Мысалы, биыл оңтүстіктегі шаруалар құлпынайдан жақсы өнім өсіргенімен, сата алмады. Өйткені нарықты импортталған бағасы арзан құлпынай басты.
Ауылдағы ағайынның орташа жалақысы қала тұрғындарына қарағанда 30 пайызға төмен – депутат
2,388
оқылды

Осыған орай Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, "AMANAT" партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ауыл – ұлтымыздың алтын бесігі, ата кәсібіміздің асыл өзегі. Халқымыздың жартысына жуығын  ауыл тұрғындары құрайды. Алайда нарықтың қыспағымен ауылдан құт қашқаны ешкімге жасырын емес. Ауылдағы ағайынның орташа жалақысы да қала тұрғындарының жалақысына қарағанда 30%-дан астам төмен. Белең алған қымбатшылық пен жұмыссыздықтың да салдарын көбірек тартып отырған – осы ауыл жұртшылығы.

Осыны ескеріп, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл тұрғындарының табысын көбейтіп, әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасын қолға алуды тапсырған болатын.

Осыған орай «AMANAT» партиясы Үкіметпен бірге аталған жобаны былтырдан бері іске асырып жатыр.

Бүкіл өңірді қамтып, ауыл тұрғынына өз шаруасын дөңгелету үшін 2,5 пайызбен өте төмен, алу тәртібі жеңілдетілген шағын несие беретін жобаға жалпы 1 триллион теңге қарастырылған. Бұл – ауыл тұрғындары үшін үлкен қолдау.

Жоба бойынша былтыр 100 млрд теңге бөлінді. Биыл да 100 миллиард теңге бөліну қажет болатын.

Алайда жыл соңына таяса да ол қаражат бөлінбей, Үкімет өңірлерге тек 7 млрд теңге ғана жіберген.

Мұны қалай түсінуге болады? Мемлекет басшысының тікелей бақылауында тұрған жобаның сылбыр орындалуының себебі неде?

Біздіңше, жобаның нәтижелі атқарылуы бойынша бірқатар түйткіл  бар.

Біріншіден, Үкіметтің өз ведомстволары арасындағы өзара келісілмеген әрекеттер жүйелі түрде кедергі болуда.

Өңір әкімдері жоба аясында соманың қайтарылу кепілі болғанын ескеріп, көбінде тәуекелге барудан бас тартып отыр. Ауыл халқын кедейшіліктен құтқаратын бірден-бір жобада әрбір облыс, аудан әкімдері тартынып қалмауы тиіс.

Екіншіден, жобаға қатысушылардың көбісі ауыл шаруашылығы өндірісіне оқытылмайды. Ал онсыз бәсекеге қабілетті өнім шығару мүмкін емес. Осыны ескеріп, «AMANAT» партиясының бастамасымен Жамбыл облысы Меркі ауданында оқыту орталығы ашылды. Енді соны басқа да аймақтарға тарату қажет. Мұны Президентіміз биылғы Жолдауында нақты тапсырды.

Үшіншіден, жоба аясында ауыл тауар өндірушілерін қолдауға арналған кешенді экожүйенің құрылмауы дайын өнімді өткізуде қиындық тудыруда.

Мысалы, биыл оңтүстіктегі шаруалар құлпынайдан жақсы өнім өсіргенімен, сата алмады. Өйткені нарықты импортталған бағасы арзан құлпынай басты. Шаруалар өнімді қайта өңдеуге, ұзақ сақтауға қажетті инфрақұрылым болмағандықтан, өз құнынан арзанға сатуға мәжбүр болды. Соның салдарынан шығынға батып, қарыз болып қалды. Несие қаражатының қашан қайтарылатынын айту қиын.

Төртіншіден, жобаға несиелік берешегі бар азаматтар қатыса алмауда. Мемлекеттік қолдауды бірінші кезекте қажет ететіндер де осылар болатын. Бірақ банктік қарыздың болуына байланысты олар мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін пайдалана алмай, жеңілдетілген несие алып, өз ісін аша алмайды.

Аталған жайттар жобаның тиімділігін төмендетіп отыр.

Осы ретте, Президенттің ауыл халқының тұрмысын жақсартуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасына қосымша келесі шараларды тез арада пысықтау қажет.

1. Шағын ауыл шаруашылығы өндірушілері өндірген өнім үшін сертификаттауды жеңілдету мәселесін пысықтау.

2. Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру.

3. Жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет.