Мемлекет басшысы биылғы «Әділетті Қа­зақ­стан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қо­­ғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауында еліміздің өнеркәсіп әлеуе­тін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау қажеттігін атап өткен болатын.
Терең өңдеу – толағай табыс көзі
326
оқылды

«Үкімет 17 ірі жобаның тізімін жа­­­­­­сады. Онда терең өң­деу тәсілін меңгеруге басымдық берілген. Өз шикізатымыз бен құрал-жабдықтарымызды барынша пайдалану, ірі кә­­сіпорындарға жапсарлас өндірістер ашу маңызды», – деді Президент. Аталмыш жоба­лардың басым бөлігі металлургия, мұнай – химиясы салаларына қа­тысы болғанымен, ауыл шаруа­шылығы өнімдерін терең өңдеуге арналған жобалар да назардан тыс қалмады.

Қазақстанға астықты терең өңдеуді дамыту және жоғары қосылған құны бар өнімдерді экспорттау қажеттігі туралы осыған дейін де мінберлерден айтылып жүрді. Kazakh Invest компаниясы ұсынған мәліметтерге сүйенсек, еліміздің астықты терең өңдеу өнімдерінің экспорттық әлеуеті 6,1 миллиард долларды құрайды, ал бас­тапқы өңдеу өнімдерінің әлеуетті экспорты небәрі 3,7 мил­лиард долларға бағаланады. «Қазақ­стан әлемдік көшбасшы болуға барлық алғы­шарттарға ие перспективалы бағыттардың бірі – астықты терең өңдеу. Қазақстан әлемде бидай өндіруші көш­басшылардың бірі және бидай бағасы әлемдегі ең төмен бағалардың бірі. Қазақ­станда жиналған бидайдың 3%-дан азы ғана өңделеді», – делінген ұлттық компания ұсынған баяндамада.

Жақында вице-премьер Серік Жұман­ғарин Қостанай облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі астықты терең өңдеудің экономикалық тиімділігімен танысқан болатын. Үкімет ұсынған мәліметке сүйен­сек, егер 1 тонна ұнның құны 120-130 мың теңгені құраса, терең өңделген өнімнің құны – 350-541 мың теңге болмақ. Астықты терең өңдеу бұдан бөлек, елімізде негізінен импорт­талатын жаңа өнімдер өндірісін жолға қоюға мүмкіндік береді. Мысалы, аминқыш­қыл­дары, глютен, лизин, крахмал, биоэтанол және басқалар. Сонымен қатар Қостанайда өткен инвестициялық форумда астықты терең өңдеу бойынша кешен құ­рылысы жобасын таныстырды. Об­лыста астықты терең өңдеу хабының жо­басы екінші рет жүзеге асырылуда. Жоспарға сай өндіріс қуаты – тәулігіне 1 250 тонна астық болмақ. Ал Qostanai Grain Indastri компа­ниясының жетекшісі Еркін Сатта­ровтың пікірінше, қазір аймақта жылына орташа есеппен 5 миллион тонна астық өндіріледі, ал оның 96%-ы ұн өндіруге жұмсалады. 

«Ұн тарту кәсіпорындарының жалпы қуаты 10 миллион тонна бидайды өңдеуге есептелген. Диірмендердің артықшылығы айқын, әсіресе дәстүрлі экспорттық нарық­тардың тарылуы жағдайында. Бұрын Қазақстаннан ұн сатып алатын елдер оны өздері өндіріп, біздің елімізден шикізат сатып алады, ал қосымша құн шетелге кетеді. Жал­ғыз жолы – астықты терең өң­деу. Бұл сала Қазақстан үшін әлі де жаңа», – дейді ол. 

Компанияның мәліметі бойынша, Қа­зақстанда бүгінде глютен (құрғақ клей­ко­вина), аминқышқылдары – лизин, трип- т­офан, олардан алынатын концентраттар сияқ­ты терең өңдеу өнімдеріне сұраныс жоға­ры, ал Еуропада экологиялық таза отын­ға сұраныс артып келеді. Қазір елдегі амин­қышқылдарына сұраныс импорт есебінен қанағаттандырылады, глюкоза мен құрғақ клей­ковина импортының көлемі де өсіп келе­ді. Еуропада биоотынға тұрақты сұраныс бар.

«Терең өңдеу – біздің артықшылығымыз, әсіресе бидайдың артықшылығын ескерсек. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, отандық өнеркәсіпшілер бидайды өңдеу өнімдері нарығында үстемдік ете алады. Солтүстік нан өндіруші облыстардағы ауыл шаруашылығы секторы қанша диверси­фикацияға ұмтылса да, бидай өндірісі әлі де егістік алқаптарында үстемдік етуде. Қуаң­шылықтарға, су тасқын­дарына, шегіртке сияқты экстремалды жағ­дай­ларға қара­­мастан, бидай көп өндірі­леді. Ал аграрийлер жыл сайын мемлекеттен тек субсидия ғана емес, қымбат антистресстік шара­ларды да талап етеді. Мысалы, былтыр ылғалданып кеткен бидайды сатып алу шара­лары ұйым­дастырылған», – деп атап өтті Е.Саттаров. 

