АҚШ-қа ауыр сынақ келді: билік жойқын дауылдың салдарымен қалай күресуде?

«Хелен» мен «Милтон» дауылдарынан болған құрбандардың саны 200-ден асқан. Екі дауылдың салдарынан миллиондаған тұрғындар зардап шеккен. Оларға 4-5 санаттағы жойқын дауылдар деген баға берілген.

Aikyn.kz Солтүстік Американың Флорида түбегінде болған екі жойқын дауылдың салдарын талдайды.

«Хелен» дауылынан кейін жүздеген адам із-түзсіз жоғалып, 780 мың үй жарықсыз қалды. Фото standard.co.uk сайтынан алынды

«Хелен» дауылы 2024 жылдың қыркүйек айының соңында Америка Құрама Штаттарының оңтүстік-шығысында жаппай қираулар мен адамдардың өліміне алып келді. Оңтүстік-шығыстағы штаттарда құтқарушылар тірі қалғандарды іздеуді жалғастыруда.

«Хелен» 22 қыркүйекте Кариб теңізінің батысында кең ауқымды төмен қысымды жүйе ретінде қалыптасқан. 24 қыркүйекте ол күшейіп, тропикалық дауылға айналып, Ұлттық дауыл орталығы «Хелен» деп атаған дауыл Юкатан түбегіне жақындайды.

«Милтон» дауылының спутниктен түсірілген суреті, 2024 жылдың 7 қазаны. Фото cnbc.com сайтынан алынды. Авторлығы: NOAA

Қолайлы атмосфералық жағдайдың әсерімен циклон күшейіп, 25 қыркүйекте таңертең жойқын дауылға айналады. 26 қыркүйек күні «Хелен» Мексика шығанағын кесіп өтіп, кешке қарай 4-ші деңгейге жетеді. Кешке Флорида штатының жағалауына 220 км/сағ жылдамдықпен ең жоғары қарқынмен кіреді. «Хелен» 27 қыркүйекте Теннесси штатына жетіп, посттропиктік циклонға айналып, күшін әлсіретеді. 29 қыркүйекте ғана дауыл тоқтайды.

Бұл дауыл Солтүстік Каролинаның батысында, Теннессидің шығысында және Вирджинияның оңтүстік-батысында күшті жаңбыр алып келіп, апатты су тасқыны мен торнадолар тудырған. Алдын ала таратылған мәліметтер бойынша дауыл салдарынан 200-ден астам адам қайтыс болған, $38 миллиард шығын әкелген.

Өлім-жітімнің жартысынан көбі Солтүстік Каролинада болған, жағалауға жақын мекендердегі тұрғындар басқа жерлерге көшірілген. «Хелен» 2005 жылы 1800-ден астам адамның өмірін қиған «Катрина» дауылынан кейінгі ең жойқын дауыл деп саналуда. «Хелен» дауылынан кейін жүздеген адам із-түзсіз жоғалып, 780 мың үй жарықсыз қалды.

Президент Джозеф Байден Флорида, Джорджия, Солтүстік Каролина, Оңтүстік Каролина және Вирджиния штаттарында апаттан зардап шеккендерге федералдық көмек көрсету шараларын бекітті. Фото BBC News сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters

Президент Джо Байден бейсенбіде (3 қазан) Флорида мен Джорджияға екі күндік сапармен барған. Джорджия штатындағы Рэй-Ситиде сөйлеген сөзінде Байден тұрғындарға:

«Мен сіздермен біргемін, қиындықтарды көрдім, естідім. Мен сіздермен бірге қайғырамын және сіздерге көмектесуге уәде беремін. Жағдай тұрақталғанша осында боламыз», – деп тұрғындарға уәде берген.

Президент Флорида, Джорджия, Солтүстік Каролина, Оңтүстік Каролина және Вирджиния штаттарында апаттан зардап шеккендерге федералдық көмек көрсету шараларын бекітті. Солтүстік Каролина тұрғындары өздерін ақырзаманнан аман қалғандай сезінетіндерін айтқан. Штатта он мыңдаған адамдарды ауыз сумен қамтамасыз ететін жүйелер қираған.

