Брифингте грек-рим, еркін және әйелдер күресінің бүгінгі жағдайы, даму бағыттары және жетістіктері кеңінен талқыланды. Брифингке федерацияның жетекшілері мен спорт сарапшылары қатысты, олар ұлттық күрестің маңыздылығы мен перспективасымен бөлісті.
Федерация өкілдері Қазақстанның халықаралық ареналарда, атап айтқанда Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында палуандардың көрсеткен жоғары нәтижелерін мақтан тұтатынын жеткізді. Әйелдер күресі өзіне ерекше назар аударатын спорт түрі болып табылатыны айтылды, себебі еліміздің әйелдер күресі соңғы жылдары айтарлықтай жетістіктерге жетті.
Спортшыларымыздың жетістіктері жөнінде Күрес федерациясының бас хатшысы Димаш Сұлтанов:
«2022 жылғы Қазақстан чемпионатына 3 200 адам қатысты. Бұған барлық жастағы барлық стиль кірді. 2023 жылы біз аздаған өсімге қол жеткіздік. Ресми стартқа 3 500 адам қатысты. Егер халықаралық деңгейдегі спорттық нәтижелеріміз туралы айтатын болсақ, 2022 жылғы Қазақстан төрінде үш күнге созылған барлық жастағылар арасындағы турнирде жеңіске жеткенімізді атап өткім келеді. Әртүрлі салмақ категориясы бойынша 114 медаль болса, 2023 жылы көрсеткішіміз 116 медальға дейін өсті. Бұл медаль барлық жастағы құрлықтық және әлем чемпионаттарындағы ресми жарыстарда ғана алынғанын атап өткім келеді» – деді.
Брифинг барысында жастарды күреске тарту және оларға арналған секцияларды ашу туралы идеялар ұсынылды. Күрес федерациясы жастар арасында спортқа қызығушылықты арттыру мақсатында мектептер мен колледждерде жаңа бағдарламаларды енгізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ кадр даярлау, инфрақұрылымды жетілдіру және халықаралық деңгейде ынтымақтастықты дамыту мәселелері де басты назарда болды. Федерация халықаралық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеп, шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу арқылы күрес спортының деңгейін көтеруді көздейді.
Келешекте федерация әйелдер күресінің дамуына арналған стратегиялық жоспарларды жүзеге асыруға ниетті, оның ішінде үміткерлердің санын көбейту, жарыстар өткізу және күрес спортын насихаттау бағытындағы жобалар бар.
«Еліміздегі күрес федерациясы – үздік федерациялардың бірі. Әлемдегі, Азиядағы федерация мүшелерімен тығыз байланыста болып, дұрыс жолда келе жатыр. Тек бір қалада емес, әр облысқа жауапты федерация өкілдері бар. Олардың түгелге дерлік мүшелері жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қарап, түрлі жарыс ұйымдастыруда. Сондай-ақ спортты кеңінен насихаттау және дамыту бағытында жұмыстар атқарудамыз. Бұған дейін мен жүйелі түрде айналысатын спортшылар туралы статистикалық деректерді қабылдадым. Айтайын дегенім, проблемалы аймақтарда әйелдер күресімен айналысатындар саны аз, бірақ федерацияның күш-жігерінің арқасында әйелдер күресінен мемлекеттік жаттықтырушымен бірлесе отырып, Жамбыл ауданында филиал ашуға қол жеткіздік», – деді Қазақстан күрес федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов.
Әсет ҚАЛИ