Оның 4-ші стратегиялық бағыты Инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешуге арналды. Осы ретте Мемлекет басшысы 6 қазан – АЭС салу туралы референдум күні деп белгілеген еді.
Қазақстан өз таңдауын жасады
7 қазан күні Орталық референдум комиссиясы республикалық референдумда дауыс берудің алдын ала нәтижелерін жариялады. Мәліметтерге сәйкес, референдумға қатысуға құқығы бар 12 284 487 Қазақстан азаматының 7 820 204-і немесе 63,66% дауыс берген. Референдумға шығарылған мәселеге байланысты 5 561 937 азамат (71,12%) қолдап, 2 045 271 азамат (26,15%) қарсы дауыс берген. Одан бөлек, 82 729 адам (1,06%) екі жауаптың бірде-бірін таңдамаған, 130 267 бюллетень (1,67%) жарамсыз деп танылған. Осы нәтижелерге сүйенсек, 36,34% референдумға келмеген және 26,15% теріс шешім қабылдаған тұрғындарымызға ақпараттардың толық жетпегендігінің, дауыс берушілердің әлі де болса сайлау процесстеріне немқұрайлықпен қарайтындығының, сыртқы күштердің ықпалы бар екенін көреміз.
Осының бәрін ескере отырып, мамандар АЭС салу арқылы елімізді болашақта тұрақты қуатпен қамтамасыз ету және ел экономикасын дамыту үшін неғұрлым перспективалы шешім екенін айтуда. Болжам бойынша, АЭС 10 жылға жуық уақытта, яғни шамамен 2035 жылы салынып бітеді. Ал оған дейін елімізде энергетикалық теңгерім артып, тұтыну 2 есеге өсіп, бізге 26,5 ГВт қуат қажет болмақ. Бүгінде әлемдегі атом энергетикасында жалпы қуаты 374 ГВт тоқ өндіріледі, бұл бүкіл электр энергиясының шамамен 10%-ы.
Әлемдік тәжірибені қарасақ, қазір 31 елде 415 ядролық реактор жұмыс істейді, олардың 306-сы (74%) – жеңіл су қысымды реакторлар. Одан бөлек, 15 елде тағы 62 реактор салынуда. Бір атом электр стансасы 2 немесе оданда көп реакторды қамтиды. Қазақстан өз кезегінде III және III+ буынды реакторлардың түрін салуды қарастырып отыр. Бұл реакторлар ең сенімді технология болып саналады және атом энергетикасы тарихында оларда бірде-бір апат болмаған. Қазіргі заманғы жеңіл су реакторларында активті және пассивті қауіпсіздік жүйелері айтарлықтай жақсартылған. Мамандардың мәліметтеріне сәйкес, қазіргі заманғы стансаларда ауыр апаттың ықтималдығы өте аз –10 миллион жыл ішінде бір ғана жағдай болуы мүмкін. Атом стансаларының сыртқы қабығы торнадо, дауыл, қатты жер сілкінісі мен су тасқыны, техногендік апаттар, тіпті ұшақтың құлауы сияқты табиғи апаттарға төтеп беруге арналған. Әрбір заманауи АЭС-те ядролық реактордың қорғаныс қабықшасы (контайнмент), стансадағы төтенше жағдайлар кезінде радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін құрылғы бар. Атом стансаларын салу құнының 40%-ы қауіпсіздік жүйелеріне жұмсалады, бұл олардың сенімділігін көрсетеді. Оның сыртында реакторлардың жұмысын Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) бағамдап, қатаң бақылауда ұстайды.
Атом саласындағы еліміздің ғалымдары әлемдегі атом ректорларын салатын негізгі компаниялардың технологияларын зерттеп, төрт ірі компанияны таңдап алды. Олар – қытайлық CNPC (CPR–1000 реакторы), корейлік KHNP (APR–1400, APR–1000), ресейлік «Росатом» (ВВЭР–1200) және француз EDF (EPR–1200) компаниялары. Бұл мәселеге қатысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев болашақта халықаралық консорциум құру мәселесін ұсынды.
