Арамызда ғаламтордағы түрлі ойынға қызығушылық танытатындар да аз емес. Бұл санатқа көбінесе балалар мен жасөспірімдер жатады. Алайда сол ойындардың жастардың кейбірін суицидке итермелеп жатқаны жан ауыртады.
Бүгінде жаһандық желінің түкпір-түкпірінде жасырынып жатқан қауіп көп. Оған бірнеше жыл бұрын ТМД елдерін шулатқан, көптеген қайғылы жағдайға алып келген «Көк кит» ойыны айқын дәлел бола алады.
«2015 жылы әлеуметтік желі арқылы тараған «Көк кит» ойынынан Ресейде 100-ден аса жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаған» дейді ғаламтор ақпараты. Әлеуметтік желілерде күні-түні онлайн «отыратын» ойынның жүргізушілері, яғни кураторлар әр баланы зерттеп, көбінесе ұяң, момын немесе күйзелісте жүрген жасөспірімді құрығына түсіреді. Ойын бірнеше кезеңнен тұрады. Балаларды үркітіп алмас үшін бастапқы тапсырмалар оңай болып, кейіннен келесі кезеңге өткен сайын тапсырмалар қиындай түседі. Ал ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырата алмайтын жас жеткіншектер олардың арбауына түсіп, тапсырмаларды бұлжытпай орындап, ақыры көпқабатты үйлердің шатырынан секіру, тамырын кесу секілді түрлі жолмен суицид әрекетіне барып жатады. Бұған ойын жасындағы баланың әлі де ақ-қараны, өлім мен өмірді ажырата алмай, ойынның әлемін өміріне алып келуі себеп болуда.
Алайда бір қуанарлығы, аталған ойын тараған елдердегі құзырлы органдардың жіті араласуының арқасында оны ұйымдастырушылар тобы қолға түсіп, жасөспірімдерді өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізгені үшін жазаға тартылды. Бірақ бұл бағыттағы оқиғалардың көп болғаны соншалықты, оларға қатысы бар барлық тұлғаларды анықтап, сот алдына алып бару мүмкін болмады. Нәтижесінде, араға уақыт салып, тонын теріс айналдырған «Көк кит» «Қызыл дельфин» атауымен қайта оралды. Қазір бірнеше баланың миын улап үлгерген бұл ойын оқушылардың оқыс өліміне себеп болып, халықты қайта дүрліктіріп отыр. Бүгінде балалар арасындағы ең танымал ермекке айналған ойынның қатысушысы ата-анасынан қашып, оларды алдаусыратып, жасырынып, біржола құтылу үшін өзіне берілген барлық тапсырманы орындайды.
Бейресми мәліметтерге сүйенсек, өтінім берген жеткіншектер өзінің ойынға қатысу себебін бейнежазба арқылы түсіндіруі қажет екен. Болжам бойынша, мұндай механизм кейін балаға қоқан-лоқы көрсету үшін сұралатын көрінеді. Содан соң ойыншыларға 20 тапсырма орындау міндеттеледі. Олардың арасында қару, есірткі және жарылғыш заттар дайындау, ескерткіштерді қирату, белгілі бір нысанға өрт қою, жарылыс ұйымдастыру секілді түрлі заңға қайшы әрекеттер де бар. Егер қатысушы тапсырманы орындаудан бас тартқан жағдайда отбасына, туыстарына зиян келетіні жайлы айбат көрсетіледі екен.
Осылайша, ұялы телефонын жанынан бір елі тастамайтын, ғаламтордағы күмәнді сілтемелерді қызық үшін басатын жеткіншектер «Қызыл дельфиннің» қанды тырнағына ілігіп жатыр. Мәселен, жуырда Алматы қаласында 7-сынып оқитын екі қыз шатырдан секіріп ажал құшты. Араға көп уақыт салмай 12 жасар тағы бір оқушы өзіне қол салды. Оқиғаның болуына оқушылардың сабақ уақытында сыртта жүруі, шатырға шығатын есіктердің ашық болуы деген сияқты жайттар анықталған. Түптеп келгенде, қадағаның болмауы, сақтық шаралардың қатаң сақталмауынының нәтижесі – қайғылы жағдайларға себеп болған.
Бұл жағдайларға «Қызыл дельфиннің» тікелей қатысы бар-жоғы әлі нақты дәлелденген жоқ. Десек те, ойыннан қауіптеніп жатқандардың да күдігі орынды сияқты. Осыған орай, Оқу-ағарту министрлігі арнайы мәлімдеме жасап, ата-аналарға сақтық шараларын ұсынды. Онда баланы өмірінің түрлі кезеңдерінде онлайн кеңістікте қалай қорғау керектігі туралы ұсынымдар келтірілген. Содан кейін әлеуметтік желі қолданушылары аталған ойындар мен боттарды өз баласының, іні-қарындасының телефонынан тауып алып, өшіргені жайлы, оның қаупі туралы жаппай айта бастады. Демек, «Қызыл дельфиннен» көпшіліктің үркуі бекер емес.
Мамандардың айтуынша, ойындар мен платформаларды, сайттарды қадағалау – өте күрделі жұмыс. Ал кейбір нақты бөлігін толық бақылауға алу мүлдем мүмкін емес. Өйткені ойынға қызыққан бала кейбір платформалардың 18 жасқа дейін шектеу қойғанына қарамастан, оны айналып өтудің жолын тауып алады. Мәселен, жеткіншек бұл ойындарға ата-анасының телефоны арқылы немесе туған жылын жалған көрсету жолымен оп-оңай қатыса алады.
Бұл ретте психологтер баланың үйден тыс уақытта не істеп жүргенін, кіммен сөйлесетінін қадағалау қажеттігін айтады. Мысалы, психолог Бибігүл Сайлауханқызы қазақтың «Қызым үйде, қылығы түзде» деген мақалдың жаны бар екенін, сондықтан ақпараттық шабуыл күшейген, кез келген ресурсқа оңай қол жеткізу мүмкіндігі бар қазіргідей заманда қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін барынша қырағылық танытудың маңызы зор екенін айтады.
– Суицид – көпқырлы мәселе. Оның нақты бір себебін басып айту мүмкін емес. Десек те, өзін-өзі өлімге қию, оған өз еркімен, саналы түрде бару эмоционалды күйзеліспен түсіндіріледі. Ондай ойындарды ойнайтын балаларда көбіне өзін жалғыз, сенімсіз сезіну, оқшауланып жүру, ішкі қиындықтары бар балалар ойнайды. Бұған ең әуелі ата-ананың балаға жеткілікті деңгейде көңіл бөлмеуі себеп болады.
– Біздің қоғамда ата-аналар балаларымен ашылып сөйлеспейді, көңіл аудармайды. Алайда сол нәрсе баланың ішкі күйіне, эмоционалдық фонына әсер ете бастайды. Осылайша, балада жалғызсырау пайда болады.Сондай-ақ бұл санатқа жататын балалардың біршамасы – үйде деструктивті тәрбие алғандар. Яғни, әке-шешесі айқайлау, ұрысу, физикалық, эмоционалдық және моральдық тұрғыда жазалау сияқты жолдармен тәрбие беретін жанұяда өскендер. Осындай тәрбие алған балалар «Қызыл дельфин» сияқты ойындарға қатысуы арқылы өзінің жанын түсінетін ортасын тапқандай болады. Сол ойындар арқылы миындағы мақсатын жүзеге асырғысы келеді. Яғни, ойын арқылы, сондағы тапсырмаларды орындау арқылы, жетістікке жету арқылы өзін мықтырақ, сенімдірек және де бір нәрсеге жарайтынын сезінеді. Бірақ оның түпкі себебінде өзіне деген сенімсіздік пен балалық травмалары жатыр. Сондықтан ата-ана баланың эмоционалды күйін бірқалыпты ұстап тұруы керек. Баламен бітпейтін қысым мен айқай-шудан гөрі ашық әңгіме құрып, тыңдауға, түсінуге тырысу қажет. Тым қатты қадағалау немесе мүлдем қараусыз қалдыру да дұрыс емес. Қажетті мөлшерде қарамағына алу дұрыс. Дегенін жасайтын бала қандай жағдай болса да жолын тауып кетеді. Қайғылы жағдайлардың, қолайсыздықтардың алдын алу үшін де баламен құралатын диалог, ашық әңгіме, түсіндіру жұмыстарының жүргізілуі өте маңызды, – дейді маман.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің мәліметтері бойынша, 2024 жылдың қаңтар-шілде айларында елдегі суицид оқиғаларының саны 2,1 мыңға жуықтаған.
Жамбыл облысы да бұл көрсеткіш бойынша алдыңғы қатарда. Бұрнағы кезі облыстық Полиция департаменті мен Білім басқармасы беретін ақапарат бүгінде өңірлік Прокуратураның жіті бақылауында тұр. Аталған құрылымның баспасөз қызметіне хабарласып, суицид деректері туралы ақпарат алуға тырысқанымызбен нақты жауап берілмеді. Десе де, күні кеше Тараз қалалық әкімдікте өткен жиында қалалық білім бөліміне 2008 жылы туылған А. есімді жасөспірімнің бұған дейін өз-өзіне қол жұмсағаны туралы хабарланбағаны үшін №35 мектептің директоры қызметінен босатылғаны туралы айтылды. Ал меңгерушісіне қатаң сөгіс беріліп, мектеп психологі жұмыстан шығарылған. Дәл сондай 2008 жылы туылған А. есімді оқушының жалға алынған пәтерде, масаң күйде 2-қабаттан құлап, өз-өзіне қол жұмсауы әкімдік жанындағы комиссияда қаралған. Сондай-ақ 2006 жылы туылған М. есімді жасөспірімнің суицид туралы хат жазып, үйден шығып кеткен дерегі бойынша да тексеріс жүргізілген.
Әрине, бұл деректердің қайсысына «Қызыл дельфиннің» немесе осы сарындағы ойындардың қатысы бар екені белгісіз. Алайда мектеп оқушылары арасында суицидке бару деректері болып жатқаны айғақталып тұр.
Жамбыл облыстық Білім басқармасына хабарласқанымызда олар да жастар арасындағы суицид деректері туралы көп нәрсені ашып айтпады. Тек осы оқу жылынан бастап «Облыстық психологиялық қолдау орталығы» ашылғанынан құлағдар етті. Аталған орталық оқушылар мен ата-аналарға, сондай-ақ педагогтердің өздеріне де кәсіби психологиялық көмек көрсетеді екен. Сондай-ақ мектептерде Komek, «Бестерек» сынды жобалар іске қосылып, «109» сенім телефоны іске қосылған. Осыған қарап отырып, білім саласына жауапты мамандарды мектеп оқушылары арасындағы суицид деректері алаңдатып отырғанын аңғару қиын емес.
Сондықтан сіз бен бізге болашағынан үміт күтіп, қызығын көремін деп отырған балаларымыздың ажал апанына айдап апаратын арандатушылардан аулақ болуы үшін жеткіншекпен пікір алмасу, оның ойын тыңдауға ден қойып, қадағалау жұмыстарын күшейту қажет. Түптеп келгенде, бала біздің болашағымыз екенін ұмытпаған жөн.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы