Сондықтан әлемде түрлі ел әсіребелсенді виртуалды әлемнің сұмдық тегеурініне төтеп берудің сан алуан жолын қарастырып жатыр. АҚШ, Үндістан сияқты алпауыт елдер өз аумағында TikTok-қа тыйым салды. Қазақстандық депутаттар да осы үлгіні таңдауды табанды талап етті. Бұған Үкімет пен бірқатар сарапшы қарсы, неге?
Бұғаттауға бес себеп
Жуырда Геннадий Шиповских бастаған бір топ Сенат депутаты Премьер-Министр Олжас Бектеновке елімізде TikTok платформасын бұғаттауды сұрап, жүгінді.
– TikTok әлемнің түкпір-түкпірінде үлкен танымалдыққа ие. Біздің елде де бұл желінің қолданушылар саны артпаса, кеміген жоқ. Көрші елге тиесілі платформаны кей креативті жан жасөспірімдерді кәсіпке, білімге, ел тарихына қызықтыруға пайдаланып та жүр. Бірақ ондай контент саны өзге контентпен салыстырғанда шөлге тамған тамшыдай! TikTok-тағы контенттің басым бөлігі қандай сарында екенін байқап жүрміз. Әлемдік тәжірибеге назар салсақ, көптеген мемлекет әртүрлі себеппен осы платформаға ішінара тыйым салды, – деді Г.Шиповских.
Сенаторлар дүниежүзінің біраз мемлекетінде TikTok-қа тыйым салынуының негізгі себептерін атады.
Біріншіден, негізінен жас ұрпаққа бағдарланғандықтан оның балалардың психикалық денсаулығына кері әсері алаңдаушылық туғызады. TikTok-тағы кейбір контент балалардың мінез-құлқына залал келтіріп, оларды жалған идеалдарға жетелеп, тәуелділікке әкеледі.
Екіншіден, киберқауіпсіздік – қазіргі заманғы цифрлық әлемнің басты мәселесінің бірі. АҚШ, Франция мен өзге елдер TikTok-тың өз пайдаланушыларының деректерін құпия жинау әдістеріне күмәнданып, желіге шектеу енгізді. Қазақстанда да киберқауіпсіздікке назар аудару өте маңызды, өйткені дербес және мемлекеттік мәліметтердің қорғалуы ұлттық қауіпсіздікпен тікелей, тығыз байланысты.
Үшіншіден, мәліметтердің дұрыс сақталуы, хакерлерге қолды болмауы кепілдендірілмеген. Канада TikTok-тағы деректердің қауіпсіздігіне шүбәланып, шектеу шараларын енгізді. Бұл платформаның пайдаланушылар туралы мәліметтерді жинау және оларды сақтау тәсілдері күмәнді, бұл – Қазақстан үшін де өзекті проблема.
Төртіншіден, қоғамдық тұрақтылықты сақтау мақсатында да шектеулер қажет. Сенаторлардың пайымдауынша, TikTok-та жалған ақпарат пен арандатушы мазмұндардың таралуы елдегі әлеуметтік тұрақтылыққа теріс әсер етуі ықтимал. Жалған ақпараттың, жат насихаттың кеңінен таралуы қоғамда дүрбелең тудырып, қоғамдық пікірді бұрмалайды.
– Бесінші мәселе – адам денсаулығына физикалық, моральдық қауіп төндіру. TikTok-та стрим форматында өткізілетін жарыстар кең таралды. Онда жеңілген адамға жеңімпаз әртүрлі тапсырма береді. Онысы бір қарағанда қызық әрі көңіл көтеруге бағытталғандай. Шынында, мысалы, «Зеленка іш!», «Аузыңа шам-лампа сал!», «Іш киіміңді көрсет!» секілді бұйрықтар адам өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Сондай-ақ қоғам алдында адамның, баланың абыройын түсіріп, моральдық тұрғыда еңсесін жаншып, зорлық көрсетіп, заңнаманы бұзады, – деді Сенат депутаты.
Осыны ескеріп, сенаторлар TikTok-ты Қазақстанда бұғаттауды ұсынды.
Өзге елдер неге тыйым салды?
Төрткүл дүниенің әр түкпірінде қытайлық бұл платформаға түрлі себеппен тыйым салынды. Мысалы, 2024 жылғы наурызда АҚШ Конгресі TikTok-қа жалпымемлекеттік тыйым енгізуді жақтап дауыс берді. Негізгі дәйектеме – бұл қосымшаны Қытай америкалық пайдаланушыларына ықпал ету және олардың құрылғыларын бақылау үшін пайдалануы мүмкін, тиісінше, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді.
2023 жылғы ақпанда Еурокомиссия өз қызметкерлерінің TikTok-ты қолдануына тыйым салды. Еуроодақ АҚШ сияқты толық тыйым салу мәселесін пысықтап жатыр.
Қытаймен бақталас Үндістан 2020 жылғы маусымда TikTok сервисіне жаппай тыйым енгізді. Үнді Үкіметінің тұжырымдауынша, осы және өзге 58 қытайлық қосымша «елдің территориялық тұтастығын бұзады».
Индонезия TikTok-ты 2018 жылғы 3 шілдеде алғашқылар қатарында бұғаттады. Бұған онда «балалар порнографиясының, заңсыз контенттің таралуы, дін ұстындарына қарсы қылықтарды насихаттау» негіз болған. Бұл елдің Байланыс және ақпарат министрі Рудиантра «тек таза контентті қолдау жөнінде кепілдік берсе, оны қайта ашуға болатынын» хабарлады. TikTok тез үн қатып, Индонезияда контентті цензуралау үшін 20 қызметкер алды. Осыдан кейін Индонезия бұғатты алып тастады.
Бангладеш тосқауылдау шарасын 2018 жылғы қарашада қабылдады. Сол кезде осы мемлекетте қауіпсіз һәм сенімді интернет құру үшін «порнографиясы және құмар ойындары бар сайттарды жаппай жою» науқаны жүрді. TikTok бұл елдің де талаптарына жедел ден қойды. Соның нәтижесінде, Бангладеш TikTok-ты бұғаттаудан шығарды.
Бір қызығы, Пәкістан ТикТок-қа дүркін-дүркін тыйым салып, ізінше оны алып тастап отырады. Осы елдің Электр байланыс басқармасы 2020 жылғы шілдеде, қазанда, 2021 жылғы наурыз, маусым, шілдеде, сондай-ақ 2022 жылы қытайлық қосымшаға бұғат салып, бірнеше күннен соң жойды. Бұл ретте алып тастауға – ByteDance компаниясының заңсыз контенттен арылуы, ал қайтара енгізуге – модерациядағы кінәраттар мен заңсыз контенттің қайта пайда болуы себеп болған.
Өзбекстанда «Өзкомназорат» (ақпараттандыру және телекоммуникациялар саласындағы бақылау жөніндегі мемлекеттік инспекция) 2021 жылғы 2 шілдеде TikTok-ты дербес деректер заңын бұзушылар реестріне енгізді. Осыдан кейін өзбек IP-адрестерінен оған кіру мүмкін болмай қалды.
Қазақстандық сенаторлар, қоғам белсенділері: «Көрші Қырғызстан да TikTok-ты бұғаттап тастады ғой?!» – деген дәйектеме келтірді. Қырғыз әріптесіміз, журналист Екатерина Хванның айтуынша, 2024 жылғы 18 сәуірден бері Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің сұрауымен интернет-провайдерлер оған қолжетімділікті шектеді. Ресми себеп – балалардың денсаулығына зиян келтіруінің алдын алу. Комитеттің түсіндіруінше, «TikTok-тың қырғызстандық сегментінде контентке цензура жүргізудің жүйелі және қағидаты жоқ». Содан кейін пайдаланушылардың көбінде қосымша ашылуды қойды. Алайда елде TikTok желісі толық жойылған жоқ, оны айналма жолдармен, VPN арқылы пайдалануға болады, ол үшін ешкім қудаланбайды.
Тыйым ба әлде теңгерім бе?
Wunder Digital компаниясының сарапшылары отандық digital-нарыққа талдау жүргізіп, нәтижесін жариялады. Оған сәйкес, енді Қазақстандағы ең танымал әлеуметтік желі мәртебесіне TikTok ие болды. Бұрынғы көшбасшы, америкалық Instagram-ға енді ысырылып, қытайлық қосымшаға төрден орын беруге тура келді. 2023 жыл қорытындысында TikTok-тың қазақстандық сегментінің аудиториясы бірден 35,4%-ға өсіп, пайдаланушыларының саны 14,1 миллионға жеткен.
Екінші орындағы Instagram қазақстандық пайдаланушыларының санын бір жылда 15,8%-ға арттырып, 12,50 миллионға жеткізді. TikTok сияқты Instagram-ның да аудиториясы – негізінен 18-34 жас аралығындағылар.
Facebook пайдаланушылар саны 18,2%-ға ұлғайып, 2,80 миллионға жетті. Бірақ оның аудиториясы негізінен ересек: 35-44 жастағылар.
Brand Analytics стратегиялық коммуникациялар жөніндегі директоры Василий Чёрный ТикТок Қазақстандағы қоғамдық пікірге жаппай әсер ете алатын дәрежеге жеткенін айтты.
– Біз өз сараптамамызда «Қазақстан» географиясы бар хабарламаларды талдаймыз. Қазақстандық сегментті, географиясын анықтау үшін авторлардың профильдеріндегі деректер, хабарламалардың геометкалары және басқа да мәліметтер пайдаланылады. Алайда TikTok пен Telegram-да хабарламалардың географиясын анықтау күрделі, айқын ақпарат жоқ. Сондықтан олардағы қазақстандық сегментті анықтау үшін хабарламалардың мазмұн-контенті зерделенеді, сондай-ақ қазақ тілінде жазылуы ескеріледі, – деді В.Черный.
Соған қарамастан, сарапшы Қазақстанның TikTok-қа түбегейлі тыйым салуға бармайтынына сенімді. Тыйым орнына теңгерімді қамтамасыз ететін шаралар қабылдануы мүмкін.
«Біріншіден, тыйым Қытаймен арадағы қарым-қатынасқа селкеу түсірер еді. Қырғызстанмен салыстырғанда, Қазақстан мен ҚХР-дің ел басшылары деңгейінде тығыз, достық пейілдегі қатынас орнаған. Екіншіден, өзге әлеуметтік желілермен салыстырғанда TikTok Қазақстанның билігімен, құзырлы органдарымен ынтымақтасып отыр. Ендеше TikTok модерациялауды күшейтсе, заңсыз контентті белсенді жойса, бұғаттау мәселесі күн тәртібіне қойылмайды. Үшіншіден, ТикТоктың Қазақстанда өкілдігі бар. Meta (Instagram, Facebook), Google (Youtube) Қазақстанның құзырлы органдарының талаптарын көп орындай бермейді, мұнда өкілдіктері де жоқ», – деді сарапшы.
Ол тағы бір жайтқа назар аудартты: әлеуметтік желілер Қазақстанда орыстілді болып келеді, сол басымдыққа ие. Бұдан тек екеуі ерекшеленеді: Facebook-та және TikTok-та қазақтілді авторлар мен қазақша контент мол, орысшадан көп. Фейсбукте қазақтілді 134 мың автор тұрақты контент түзсе, TikTok-та олардың саны 753 мыңнан асты.
Модерация жақсарса деген тілек
Заңсыз контентке пәрменді тосқауыл қойылса, сондай-ақ TikTok-тағы қатары қалың жасқа жаппай ұнайтын, ұлттық құндылықтарға құрылған заманауи форматтағы, бүгінгі күннің стиліндегі контенттер түзілсе, Отанын шексіз сүйетін патриот ұрпақ тәрбиелеу үшін бұл платформаның зор әлеуетін кеңінен пайдалануға болады. Бұған сенаторлар қарсы емес. Геннадий Шиповскихтің айтуынша, егер Үкімет TikTok-ты бұғаттауға бармаса, ең құрығанда бұл платформада экстремизмнің, радикализмнің, сепаратизмнің насихатталмауына қол жеткізуі тиіс.
«TikTok. Біріншіден, шектен тыс қауіпті және моральдық құндылықтарға қайшы контенттерді анықтау мен шектеудің нақты алгоритмін ұсынуы керек. Екіншіден, ол жас балаларға қауіп төндіретін контенттен қорғау үшін YouTube Kids секілді балаларға арналған арнайы желі енгізуі қажет. Үшіншіден, егер 13 жасқа толмаған балалар TikTok-қа ата-анасының телефонынан ересек ретінде кірсе, онда Face ID технологиясы арқылы оны бұғаттау механизмін қарастыруы тиіс», – деді Сенат депутаты.
TikTok-та былапыт сөз, анайы көрінісі бар видео, музыкалық тректер еркін таралады. Қазақстандық сегментінде сервистің контентті модерациялауы тым нашар. Мұны жезөкшелік қызметін ұсынатындар, есірткі сататындар, балалар порнографиясын таратушылар, экстремизмді, сепаратизмді ілгерілетушілер пайдаланады. Камера алдында шешіну, дене мүшелеріне зақым келтіру, онлайн суицид, буллинг, тағы басқа заңға қайшы масқара тірліктерге тыйым салынбаған.
Дербес деректерді қорғаумен айналысатын германиялық зерттеушілер TikTok қосымшасы өзін жүктеген жанның смартфонына, планшетіне браузерлік трекер орнататынын анықтады. Сол арқылы өз пайдаланушыларының интернеттегі барлық іс-әрекетін қадағалайды, көз торы, бет-жүзі, саусақ таңбасы сияқты бірегей деректерін жинайды. Бұл деректер Қытайдың құзырлы органдарына беріледі. ByteDance бұл ақпаратты жоққа шығармады, тек ол трекерлер «браузердің қаскүнемдік мінез-құлықтарды танып, соның алдын алу үшін қажеттігін» сылтау етті.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр сенаторларға жауабында Қазақстанда онлайн-платформалар емес, ондағы заңсыз контенттер ғана нысаналы түрде бұғатталатынын айтты.
«Бұзушылықтар анықталғанда оларды жою туралы ескертулер жіберіледі. Ондай материалдар мен интернет-ресурстарға қолжетімділік Бас прокурордың немесе оның орынбасарларының ұсынысымен, сондай-ақ уәкілетті органның нұсқамасы бойынша сот тәртібімен не «соттан тыс бұғаттау» тәртібімен тоқтатылады. Шектеу бойынша техникалық шараларды байланыс операторлары мен «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ-ы қабылдайды», – деді Р.Скляр.
2023 жылы 526, биыл 99 бұзушылық анықталыпты. Олар бойынша 59 хабарлама хаты жіберілді. Жалпы алғанда, ұлтаралық алауыздықты қоздырудың – 45, жалған ақпарат таратудың – 34, митинг-шеру өткізуге шақырудың – 16, сонымен қатар сепаратистік қызметтің, конституциялық құрылысты күштеп өзгертуді насихаттаудың деректері әшкереленді.
Бірінші вице-премьер құқыққа қайшы контентті анықтау бойынша тұрақты негізде мониторинг жүргізілетінін алға тартты. Мысалы, 2023 жыл қорытындысында 44 630 заңсыз материал жойылды. Соның ішінде 10 142 заңсыз контент балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпарат болған. 2024 жылы онлайн платформалар өзіндегі 3 432 материалды жойды, оның 2 137 бұзушылығы балаларға қатысты.
Үкімет TikTok-ты бұғаттауға қарсы. Негізгі дәйектеме – қытайлық тұғырнама Қазақстан билігімен ынтымақтасады.
– Заң бойынша біздің еліміздің аумағында қызметті жүзеге асыру үшін онлайн-платформалардың иелері өзінің Қазақстандағы заңды өкілдерін тағайындауы тиіс. Заңды өкілдердің тізілімі жүргізіледі. 2023 жылы Қазақстанда Byte-Dance компаниясына тиесілі TikTok-тың ресми өкілдігі ашылды. Өз кезегінде TikTok платформасы барлық пайдаланушысы үшін халықаралық құқықтық нормаларға негізделген бірыңғай ережесі мен стандарттарын қолданады, – деді Р.Скляр.
Депутаттар мұнымен келіспейді. Сенатор Әлішер Сатвалиевтің айтуынша, TikTok-тың қазақстандық сегментіндегі функциялары мен алгоритмдері қазіргі кезде Батыс елдерінде қолданатын қатаң нұсқасымен бірдей болуын талап ету қажет. Роман Скляр онлайн-платформалардың өкілдерімен бірлесіп, әрі Қазақстанның ұлттық ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескеріп, тұғырнамаларды бейімдеу үшін жұмыс кеңестері өткізілетінін жеткізді.
Қалай болғанда да, бала атаулының бар ықыласы мен ынта-жігері смартфонға ауған заманда әлеуметтік желілерді ұлттық, мәдени, ақпараттық өнімдерді жаһанға тарату, оларды тәрбие құралы ретінде пайдалану маңызды. Ол үшін қазіргі заман бәсекесіне сай, талабына лайық, сапасымен сүйсіндіретін қазақтілді контенттің үлесін күрт арттырған абзал.
Айхан ШӘРІП