«Аңқау елге арамза молда» демекші, олардың арасында елге танымал шоу-бизнес өкілдері, айтыскерлер де бар.
Инфобизнестің жылдық айналымы 500 миллион долларға жеткен – депутат
267
оқылды

Осыған байланысты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "AMANAT" партиясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсеноваға «АMANAT» партиясы фракциясының депутаттары атынан депутаттық сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Біз қашан да «сөз қадірі – өз қадірім» деген халықпыз.  Бүгінде әлеуметтік желідегі қаптаған түкке тұрғысыз дүниені түйенің құнына өткізіп жіберетін алаяқтар өзінің де, сөздің де қадірін кетіріп болды.

Біз қазір интернет білім мен ақпараттың көзі ғана емес, жалған ақпарат пен алдап-арбаудың, орынсыз бопсалап, адам өмірін тас-талқан етудің құралы болып отырғанын көріп жүрміз.

Блогерлікті бопсалау мен қыспақтаудың құралы қылып, біреудің абыройын төгіп, сүрінгенін суреттеуді батырлыққа балап жүргендер баршылық.

Мұны таяуда өткен депутаттар форумында сөйлеген сөзінде ел Президентінің өзі тілге тиек етіп: «Кейбір адамдар өздерін блогер деп санап, әкімдердің әр қадамын аңдып, бақылауға алды. Бұдан да сорақысы, олардың арасында жұмысқа кедергі келтіріп, әкімдерге қоқан-лоқы көрсететіндер де бар», – деп сын тезіне алды.

Сөзімізге қоғамнан көптеген келеңсіз мысал келтіруге болады. Мәселен, таяуда Атырауда соңы қайғылы жағдаймен аяқталған оқиға. Қоғамдық тәртіпке бағынуға шақырған күзетшінің ар-намысын аяусыз таптаған блогерсымақтың әрекетінен соң азаматтың қан қысымы көтеріліп, жүрегі тоқтап қалған. Сөз сүйектен өтеді. Ақыры орынсыз дарақылықтың салдарынан бір әулет қара жамылды. Жалпы, мемлекеттік қызметте немесе ел алдында жүрген азаматтардың басқан қадамын аңдып, көп алдында масқаралап хайп қуу әдеткі дүниеге айналды.

Қоғамды дүрліктірген тағы бір маңызды мәселе – әлеуметтік желілердегі арзан ақыл, сапасыз білім сатқыш, білгіштердің көбеюі. Байқап қарасақ, әлеуметтік желілерде «бақытқа жету жолын көрсетемін, жылдам баюды үйретемін, күйзелістен құтқарамын, түпсанаңды түзетемін, бір айда жұлдызға айналдырамын,  тез арықтатамын, шет тілінде сайратып жіберемін» деген секілді сан түрлі курс, вебинар, тренинг сатушылар – блогер, бизнес-тренер, коуч, психолог, мотиваторлардың жарнамасы желдей есіп, сауданың көрігін қыздыруда.

«Аңқау елге арамза молда» демекші, олардың арасында елге танымал шоу-бизнес өкілдері, айтыскерлер де бар.

Оларды ауызекі тілде «инфосығандар» деп атайды. Олардың жүздеген мың теңгеге бағаланған сабақтарын жұрт тіпті несие рәсімдеп сатып алып, кейін қарызға белшесінен батып қалғаны да жасырын емес. Елдің еңсемді көтерсем деген адал үмітін арам жолмен пайдаға айналдырғандарды қалай атауға болады.

Бұлардың ешбір сүзгі мен қадағалаудан тыс өткізіп жүрген сабақтарының кесірінен талай отбасының шаңырағы ортасына түсті.

Қарияның бірауыз сөзі еліңді, кейуананың бірауыз сөзі келінді тәрбиелеген ұлтымыздың отбасы құндылығын кім көрінген өзінше түсіндіріп, шаңырақтардың шырқын алды. Өз тағдырын түзей алмағандар өзгенің киелі табалдырығына төрелік айтып бағуда.

Ал олардың көпке ұсынып отырған сабақтары біздің ұлттық құндылықтарымызға, мемлекеттің «Неке және отбасы туралы» заңына қаншалықты сай екенін тексеріп, талдап жатқан ешкім де жоқ!

Сөйте тұра, кебір деректерде еліміздегі осындай инфобизнестің жылдық айналымы 500 миллион АҚШ долларын құрайтыны айтылған. Болжам бойынша алдағы 5 жылда 2 миллард долларға жетуі мүмкін дейді. Айтпақшы, олар мемлекетке салық төлей ме өзі?!

Тіпті, инфосығандардан мезі болған жұртшылық оларға тыйым салу мақсатында 2023 жылдың 23 қарашасында петиция да жариялаған екен. Өкінішке қарай, қараусыз қалса керек.

Былтыр Мәжіліс қабырғасында «Онлайн платформа және онлайн жарнама» туралы заң жобасы қабылданды. Осы Заңның әлі де болса орындалуы осал болып жатқанын көріп отырмыз. Әйтпегенде, біз көтеріп отырған мәселенің көбі дерлік аталған заңда бүге-шігесіне дейін қамтылған.

Ал  жұртшылықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «АMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасының осындай дерттермен күресуге бағытталған іс-шаралары бір төбе.

Соны ескере келе, Үкімет ең алдымен инфобизнес платформаларының мазмұны мен идеологиясын және заңдылығына, оны жүргізушілердің деректеріне мониторингті күшейтіп, заңбұзушылықтарға жедел әрекет етуі қажет.

Екіншіден. «Онлайн платформа және онлайн жарнама туралы» заңға сәйкес, жауапкершілікке тартуда уәкілетті органдарға тиісті уәкілеттік толық берілуі тиіс.

Осы уақытқа дейін аталған заң аясында қанша адам жауапкершілік жүктегені жайлы статистиканы ашып көрсету маңызды.

Үшіншіден. Бизнес-тренерлер мен коучтер үшін арнайы, кәсіби стандарттар бекітілуі тиіс.

Төртіншіден. Халық арасында интернет алаяқтардан, инфосығандардан қорғанудың амалдарын түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет.