Форумда Мемлекет басшысы да сөйледі. Президент өз сөзінде бүгінгі құбылмалы заманның басты сын-қатерлерін атап өтті.
Сенат: Мәслихат депутаттары ауыл-аймақты дамытуға үлес қосады
gov.kz
1,083
оқылды

Осыдан бірнеше күн бұрын Астанада «АМАNАТ» партиясының ұйымдастыруымен Мәслихат депутаттарының  II республикалық форумы өтті. Осыған байланысты Сенат депутаттары ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық деңгейдегі мәслихат депутатының ІІ республикалық форумында сөйлеген сөзіне орай өз ойын ортаға салды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Әлішер Сатыбалдиев: Әлеуметтік желілер балаларды ғана емес, үлкендерді де зомбиге айналдыруы мүмкін

Астанада «АМАNАТ» партиясының ұйымдастыруымен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумы өтті.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен пленарлық отырыс барысында бүгінгі таңның ең негізгі мәселелері бойынша баяндамалар тыңдалды. Алдағы референдумның маңызы, су басу салдарын жою, өнеркәсіпті дамыта отырып, адам өмірінің қауіпсіздігін сақтау, жергілікті атқарушы және өкілді органдардың жұмысын жетілдіру және сол сияқты өзекті мәселелер.

Президент өз сөзінде бүгінгі құбылмалы заманның басты сын-қатерлерін атап өтті. Оларды шешу бойынша алдағы уақытта атқарылуға тиіс тапсырмаларды берді. Жаһанданудың кері әсерінен туындаған қатерлерді айта отырып, Қасым-Жомарт Кемелұлы:

«Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқығын қорғау, олардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың ең басты басымдығы. Салалық министрлік болсын, әкімдік немесе құқық қорғау құрылымы болсын, уәкілетті органдардың бәрі өз қызметін мүлтіксіз орындап, жұмысын үйлестіруі керек. Бақытты балалықтың негізі отбасы институты екенін және солай болып қала беретінін түсінген жөн.

Біздің қоғам қазір бетпе-бет келген көптеген мәселе мен кеселдің түп-тамыры ата-аналардың бала тәрбиесіне өз деңгейінде араласпауынан басталады. Ұрпақтың цифрлық дүниелерге тәуелді болуы мен виртуал әлемге шектен тыс құмартуы нағыз дертке айналды. Балаларға қатысты кез келген қайғылы жағдай менің жаныма батады. Мемлекеттік органдардың назарын дереу осындай жағдайларға аударып, тиісті тапсырмалар беріп, орындалуын тұрақты бақылауымда ұстаймын.

Сөз жоқ, заманауи технологиялар дамуға даңғыл жол ашады, сондай-ақ өмірімізге айтарлықтай қауіп те төндіреді. Танымал әлеуметтік желілер балаларды ғана емес, үлкендерді де зомбиге айналдыруы мүмкін. Ата-аналар балаларының тәрбиесін мемлекетке немесе мектепке ысыра салмауы керек. Гаджеттердің құрсауында қалдыруға тіпті болмайды. Балаларына цифрлық гигиенаның қарапайым ережелерін үйретуге ата-ана жауапты. Ұл-қыздарымызға көңіл бөлу, бірге уақыт өткізу, оларды алаңдатқан мәселелер жайында әңгімелесу маңызды. Баланың смартфон немесе компьютер пайдаланған кезінде не істеп жатқанын қатаң қадағалау қажет», – деді.

Айгүл Қапбарова: Жергілікті депутаттар өз өңірін, ауыл-аймақты өркендетуге үлес қосады 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Астанада өткен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумына қатысып, мәслихаттар қызметіне ерекше мән беретінін айтты.

Саяси реформалардың нәтижесінде мәслихаттардың бүгінде атқарушы билікке ықпал ететін құзыреттері кеңейе түсті. Әйтсе де әлі де болса назар аударатын мәселелер бар.

Президент мәслихат депутаттарының қызметінің тиімділігін арттыру үшін Мемлекеттік басқару академиясын тарту қажет екенін ұсынды. Енді Партиялар өз депутаттарының біліктілігін жетілдіру мақсатында Академиямен ынтымақтастық орнатпақ. Әрине, бұл жұмыс халық қалаулыларының кәсіби және қоғамдық-саяси тәжірибесін жетілдіре түсетіні анық.

