін. Сондай-ақ бақылаудан тыс қалған еттерде гормондар мен антибиотиктердің мөлшері асып кетуі ықтимал. Бұл халықтың ден­сау­лығына жасырын түрде зиян келтіруге соқтырады. Бақылаусыздықтың залалы зор. Ауыл шаруашылығы министрлігі мал мен адамға ортақ ауру – бруцеллезді ерте анықтау үшін жыл сайын диагнос­ти­калық зерттеулер жүргізеді. Қорытынды­сында, орта есеппен 19 мыңнан астам ауру мал анықталып, олар санитарлық союға жіберілді, – деп түсіндірді комитет сарапшылары. 

Соған қарамастан, Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемио­логиялық бақылау комитетінің мәлімет­ін­ше, соңғы 3 жылда республикада бру­­­цел­лезді 1 459 адам жұқтырған. 2021 жылы – 448, 2022 жылы – 681, 2023 жылы – 330 адам. Олар ауру жануарлардан алынған өнімдер кесірінен осы қауіпті індетке шалдыққан. Кейінгі 3 жылда республика бойынша күйдіргі («Сібір жарасын») жұқтырған 52 адам анықталды. 2021 жылы – 27, 2022 жылы – 20, 2023 жылы – 5. Індет ошақтары ветеринария мамандарына еш ескертпестен мал сою, оның еті мен өзге өнімін сату, ветеринар­иялық құжаттарды, ветеринариялық-санитариялық сараптама нәтижелерін алмау салдарынан туындапты. 

Бір сөзді өзгертуге зар болды

АШМ комитеті мамандарының айтуынша, жағдайды түзету үшін заңна­мадағы бір сөзді түзетсе, жетеді. Қолданыстағы «Ветеринария туралы» заңының 14-1-бабының 5-бөліміне сәйкес: «мем­лекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау тірі жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты өткізетін сауда базарларында күн сайын жүзеге асырылады». 

Мұндағы «сауда базарларында» деп шектеген сөзді «сауда объектілерінде» деген кең ұғыммен ауыстыру ұсынылып отыр. Осы мақсатта АШМ «Кейбір заң­намалық актілерге ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы әзірленді. Бірақ осы бір сөзді алмастыру оңайға соқпайды. Себебі біріншіден, Кәсіпкерлік кодекске де өзгеріс енгізу талап етілетін­діктен, бұған «Атамекен» кәсіпкерлер паласының, салалық қауымдастықтардың келісімін алу қажет. Екіншіден, жаңа мемлекеттік бақылау бүкіл бөлшек сауда нысандарын қамтитындықтан, олардың лоббиін, қарсылығын еңсеру күрделі болмақ. 

Республикада ет сататын барлығы 304 сауда базары бар, олар мемлекеттік вете­ринариялық-санитариялық бақы­лаумен және қадағалаумен қамтылған. Жаңа заң жобасында енді оны тіркелген 9 402­ сауда объектісіне: сауда желілеріне, гипер­мар­кеттерге, қасапханаларға, дүкен­дерге, маман­дандырылған дүкендерге, дүңгір­шектерге дейін тарату ұсынылған. Соның ішінде 122-сі ірі кәсіпкерлік, 767-сы орта кәсіпкерлік, 8 513-і шағын кәсіпкерлік субъектілері саналады.

Сарапшылар мұны жасамай болмайды деп табандады. Мысалы, Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігінің ветеринариялық құжаттарды беруге мамандандырылған «Е-Аграрлық» бірыңғай автоматтан­дырылған басқару жүйесінің («БАБЖ» АЖ) дерегіне сәйкес, 2023 жылы Қазақ­станда 1,8 миллион тонна ет өндірілген. Осынша ет тексеріліп, сату үшін ветер­и­нарлық құжаттары берілді. Ал Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2023 жылы елімізде мал сою нәтижесінде шын­­ында жалпы көлемі 4,1 млн тонна ет өндірілді. Осыдан-ақ еттің басым бөлігі ве­те­ринарлық-санитарлық бақылаусыз қалғанын аңғаруға болады. 

