Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатымен қаржы нарығын дамыту және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заң жобасы әзірленді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, заң жобасы аясында Қазақстанда шетелдік банктердің филиалдарын ашуға қойылатын талаптарды ырықтандыру ұсынылып отыр.
– Осы мақсатта шетелдік банк ашуға рұқсат алу үшін қажетті құжаттар тізімін қысқарту көзделеді. Құжаттар саны шетелдік бас компанияның рейтингіне байланысты болады. Шетелдік инвесторларды көбірек тарту үшін филиалдар құру кезінде шетелдік банктің активтеріне қойылатын талаптар 20-дан 10 миллиард АҚШ долларына дейін қысқартылады. Шетелдік банктердің филиалдары үшін рұқсат етілген қызмет түрлері кеңейтіледі, – деді М.Әбілқасымова.
Сонымен бірге түзетулер қаржы нарығын, оның ішінде банк және сақтандыру салаларын, бағалы қағаздар нарығын және микроқаржы қызметін реттейтін заңдардағы нормаларды оңтайландыруды көздейді. Сондай-ақ сақтандыру нарығы мен бағалы қағаздар нарығын дамытуға бағытталған шаралар ұсынылады.
Бұдан бөлек, заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Ерлан Стамбеков қосымша баяндамасында Мәжіліс депутаттары қазақстандықтардың құқығын қорғауға бағытталған қосымша түзетулер енгізуді ұсынғанын атап өтті.
– Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарды қорғау мақсатымен кемінде үш ай мерзімге несиелер мен микрокредиттер беруді кейінге қалдыруды, сондай-ақ ай сайынғы төлемдерді 50 және одан да көп пайызға қысқартуды міндетті түрде қамтамасыз ету көзделген. Қарыз алушы жеке тұлғалардың құқықтарын қорғау үшін банктік несиелерді мерзімінен бұрын өтеу айыпақы өндіріп алу алынып тасталды. Шағын несиелер бойынша оны қайтармағаны үшін айыпақыларды қоспағанда, кез келген айыпақыны есептеуге тыйым салынады, – деді Е.Стамбеков.
Қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттыру мақсатымен мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз және қолайлы орта құру талаптары да енгізіледі. Ал қарыз алушыларға түсетін жүктемені азайту үшін банктік несие немесе шағын несие шарттары бойынша сақтандыру агентінің комиссиялық сыйақысының ең жоғары мөлшері 10 пайызға дейін белгіленеді.
Талқылау барысында депутаттар жауапты Үкімет мүшелеріне заң жобасының нормалары бойынша сұрақтарын қойды. Нәтижесінде, түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылданды. Оларды екінші оқылымға дайындау жұмыс тобында жалғасады.
Ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу, мемлекеттік наградалар және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері туралы заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Ерлан Саиров аталмыш құжат аясында мемлекеттік органдардың халыққа қызмет көрсету сапасын арттырып, азаматтарға мемлекет жұмысының ашықтығын қамтамасыз ететін тетіктер болатынын атап өтті.
– Ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектегені үшін мемлекеттік органдардың жауапкершілігі күшейтіледі. Ақпаратқа қол жеткізу саласында мемлекеттік бақылау енгізіліп, ақпараттың ашықтығы презумпциясы және оны проактивті түрде тарату қағидалары бекітіледі. Мүгедектігі бар жандардың ақпаратқа қол жеткізуіне қажетті жағдай жасалады, – деді Е.Саиров.
Дауыс беру қорытындысы бойынша Мәжіліс депутаттары заңды екінші оқылымда қабылдап, одан әрі Сенаттың қарауына жолдады.
Бұдан бөлек, Мәжіліс комитеттері бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады. Олардың қатарында «Мәдениет туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, нормашығармашылықты жетілдіру, денсаулық сақтау саласындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық реттеуді болғызбау, инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес туралы заң жобалары бар.
Парламент Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев Премьер-Министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында ауыл тұрғындарының жалақы мәселесін көтеріп, белең алған қымбатшылық пен жұмыссыздықтың да салдарын көбірек тартып отырған осы ауыл жұртшылығы екенін тілге тиек етті.