Экология мен экономика – тамырлас ұғым
БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі Негіздемелік конвенциясына (COP–28) қатысушылардың 28-ші конференциясында атом энергетикасының көміртегі бейтараптығын орнатудағы әлемдік күн тәртібіндегі рөлі алғаш рет атап өтілген болатын. Оның қорытындысы бойынша 2050 жылға қарай атом энергиясын пайдалануды үш есе арттыру туралы халықаралық декларацияға қол қойылды. Бұл декларацияға Ұлыбритания, Венгрия, Канада, Нидерланды, БАӘ, Польша, Румыния, Словакия, Словения, АҚШ, Финляндия, Франция, Чехия, Швеция, Оңтүстік Корея, Жапония және тағы басқа елдер қосылды. Бұл сапта Қазақстан да бар.
Осы реттегі экологиялық талаптарға келетін болсақ, біз жылу электр стансаларын (ЖЭС) азайтуымыз керек. Себебі ЖЭС 7 миллион тоннаға дейін көмірқышқыл газдарын шығарады. Көмірді жағу нәтижесінде 300 мың тоннадан астам күл пайда болады. Құрамында мышьяк, кадмий, қорғасын және сынап сияқты 400 тоннаға жуық улы металл бар қалдықтар жиналады. Сондай-ақ улы газдарды азайтудың жаһандық міндеті жағдайында жаңа көмір электр стансаларын салу қиынға соғуда. Халықаралық қаржы ұйымдары мұндай жобаларға ақша салғысы келмейді, өйткені көмір табиғатты ластайды. Бұдан басқа Еуропалық Одақ стандарттары енгізілуде. Жылу үшін «лас» электр энергиясын пайдалану мұнай-газ, тау-кен және басқа салалар үшін қиындықтарға әкелуі мүмкін, өйткені олардың өнімдері бәсекеге қабілетсіз болады және қымбаттай түседі.
Атом электр стансасының дәстүрлі энергия көздерінен айырмашылығы – экологиялық таза және тұрақты. 1-1,5 миллион тұрғыны бар қаланы электр қуатымен қамтамасыз ете алатын АЭС 60 жыл жұмыс істегенде 50 текше метр радиоактивті қалдық шығарады. Атом электр стансаларынан шыққан радиоактивті қалдықтар олардың түріне және технологиясына байланысты сақталуы немесе қайта өңделуі мүмкін. Мысалы, 1 килограмм уран толық жанған кезде 100 тонна жоғары сапалы көмір немесе 60 тонна мұнай шығаратындай энергия бөледі. Пайдаланылған ядролық отын қалдық болып саналмайды, өйткені оны қайтадан энергия көзі ретінде пайдалануға болады. Болашақта арнайы реакторлар аса қауіпті радиоактивті элементтерді жоя алады, бұл қалдықтарды азырақ қауіпті етеді. Бұл үшін синтез технологиялары қолданылуы мүмкін.
Сонымен қатар халқымызды толғандыратыны егер АЭС салынса Балқаш көлінің жағдайы қалай болады деген жай. Тағы да мамандардың пікірін айтсам, көлден шыққан су тек стансаны салқындату үшін пайдаланылады және көлге ешқандай пайдаланылған су төгілмейді. Бұл бір жақты процесс сияқты: су тек алынады, бірақ қайтарылмайды. Суды мүлде пайдаланбайтын құрғақ градирня технологиясы да қарастырылуда. Құрғақ градирня дегеніміз – жүйеде айналатын суды салқындату үшін электр стансаларында қолданылатын құрылғы. Құрғақ градирня автокөлік радиаторы секілді суды салқындату үшін үлкен жылу алмастырғыштар мен желдеткіштерді пайдаланады. Бұл судың температурасын оның көлемін жоғалтпай төмендетуге мүмкіндік береді.
Апат болған жағдайда да радиацияның көлге түсу қаупі жоқ. Атом электр стансасында екі жабық су тізбегі бар. Бірінші контур реактормен жанасады және екіншісінен толығымен оқшауланған. Екінші цикл – бұл қарапайым су, ол қызады, буға айналады және энергия өндіру үшін турбинаны айналдырады, содан кейін қайтадан салқындатылады. Бұл екі контур ешқашан қиылыспайды. Балқаштан шыққан су тек салқындату үшін пайдаланылады және радиоактивті заттармен жанаспайды. Сондықтан Балқаш көлі толық қауіпсіз жағдайда және оған ешқандай радиация түспейді.