Жасыратыны жоқ, ветеринарлар ара­сында да жемқорлық жайылған, олардың қорытындысы да кейде жалған болып шығады, әйткенмен, осы бақылау арқа­сында тұтынуға жарамсыз, тіпті қауіпті ет өнімдері табылып, тосқауыл қойылып келеді. Елдегі ет саудалайтын барлық 304 базарды күнделікті ветеринариялық-санитариялық бақылау нәтижесінде 2023 жылы эхинококкозы бар етті сатуға та­лап­танудың – 2 814 дерегі, трихиноздың – 2, цистицеркоздың – 6, фасциолеллездің – 393, дикроцеллиоздың – 280 дерегі және 392 басқа да қауіпсіздік шарасын бұзушылықтар тіркелді. Базардан өзге сау­да орындарында бақылау жоқтықтан, мұндай дертке толы өнімдер тұтынушысына өткізіліп, дастарқаннан бір-ақ шықпасына еш кепіл жоқ.

Полициямен бірге жүргізілген рейд барысында Шымкентте сауда желісіне 35 тонна үйрек етінің, Ақтөбе облысында 1,8 тонна сиыр етінің ветеринарлық тек­сер­іссіз сатылғаны әшкереленді. Оларды тексере келе, құзырлы органдар оның бәрін тәркілеп, жою туралы шешім қа­был­дады.

Кейбір жан: «Етті дүкеннен алған аза­­маттардың жаппай уланғаны туралы естімеппін» дер. Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің сарапшылары улану бірден байқала бермейтінін, сал­дарынан біраз уақыттан соң дертке шал­дық­қан азаматтар инфекцияны қайдан жұқтырғанын білемей қалатынын ескертті. 

Ақпарат құралдары жарияламағанымен, жаппай шағымдар да бар. Биылдың өзінде базарларға қатысы жоқ бөлшек сауда орындарында ветеринарлық талаптарға сай келмейтін өнімдерді өткізуге қатысты 35 шағым түскен. Бұқараның шағымы негізінде 2024 жылы ветеринарлық құжат­тары жоқ етті саудалаудың – 19, сәй­кес келмейтін өнімді өткізудің – 7, паразит­термен ластанған өнімді сатудың – 4, тұрғындардың жаппай улануының – 3 дерегі тіркелді. 

Қауіпсіздікке қарай үш қадам

Қолданыстағы «Ветеринария туралы» заңға сәйкес, әрі қарай сату үшін ауыл шаруашылығы жануарларын сою тек сою объектілерінде және міндетті түрде ве­тери­нарлық-санитарлық сараптамадан өткеннен соң жүзеге асырылуға тиіс. Бұл талаптар сақталмаса, саудаға шығаруға тыйым салынады. Алайда сойылған еттің көпшілігі бақылаусыз қалды. Біраз жыл ветеринариялық-санитариялық инспектор болып қызмет атқарған Қайрат Сағыновтың айтуынша, заңның жетілмеуі салдарынан саланы былық жайлады.

– Дүкенге барғанда, кәсіби әдетпен ет сөресіне назарым ауады. Алмайтын бол­сам да: «Ветеринариялық құжаттары бар ма?» деп сұраймын. Өздеріне қатысты ондай талаптың жоқтығын білетін сату­шылар еш жауап қатпай, бажырайып бір қар­айды да, теріс айналады. Мұндай масқараға тоспа қоймай болмайды. Тексерістер кезінде кейінгі жылдары сиыр, қой, жыл­­­­­қы еті деп киіктің, иттің, есектің етін сатқан деректер әшкереленді. Мен өзім етті ірі базарлардан алуға тыры­самын, сүйек-саяғын тықпаласа да, – дейді сарапшы. 

Мамандар халық арасында бруцеллез, күйдіргі, паразиттік аурулар бойынша эпидемиологиялық жағдайдың нашар­лауының бір себебін де осы бақылау­сыз­дық­тан көреді. 

Жаңа заң жобасының қашан өмірге жолдама алатыны Парламентке бай­ла­нысты. Оған дейін Ветеринариялық ба­қы­лау және қадағалау комитеті «фер­мадан дастарқанға дейін» тікелей жететін ауыл шаруашылығы өнімдерін қадағалап, бақылаудың ілкі жобасын қолға алды. Бүгінде республика бойынша мал сою объек­тілері мен ішкі сауда нысандарында «Ветеринариялық-санитариялық сарап­тама» (ВСС) модулінің пилоттық жобасы жүзеге асырыла бастады. 