«Ауылдағы ағайынның орташа жалақысы да қала тұрғындарының жалақысына қарағанда 30%-дан астам төмен. Осыны ескеріп, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл тұрғындарының табысын көбейтіп, әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасын қолға алуды тапсырған болатын. Осыған орай «AMANAT» партиясы Үкіметпен бірге аталған жобаны былтырдан бері іске асырып жатыр. Жоба бойынша былтыр 100 млрд теңге бөлініп, игерілді. Биыл да 100 млрд теңге бөліну жоспарланған болатын. Алайда жыл соңына таяса да ол қаражат бөлінбей, Үкімет өңірлерге тек 7 млрд теңге ғана жіберген.
Біздіңше, жобаның нәтижелі атқарылуы бойынша бірқатар түйткіл бар. Біріншіден, Үкіметтің өз ведомостволары арасындағы өзара келісілмеген әрекеттер жүйелі түрде кедергі болуда. Екіншіден, жобаға қатысушылардың көбісі ауыл шаруашылығы өндірісіне оқытылмайды. Үшіншіден, жоба аясында ауыл тауар өндірушілерін қолдауға арналған кешенді экожүйенің құрылмауы дайын өнімді өткізуде қиындық тудыруда. Төртіншіден, жобаға несиелік берешегі бар азаматтар қатыса алмауда», – деді депутат.
Осы ретте, депутат Е.Бейсенбаев Президенттің ауыл халқының тұрмысын жақсартуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасына қосымша бірқатар шараларды тез арада пысықтау қажет екенін атап өтті.
Келесі бір депутат, «AMANAT» партиясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы Премьер-Министрдің орынбасары Т.Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында интернет-алаяқтықтың алдын мәселесіне тоқталып, жұртшылықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған бірқатар іс-шараларды атап өтті. Айтуынша, блогерлікті бопсалау мен қыспақтаудың құралы қылып, біреудің абыройын төгіп, сүрінгенін суреттеуді батырлыққа балап жүргендер баршылық.
«Таяуда өткен депутаттар форумында ел Президентінің өзі тілге тиек етіп: «Кейбір адамдар өздерін блогер деп санап, әкімдердің әр қадамын аңдып, бақылауға алды. Бұдан да сорақысы – олардың арасында жұмысқа кедергі келтіріп, әкімдерге қоқан-лоққы көрсететіндер де бар» деп сын тезіне алды. Сөзімізге қоғамнан көптеген келеңсіз мысалдар келтіруге болады.
Қоғамды дүрліктірген тағы бір маңызды мәселе – әлеуметтік желілердегі арзан ақыл, сапасыз білім сатқыш, білгіштердің көбеюі. «Аңқау елге арамза молда» демекші олардың арасында елге танымал шоу-бизнес өкілдері, айтыскерлер де бар. Оларды ауызекі тілде «инфосығандар» деп атайды. Олардың жүздеген мың теңгеге бағаланған сабақтарын жұрт тіпті несие рәсімдеп сатып алып, кейін қарызға белшесінен батып қалғаны да жасырын емес. Сөйте тұра кебір деректерде еліміздегі осындай инфо бизнестің жылдық айналымы 500 миллион АҚШ долларын құрайтыны айталған. Болжам бойынша алдағы 5 жылда 2 миллард долларға жетуі мүмкін дейді. Айтпақшы, олар мемлекетке салық төлей ме өзі?!» – деді ол.
Депутат өз сөзінде осындай инфосығандардан мезі болған жұртшылық оларға тыйым салу мақсатында 2023 жылдың 23-ші қарашасында петиция жариялағанын еске салып, оның әлі күнге дейін қараусыз қалғанын айтып өтті. Сонымен қатар жұртшылықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «AMANAT» партиясының «Қарысыз қоғам» жобасының осындай дерттермен күресуге бағытталған іс шаралары бір төбе екенін де негізге алды.
С. БЕГІМБАЙ