Конкурстық негізде 715,2 мың гектар жайылымды пайдалану құқығы ұсынылды.
"AMANAT": Ауыл тұрғындары 1 миллион гектар жайылымды пайдалануға құқылы
1,210
оқылды

Жалпыға ортақ пайдалануға жататын 946,6 мың гектар жайылым жер жергілікті атқарушы органдарға берілді. Ал конкурстық негізде 715,2 мың гектар жайылымды пайдалану құқығы ұсынылды. «AMANAT» партиясы жанындағы Аграрлық сектордың мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысында жалпыға ортақ пайдалануға жататын жайылымдарға ауыл тұрғындарының қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмысы қалай жүргізіліп жатқаны талқыланды.

Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов атап өткендей, заңнамаға енгізілген түзетулер нәтижесінде жайылым тапшылығына қатысты шағымдар саны 50%-ға азайды.

«Жер және Орман кодекстеріне, «Жайылымдар туралы» және «Жергілікті мемлекеттік басқару туралы» заңдарға енгізілген өзгерістер ауыл тұрғындары жайылымдарды басқарудың арнайы жоспарлары арқылы өз жайылымдарын өздері басқара алатындай етіп, жерді әділ бөлуге мүмкіндік берді. Олар қай жерді аукционға қоюға болатынын, қай жерді ауыл әкімдігінің резервінде қалдыру керек екенін, шағын бизнеске, әсіресе ісін жаңадан бастаған шаруаларға қай жерді беру керек екенін айқындай алады», – деді ол.

Сонымен қатар  халық қалаулысы мемлекет қоғамдық жайылымдарды жақсарту бағытында жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. Яғни, құдық қазу, тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондар құру, мал қорымдарын салу, жемшөп дақылдарын себу және т.б. Заңда жайылымдарды жақсарту бағытында жұмыс жүргізетін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді субсидиялау мәселесі жеке қарастырылған. Ол ауылдық елді мекен айналасындағы жайылымдар ең алдымен ұрғашы мал үшін қарастырылғанын атап өтті.

Ал Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Кеңес мүшелеріне жыл басынан бері АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті ел аумағында 2,5 млн гектар жерде 1 565 жоспардан тыс тексеру жүргізгенін мәлімдеді. Нәтижесінде, 1,9 млн гектардағы заңбұзушылықтарды жою үшін 1 190 ұйғарым енгізілді. Қабылданған шаралар нәтижесінде жер пайдаланушылар 256 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін қайта игере бастады. Сот қабырғасында пайдаланылмай жатқан 177,7 мың гектар жерді мәжбүрлеп алып қою процесі жүргізілуде.

Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары Дәулет Бижанов eOtinish жүйесінде жайылым тапшылығына қатысты шағымдар саны 50%-ға азайғанына назар аударып, жайылым тапшылығы 41%-ға төмендегенін атап өтті. Яғни, 2023 жылы 8,4 млн гектардан биыл 4,9 млн гектарға дейін төмендеді.

Еске сала кетейік, пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлерін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мемлекет меншігіне қайтару жұмысы жүргізілуде. «AMANAT» партиясы ел Президентінің қоғамдық тірегі бола отырып, осы мәселені шешуге алғашқылардың бірі болып қосылды. 2022 жылы маусым айында «AMANAT» партиясының «Жер аманаты» комиссиясы құрылды. Осы уақыт аралығында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 11,7 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, оның 4,8 млн-ға жуығы азаматтар арасында бөлінді.

Ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмысының нәтижесімен танысуға болатын  JerKarta  интерактивті картасы жұмыс істеуде. Кейінгі екі жылда «Жер аманаты» комиссиясы 3 мыңнан астам өтінішті қарап, оның 80%-на қатысты оң шешім қабылдады. Бұл ретте келіп түскен өтініштердің 90%-ға жуығы жайылым және шабындық алқаптарының тапшылығына, 10%-ы жер пайларын ресімдеу, құжаттарды заңдастыру және т.б. мәселелерге қатысты болды.