Associated Press агенттігі жастары келген ерлі-зайыпты Джерри мен Марсиа Сэвидж төсектерінде қаза тапқандарын айтқан. Олардың немересінің айтуынша, қарттардың Оңтүстік Каролинадағы үйіне ағаш құлаған.

Жүздеген үйлер қирап, мыңдаған тұрғын баспанасыз қалды. Фото cbsnews.com сайтынан алынды. Авторлығы: NOAA

Жүздеген жолдар жабылып, қатты зардап шеккен аудандарға көмектің жетуін қиындатқан кезде, волонтерлер көмекті әртүрлі жолдармен таратуға көмектескен, соның ішінде қашырлар мен жеке тікұшақтар да пайдаланылған. Mountain Mule Packer Ranch қашырларды мыңдаған керек-жарақтарды шалғай елді мекендерге тасымалдауға қолданған. Олардың айтуынша, «адал» жануарлар дала соқпақтарын жақсы біледі және су шайған жолдармен жүре алады.

Бұл команда тоғыз қашырдың көмегімен жүздеген килограмм инсулин, балалар тамағы, жаялықтар, консервілер, тазартқыш құралдар мен үй жануарларына арналған тағамдар жеткізген. 

Ұлттық гвардияның мәліметінше, 16 штаттан келген 6700-ден астам армия мен әскери әуе күштердің сарбаздары да құтқару жұмыстарына қатысуда. Президент көмек көрсету шараларына қатысу үшін қосымша 1000 әскери қызметші жіберген.

Аптаның басында президенттіктен үміткер  Дональд Трамп та Джорджия штатының зардап шеккен аудандарында болды. Фото BBC News сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images

Осы аптаның басында бұрынғы президент Дональд Трамп Джорджия штатының зардап шеккен аудандарында болды. Жақын күндері Мексика шығанағы жағалауы мен Флориданың кей жерлерінде толассыз жаңбыр жауады деп күтілуде, бұл дауылдан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарын қиындатуы мүмкін.

Ішкі қауіпсіздік министрлігінің басшысы Алехандро Майоркас егер алдағы айларда АҚШ-та тағы да осындай дауыл болса, Төтенше жағдайларды басқару федералды агенттігіне көмек көрсету қиынға соғатынын ескерткен.

Байден әкімшілігі дауылдан зардап шеккен аймаққа 8,8 миллионнан астам тамақ, 7,4 миллион литр су, 150 генератор және 225 000 брезент шатыр жіберген.

Mountain Mule Packer ранчосының қашырлары зардап шеккен аудандарға көмек жеткізген. Фото BBC News сайтынан алынды. Авторлығы: Mountain Mule Packer Ranch

Атлантикалық дауыл маусымы қараша айының соңына дейін жалғасады. АҚШ жағалауына үлкен қауіп төндірген тағы бір дауыл «Милтон» болды. Оның қауіпті деңгейі  5-санат деп бағаланған. Бұл атлантикалық дауыл Мексика шығанағында тіркелген екінші ең қарқынды тропикалық циклон болды.

Ол АҚШ-тың Флорида штатында «Хелен» дауылынан кейін 10 күннен кейін болды. «Милтон» 2024 жылы әлемдегі ең күшті тропикалық циклон деп саналуда.

Дауыл алдында Флоридада төтенше жағдай жарияланып, тұрғындарға қауіпсіз жерлерге көшуге бұйрық берілді, нәтижесінде бұл Флоридадағы рекордтық ең үлкен эвакуация деп тіркелді. «Милтон» дауылының салдарынан Флоридаға айтарлықтай шығын келді, 3 миллион адам жарықсыз қалды. Бір түнде дауыл салдарынан Флорида штатының орталық бөлігінде ондаған үйлер қираған.

Флорида штатының қалалары су тасқынынан зардап шекті, ауыз су жоқ. Аз ғана уақытты 16,6 мм жауын-шашын түскен. Фото breakingnews.ie сайтынан алынды. Авторлығы: Associated Press

Теңізде «Милтон» 5-ші дәрежелі дауыл ретінде басталған, бірақ материкке кірген кезде оның күші біршама әлсіреп 3-ші санатқа дейін төмендеген. Ұлттық дауыл орталығының мәліметі бойынша, «Милтон» Флоридаға сәрсенбіде (9 қазан) жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 20:30 шамасында 195 км/сағ жылдамдықпен кірген. Бейсенбінің басында желдің жылдамдығы 150 км/сағ дейін төмендеген.

Штаттың Тампа, Санкт-Петербург және Clearwater қалалары су тасқынынан төтенше жағдайға ұшыраған, сәрсенбі күні (9 қазан) Санкт-Петербургте 16,6 мм жауын-шашын түсіп үлгерген, қалада ауыз су жоқ болған.

«Милтон» Санкт-Петербургтегі 42 000 орындық Tropicana Field бейсбол стадионының күмбезді шатырының бір бөлігін жұлып әкеткен. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, стадион құтқарушылар үшін уақытша баспана ретінде пайдаланылған, бірақ зардап шеккендер жоқ.

Дауыл Tropicana Field бейсбол стадионының күмбезді шатырын жұлып әкеткен. Фото BBC News сайтынан алынды. Авторлығы: ZUMA Press Wire

Дауылдан кейінгі ресми мәліметтер бойынша, кем дегенде 16 адам қайтыс болып, жалпы шығын 100 миллиард долларға жеткен. Флориданың шығыс жағалауындағы торнадодан кейін Сент-Люси округінде 4 адам, Форт-Пирс қаласында кем дегенде екі адам қарттар үйінде қайтыс болғанын NBC News хабарлаған. Шамамен 17 торнадодан 100 үй қираған. 

Синоптиктер дауылдың орталығы үш миллионға жуық адам тұратын Тампа-Бей мегаполисінде болады деп күткен. Бірақ дауылдың эпицентрі Тампа шығанағынан оңтүстікке қарай 100 шақырымдай жерде орналасқан, 5400 адам тұратын Сиеста-Кей қаласы арқылы өткен. Синоптиктердің мәліметінше, теңіз суының деңгейі 4 метрге көтерілуі мүмкін.

Флорида штатының губернаторы Рон ДеСантистің айтуынша, «Милтон» кем дегенде 19 торнадо тудырған, ол көптеген округтерге зиян келтіріп, 125-ке жуық үй қираған, олардың көпшілігі жылжымалы үйлер.

«Қазір эвакуациялау тым қауіпті, сондықтан сіз тұрған жеріңізден баспана тауып, дауылдан тығылыңыз», – деген кеңес берген губернатор.

Флорида губернаторы Рон ДеСантис жел әлсірегенімен қауіптің азаймағанын, су тасқыны қаупі бар екенін ескерткен. Тұрғындардан сыртқа шықпай қауіпсіз орында қалуларын сұраған. Фото rfi.fr сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters

Сәрсенбі күні (9 қазан) түстен кейін Флоридадағы жанармай құю станцияларының төрттен бір бөлігінде жанармай таусылғаны хабарланған. Төтенше жағдайларды басқару федералды агенттігі аймаққа миллиондаған литр су, миллиондаған порция тамақ, сондай-ақ басқа да құралдар мен қосымша қызметкерлер жіберген.

Губернатор ДеСантистің айтуынша, төтенше жағдайлар қызметі «Хеленнен» кейін қалған қоқысты тазарту үшін тәулік бойы жұмыс істейді. Оның айтуынша, 70 000-нан астам флоридалықтар үкіметтік баспаналарға орналастырылған. 

«Жел әлсіреді, бірақ қауіп азаймады. Жаңбыр көбірек жауса, су тасқыны қаупі бар. Сондықтан қауіпсіз орында қалыңыз. Сыртқа шықпаңыз, мүмкіндігінше өзіңізді қорғаңыз», – дейді Рон ДеСантис.

Флорида штатында қалпына келтіру жұмыстарына көмектесу үшін 9 мыңға жуық Ұлттық гвардия сарбаздары, сондай-ақ электр қуатын қалпына келтіру үшін 50 000 электрик жұмылдырылған.

«Милтон» даулының жүріп өткен жолы: Теңізде 5-ші дәрежелі дауыл ретінде басталған «Милтон» материкке кірген кезде біршама әлсіреп, 3-ші санатқа дейін төмендеген. Фото en.wikipedia.org сайтынан алынды. Авторлығы: WikiProject Tropical cyclones

Ақ үйдің баспасөз қызметі дауылға байланысты президент күнтізбесі өзгергенін, осы күндерге жоспарланған Германия мен Анголаға сапарлары кейінге қалдырылғанын хабарлаған. Ақ үйдің хабарлауынша, АҚШ президенті Джо Байден төтенше жағдай қызметінен дауылдың зардаптары туралы үздіксіз ақпарат алып отыр. 

Сәрсенбіде World Weather Attribution ғалымдарының коалициясы жариялаған жаңа зерттеуде екі апта бұрын климаттың өзгеруіне байланысты жойқын «Хелен» дауылы кезінде жауын-шашынның шамамен 10%-ға артқаны айтылды. Теңіздің жылуы аптап ыстықтан да жаман екенін, дүниежүзілік мұхиттың күрт жылынуынан болатын қауіптер туралы айтып, ғалымдар дабыл қағуда.

Ғаламшардың баяу қызуы да желдің жойқын күшіне әсер етеді. Егер адам себепкер болған жаһандық жылыну, климаттың өзгеруі болмаса, «Хелен» Флорида жағалауына кірген кезде желдің жылдамдығы шамамен 20 км/сағ төмен болатынын мамандар да айтуда. Алайда Мексика шығанағындағы судың үстіңгі қабатының температурасы биылғы жылы ерекше жылы болған, бұл «Хеленге» осындай күш алуға мүмкіндік берді.

Зерттеулер көрсеткендей, соңғы онжылдықтарда климаттың жаһандық өзгеруіне байланысты осы ендіктердегі теңіз температурасының қалыптан тыс жоғарылау ықтималдығы жүздеген есе артқан.

Дауылдарды категорияларға бөлу шкаласы. Фото BBC News сайтынан алынды. Авторлығы: BBC

Мексика шығанағы әлі де орташа жылдық деңгейден жылырақ, және «Милтон» дауылының жойқын әлеуеті күшті дауылдардың жылы теңіздерде жиі болатынының тағы бір дәлелі бола алады.

Техногендік сипаттарға байланысты теңізде де, құрлықта да апаттар жиілеп келеді. Биылға Қазақстанда болған су тасқыны да соның бір дәлелі. Алдағы жылдары бұндай қатерлердің алдын алуға дайындық стратегиясының қажеттігі де күшейді. Қауіпті алдын ала болжаған, сақтанған елдер ғана тұрғындардың амандығын қамтамасыз ете алатынын ұлттық үкіметтер жақсы түсіне бастады.

Кейбір табиғат құбылыстарына анықтама:

Дауыл – тропиктік ендіктерде болатын және қатты желмен (жылдамдығы 33 м/с немесе 120 км/сағ жоғары), жаңбырмен, найзағаймен бірге жүретін күшті атмосфералық құйын. Дауылдар теңіз үстінде қалыптасады, құрлықта және жағалаудағы аудандарда айтарлықтай қирауға әкеледі.

Шторм (қатты жел) – күшті желдермен (жылдамдығы 20 м/с немесе 70 км/сағ) және жоғары теңіз толқындарымен бірге болатын күшті атмосфералық ұйытқу. Штормның қарқыны әртүрлі болады, ол теңізде де, құрлықта да әсер етуі мүмкін.

Торнадо – бұл найзағайлы бұлттардың астында пайда болатын және айналатын шұңқыр тәрізді жермен байланысатын қарқынды құйынды ауа ағыны. Торнадо әдетте оқшау пайда болады, бірақ шектеулі аумақтарда ауыр апаттарға әкелуі мүмкін.

Циклон – орталығында атмосфералық қысымы төмен, шеткі жағына қарай жоғарылайтын жоғары көтерілетін және айналатын ауа құйыны. Циклондар әртүрлі ауа массалары соқтығысқанда және Жердің айналуының әсерінен пайда болады. Циклонның ортасындағы температура әдетте шеттеріне қарағанда төмен. Оның жылдамдығы 120 км/сағ жетуі мүмкін, бірақ орташа есеппен 40 км/сағ шамасында.

Антициклон – орталығында жоғары атмосфералық қысым аймағы бар атмосфералық құйын, шеткері жаққа қарай жылжыған сайын қысым азаяды. Солтүстік жарты шарда сағат тілімен, оңтүстік жарты шарда сағат тіліне қарсы қозғалады.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.