Мамандардың пікірінше, терең өңдеу ісі – ел ішінде астық өткізу үшін тағы бір қуатты бағыттың пайда болуына жол аша­ды. Бірақ ол мемлекеттік қолдау бағытын да өз­гертуі мүмкін. Әзірге отандық агро­өнер­кәсіптік секторында биыл астықтан айтар­лықтай түсім болады деп күтілуде. Яғни, 17 миллион тонна деңгейінде бол­­­жанып отыр. Дегенмен соған қарамастан «Атамекен» ҰКП агрокәсіп иелері күтпеген қиындықтарға тап болуы мүмкін деп мәлімдеді. Өйткені биыл дәнді, бұршақты және майлы дақыл­дардың жалпы көлемі 26,3 миллион тоннаға дейін артады деген болжам бар. Бұл өткен маусымға қарағанда 41%-ға артық. 

«Бірақ егіннің көптігі ішкі тұтынуды да, экспортты да қиындататын бірқатар проб­леманы тудырады. Негізгі пробле­малардың бірі – астықты сақтауға және өңдеуге арнал­ған ыдыстардың жетіспеушілігі. Егін көле­мінің ұлғаюымен, әсіресе 17 миллион тон­наға жетсе, қоймалар мен элеваторлар тез толты­рылуы мүмкін. Қазір қоймаларда алдыңғы егіннен шамамен 4,5 миллион тонна астық қалады. Сақтау және қайта өңдеу үшін тиісті инфрақұрылым болмаса, фермерлер өткізу проблемаларына тап болып, шығынға ұшырау қаупі артады», – делінген кәсіпкерлер палатасы ұсынған деректе. 

Мемлекет басшысы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптік кешендегі өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін арттыра отырып, Қазақстанның Еуразияның же­текші аг­рарлық орталығы болудың страте­гиялық мақсатын белгілеген болатын. Бұл мақсатқа қол жеткізуде ет, сүт және астық өңдеуді дамыту, сондай-ақ өнер­кәсіптік жылыжай шаруа­шылығын дамыту маңызды рөл атқарады. Сондықтан сарап­шылар азық-түлік нарығының тұрақты­лығын және аграрлық сектордың тұрақты дамуын қам­та­­масыз ету үшін егіннің рекордтық көлемін тиімді басқару маңызды деген пікірде.

А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті Қайта өңдеу және стандарттау технологиясы кафедрасының меңгерушісі Анзор Саидовтың пікірінше, жақын арада терең өңдеуді дамытпасақ, еліміз астықты өңдеуден гөрі оны экс­порт­тау тиімдірек болатын жағдайға тап болуы мүмкін.

«Қазақстандық ұнды өткізудің негізгі нарығы – негізінен Орталық Азия мемле­кеттері. Оның басым мөлшері Ауғанстанға экспортталады. Астықты өңдеп, одан ұн алу технологиясы аса күрделі болмағандықтан, бұл елдер соңғы уақытта диірмен өндірісін ұлғайтуда. Нәтижесінде, соңғы уақытта отандық ұн экспортының қарқыны бәсеңдеді. Көптеген зауыттағы өнімнің сатылымы іс жүзінде нақты шарықтау шегіне жетті. Сон­дық­тан олар өндірісті одан әрі жетілдіру мен дамытуға ынталы емес. Бірақ жақын арада өндіріс қуатын арттырмайтын кә­сіпорын­дарда кірістілік сөзсіз төмендейді және инфрақұрылымдық проблемалар туындайды. Сондықтан қалыптасқан жағдайдан шығу­дың бірден-бір стратегиялық дұрыс жолы – астықты терең өңдеуді дамыту. Сондықтан қазақ­стандық бизнеске терең өңдеуге елеулі на­зар аударатын кез келді», – дейді ғалым. 