Қостанай облысының Кәсіпкерлер палатасының директоры Данияр Күзен­баевтың түсіндіруінше, мысалы, осы облыста 41 мал сою объектісі бар. Соның ішінде әзірге 6 ет өңдеуші кәсіпорын ВСС модуліне қосылды. Бұл өнімдерді фермадан дастарқанға дейін қадағалауды қам­тамасыз етеді. Ветсансараптама актісіндегі арнайы QR код арқылы кез кел­ген тұтынушы еттің құжаттарын сұрап жатпай-ақ оның қандай малдан алынғаны туралы барлық ақпаратты біле алады. 

Комитет өнімді қадағалау жүйесі бар­лық сауда орнында қолданылатынын жеткізді. «ВСС» модулі бойынша сойылған мал еті ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өткеннен кейін оған төл QR коды беріледі. Осы арқылы ауыл шаруашылығы жануарларының етіне сараптама актісін (сынақ хаттамасын) беру бойынша бизнес-процестер автомат­тандырылады. Модульді енгізудің негізгі мақсаты – алдын ала ветеринариялық тексерусіз және союдан кейінгі ветеринар­ия­лық-санитариялық сараптаусыз малды союға, сондай-ақ олардың ұшасы мен етін сатуға жол бермеу. 

Парламент жаңа заң жобасын құптаса, онда барлық сауда объектісіндегі мемлекеттік ветеринариялық-санитар­иялық бақылау мен қадағалау келесі іс-шараларды қамтиды: біріншіден, тасымал­данатын өнімдердің ілеспе ветеринарлық құжаттарға сәйкестігін тексеру тәжірибесі енгізіледі. Екіншіден, жануарлардан алына­тын өнімдер мен шикізаттар тегіс дерлік ветеринарлық тексеруден өткізіледі. Үшіншіден, жеке және заңды тұлғалардың ветеринария саласындағы заңнама талап­тарын сақтауы тексеріледі. Төртін­шіден, заңнамаға сәйкес жануарлар мен адам денсаулығына ерекше қауіп төндіретін өнімдер мен шикізат, соның ішінде ет тәркіленіп, жойылады. 

Сауда объектілерін мемлекеттік бақы­лау және қадағалау шеңберінде аталған талаптар цифрлық форматқа көшірілетін болады. Оның алгоритмі келесідей: бірінші қадам: «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» ақпараттық жүйесіндегі «Етті ветеринариялық-санитариялық сарап­тау» («ВСС») модуліне мал шаруашы­лығы шикізатын, етті сатумен айналысатын сауда объектілері қосылады. 

Екінші қадам: егер ет өнімдері ет ком­­би­натынан немесе мал сою орнынан тікелей сауда орындарына жөнелтілсе, ВСС модулінде өнімнің қайда жеткізілгені туралы адресті жазба көрініс табады. Мысалы: «Ақмола облысының Бұланды ауданындағы мал сою алаңында сойылып, Астанадағы «ФерМаг» ЖШС азық-түлік дүкеніне жөнелтілді». 

Үшінші қадам: арнайы бұйрық бо­йынша елдегі әрбір сауда объектісі әр­бір мемлекеттік ветеринариялық-сани­тариялық инспектордың атына бекітіледі, ол соған басымен жауапты болады. Бірақ бұл оның сол сауда орнынан шықпайтынын білдірмейді. Инспектор қашықтан, ВСС модулі арқылы тұрақты мониторинг жүр­гізеді. Сауда объектісіне – ет дүкеніне мал өнімдері түскен кезде ғана оған барып, жеткізілген өнімнің ветеринарлық-сани­тар­лық талаптарға сәйкестігін сол жерде тез тексереді. Яғни, мемлекеттік инспектор ВСС модулі арқылы тұрақты камералды бақылауды жүзеге асырады.

«Сен «ет» демегін, мен «кет» демейін!» деп, бөлшек сауда алпауыттары ондаған жыл бойы өз сауда орындарының желілеріне бақылаушы инспекторларды жолатпай келді. Оның соңы жақсылыққа апармауы, ұлттың саулығына жойқын соққы беруі мүмкін. Сондықтан мам­ан­дардың пікірінше, базармен тұйықтамай, барлық сауда объектісінде мемлекеттік ветеринариялық-санитария­лық бақылау мен қадағалауды жүзеге асы­рудың ерекше тәртібін енгізу – ет сапа­сы мен қауіпсіздігін бақылау процесін күш­ейтуге, ВСС модулі ар­қылы барлық кезеңде өнімдерді қада­ғалауға жол ашады.

Айхан ШӘРІП