Тарихи аспектіден қарасаң жазба деректен гөрі ауызша мәліметі басым, заттай деректен гөрі әдеби қуаты салмақтырақ, бір сөзбен айтқанда, қазақ руханиятын, қазақ діндарлығын – жырынды да, жұмбақ әлем дерсің. Негізінде, Дешті-Қыпшақты әрлі-берлі өткен кезбелер мен саяхатшылардың жазбаларында боз даланың боз мұнары хақында азды-көпті айтылған деректер ұшырасатыны жасырын емес. Десе де, бір қарап өтіп, бере салған олардың бағалаулары ұлт хақында толымды пішін қалыптастыра алмайды. Есесіне қазақтың өз-өзіне айтқан өсиеттері, жыр-дастандары, нақыл сөздерінде ұлттың имани келбеті айқын аңғарылады. Демек, қазақ туралы сөйлерде, оның қуанышы мен қазабатын қатар жырлаған фольклорлық деректерсіз бірдеңе деу қиынның қиыны. Осы факторды мойындасақ ғана, «Қазақ мұсылманшылдығы» туралы толымды тұжырым жасай алмақпыз.
Әсілі Ислам дінімен алғаш бетпе-бет келетін ерте қазақ дәуірі – түркеш, қарлұқ, қарақан, оғыз, қыпшақ, қимақ, хорезмшах мемлекеттері тұсындағы руханият хақындағы тарихи мәліметтердің әлі классификацияланған қорытындысы жоқ. Әр тарихшы оң жамбасына келген мәліметті өзінше жорытып, өзінше тұжырымдайды. Мәселен, 751 жылы болған «Атлах шайқасы» жөнінде Ибнул Әсир секілді сарай тарихшылары Аббаси билігінің дәрпін асыру мақсатында оны «ғазауатқа балап» асыра бағаласа, Балазури секілді Аббаси дәуірін терең зерттеген классикалық тарихшылар «Талас ғазауаты» жөнінде жақ ашпайды. Осыған байланысты, «Атлах шайқасын» тарихшылардың бірі «қасиетті соғысқа» баласа, келесі бір тарихшылар оны түркештердің өз арасындағы азаматтық соғыс деп ғана есептейді. Біздің мұсылманшылықпен бетпе-бет келген ілкі кезеңдегі тарихи оқиғаларға қатысты осындай сыңаржақ пікір өте көп. Әлбетте, ол үшін деректану ғылымының критерийлерімен аталған мәліметтерді сыныптау ләзім. Сонда бұл мәселелер қайта-қайта дау тудырмайтын болады деп ойлаймыз.
Шынтуайтында, ұлттық өзегімізді түркі атауы жүрген жердің бәріне апарып таңсақ та, бүгінгі қазақ ұлтын негізінен қыпшақ тайпалары құрағаны баршаға мәлім. Сол себепті қазақ халқы үшін отырықшы түркілердің ертеректе ислам дінін қабылдауы, ұлт тарихына жанама қатысы болуы ықтимал. Бірақ тікелей қатысы болды деп айта алмаймыз. Ал көшпелі түркі жұртының ислам дінін жаппай қабылдауы Алтын Орда дәуірінен басталатыны айнымас тарихи шындық. Түркі жұртының діни сенімге байланысты қазақ һәм қалмақ болып ірге ажыратқаны да осы кезеңге келіп тіреледі. Бұл жөнінде Алтын Орда тарихшысы Дремов өз зерттеулерінде жан-жақты зерттеп, ғылыми тұжырым жасаған. Яғни, қазақ тайпаларының басым бөлігі Өзбек ханның (1312-1342) діни реформасы кезінде Ислам дінін қабылдаған. Осы үдеріс барысында Ислам дінінен теріс айналғандар «қалмақ» категориясына жатқызылған. Діни реформадан мақұрым қалғандықтан, ескі сенімде қалған жұрағаттың өмір сүру үлгісі басқаша өріліп, бірте-бірте ірге ажыратып, бірнеше ғасырдан кейін мүлдем басқаша ұлтқа айналған. Исламды қабылдаған қыпшақ тайпалары болса, өзінің тұрмыс-тіршілігін Хақ діннің шарттарына бейімдеп, сөздік қорына араб-парсы сөздерін ендіріп, этнографиясын шариғатқа икемдеп, дүниетанымын әһлі-сүннет ақидасына сәйкестендіре бастаған. Бір сөзбен айтқанда, біздің мұсылманшылдық негіздеріміз осылай Алтын Орда дәуірінде қалыптаса бастады деп кесіп айта аламыз.
Алтын Орда мемлекеті ыдырап, көшпелі жұрттың өкілдері өз алдына бірнеше жеке отау тіге бастаған шақта, Дешті-Қыпшақта Керей мен Жәнібек хандардың бастауымен Қазақ хандығының шаңырағы көтерілді. Шыңғыс хан ұрпақтары билік жүргізген Жетісудағы Моғолстан, теріскейдегі Ібір-Сібір (Көшім хандығы) жұрты, батыстағы Ноғай ұлысы, Мәураннахрдағы Темуридтер мен Шайбанилерге қарағанда Қазақ хандығының мемлекеттік тұрпатының өзіндік біршама ерекшелігі болды. Ол ерекшелік негізінен ұлтымыздың номадизмге бейім өмір сүру үлгісі еді. Бұл қазақ хандығының ежелгі Сақ, Ғұн, Түрік, Қыпшақ бірлестіктері қалыптастырған көшпелі өркениеттің жалғастырушы мирасқоры екенін білдіретін. Прототүріктер дәуірінде мемлекет істерінде «Төре», «Бітік», «Ясама», «Ұлы Яса», «Жасақ» секілді ата-бабаларымыздың өмір сүру заңнамасы басшылыққа алынды. Қазақ хандары осы үрдісті жалғастырып, көшпелі халықтың қоғамдық мүддесін қанағаттандыратын XV ғасыр басында «Қасым ханның қасқа жолы», XVII ғасыр басында «Есім ханның ескі жолы», XVII ғасырдың аяғына қарай әз-Тәукенің «Жеті Жарғысы» секілді заңнамаларды қабылдап, көшпелі мемлекетті күшейтетін саяси-құқықтық құжаттарды қолға алды. Аталған құқықтық құжаттар Қазақ халқының басқа мұсылман халықтарға ұқсамайтын дара өмір сүру үлгісін қалыптастырды.
Қазақ халқы Ислам дінін Алтын Орда билеушісі Өзбек ханның кезінде қабылдағанымен, мемлекетті басқару, қоғамдық қатынастарды реттеу, қылмыстық істерде жаза тағайындау, отбасылық және әлеуметтік мәселелерді шешудегі ұстанған жолы – шариғат заңдарынан мүлдем бөлек болатын. Шыңғыс ханның «Ұлы Яса» заңының кейінгі сілемі саналатын «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», әз-Тәукенің «Жеті Жарғысы» секілді заңнамалар рулық қатынасты реттейтін һәм көшпелі өмір сүру ерекшеліктеріне тән құқықтық құжаттар еді. Қазақ халқының мұсылманшылығы Құдайға деген сенімі (ақида ілімі) мен құлшылығында (ғибадат бабы) ғана көрініс тапты. Ал шариғаттағы мемлекеттік басқару (ахқамус-султания), азаматтық істер (муамалат), қылмыстық істер (уқубат), отбасылық істерінде (ахуал-шахсия) жоғарыда көрсетілген дала заңдарын басшылыққа алды. Өйткені шариғи заңдардан қарағанда дала заңдары көшпелі ғұмырдың мәселелерін әділ әрі тура шешетін. Мысалы, қазақтардың билікті қасиетті санап, оны алтын ұрық өкілдеріне (төрелер) тапсыруы, құқықтық билікті билер мен шешендерге беруі, әскери билікті батырлардың еншісіне қалдыруы, қылмыстық істерге қатаң жазалар тағайындауы, әлеуметтік істерді рулық-туысшылдық қатынастар арқылы шешуді басшылыққа алуы тағы басқа құқықтық нормалар көшпелі халықтың мүддесіне дәлме-дәл сай келетін. Осы себептен де, мұсылман қазақ халқы діннің аса қажетті нормасы саналатын ақида ілімі мен ғибадат ережелерінде Әбу Ханифа мәзһабын ұстана отырып, өзге қоғамдық мәселелерді дала заңдарымен реттеуге басымдық берді. Қала берді Қазақ халқының өмірлік бұл ұстанымы Әбу Ханифа ережесіндегі «урф» (әдет-ғұрып) қағидасына теріс емес-тін.
Қазақ халқының қоңсы мұсылман елдеріне ұқсамайтын осындай дара ұстанымы кейде діни түсініспеушілікті де тудырып отырды. XVI ғасыр басында Шайбани билеушісі Мұхаммед Шайбани қазақтардың мұсылманшы-
лығына күмән келтіріп, Сыр бойы қалаларын Бұрындық және Қасым хандардан қайтарып алу үшін қасиетті соғыс ұранын көтерген болатын. Осы жорыққа қатысқан тарихшы Рузбехан «Мехман-наме Бұқара» атты трактатында Қазақ халқының өмір сүру үлгісіне сын көзбен қараған-ды. Алайда сол дәуірден хабар беретін өзге дереккөздерде Қазақтардың мұсылманшылыққа берік екені айтылады. Мысалы, Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи-Рәшиди» және Захир ад-дин Мұхаммед Бабырдың «Бабырнамасында» қазақтардың дініне күмән келтіретін мағлұмат көрсетілмейді. Сондай-ақ XVI ғасыр соңында батыс Қазақстан даласында болған А.Дженниксонның жазбаларында «Қазақтардың Мұхаммедтің дінін ұстанатындығы» баяндалған. Демек, жоғарыдағы Рузбехан «Мехман-наме Бұқара» атты трактатында Қазақ халқының өмір сүру ерекшелігіне дұрыс көз жеткізбегендіктен, біржақты пікір білдірген деп ойлаймыз.
Ал Хақназар хан, Тәуекел хан, Есім хандардың Ясауи және Нахышбанди тариқатының мүриттері болғандығы белгілі. Олардың кезінде бола бастаған қазақ-қалмақ соғыстарының астарында діни мүдде жатқандығы да тарихшы қауымға аян. Қазақ хандығының соңғы дәуіріне тән орыс деректерінде де көшпелі халықтың Ислам дінін ұстанғандығы айтылады. Мәселен, Орта жүз жерінде хандық жүйені жойып, аға сұлтандық өкіметті орнатқан С.Броневский «О киргиз-кайсаках Средней Орды» атты еңбегінде қазақтардың мешіттері болмағанымен, Мұхаммедтің дінімен өмір сүретінін, олардың арасында дін насихатын жүргізетін ахун, мулла, қожалардың болатынын жеткізеді. М.Красовский «Область сибирских киргиз» деп аталатын үш томдық еңбегінде қазақтардың Құрбан айт мерекесін ақсүйек саналатын сұлтан, қожа, молда және қаймана қазақтардың қалай тойлайтынын баяндайды. Ал атақты этнограф Г.Потанин: «Қырғыз даласында мұсылмандық жылдан жылға күшейіп келе жатыр» деп, ал оның күшеюіне орыс үкіметі тағайындаған татар молдалары емес, Бұқарадан оқып келушілердің әсері бар екенін тілге тиек етеді.
ТҮЙІН:
Алла Тағала Құран Кәрімде «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал» («Ағраф сүресі», 199-аят) деп бұйырады. Алла Елшісінің (с.ғ.с) сүннетінің де бір бөлігі (тақрири) әдет-ғұрыпқа негізделген. Әбу Ханифа мәзһабы бойынша әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер шариғат негіздеріне қайшы келмесе, оны құқықтық шара ретінде басшылыққа алу әбес емес әрі әдет-ғұрыппен берілген үкімдер қоғамда әділеттің орнығуына септессе, онда бұл шариғи үкімнің орнын басқан болып саналады. Ал қазақ халқының дүниетанымында даланың Жарғы заңдары ең әділетті заң саналған. Демек, қазақ халқының номадизм парадигмасы көшпелі әлеуметтік өмірдің сұранысын қанағаттандыратын бірден-бір озық үлгі болып есептелген. Бабаларымыздың бұл дара ұстанымы – бүгінгі қазақ қоғамының түйіні ағытылмаған діни аспектілеріне прецедент бола алады деп ойлаймыз.
Ермек МҰҚАТАЙ,
Шығыс Қазақстан облысының Бас имамы