Уран отыны өзімізден
Ең басты мәселе – біз уран өндіру бойынша әлемдік көшбасшымыз және ядролық отын компоненттерін шығаруда өз өндірісіміз бар. 2023 жылы уран өндіру көлемі 21,1 мың тоннаны, ал уранның барланған қоры 900 мың тоннаны құрады. Қазақстан уран қоры бойынша әлемде Аустралиядан кейін екінші орында, және дүниежүзіндегі қордың шамамен 14%-ы бізде шоғырланған.
Атом энергетикасы саласында озық тәжірибелеріміз бар. Ақтауда орналасқан әлемдегі алғашқы БН-350 реакторы сәтті пайдаланылған болатын. Қазір Алматыдағы Ұлттық ядролық орталық пен ядролық физика институтында Ядролық зерттеу реакторлары жұмыс істейді, оларда қолданыстағы және перспективалы ядролық реакторлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ядролық технологиялардың жетекші жеткізушілерімен бірлесіп зерттеулер жүргізіледі. Осы зерттеулердің нәтижелері әлемде жұмыс істеп тұрған атом электр стансаларында практикалық қолдануды тапты. 2021 жылы Үлбі металлургия зауытында Қытай үшін ядролық отын шығаратын зауыт ашылды.
АЭС жобасы айтарлықтай экономикалық пайда әкеледі. Құрылыс кезеңінде 8 000, ал пайдалану кезеңінде 2 000 жұмыс орны ашылатын болады. Бүгінде Қазақстанда 17,9 мыңға жуық адам атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында жұмыс істеп жатыр. Олардың ішінде ғылыми-техникалық ұйымдарда, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-да мықты мамандар шоғырланған. Сондай-ақ Түркиядағы «Аккую» АЭС құрылысына 150-ден астам қазақстандық қатысуда.
Атом саласы бағыты бойынша 4 070 білімгер бакалавриат, докторантурада оқуда. 2022-2023 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында мамандандырылған білім беру бағдарламалары бойынша 2 848 грант бөлінген.
Сонымен бірге «Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы» РМК базасында Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті мен С.Аманжолов атындағы ШҚМУ филиалдары табысты жұмыс істейді.
2022-2023 жылдар аралығында. Қазақстан, Франция, Ресей Федерациясы және Венгрия атом өнеркәсібінде кадрлық әлеуетті арттыру бойынша бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойды.
Бізде АЭС құрылысына қатысты уран өнеркәсібінде «Қазатомөнеркәсіп» кәсіпорны, ядролық реакторлар, үдеткіштер, критикалық стенд пайдаланылып жүрген Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталығы мен Алматыдадағы Ядролық физика институты бар.
Қазақстанда «Ядролық физика және технология» мамандығы бойынша мамандар жыл сайын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-де білім алуда.
Біздің кадрларымыз бар, ғылымды дамытуға, оны бейбіт өнеркәсіпте пайдалануға әлеуетіміз жоғары. АЭС барлық энергетикалық мәселелерді шешпейді, бірақ олар ұзақмерзімді перспективада сенімді энергиямен қамтамасыз ету үшін маңызды.
Дамыған елдердің табиғи ресурстары бар болғаны 5%-ды құрайды, 18%-ы – өндірістік капитал, ал негізгі 77%-ы білім мен табиғи қорларды тиімді басқаруда жатыр. Әлемдік дамыған елдерде жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде әлемдік экономикалық дамудың жаңа үлгісі пайда болғанын көрсетеді. Адам капиталы мен инновация ең қымбат ресурс болып есептеледі.
ХХІ ғасыр – атом ғасыры, креативті ноу-хау технология ғасыры. Бүгін – ғылымды дамыту уақыты, ұтымды жобалар мерзімі.
Ғалиасқар САРЫБАЕВ,
Парламент Сенатының депутаты