Армиядан аман орал, балам…

Елде әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. Биылғы күзде мерзімді әскери борышын өтеуге бұрынғыдан 2 мыңдай көп – 20 мың азамат шақырылады.

Алайда әскери міндетін өтеп жүргендер арасындағы өлім-жітім баласын армияға аттандыратын ата-ананы алаңдата бастады. Тіпті, мерзімді әскери міндет өтеуді түбегейлі алып тастауды ұсынғандар да, әскерге шақыруды 18 емес, 20 жастан бастауды алға тартқандар да бар. Петициялар да жарияланып жатыр. Өйткені Қарулы күштерде темірдей тәртіптің сақталатынына сенетіндер қатары азайып кеткен тәрізді. Себебі неде?

Былтырдан бері медиа кеңістікте әс­кердегі өлімге қатысты бір ақпарат кезіп жүр. Оны Бас әскери прокуратура таратқан. Прокуратураның ресми мәліметіне қара­ғанда, 2020-2023 жылдар аралығында Қарулы күштер қатарында қызмет етіп жүрген 270 азамат қайтыс болыпты. 2020 жылы 78 әскери қызметші, 2021 жылы 96, 2022 жылы 85, 2023 жылдың алғашқы айларында 11 әскери қызметші өмірден озған. Әскери қызметкерлер өлімінің 36%-ына ауру-сырқау себеп болса, 24%-ы көлік апаттарынан қайтыс болған. Өзіне қол салғандар үлесі – 20% немесе 54 адам. Былтыр сәуір айында жарияланған осы ақпарат әлі күнге медиа ресурстардан түскен жоқ. Жаңа статистика толық айт­ыл­­мады. Тек деректердің ішінара ғана өзгергенін байқаймыз. Ал болып жатқан оқиғалар алаңдатарлық деңгейге жетті. Тек биылғы кыркүйектің өзінде әскер қа­тарында жүрген 5 азамат көз жұмды. 

Айталық, 7 қыркүйекте Маңғыстаудағы оқу-жаттығу кезінде офицер жас сарбаз Марат Барқұловты тапаншамен атып алды. 12 қыркүйекте Алматыдағы С.Нұр­ма­ғамбетов атындағы құрлық әскері инсти­тутында 44 жастағы сержанттың денесі табылды. 19 қыркүйекте Аягөздегі 10810 әскери бөлімінде Нұрсұлтан Алдамұратов есімді офицердің мәйіті табылды. Алдын ала «өзіне қол салды» де­ген уәж айтылған, бірақ тергеу аяқталған жоқ. 21 қыркүйекте Пет­ропавл қаласында келісімшарт бойынша жұмыс істеп жүрген әскери қызметкер қайтыс болды. 28 қыр­күйекте Ақтау қала­сындағы 51809 әскери бөлімінде Н.Мұха­нов есімді сержант өзіне қол салыпты.

Одан бөлек, Қарулы күштер қатарын­дағы қызметін өтеп жүріп, үйіне мүгедек бо­л­ып оралғандар бар. Ұлттық ұлан қа­тарында қызмет еткен Ербаян Мұхтардың тағдыры соған дәлел. 

Бәлкім, осындай жағдайларды көріп отырғандықтан болар, ата-аналардың әс­кери қызметке сенімі азайып бара жат­қанға ұқсайды. Қарулы күштерде әлім­жеттік жоқ екеніне көздері жетпейді. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та биылғы жолдауында бұл мәселеге назар аударған. 

«Әскер қатарында заң мен тәртіптің сақ­талуы – айрықша маңызды міндет. Жас­тар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қа­тар­ында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуы тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кет­кен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен армия бас­шы­лығы және құқық қорғау мекеме­лерінің басшылары жауапты», – деді Қ.Тоқаев өз Жолдауында. 

Ал Мәжіліс депутаттары бейбіт күнде әс­керилер арасында өлім-жітімнің көбейіп кеткеніне алаңдап, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа депутаттық сауал жолдаған еді.

«Жауырды жаба тоқығанмен жара жазыл­майды. Оның айғағы – бейбіт күнде сарбаздарымыз түрлі дене жарақатын алып, кейбіреуі қайтыс болуда. Бұл – бір емес, бірнеше рет қайталанған жағдай. Осының салдарынан айыппұл салмақ тү­гілі айып тақсаң да ешкім бауыр еті бала­сын жастар жан тапсырған орта – әс­кер қатарына жібергісі келмейді. Мә­се­лен, соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған. Соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 әскери адам өзіне қол салуға оқталған. Бұл – әскери прокура­тура мәлімдеген рес­ми сан», – деді «AMAN­AT» партиясы фрак­циясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Н.Сәрсенғалиев.