Егер жақын уақыт ішінде ел ішінде астықты өңдеу үшін қадамдар жасалмаса, на­рықта салыстырмалы түрде астық экс­порты үшін неғұрлым тиімді және дамыған логистикалық шешімдер пайда болуы мүмкін. Нәтижесінде, астықты жергілікті жерде өңдеуден гөрі экспорттау тиімді шешімге айналмақ. Басқаша айтқанда, ас­тықты қосымша құнмен сатуға болатын дайын өнім өндірудің орнына, оны шикізат ретінде сату оңайырақ болады. Анзор Мұ­салұы өз зерттеуінде қазақстандық кәсіп­­орындар үшін астықты терең өңдеуді тар­тымды ететін мынадай факторларды мы­­­салға келтірген: астықты қайта өңдеу арқылы алынған, қосылған құны жоғары өнімдердің импортына тәуелділік, халық­аралық нарық­тарға шығу мүмкіндіктері, шикізат базасын кеңейту резервтері, жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндігі. Өйткені астықты терең өңдейтін бір зауыттың құ­рылысы орта есеппен 150-300 жұмыс орнын құрайды. Астықты терең өңдеу зауыттары елдің аграрлық кешенін көтеруге, ішкі және халықаралық нарықтарға шикізаттық аграрлық ресурстарды емес, жоғары дәрежедегі қайта өңдеу өнімдерін жеткізуге мүмкіндік береді.

Бүгінде көптеген шетелдерде астықты күрделі өнімдерге қайта өңдеу – жақсы табыс әкелетін қалыптасқан сала. Әлемдегі мұндай өнімдердің ең ірі өндірушілері – АҚШ және Еуропалық Одақ елдері. Соңғы жылдары Қытай да өндірісті ұлғайтты. Атап айтқанда, крахмал өндірісін мысалға алуға болады. ЕО мәліметтері бойынша, 2030 жылға қарай әлемдік крахмал өндірісі 67,5 миллион тоннаға бағаланады және бұл көлем соңғы 10 жылда екі есе өскен. Еу­ропада 21 елде 78 астық өңдеу зауыты жұ­мыс істейді. АҚШ-та мұндай зауыттар аз, тек 21, бірақ олар әлдеқайда үлкен және тиімдірек жұмыс істейді. Өйткені энергия мен шикізат арзанырақ. Бұл үшін АҚШ-та генетикалық түрлендірілген жүгері қол­данылады.

Foreign Agricultural Service мәліметтеріне сүйенсек, 2023/2024 маркетингтік жы­лының қорытындысы бойынша, әлемде 788,95 млн тонна бидай өндірілсе, оның ішінде Қазақстанның үлесі 12,1 млн тонна өндіріс көлемімен 1,5%-ды құраған. Сәй­кесінше, әлемдік көшбасшылар ара­сында 14-ші орынға ие болып отыр. 

Дегенмен Finprom сараптама орта­лығының мәлімдеуінше, 2024 жылдың қаңтар, маусым айларында Қазақстан 494,1 млн АҚШ долларына тең 2,4 млн тонна бидай мен меслин (бидай мен қара бидай қоспасы) экспорттаған. «Экспорт табиғи түрде 38,5%-ға, қаржылай есеппен 51,9%-ға қысқарды. Экспорттың жалпы көлемінің 75,8%-ы, 1,8 млн тонна бидай ТМД елдеріне жіберілді. Бұл былтырғы жылмен салыс­тырғанда 33,7%-ға аз. Қа­зақ­стан бидайын негізгі сатып алушы – Өзбек­стан: 1,3 млн тонна, жылдық қыс­қару – 33,8%. Импорт­таушы елдердің негізгі үштігіне Тәжікстан мен Түрікменстан да кірді. Қазақстан Республикасының Ұлттық статистика бю­ро­сының алдын ала мәлімет­тері бойын­ша, биыл Қазақстанда бидайдың егіс алқабы 13,2 млн гектарды құрады – бұл былтырғы жылмен салыс­тырғанда 4,1%-ға аз. Ең үлкен егіс алқап­тары дәстүрлі түрде Ақмола (4 млн га), Қостанай (3,7 млн га) және Сол­түстік Қазақ­стан (2,5 млн га) облыстарында бай­қалады. Бұл үш жетекші аймаққа елдегі бар­лық егіс алқаптарының 77,5%-ы тие­сілі», – делінген .

KAZAKH INVEST мәліметі бойынша, Қазақстан аумағында астықты терең өңдеу бойынша 4 жоба жүзеге асырылуда және талқылануда, олардың ішінде: «Астанада бидай мен бұршақты терең өңдеу жобасы Tiryaki Holding (Түркия) және Hassad Food (Катар) компанияларының құны 200 мил­лион долларды құрайтын жоба; Алматы облысында AnhuiJinhe Industrial, CITIC Construction және Shanghai Starch (Қытай) компанияларының бидайды терең өңдеу жобасы; Shijixianghe Agribusiness Group (Қытай) компаниясының 600 миллион долларлық бидайды терең өңдеу жобасы; Қостанай қаласындағы KazFoodProducts және Myande Group (Қытай) компания­ларының бидайды терең өңдеу бойынша Qostanay Grain Industry жобасы».

Кәмила ЕРКІН