Дүниежүзілік спорт рейтингінде 2014 жылы 25-орында болсақ,  2023 жылы  42-сатыға сырғыдық. 
Елдегі спорт саласын дамытуға бөлінген қыруар қаржы тиімсіз жұмсалған
650
оқылды

Бұл жөнінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет спортқа жауапты министрлікпен бірлесе жүргізген талдаудан кейін белгілі болды. Арнайы ақпарат жарияланып, нақты цифрлар айтылды, нақты мәселелер көтерілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz 24kz-ке сілтеме жасап. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет талдауы

Соңғы 6 жылдың өзінде спорт саласына 1 трлн 400 млрд теңге бөлінген. Біз жоғары жетістіктер спортына қарастырылған қаржы көлемі жағынан Орталық Азия елдерінен бірнеше есе асып түстік. Тіпті,  Канада, Норвегия не Нидерланд сияқты мемлекеттерден де көп.  Бұл жөнінде  арнайы талдау нәтижесінде білгілі болды. Яғни, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Туризм және спорт министрлігімен бірлесе осындай сараптама жүргізген.

Мәселен, 2018 жылы салаға қарастырылған қаржы 162 млрд теңге. Ол жыл сайын ондаған млрд теңгеге артып, 2023 жылы, тіпті 340 млрд теңгеге жетті. Бірақ өкінішке қарай, спортшылармыздың әлемдік аламандардағы көрсеткіштері көңіл көншітпейді.

Дүниежүзілік спорт рейтингінде 2014 жылы 25-орында болсақ,  2023 жылы  42-сатыға сырғыдық. Негізгі себептердің бірі ретінде мемлекеттік қаражатты тиімсіз жұмсау жағы айтылды. Бұған қоса, ақшаны жымқыруға ықпал ететін жүйелі жемқорлық тәуекелдері бар делінген арнайы хабарламада.

126 шетелдік спортшы әкелінді

Қазақстанда тәуелсіздік алған жылдардан бері шетелдік ойыншыларды натурализациялау арқылы қысқамерзімді жетістіктерге назар аударылып келді. Бұл жөнінде де Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Туризм және спорт министрлігімен бірлескен арнайы талдауы нәтижесінде белгілі болды.

Жоғарыда айтқан 126 спортшы тек олимпиадалық бағыттарға келген шетелдіктер. Оның сыртында футбол, хоккей, баскетбол және велоспорт сияқты командалық спорттарда жүргені қаншама. Өкінішке қарай, шетелден келген спортшылардың басым бөлігі кейін өз елдеріне оралады.

«Көбінесе өз таланттарын тәрбиелеудің орнына ақша басқа елдердің ойыншыларына жұмсалады. Бұл спортты қаржыландырудағы айқын теңгерімсіздікпен расталады», – делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет таратқан хабарламада.

Спорттық нысандар тапшылығы байқалады

Спорт кешендері мен футбол академияларын салудың орнына легионерлерді ұстауға ақша жұмсап келген. Бұндай мәлімдеме Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Туризм және спорт министрлігімен бірлескен арнайы талдауы нәтижесінде жасалды.

Еліміздің кей аймақтарында спорттық инфрақұрылымның жетіспеушілігі кәдімгідей байқалады. Бұған қоса, қолданыстағы спорт нысандарының қолжетімсіз немесе қанағаттанарлықсыз жағдайы да өте өзекті мәселе. Осыны негізге алған мамандар  Қазақстан Республикасы дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын жасады. Құжат  қарапайым жаяу жүргіншілер жолдары мен велосипед жолдарының тапшылығынан бастап, үлкен спорттық нысандардың жетіспеушілігін жоюға бағытталған.

Нақты айтқанда, еліміз бойынша 374 мың шаршы метр жабық спорт ғимараттарының, 37  мың шаршы метр бассейндердің тапшылығы анықталды. Әсіресе бұл жағдай Алматы, Астана, Түркістан және Алматы облыстарында өзекті.

Спорт саласына цифрландыру қажет

Бұған қоса, жоғары жетістіктер спортында цифрландыру мүлдем жоқ. 2020 жылы Е-sport цифрлық платформасын жасау қолға алынған. Бірақ  өкінішке қарай, бастама аяқсыз қалды. Нәтижесінде, министрлік Қазақстандағы спорттың жай-күйі туралы толық деректерді білмейді. Жарыс жүлдегерлерінің, спорт ғимараттарының, секциялар мен жаттықтырушылардың бірыңғай есебін жүргізбейді.

Цифрландырудың болмауы жалған спорттық атақтар беруге де ықпал етеді. Бұған қоса, ішкі іріктеудің ашықтығына қатысты сұрақты көбейтеді. Аталған факторлардың салдары оқу-жаттығу жиындары шығындары  мен спорт объектілерін жалға алудың жалғандығымен, легионерлерге еңбекақыны асыра бағалаумен және қосарланған қаржыландырумен ұштасқан бюджет қаражатының бақылаусыз игерілуіне алып келді.

Талдау қорытындысы бойынша, спортты дамыту басымдықтарын қайта қарау, бұқаралық және балалар спортына бюджетін ұлғайту, қаржыландыруды орталықтандыру, өз инфрақұрылымын және балалар академияларын дамыту, сондай-ақ цифрландыруды енгізу бойынша ұсынымдар енгізілді.