Соңғы бес айда ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамы 10%-ға төмендеді. Мәселен, мамырда доллар 441 теңге бағамен саудаланса, 9 қазан қарсаңында америкалық валюта 490 теңгеден асып түсіп, «психологиялық межені» еңсерді. AIQYN газеті сарапшылардан теңгенің қандай факторларға байланысты әлсірей бастағанын және доллардың құны 500 теңгеден асып-аспайтыны жайлы пікір сұрады.
Доллар долбарға көнбей тұр
883
оқылды

Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлей­менов теңгенің долларға қатысты неге а­рзандап бара жатқанын түсіндіріп, қазақ­стандық валютаның одан әрі құлдырауын күте ме, жоқ па, соны айтып берді. Сүлей­мен­ов 500 теңгелік нарықтық бағам да жақын арада күтілмейді деп есептейді.

«Қазан айында экономикалық белсенді­ліктің өсуіне байланысты долларға сұраныс­тың артуы байқалады. Яғни, компаниялар мен экономиканың басқа қатысушылары әртүрлі мәміле жасау үшін, әсіресе тауарлар мен технологиялардың импортына байла­ныс­ты долларды жиі сатып ала бастайды. Осы қазанда мұндай сатып алулар күніне шамамен 300 млн АҚШ долларын құрайды, бұл былтырғымен  салыстырғанда екі есе көп. Әдетте күзде инвестициялар мен сауда күшейеді, ал көптеген келісімшарт шетелдік шикізат пен жабдықты пайдалану арқылы жасалады. Сәйкесінше, оған көп мөлшерде АҚШ доллары қажет. Осыған байланысты доллар бағамы да аздап өсті», – деді ол.

Сондай-ақ Ұлттық банк басшысы тең­генің әлсіреуіне әсер ететін бірнеше фактор бар екенін атап өтті. Солардың бірі – АҚШ Федералдық резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемені төмендеткеннен кейінгі әлем бойынша доллардың күшеюі. Қазан айының басынан бастап доллар индексі алты негізгі валютаға қатысты 2,1%-ға, ал рубльге қатысты 4%-дан астам өскен. На­р­ық заңдары бойынша, пайыздық мөлшер­леме төмендегенде инвесторлар үшін валютаның тартымдылығы азайып, әлсірейді.

Сонымен қатар теңгенің бағамына Бір­ыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) валюталық активтерінің үлесін 40%-ға дейін жеткізу туралы шешім де әсер еткен. Бұл долларларға деген сұран­ыстың артуына әкелді. Бірақ Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, қазір бұл үлеске жеттік, сондықтан доллар сатып алуды тоқтатамыз, бізге қазір олар қа­жет емес, және 40% деңгейін ұстап тұра­мыз.

Одан бөлек, Үкіметтің қосымша транс­ферттер сұрауы ұлттық валюта бағамына әсер етуде. Ал осы айда Ұлттық банк бюджеттен 1,4 миллиард доллар сатуды жос­парлап отыр. Бұл рекордты көрсеткіштің бірі. Тимур Сүлейменовтің айтуынша, қазір доллар ұсынысы жеткілікті және бұл жағдай тұрақтануға көмектеседі, ал теңге бағамы қалыпты деңгейге оралады. Орташа алғанда жылдық бағам 460 теңге болады деп есептелген және ол осы деңгейден аса ауытқымайды деп күтілуде.

Ұлттық банк басшысы алдағы уақытта доллардың 500 теңге деңгейіне жетуіне нарық заңдылығы бойынша негіз жоқтығын айтты. Сондықтан экономиканың негізгі көрсеткіштері – ЖІӨ өсімі, төлем балансы, экс­порттың ұлғаюы және импорттың тө­мен­деуі – оң болып қала береді.

Бірақ Halyk Finance басқарма төраға­сының кеңесшісі, экономист Мұрат Темір­хановтың пікірінше, Ұлттық Банктің мұн­дай түсініктемелері нарықтағы теңгенің күрт әлсіреуінің нақты себебін түсіндіріп бере алмайды. 

«Мысалы, биылғы жылдың мамыр айында валюта биржасындағы АҚШ дол­ларымен сауда көлемі жыл ішіндегі ең жоғары деңгейде болып, 5,1 миллиард дол­ларға жетті. Сонымен бірге сол айда дол­лардың теңгеге шаққандағы орташа бағамы жыл ішіндегі ең төменгі көрсеткіш –  442,19 болды. Қазіргі биржадағы сауда дина­микасына қарап, қазан айындағы дол­лар­мен сауда көлемі мамыр айындағыдай болады деп болжануда, бірақ 10 қазанда курс 490 теңге деңгейіне жетіп, «психо­логиялық межеден» асып түсті», – дейді ол.

