Сыр диқандары рекордты көрсеткішке жетті

Бүгінде егілген 85,6 мың гектар күріштің 80,8 мың гектары орылып, 74,3 мың гектары бастырылды. Тиісінше, егілген әр гектардан орташа есеппен 56,4 центнерден өнім алынуда.

Сыр диқандары үшін биылғы жыл берекелі болып тұр. Ала жаздай атыз жағалаған ағайынның еңбегінің өтеуі қайтып, қамба алтын дәнге толатын түрі бар.

Жалпы, биыл Қызылорда облысы бойынша 189 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде негізгі күріш дақылы 85,6 мың гектарды құрайды.

Диқаншы қауымның уәжіне сүйенсек, биылғы науқанда егістік алқапқа су қажетті деңгейде жеткізілген. Шаруалар мұны мемлекет тарапынан жүргізілген толассыз қолдаудың арқасында деп отыр. Осының негізінде шаруашылық құрылымдары тарапынан егілген ауыл шаруашылығы дақылдарын күтіп-баптау жұмыстары агротехникалық талаптарға сай жүргізілген. Сонымен қатар өңірде егін жинау жұмыстарына қажетті ауыл шаруашылығы техникалармен, жанар-жағармаймен, минералды тыңайтқыштармен қамту ісінде де мәселе жоқ.

Санаулы күндерден кейін атыз жағалаған ағайынның ала жаздай төккен терінің өтеуі қайтар сәт келеді. Бүгінде егінге орақ салу науқаны қызу жүріп жатыр.

Бүгінде егілген 85,6 мың гектар күріштің 80,8 мың гектары орылып, 74,3 мың гектары бастырылды. Тиісінше, егілген әр гектардан орташа есеппен 56,4 центнерден өнім алынуда.

“Биылғы жыл диқан қауымы үшін қиын болған жоқ. Егін егу мен ору жұмыстары еш кедергісіз өтіп жатыр. Ең бастысы, бұл жылы шаруалар су тапшылығын сезінген жоқ. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан қолдау өз деңгейінде көрсетілгенін де айта кеткен абзал. Шаруашылық қүрылымдары агротехникалық талаптарға сай жабдықталды. Егістік жұмыстарына қажетті ауыл шаруашылығы техникалары, жанар-жағармай, минералды тыңайтқыштар жеткілікті болды. Бүгінде күріш  алқабынан 85-90 центнерге дейін өнім алып, бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке қол жеткізген шаруашылықтар бой көрсете бастады. Соның нәтижесінде жылды жемісті қорытындылауға бір табан жақын тұрмыз”, дейді облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы егіншілік және өсімдік қорғау бөлімінің басшысы Асылжан Жарылқасынов.

Қазірдің өзінде өңірде күріш жинау көрсеткіші бойынша рекордтық межеге жеткен шаруашылықтар бар. Ала жаздай белі бүгіле еңбек еткен бұл шаруашылықтардың еңбеккерлері көл-көсір өнімге қол жеткізіп отыр.

Соның бірі – Қызылорда облысы Жалағаш ауданына қарасты Таң ауылындағы “Таң ЛТД” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің еңбегі өлшеусіз. Өңірде күріш шаруашылығын көркейтіп, ұзақ жылдық тәжірибе жинақтаған бұл шаруашылық биыл 3 000 гектар егін орналастырыпты. Оның ішінде 1 500 гектарына Сыр салысын жайқалтып отыр. Күріштің басым бөлігі ресейлік каурис сорты. Сондай-ақ лидер мен альянс сорттарын да жерсіндірген. Бұдан өзге, 80 гектарға қант құмайы, 800 гектарға жоңышқа және 150 гектарға түйежоңышқа дақылдары егіліпті.

Бүгінде шаруашылық өз иелігіндегі күріш алқабынан 85 центнерден өнім алып отыр. Бұл серіктестік тарапынан бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш деп айтуға толық негіз бар.

Осы орайда айта кеткен абзал, “Таң ЛТД” серіктестігі биылғы науқанда қытайлық компаниямен бірлесіп, тамшылатып суару әдісімен 3 000 гектар жерге жүгері егу жобасын жүзеге асырып отыр. Қазіргі уақытта 800 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен жүгерінің алғашқы легі егіліпті.

Сонымен қатар  облысқа қарасты Жалағаш ауданындағы «Ер-Әлі» шаруа қожалығының да биылғы өнімі көз қуантады. Шаруашылық биыл жалпы 3 500 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын еккен. Соның ішінде 1 300 гектарға Сыр салысын жайқалтып, берекелі көл-көсір өнімге қарқ болды. Яғни, ала жаздай төккен тердің өтеуі қайтып, күріштің әр гектарынан орташа өнім 90 центнерден келуде. Бұл серіктестік өткен науқанды да берекелі қорытындылаған болатын. Нақты айтқанда, былтыр күріш алқабының әр гектарынан 80 центнерден өнім алған еді.

Бұдан бөлек, шаруа қожалығының егістік алқабында 12 гектар картоп, көкөніс және бақша дақылдары, 430 гектарға жоңышқа егілген. Сондай-ақ  тамшылатып суару әдісімен 6 гектар жерге қарқынды алма бағын да орналастырған. Бүгінде баққа 5 000 түп «Голден Делишес», 5 000 түп «Джонатан», 2 650 түп «Ренет Семиренко» ағаш сорттары отырғызылып, күтімге алынған.

Жалпы, Сыр диқандары  биылғы науқанды еш қиындықсыз өткеріп отыр. Ең бастысы, жылдағыдай су тапшылығын сезінбей, берекелі күзде алтын дәннен тау тұрғызып жатыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы