Асырап алған 6 балаға ит-мысықтың етін жегізіп, азаптаған «емші» қамауда отыр

Ұлықбек Сманов ҚР Ішкі істер министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің Шымкент қаласындағы №69 республикалық мемлекеттік мекемесінде қамауда отыр.

Атышулы қылмыстық іс бойынша шыққан қаулы негізінде «қамқорлығына және асырап алған балаларына қорлық көрсетті» деп айыпталған Ұ.Сманов жауапкершіліктен босатылған болатын. Созылмалы және психикалық аурумен ауыратыны және өз іс-әрекеттерін жасау кезінде ес-түссіз жағдайда болғанына байланысты мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу шарасы тағайындалған. Алайда, оның қазір тергеу изоляторында отырғаны белгілі болды.  Бұл туралы Kazinform жазды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ұлықбек Сманов ҚР Ішкі істер министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің Шымкент қаласындағы №69 республикалық мемлекеттік мекемесінде қамауда отыр. Шымкент қалалық ҚАЖД редакциямыздың сауалына жауап ретінде Смановтың тергеу изоляторында отырғаны туралы ақпаратты құрғақ растаумен шектелді.

«Жазасын өтеуші сот тағайындаған жазасын өтеп жатыр. Оның денсаулығы туралы ақпарат жария етілетін ақпаратқа жатпайды. Сонымен бірге сотталғандарға медициналық көмек көрсету Денсаулық сақтау министрлігінің құзырына берілгенін хабарлаймыз»,  делінген департамент жауабында.

Ал Денсаулық сақтау министрлігі сот қаулысымен мәжбүрлеп емдеуге жіберілген науқастың жағдайы мен емдеу хаттамасы туралы ақпарат беруден бас тартты. «Дәрігерлік құпияға» сілтеме жасалған жауапта Қазақстан Конституциясына сәйкес, әрбір азаматтың жеке өміріне, оның ішінде жеке және отбасы құпиясына құқығы бар екені көрсетілген. Тіпті, ауыр қылмыс үшін сотталған кезде де заң жеке өмірге сырттан орынсыз араласуға жол бермейді.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 171-бабы мен 173-бабында сотталғандарға бөлек анықтама берілмеген. Олар психикалық және мінез-құлық бұзылыстары (аурулары) бар адамдар болып саналады»,  делінген Денсаулық сақтау министрлігінің жауабында.

Неліктен Ұлықбек Сманов бүгінге дейін Ақтас ауылында орналасқан, еліміздегі жалғыз мекеме саналатын, қарқынды бақылаудағы мамандандырылған республикалық психиатриялық ауруханаға ауыстырылмаған? Бұл сұрағымызға жауап берген заңгер Евгений Яворский есі дұрыс емес деп танылған жазасын өтеушілер шынымен де арнайы мекемелерде емделу керек екенін атап өтті. Алайда  кейбір жағдайларда, мәселен орын жеткіліксіз болғанда немесе ауыстыруды ұйымдастыруда қиындықтар туындаған кезде олар тергеу изоляторында қалуы мүмкін.

«Оның емделуге жіберілгені туралы ақпаратты ескерсек, онда бұл уақытша шешім болуы мүмкін»,  деп түсіндірді адвокат.

Құқық қорғаушының ойынша, іс жүзінде ақыл-есі дұрыс емес деп танылған адамдардың қажетті емдеу мен тиісті бақылауды қамтамасыз ететін жағдайда болуына кепілдік беретін шараларды енгізу қажет.

Айта кетсек, ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика комитеті «Ақпараттық қызмет» жүйесі жасаған құжатта Ұ.Смановтың 1993 жылы «абайсызда адам өлтіру» бабымен істі болғаны және психикалық ауытқуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылып, ол мәжбүрлеп емдеуге жіберілгені көрсетілген.

Еске салайық, Шымкентте жергілікті «емшінің» 6 баланы қамқорлыққа алып, оларға ит пен мысықтың етін бергенін, мал бақтырып, үш жылдан бері азаптап келгенін жазған болатынбыз.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram  арнасынан таба аласыз.