Сонымен қатар мәслихаттардың жергілікті экономикалық саясатқа ықпалын арттыра түсу мәселесі бойынша Үкімет пен Ұлттық банкке тапсырмалар берді. Бұл өз кезегінде жергілікті депутаттардың өз өңірін, ауыл-аймақты өркендетуге үлесін арттырады.

Форумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев басқа да өзекті мәселелерге тоқталды. Мәслихаттар мен әкімдіктер өзара үйлесімді жұмыс істеу қажеттігі және мәслихаттардың жалпыұлттық міндеттерді жүзеге асыруға белсенді үлес қосуға шақырды. Мемлекет басшысы атап өткендей, мәслихат – мемлекеттік биліктің маңызды тармағы. Аймақ жұртшылығының тыныс-тіршілігі, мұң-мұқтажы қашанда мәслихат депутаттарының жіті назарында болуға тиіс.

Ғалиасқар Сарыбаев: Зерделейтін мәселелер көтерілді 

Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумына Қазақстан Республикасының Президенті Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлы қатысып, форум жұмысын қорытындылады.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, Мәжіліс депутаттары Юлия Кучинская, Ринат Зайытов, «Қазатомпром» ҰАК» АҚ ядролық отын циклі жөніндегі басқарушы директоры Әсет Махамбетов, Атырау облыстық мәслихатының депутаты, «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы бастығының орынбасары Сырымбек Сәрсембаев, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, кеншілердің «Қорғау» кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев сөз сөйледі.

Мәжіліс депутаты Бейсенбаев Елнұр Сабыржанұлы форумның модераторы болды.

Жергілікті мәслихат депутаттары тікелей ҚР Парламенті Сенат депутаттарымен байланыста қызмет атқарады. Ал Мәжіліс депутаттары қызметін тікелей сайлаушылармен, әртүрлі партия өкілдерімен жүзеге асырады. Биыл барлық деңгейдегі мәслихаттарға 30 жыл толды. Ойланатын, сараптама өткізетін, зерделейтін мәселелер көтерілді.

Бибігүл Жексенбай: Мәслихаттардың қоғам алдындағы жауапкершілігі зор

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумы өтті.

Тәуелсіздікпен бірге толысып, билік буынымен берік, ел-жұртпен етене қызмет атқарып келе жатқан мәслихаттар өңірлердің дамуында маңызы жоғары.

Жасыратыны жоқ, мәслихаттардың басқару органы ретіндегі рөлі айтарлықтай бағаланбайды, бірақ бұл мәслихаттың өкілеттігінің жоқтығынан емес, сайлаушылардың бастаманы сирек қабылдауынан және мәселені түсінуге күш салуға дайын емес екені байқалады. Кейде бұл формальдылыққа және мәслихаттар жұмысының төмен сапасына айналады. Дегенмен қоғам мұны өзгертуге әбден қабілетті.

Мемлекет басшысы өз сөзінде мәслихаттардың мемлекеттің мүддесі жолындағы маңызды рөлін ерекше атап өтіп, елдегі саяси реформаларға қатысты бірнеше мәселеге екпін түсіре тоқталды. Әсіресе ықпалды Парламенттің заң шығарудағы рөлінің күшейгенін баса айтты. Президент атап өткен 2022 жылғы референдум арқылы Конституцияға енгізілген өзгерістер Қазақстанның демократиялық дамуына жаңа серпін бергені анық. Бұл реформалар елдегі саяси жүйенің жаңаруы мен халықтың азаматтық белсенділігінің артуына негіз болды.

Мәслихаттардың рөлі мен біліктілік мәселесі

Форум барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы мәслихаттардың жергілікті экономикалық саясатқа ықпалын арттыру қажет екеніне тоқталып, депутаттардың біліктілік деңгейін жоспарлы түрде арттыру керегін айтты. Мәслихаттар мен әкімдіктердің үйлесімді жұмыс атқаруы, жалпыұлттық міндеттерді жүзеге асыруға қосқан үлесі – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының орындалуындағы басты факторлардың бірі.

Президент: «Отандастарымызға айтарым: демократия – үздіксіз жүретін үдеріс. Оған тұрақты түрде атсалысу қажет. Осыны қаперден шығармауымыз керек. Әлемдегі кез келген табысты демократиялық қоғам айналасына бей-жай қарамайтын азаматтардың арқасында ғана дамиды, өміршең болады. Әр азаматтың әл-ауқаты мен Отанымыздың тағдыры – тек өзіміздің қолымызда. Балаларымыз бен немерелеріміз біздің жетістіктерімізді еселеуі үшін келер ұрпаққа қажетті жағдай жасау – ортақ парызымыз», – деді.

Мемлекет басшысы, мәслихаттар мен әкімдіктер өзара үйлесімді жұмыс істеуі керек екенін шегелеп айтты.

Су тасқыны кезіндегі бірлескен жұмыстар

Президент су тасқыны кезінде партиялардың және мәслихаттардың белсенді жұмыс атқарғанын ерекше атап өтті. Жергілікті органдардың бірлесе жұмыс істеуі, қаржының мақсатты жұмсалуы – ортақ мақсат жолындағы нәтижелі еңбектің айқын көрінісі.

АЭС құрылысы

Тоқаев форум барысында алдағы АЭС құрылысына да тоқталды. Бұл мәселелердің ел болашағы үшін маңызды екені анық. Қоғамның саяси және экономикалық өмірге белсене араласуы осы процестердің сапалы әрі тиімді жүзеге асуына әсер ететіні сөзсіз.

Форум соңында Қасым-Жомарт Кемелұлы мәслихат депутаттарының айрықша сенім мандатына ие екенін атап өтіп, олардың алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі. Мәслихаттардың қоғам алдындағы жауапкершілігі зор, олар мемлекеттің саяси дамуына елеулі үлес қосатын негізгі құрылымдардың бірі болып қала бермек.

Сұлтанбек Мәкежанов: Ұлы мақсатта бәріміз біргеміз!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумына қатысып, маңызды қорытынды сөз сөйледі. Мемлекет басшысы, форумның ашылуына байланысты барлық депутатты құттықтап, мәслихаттың мемлекеттік биліктің ерекше және өте маңызды тармағы екенін атап өтті.

«Депутаттар – өзекті мәселелерді ашық айта білетін, азаматтардың қоғамдағы ой-пікірін атқарушы билікке тікелей жеткізетін қауым. Бір сөзбен айтсақ, депутат болу – халықтың үні болу деген сөз», – деді Президент.

Сондай-ақ Президент депутаттарға халықтың мүддесі үшін қызмет етіп, қоғамның сенімін ақтау мақсатында келесі маңызды бағыттарға ерекше назар аудару керектігін тапсырды:

1.   Мәслихат депутаттарының біліктілік деңгейін жоспарлы түрде арттыру. Бұл халықпен тиімді жұмыс жасау үшін, олардың кәсіби деңгейін үнемі көтеріп отырудың маңызды екенін көрсетеді.

2.   Мәслихаттардың жергілікті экономикалық саясатқа ықпалын күшейту. Осы мақсатта қазіргі дайындалып жатқан Бюджет және Салық кодекстеріне, сонымен қатар басқа да заңдарға нақты ұсыныстар енгізу қажеттігі.

3.   Мәслихаттардың жалпыұлттық міндеттерді жүзеге асырудағы үлесі.

4.   Мәслихаттар мен әкімдіктер өзара үйлесімді жұмыс жасау қажеттігі.

Президент елімізде Заң мен Тәртіп үстемдігін орнатуда мәслихат депутаттарының орны ерекше екенін атап өтті. Себебі халық депутаттарды жақсы біледі және оларға сенім артады, ал депутаттар тұрғындардың мәселелерін жақсы түсініп, оларды шешуге көмек береді. Осылай халықтың үмітін ақтап, халыққа адал қызмет ету керек екені атап өтілді.

Еліміздің барлық деңгейдегі депутаты, барлық әкімдік пен мемлекеттік құрылымының мақсаты мен мүддесі бір – Әділетті Қазақстанды құрып, халықтың әл-ауқатын арттыру. Осы ұлы мақсатта бәріміз біргеміз!

Әсем Рахметова: Реформалардың жүзеге асуына үлес қосатын депутаттар көп болуы керек

Мәслихат депутаттарының II республикалық форумында сөз алған ҚР Президенті Қ.Тоқаев жергілікті-өзін-өзі басқару жүйесіндегі негізгі институт ретінде мәслихаттарға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Еліміздегі көп шаруа мәслихат депутаттары қызметінің тиімділігіне тікелей байланысты. «Халық қалаулысы» деген атқа ие болған адам – мемлекеттік биліктің тізгінін ұстамаса да тұрғындармен тікелей байланыс орнататын тұлға. Халықтың мұң-мұқтажын жоқтайтын, билікке жеткізетін, бюджет саясатына араласын, саяси реформалардың жүзеге асуына үлес қосатын депутаттар мол болуы керек.

«Салық кодексінің жобасын талқылауға мәслихаттар белсене қатысқаны жөн. Жергілікті бюджет қаржысының дұрыс әрі тиімді бөлінуі өте маңызды. Депутаттар бұл мәселеге зор жауапкершілікпен қарауға тиіс. Мәслихаттар бюджет саясатын, түрлі төлемдердің шекті мөлшерін, елді мекендерді абаттандыру жайын, басқа да мәселелерді ұдайы бақылауда ұстауы қажет”, – деді Президент.

Өтіп жатқан сайлаулар депутат таңдауда үлкен тиянақтылық керек екенін көрсетті. Сайланып алып, тек сессияларда ғана төбе көрсететін депуттаттар болмауы керек. Депутаттықты қиынсынып, халықпен кездеспейтін, олардың алдында есеп бермейтін, мәселелерін көтермейтін азаматтар мәслихаттарда болмауы керек.

Руслан Рүстемов: Әлеуметтік әділеттілік орнатуға серпіліс әкелді

Қазіргі кезеңде елімізде Президенттің бастамасымен мемлекет пен қоғамды түбегейлі жаңарту үдерісі қарқынды жүріп жатыр. Сондай-ақ ел экономикасын дамытуды күшейтудің алғышарты ретінде саяси модернизация да қарқынды. Яғни, мемлекеттік қызмет пен сервистік жұмыстың сапасын арттыруда қоғамдық ұйымдарды және азаматтық секторды белсенді қатыстыру жұмысы жетіліп келеді.

Шындығында Президент ұсынған конституциялық реформалар мемлекетті саяси тұрғыдан жаңғыртумен бірге халқымыздың қоғамда әлеуметтік әділеттілік орнатуға деген сеніміне серпіліс әкелгенін айту қажет.

Форум барысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы ауқымды тақырыптарды қамтып, елдігіміздің бағыт-бағдарын айқындайтын бірқатар мәселелерге тоқталды.

«Мәслихат – мемлекеттік биліктің өте маңызды тармағы. Аймақ жұртшылығының тыныс-тіршілігі, мұң-мұқтажы қашанда мәслихат депутаттарының жіті назарында болуға тиіс. Сайлаушылардың мүддесін қорғап, ел үмітін ақтау – басты парыз. Мен мәслихаттардың қызметіне ерекше мән беремін» деген Президент елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды іске асырудағы мәслихат депуттаттарының ерен еңбегі мен қоғамдағы қызметі айрықша маңызға ие екенін атап өтті.

Сондай-ақ ел Президентінің сөзінде Әділетті Қазақстанды орнатудың маңызы жан-жақты айтылып, іске асырылып жатқан саяси-экономикалық реформалар, ұлттың рухани-мәдени дамуы, өскелең ұрпақ тәрбиесі, сондай-ақ, заң мен тәртіп үстемдігін орнату, «Таза Қазақстан» жобасы арқылы қоғамда тазалық мәдениетін орнықтыру және тағы басқа құнды мәліметтерге қанықтық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өтпелі кезеңде елде орын алған саяси-экономикалық дағдарыстардың себебін талдаумен қатар, ауқымды бастамалар аясында қоғамда орнаған әділеттілік принциптерін арнайы атап өтті. Әділеттілік үшін айтуға тиіспіз, елімізде конституциялық реформаларға сай саяси реформалар кезең-кезеңімен іске аса бастады. Мұның көрінісін бүгін Мемлекет басшысы айтқандай көп партиялы Парламент жасақталғанынан көруге болады. Сондай-ақ Үкіметтің өкілеттігі кеңейе түсті. Енді Президент Әкімшілігі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты стратегиялық бағыттарға жауап бермейді, саяси штаб ретінде жұмыс істейді. Яғни түрлі салаға қатысты шешімдерді қабылдау құқығы Үкіметке өтті. Аймақтардың бюджетке қатысты дербестігі арта түсті. Реформаның аясында ауыл әкімі тікелей сайланатын болды. Мұның бәрі атқарушы биліктің жауапкершілігін арттырып, сайлаушылар сенім білдірген өкілді орган «бақылаушы қызметін» іске асыратын саяси құрылым ретінде ілгерілеп, қоғамды демократияландыруда шешуші рөл атқара бермек.

Бұл ретте азаматтардың қоғамдық белсенділігі заң нормаларымен бекітіліп, конституциялық басқару жүйесіне ұласқан, халықтың қоғамдық бақылауға кеңінен араласуына өкілетті тетіктер заң нормаларымен жүйеленіп, айқындалған мемлекетті ғана заңды және өркениетті деп санауға болатыны белгілі.

Осы орайда, Мемлекет басшысының: «Жергілікті бюджет қаржысының дұрыс әрі тиімді бөлінуі өте маңызды. Депутаттар бұл мәселеге зор жауапкершілікпен қарауға тиіс. Мәслихаттар бюджет саясатын, түрлі төлемдердің шекті мөлшерін, елді мекендерді абаттандыру жайын, басқа да мәселелерді ұдайы бақылауда ұстауы қажет.

Қазір республикалық бюджеттің кіріс бөлігі толық орындалмай жатыр. Мен Жолдауда Үкімет пен Ұлттық банкке осыған қатысты нақты шаралар қабылдауды тапсырдым. Себебі, бұл – жалпыұлттық міндет. Оған барлық деңгейдегі билік тармақтары күш жұмылдыруға тиіс» деген сөзін қаперде ұстауымыз қажет.

Себебі ел азаматтарының тұрмыс сапасын іс жүзінде жақсартамыз десек бюджет қаражатына деген көзқарасымызды өзгертіп, оны тиімді, жөнімен әрі үнемдеп жұмсауға тиіспіз.

Сондай-ақ Президент мәслихаттар мен әкімдіктер өзара үйлесімді жұмыс істеуі қажеттігін атап өтіп, мәслихаттардың жергілікті экономикалық саясатқа ықпалын арттыра түсу мәселесіне айрықша назар аударуды, мәслихаттар жалпыұлттық міндеттерді жүзеге асыруға үлес қосуы тиістігіне, мәслихаттар мен әкімдіктер биліктің қос тармағы ретінде өзара үйлесімді жұмыс істеуі керектігіне тоқталды.

Мемлекет басшысы еліміздің жарқын келешегі үшін жас ұрпақтың тағдырына ақыл-парасатпен, зиялы зейінмен қарай білуге шақырды.

Президент бүгінгі сөз орайында: «Ұрпақтың цифрлық дүниелерге тәуелді болуы мен виртуалды әлемге шектен тыс құмартуы нағыз дертке айналды. Балаларға қатысты кез келген қайғылы жағдай менің жаныма батады. Мемлекеттік органдардың назарын дереу осындай жағдайларға аударып, тиісті тапсырмалар беріп, орындалуын тұрақты бақылауымда ұстаймын.

Сөз жоқ, заманауи технологиялар дамуға даңғыл жол ашады, сондай-ақ өмірімізге айтарлықтай қауіп те төндіреді. Танымал әлеуметтік желілер балаларды ғана емес, үлкендерді де зомбиге айналдыруы мүмкін. Ата-аналар балаларының тәрбиесін мемлекетке немесе мектепке ысыра салмауы керек. Гаджеттердің құрсауында қалдыруға тіпті болмайды. Балаларына цифрлық гигиенаның қарапайым ережелерін үйретуге ата-ана жауапты»,- деп арнайы атап өтуі барша қоғам болып осы бағытта нақты шаралар қабылдауымыз қажет екенін айқындайды.

Қорыта айтқанда, Ел Президентінің бүгінгі форумдағы сөзінен халықтың, барлық деңгейдегі мәслихаттардың, Парламент пен атқарушы биліктің ортақ мүддеге жұмылып, қоғамдағы белсенді, сөзі өтімді адамдардың заң шеңберінде бірлесе қимылдауының маңыздылығын ұғамыз. Себебі азаматтық қоғамның белсенді болуы – адам капиталын, әлеуметтік-экономикалық жетістіктерді, демократиялық құндылықтарды ел игілігіне айналдырудың алғышарты. Мұндағы басты ұстаным – азаматтардың ел дамуының үдерісіне еркін араласуына тең мүмкіндік беру.

Себебі азаматтық қоғам – ел тыныштығы мен тұрақтылығының негізі. Өйткені ел азаматтарының қоғамдық-әлеуметтік, мәдени-рухани және саяси мәдениетінің деңгейі қоғамдық-саяси белсенділігімен сараланады. Жалпы қауымның «мемлекет бізге не береді?» деген пікірден аулақ болып, қайта керісінше «біз еліміздің дамуы үшін не істей аламыз?» деп қоғам тіршілігіне араласуы азаматтық қоғамның негізгі сипаты болмақ. Яғни мұндай идея біріктірген, осы идеяға сүйеніп қалыптасқан адамдар – азаматтық қоғамның нағыз бағдаршысы.

Закиржан Кузиев: Мәслихат – мемлекеттік биліктің өте маңызды тармағы

Мәслихат – мемлекеттік биліктің өте маңызды тармағы. Аймақ жұртшылығының тыныс-тіршілігі, мұң-мұқтажы қашанда мәслихат депутаттарының жіті назарында болуға тиіс. Сайлаушылардың мүддесін қорғап, ел үмітін ақтау – басты парыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихаттардың қызметіне ерекше мән беретінін айтты. Жалпы елімізде 3300-ден астам мәслихат депутаты бар. Соның 70 пайызына жуығы бүгін Астанаға келді.

- Соңғы сайлауда алты саяси партияның өкілдері депутат мандатына ие болды. Қазір мәслихат мүшелерінің оннан бірі ғана – партиялық тізіммен келген депутаттар. Қалғаны – түгел бір мандатты округтен сайланған азаматтар. Өзін-өзі ұсынған 434 адам депутат атанды. Ашығын айтсақ, бұрын саяси партиялар түрлі санаттағы азаматтармен жұмысқа көп көңіл бөлмейтін. Заңмен талап еткеннен кейін ғана мән бере бастады. Мысалы, партиялық тізімде жастарға арнайы квота бөлінді. Бұл шешім олардың қоғамдық-саяси үдеріске араласуына жол ашып берді. Бұрын мәслихаттағы жас азаматтардың үлесі 2 пайызға да жетпейтін. Қазір заңнамаға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде бұл көрсеткіш еселеп артты деуге болады. Бүгін де ортамызда көптеген жас депутаттар отыр. Олар түрлі мінберден жастарға қатысты өзекті мәселелерді батыл көтеріп жүр, – деді Тоқаев.

Нұртөре Жүсіп: Ата-аналар балаларының тәрбиесін мемлекетке немесе мектепке ысыра салмауы керек

Республика мәслихатының форумында Мемлекет басшысы балаларды қорғау мәселесіне ерекше тоқталды.

“Бақытты балалықтың негізі отбасы институты екенін түсінген жөн”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

- Біздің қоғам қазір бетпе-бет келген көптеген мәселе мен кеселдің түп-тамыры ата-аналардың бала тәрбиесіне өз деңгейінде араласпаудан басталады. Ұрпақтың цифрлық дүниелерге тәуелді болуы мен виртуалды әлемге шектен тыс құмартуы нағыз дертке айналды. Балаларға қатысты кез келген қайғылы жағдай менің жаныма батады… Ата-аналар балаларының тәрбиесін мемлекетке немесе мектепке ысыра салмауы керек. Гаджеттердің құрсауында қалдыруға болмайды. Балаларына цифрлық гигиенаның қарапайым ережелерін үйретуге ата-ана жауапты, – деді Президент.