Сондай-ақ экономист Ұлттық Банктің 10 қазанға қарай Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) валюталық активтері 40% деңгейіне жеткендіктен, АҚШ долларын инвестициялық портфельге сатып алуды тоқтату жөніндегі түсініктемесі де сұрақ туындататынын жеткізді. 

«Біз Ұлттық Банк БЖЗҚ үшін валюта сатып алуды Ұлттық қордан валюта сатыл­ымындағы күрт өзгерістерді теңестіру үшін қолданатынын бірнеше рет атап өттік. БЖЗҚ үшін валюта сатып алудың осындай үлкен айлық өзгергіштігі Зейнетақы қоры­ның салымшылары үшін түсініксіз салдарға әкелуі мүмкін, бұл Ұлттық Банктің іс-әре­кеттеріндегі елеулі мүдделер қақтығысын білдіреді. Біздің ойымызша, БЖЗҚ қаражаты Ұлттық қордан валюта сатылымының өзгер­гіштігін бейтараптандыру үшін қол­дан­ылғандықтан, Ұлттық Банкке қазанда теңгенің әлсіреуіне байланысты теріс тренд байқалған сәттен бастап БЖЗҚ үшін валюта сатып алуды бірден тоқтату керек еді», – дейді сарапшы.

Ал экономист Бауыржан Ысқақовтың пікірінше, теңгенің құнсыздануына сыртқы да ішкі де факторлар әсер етуде. Мысалы, сырт­қы фактордың бірі Ресей мемлекетінің біздің экономикадағы үлесінің жоғары болуы болса, ішкі факторлардың негізгісі –  бюджет тапшылығы. 

– Біз ресейлік тауарлардың импортына тәуелдіміз. Ал Ресейде АҚШ долларына деген сұраныс артты. Сондықтан ол мем­лекет көрші елдерден долларды көптеп са­тып ала бастады. Біздегі долларға деген сұраныстың артуына ресейлік тараптың да әсері бар деп ойлаймын. Сұраныс арт­қанда кез келген тауардың құны өсетіні айт­паса да белгілі. Сонымен қатар эко­номиканың 60 пайызы шетелге тек шикізат түрінде және АҚШ долларына саудалана­тыны да әсер етеді. Ал ішкі факторға келер болсақ, негізгі себеп соңғы уақыттағы бюджет тапшылығының артуы. Салықтық түсімдердің бюджеттегі үлесінің 60 пайызды ғана құрауы теңге бағамына кері әсерін тигізіп отыр. Яғни, бюджет түсімі толығымен бюджеттік шығындарға жұмсалады. Ал әлем­дің дамыған экономикалардың тәжіри­бесінде салықтық түсімдер шығындардан 30-40 пайызға артық. Бюджеттік шығындар­дың 10 пайызын әртүрлі алыммен жапсақ, қалған 30 пайыз бюджет тапшылығының орнын Ұлттық қордағы трансферттер ар­қылы толтырып отырмыз. Осы экономика­дағы  тұрақсыздық ұлттық валютаның құнсыздануына әкеліп отыр, – дейді ол. 

Сонымен қатар экономист ұлттық валюта әлі де өз әлеуетін толық көрсеткен жоқ деген пікірді алға тартады. Оның айтуынша, экономикадағы алғышарттар қалыптасқан да ғана валюта өзін еркін айналымда тұрақты сезінбек.

– Біздегі валюталық қордың дамыма­ғанын теңгені еркін айналымға шығарғаннан гөрі оны қолдан басқаруды жөн санап отырғанымыздан көруге болады. Тек ин­тер­венция шеңберінде долларды арзан бағамен сатып алып, қымбат бағамен сату тәжірибесі көптен бері келе жатқан әдіс. Мұны тоқтатпасақ, үлкен шығын әкеліп отыр. Ұлттық қордағы шетел валютасын өзіміз қалаған бағаммен халыққа сату – бұл экономика үшін де, Ұлттық қор үшін де өте қауіпті құбылыс. Ұлттық валюта өзін бәсекеге қабілетті «сезінуі үшін» экономика­дағы алғышарттардың болуын қамтамасыз етуіміз керек. Мәселен, отандық өндірісті дамытып, импортқа тәуелділіктен арылып, экспортқа шығатын тауарлар санын көбейту керек. Теңгенің айналымын арттыратындай жағдай жасау қажет. Қазір теңге эконо­микадағы әлеуетінің тек 25 пайызын ғана атқарып келеді. Қалған функциясын шетелдік – рубль немесе АҚШ доллары секілді валюталар атқаруда. Сондықтан ұлттық валютамыздың рөлін кем дегенде 2,5 есеге арттыра алсақ, онда оның нарықтағы құны еркін айналымдағы оңтайлы деңгейге жетер еді, – дейді экономист Бауыржан Ысқақов.  

Ә.МҰХАНБЕТ