Депутат айтқан мәліметте суицид де­рек­терінің 86-ға жеткенін байқаймыз. Өзіне қол салмақ болғандар – 20 адам. Міне, осы деректердің өзі 2023 жылдың сәуірінен бері айтылып жүрген «270»-тің өзгеріп кеткенін көрсетсе керек. 

Сонымен бірге депутат өз сауалында әскерде әлімжеттік бар екенін бірер мы­салмен атап өтті. «2023 жылғы тамызда әскери бөлімшелердің бірінде командир әскерге жаңадан келген сарбазды орын­дықпен ұрып, соққыға жыққан. 2024­ жыл­­дың маусым айында Жамбыл облыс­ының бір әскери бөлімшесінде әскерге келгеніне бір-ақ ай болған сарбаз ес-түссіз жансақтау бөліміне түскен. Ал жуырда болған жағдай бүкіл отандасымыздың ашу-­ызасын туғызды. Ұлттық ұланның жауынгер Ербаян Мұхтар басынан алған жарақаттан бес ай бойы ес-түссіз жатты. Жауаптылар болса қашанғыдай жауапкер­шіліктен жалтарып, «Ербаян дәретханаға құлап, жарақаттанды» дейді. Бірақ бұған сау адамның сенбесі анық», – деген еді Н.Сәрсенғалиев. Сонымен бірге ол Қор­ған­ыс министрлігінің әскери бөлімшелерде 12 мыңнан астам бейнекамералары бар екенін айтқан уәжіне де тоқталған. «Он­дағы жазбалар қайда? Әлде Ербаян секілді бау­ырларымыз жарақат алғанда әлгі ка­мера­лар теріс қарап қалды ма? Әскердегі әлімжеттік мәселесін партия 2022 жылы көтерген болатын. Алайда жағдай түзелмек түгілі, ушығып кетті десе де болады. Сар­баздардың армияда жарақат алып, қайтыс болуы тоқтар емес», – деді. Бұл дегеніңіз, бұрынғылар ұстаздарға қарата айтатын «еті – сенікі, сүйегі – менікі» дейтін ұғым армияға тура мағынада айтылатын деңгейге келіп қалғанын көрсетеді. 

Күш құрылымдарына ортақ мәселе 

Бірден айтайық, «әскер» деген соң бұқара тиісті форма киетін азаматтар жұ­мыс істейтін құрылымдарды өзара ажыратып жатпайды. Армия, шекара қызметі, Ұлттық ұлан, Мемлекеттік күзет қызметі деп бөл­іп-­жарып отырмайды. Өйткені мерзімді әскери борышын өтеуге шақырылатын азаматтар бірден «армияға кеттік» дейді. Ал іс жүзінде әскер қатарына шақырылған азаматтар түрлі күш құрыл­ымдарында бор­ышын өтейді. Келісімшарт бойынша жұмыс істейтіндер де солай. Офицерлер де. Бірақ депутаттар мен қо­ғам белсенді­лерінің, медианың сауалдарына әдетте Қорғаныс министрлігі жауап береді де, ҰҚК Шекара қызметі, ІІМ-іне қарасты Ұлттық ұланның жауапты қызметкерлері үнсіз қалады. Ақпарат құралдарына жауап беруден жалтарады. Кейде қисынға кел­мейтін уәж айтатын офицерлер де кез­деседі. Ұлттық ұлан офицерлерінің жас­ сарбаз Ербаян Мұхтардың жарақаттан­уына қатыс­ты айтқан уәжі соны көрсетеді. Аталған құрылым «Ербаян дәретханаға құлап, жарақаттанды» деп ақталмақ бол­ғанына қоғам белсенділерінің, сарбаздың ата-анасының сенбегені де содан. 

Ал Қорғаныс министрлігі мамандары әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және нығайту қажеттілігімен келіседі, әйткенмен, әскери қызметте жүріп көз жұм­ған азаматтардың барлығы өздеріне қатасты бөлімшелерде болмағанын алға тартады. Өзге күш құрылымдарына да назар аудару қажет екенін тұспалдайды. 

– Депутаттар кейінгі үш жылда Қа­зақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болғанын келтірді. Шынында, оның ішін­дегі 140 оқиғасы үш жылда Қарулы күш­терде болған жағдай. Азаматтардың өмірден өтуіне сырқаттануы, жол-көлік апатына ұшырауы, өзіне-өзі қол салуы, қару ұстау кезінде қауіпсіздік шараларын бұзуы және тұрмыстық жағдайлар себеп болған. Қалған 130 оқиға басқа күштік құ­рылымдарда тіркелді, оған біздің еш қатысымыз жоқ, – деді Қорғаныс минис­трі­нің орынбасары генерал-майор Бақыт­бек Сыдықов. 

Адам өліміне соқтырған өзге 130 оқиға Төтенше жағдайлар министрлігінде, Шекара қызметінде, Ұлттық ұланда және Мемлекет­тік күзет қызметінде болған. 

Сонымен қатар Бақытбек Сапарбекұлы депутаттық сауалда айтылған «әскерде 86 суицид болды» деген ақпаратты нақты­ла­ды: бұл фактілер де барлық күштік құры­лымға тиесілі. Соның ішінде кейінгі 4 жыл­да Қарулы күштерде 40 суицид оқиғасы тіркелген. 2021 жылы – 10, 2022 жылы – 7, 2023 жылы – 12, 2024 жылы – 11 оқиға. Санаттар бойынша төрт жылда 7 офицер, 22 келісімшарт бойынша әскери қызметші, 4 курсант (кадет) өзіне-өзі қол салған. 4 жылда мерзімді әскери қызметке шақыр­ылған 7 жігіт суицид жасады. 2024 жылы бір ғана оқиға тіркелген. Жыл аяқ­талуға жақын қалғанын ескерсек, мер­зімді боры­шын өтеп жүрген сарбаздар арасында суицидті азайта білген минис­трлікке «бә­ре­келді!» деу керек еді. Алайда дәл осы мәліметтің өзі адам өмірінің ста­тис­тикадан артық құны қалмай бара жатқанын көрсе­теді. Қаза тапқан әс­керилерді «офицер, келісім­шарт әскері, азаматтық борышын өтеуші» деп бөлудің өзі цифларды ойнатып, ата-ана «ақырып теңдік сұрай» қалса, жалтару үшін жасалған амалдай көрінеді. Дегенмен Қорғаныс министрлігінің мәселені ашық талқылаудан қашпайтыны қуантады. Әйт­песе, әлім­жеттік белгілері мен суицидке Шекара қызметі, Ұлттық ұлан қатарлы күш құр­ыл­ым­дарының бәрінде де бар. Себе­бі әскери қызмет қоғамның айнасы. Мек­тептегі қыздар төбелесіп, жасөспірімдер бір-бірін бопсалап, сабап, пышақтап, қылмысты романтика деп санап жүрген қоғам­да абарлық келеңсіздік армияда ғана болады деудің өзі қисынсыз. 

 Әлбетте, әскердегі әлімжеттік, суицид қатарлы мәселелерді сөз еткенде, мұндай келеңсіздіктерді жоюға бағытталған қа­дам­дарды атап өтпеу әділетсіздік болар еді. Қорғаныс министрінің орынбасары Б.Сыдықов әрбір заңсыз әрекет мұқият тек­серілетінін айтады. 

– Біз өзімізге жүктелген міндеттерді орын­даудан және жауапкершіліктен қаш­паймыз. Барлық оқиға бойынша себептері мен мән-жайларын анықтай отырып, егжей-тегжейлі қызметтік тек­серулер жүргізіледі. Кінәлі адамдарға қатысты қатаң шара қолданылып, жағдайды жақ­сартуға бағытталған ұсыныстар ен­гізілді. Өз тарапымыздан, бір де бір құ­қық­қа қайшы әрекеттер тексеріссіз және алдын алу шараларын қабылдаусыз қалмайтынына сендіргіміз келеді, – деді Б.Сыдықов.

Оның айтуынша, ведомство басшылығы сарбаздарды казармалық бұзақылықтан оқшаулау және жергілікті жерлерде әскери тәртіпті қамтамасыз ету үшін мүмкін бола­тын барлық шараны қабылдап жатыр. Нәтижесінде, жылдан жылға қылмыстар, соның ішінде жарғыдан тыс қатынастар және орны толмас шығындар азая бастаған. Ресми мәліметке сәйкес, соңғы үш жылда Қарулы күштерде жарғыдан тыс қатынас­тардан туындайтын қылмыстардың саны 43%-ға немесе 40-тан 23 дерекке дейін кеміген. Мерзімді әскери қызметшілер арасындағы суицид 67%-ға азайып, 2023 жылғы 3-тен 2024 жылы 1 фактіге дейін төмендеген. Осыған орай әскерилер ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтірмеу, қазақ елін болашақта армиясыз қалдырмау үшін бұл мәселеде хайп қумай, байбалам­мен емес, байыппен қарауға, тек фактімен сөйлеген жөн деп отыр.

Мәселені жасырғаннан көрі, оны шешкен дұрыс

Психиатр маман Меруерт Баталованың айтуынша, мұрты енді ғана тебіндеп шыққан бозбалалар әскерде тұлға болып қалыптасу­дың кезекті бір кезеңінен өтеді.

– Мен де баламды 19 жасында әскерге жібердім, есейіп оралды. Бұрын өміріндегі барлық сәтсіздігі үшін ата-анасын айыптауға дайын тұратын. Бар кінәні әкесі екеуміздің «дұрыс тәрбие» бермеуі­мізден іздейтін. Жұмыстан қол тимей, балама тиісті көңіл бөле алмағаныма өзім­ді кінәлі сезінетінмін. Енді арамызда сыйластық, түсіністік орна­ды. Универ­ситетке түсті. Менің ойым­ша, қазіргі әскери қызмет бұрынғыға қарағанда көп жақсарды. Онда жастарға оқу курсынан өтіп, белгілі бір мамандықты игеруге, кәсіп­ке үйренуге мүмкіндік беріледі. Сөйт­іп, олар NEET жастардың қатарын толықт­ырмайды, – деді М.Баталова.

Ұлттық статистика бюросының дере­гінше, 2023 жылдың қорытындысында не оқымайтын, не еңбек етпейтін NEET жас­тардың саны 379,3 мың адамға жетті. Бұл елдегі жасы 34-ке жетпеген жастардың 7,1%-ын құрайды. Армия еңбекқорлыққа, тәртіпке, жауапкершілікке, тіпті «тайм-менеджментке» үйрете алады. Сондай-ақ қоғаммен қарым-қатынас жасауына, әлеу­мет­тенуіне көмектеседі.

Маманның байламынша, әскерде неге әлімжеттік болатынын түсіну қиын емес. Түрлі-түрлі тәрбие алған, құндылық­тары да әрбасқа жігіттер бір жерге жина­лады, казармалық жағдайда бірге тұрады.

«Өкінішке қарай, мектептегі балалар да төбелесіп, тіпті атысып жатады. 18-ден асқанда, бала жасөспірім жастан ересек шаққа өтеді. Өзіне, туыстарына, достарына, қоғамға деген көзқарасы өзгереді, қайта құрылады. Ол енді ересектер ортасында өз орнын иеленуге, өзін-өзі танытуға, мы­қ­ты жігіт, дербес тұлға екенін барлық жер­де паш етуге тырысады. Сондықтан офицерлер, сержанттар өз қарауындағы жас жауынгерлерге әкедей бола білуі, олар­ға жақын, қамқор болып, дұрыс жол, жөн нұсқауы тиіс. Олардың өмірі әскери өнерге қатысты қызықты істермен, аза­маттық өмірде де қажетке жарайтын жаңа біліммен, патриоттық құндылықтар­мен толтырылғаны маңызды. Ерігуге, зері­гуге мейлінше аз уақыт қалдырған жөн», – деді психиатр. 

Ол баласынан тәртібі қожыраған әскери бөлімдерде лудомания, нашақор­лық, маскүнемдік проблемалары бар екені туралы әңгіме естіпті. Қарулы күш­тер де қоғамның бір бөлшегі. Ста­тистика бойынша, әскерге шақырылған­дардың 90%-ға дейінгісі армияға шейін спирттік ішім­діктерді татып көрген. Соған әуестенгендері әскерде де сол жаман әде­тін жалғастыруға талаптануы мүмкін. Сондықтан пробле­маның барын жасыруға емес, онымен күресуге тырысқан жөн. 

Бұл ретте Қорғаныс министрлігі құ­қықбұзушылықтардың алдын алу үшін ішкі және ведомствоаралық бағдарламалар әзірленгенін, ондағы талаптарды орындауға бағытталған кешенді шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді. Әскери қызметші­лердің арасында құқықбұзушылықтардың, әлімжеттіктің, өлім-жітімнің, жарақаттар­дың алдын алудың іс-әрекет алгоритмдері қолданылады. 

Қарулы күштерде «Отбасымен бейне­қоңырау» сервисі іске қосылды. Сарбаздар аптасына 2 рет ата-анасымен видеобай­ланыс арқылы тілдесе алады.

– Қазақстан Қарулы күштері Мемлекет бас­шысының тапсырмасына сәйкес, әскери қызмет кезінде сарбаздардың қау­іп­сіздігін қамтамасыз етудің жан-жақты іс-шараларын қабылдап жатыр. Бірін­шіден, болашақ сарбазды әскери дайын­дыққа жібермес бұрын оларға қау­іп­сіздік шаралары түсін­діріледі. Екіншіден, әскери қызметшілердің жүріс-тұрысына онлайн-бақылау жасау үшін қызметтік үй-жайлар, соның ішінде казармалар, жатын-үй бөлмелері видеока­мера­лармен жабдықталды, ол үшін штаттық оператор лауазымдары енгізілген. Барлық әскери бөлімде 12 мыңнан астам бейне­камера бар, – деді Қорғаныс министрлігінің рес­ми өкілі Руслан Жангулин.

Үшіншіден, әр бөлімшеге дербес жауап беретін офицер тағайындалды. Арнайы WhatsApp, Телеграм чаттарда ата-аналар тікелей әскери басшылармен тілдесіп, өзін және әскери қызметтегі баласын толғандыр­ған сұрақтарын офи­церге қоя алады. Сар­дарлар мен қара­пайым сарбаз­дарға арналған роталық чаттар ашылған. 

– Жақында «Отбасымен бейнеқоңырау» сер­висін іске қостық. Енді аптасына екі рет әскери борышын өтеп жүрген сарбаз ата-анасымен бейнебайланыс арқылы тілдесе алады. Ол үшін бізде арнайы бөл­ме жабдықталып, қажетті құралдар сатып алынды. Сонымен қатар әскери бөлімше­лерде психологтар жұмыс істейді, олар үнемі анонимді сауалнамалар жүр­гізеді, – деді Руслан Жангулин.

Мұның сыртында, әскерлерде ұдайы негізде профилактикалық онкүндік, ак­ция, айлық, анонимді сауалнамалар, пси­хо­логиялық тренингтер, мамандардың сол­дат­тардың дене-мүшелерін қарап тексеруі енгізілді. «Ойынқұмарлыққа жол­ жоқ», «Мен лудоман емеспін» сияқты айлықтар, әртүрлі тренингтер, дөңгелек үстелдер және басқа да профилактикалық іс-шаралар өткізіледі. Министрлік бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатынына сен­дірді. Сон­дықтан ата-аналар балаларын еш қорық­пастан, Отан алдындағы әскери борышын өтеуге жібере алады.

730 мың жастың 20 мыңы ғана алынады

Айта кету керек, биылғы күзгі әскерге шақыру науқаны барысында Қазақстан ар­миясы мен күш құрылымдарының қа­тары 20 мыңнан астам сарбазбен толығады. Бұрынғы жылдары бұл сан 18 мыңның айналасында болатын. Ел Президентінің 2024 жылғы 1 ақпандағы Жарлығына сәйкес күзгі шақыру 1 қыркүйекте басталды, 30 желтоқсанға дейін жалғасады. Оның барысында жергілікті әкімдер орынбасар­ларының төрағалық етуімен, 195 қалалық және аудандық әскерге шақыру комиссиясы мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруға немесе босатуға негіздері жоқ 18 жастан 27 жасқа дейінгі азаматтар арасынан шақырылатындарды іріктеп алады. 

«2024 жылғы күзгі шақыру барысында Қарулы күштердің бөлімшелері – 9 933, Ұлттық ұлан – 6 822, ҰҚК Шекара қызметі – 3 200, ТЖМ – 317 және Мем­лекеттік күзет қызметі 290 жас сарбазбен жасақ­талады. Шақырылған жастардың бәрі әскерге алынбайды, іріктеу біршама қатаң өтпек. Себебі тұтастай алғанда Қазақстанда жасы бойынша әскерге жа­рам­ды ер аза­маттардың саны 730 мыңнан асады. Соның ішінде 120 мыңы әскерге дайын. Олардың арасынан 40 мыңын шақыра­мыз», – деді ҚР Қарулы күштері Бас штабы Ұйым­дастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының орын­басары Фархат Айдарбаев.

Олардың жеке істерін зерделеу бары­сында отбасы құрамы, әскери қызмет өткеруге жарамдылық санаты, білімі, ма­ман­дығы назарға алынады, сондай-ақ жеке ісі қаралып, әңгімелесу өткізіледі. Осылайша, армиядағы оқыс оқиғалар мөлшерін азайтудың амалдары жасалып жатыр. Бірақ армия деген – бір ғана құ­ры­лым емес, тұтас институт. Сондықтан әскердегі оқыс жағдайларға барлық құрылымдардың бірдей жауап беріп, тиісті шешімдерді тізе қоса отырып қа­был­дағаны нәтиже беруі мүмкін. Әйтпесе, түрлі әскери бөлімшеде жігіттеріміздің көзіне «есіктің тұтқасы тиіп», біреуі «тегіс жер­де сүрін­геннен» жаралануы азая қоймас, сірә.

Айхан ШӘРІП