“Ашық Алаңда” осы мәселені біз де қаузаған едік.

Геннадий Шиповских: Мемлекет басшысы көптеген маңызды аспектілерге тоқталды

Форум барысында Мемлекет басшысы көптеген маңызды аспектілерге тоқталды. Айтылған маңызды тақырыптардың бірі бұл – дамып жатқан цифрлы замандағы біздің балаларымыздың жағдайы туралы.

Ол бойынша Президентіміз былай деді:

«Біздің қоғам қазір бетпе-бет келген көптеген мәселе мен кеселдің түп-тамыры ата-аналардың бала тәрбиесіне салғырт қарауынан басталады. Ұрпақтың цифрлық дүниелерге тәуелді болуы мен виртуалды әлемге шектен тыс құмартуы нағыз дертке айналды. Балаларға қатысты кез келген қайғылы жағдай менің жаныма батады. Мемлекеттік органдардың назарын дереу осындай жағдайларға аударып, тиісті тапсырмалар беріп, орындалуын тұрақты бақылауымда ұстаймын. Бұл әскердегі оқыс оқиғаларға да қатысты.

Сөз жоқ, заманауи технологиялар дамуға даңғыл жол ашады, сондай-ақ өмірімізге айтарлықтай қауіп те төндіреді. Танымал әлеуметтік желілер балаларды ғана емес, үлкендерді де зомбиге айналдыруы мүмкін. Ата-аналар балаларының тәрбиесін мемлекетке немесе мектепке ысыра салмауы керек. Гаджеттердің құрсауында қалдыруға тіпті болмайды. Балаларына цифрлық гигиенаның қарапайым ережелерін үйретуге ата-ана жауапты. Ұл-қыздарымызға көңіл бөлу, бірге уақыт өткізу, оларды алаңдатқан мәселелер жайында әңгімелесу маңызды. Баланың смартфон немесе компьютер пайдаланған кезінде не істеп жатқанын қатаң қадағалау қажет. Жеткіншектер онымен неғұрлым аз әуестенсе, соғұрлым жақсы. Одан гөрі далаға шығып, таза ауада серуендесін, өзі құралпы балалармен ойнасын».

Бұл тақырып бойынша, яғни TikTok әлеуметтік желіні реттеу бойынша, осы дүниені дұрыс жолға түсіруге қатысты әріптесіміз Сатвалдиев Алишер көтерген болатын. Ал бүгін “Бір ел-бір мүдде” Сенат депутаттарының тобы болып, осы мәселені қайтадан көтердік. Бір сөзбен осы TikTok желісін реттемей, біздің балаларымыздың мәселесі түзелмейді!

Амангелді Толамисов: Мәслихат депутаттары өз өңірлері мен ауылдарының мәселесін көтерді

Форумға Мемлекет басшысы, Парламент депутаттары, үкімет мүшелері және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары қатысты. Сөз алған Парламент және мәслихат депутаттары Президент пен үкімет алдында қоғамдағы және өңірлердегі түйіткілді мәселелер мен атқарылып жатқан жұмыстарға елдің алғысын жеткізді.

Ал Мемлекет басшысы өз сөзінде көтерілген мәселелердің маңыздылығын, пікірлердің өзектілігін және ұсыныстардың орынды айтылғанына тоқталды. «Депутат болу – халық үні болу деген сөз»,– деп атап өтті. Елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың нәтижесінде билік пен халық арасы жақындай түсті деп айтуға толық негіз бар. Қоғамдық кеңестер, Ұлттық құрылтай, республикалық референдум, мәслихат депутаттары форумы осының дәлелі. Пленарлық отырыстан кейін өткізілген секциялық отырыстарда мәслихат депутаттары өз өңірлері мен ауылдарының мәселесін көтеріп, шешімдерін табылуына үлкен мүмкіндік алды.