Қайрат бірде әңгіме барысында әкесі Өмірбайдың аталы сөзі мәңгілікке есінде қалып қойғанын айтқаны бар: «Ешкімнің ала жібін аттама, не көрсең де, таза еңбегіңмен көр. Басқалармен бақталас болма, ешкімнің алдын кеспе, ақылың мен күш-жігеріңе сен, әріптестеріңнің жеңісіне қуана біл, өзің жетістікке жетсең, айналаңды танымай кетпе. Жоқ болса, жасыма, бар болса, тасыма. Атқарған еңбегіңді ешкімге міндет қылма. Осындай қасиеттерің болса ғана алысқа шаба аласың, балам!».
Балалық балдәурен шағын өткізіп, білімнің әліпбиін үйренген ауылын аузынан тастамай, аяулы ата-анасы жатқан жердің түтінін де қашанда сағынып жүретін Қайрат әкесінің айтқан сол бір ақылын есінен шығарған емес. Айтары жоқ, елдік қасиеттердің ер жігітті ерлікке жетелейтінін әу басынан көкірегіне түйген Қайрат өзі туралы әңгімені ылғи әкесін айтудан бастайтыны ойымда жатталып қалғаны тағы бар. Себебі Қайраттың ғылымның соқпақты жолында асу асып, биікті бағындыруы ең алдымен әкесінің берген тәлімді тәрбиесінде жатыр.
Әке сөзіне серт берген ол ешқашан болдым демеді, толдым демеді. Үнемі ізденіс үстінде жүреді. Ғылымдағы өз орнын жақсы біледі. Бірақ онысын жаһанға жар салып жарнамалаған емес. Айтарын айқайлап, берерін бұлдап жатпады. Алаштану әлеміне сырбаз басып, сыпайы есік қағып кірген ол «менімен» емес, әркез еңбегімен, шығармашылық ізденісімен танылды. Ал жалпы ғылымға деген адалдығы – өз алдына бөлек әңгіме. Қашанда тазалық пен әділеттік үшін талай жерде шырылдап жүреді. Осының бәрі әкесінің бір ауыз астарлы сөзіне біржолата құлағанынан болар!
Әкесі демекші, Өмірбай ақсақал балаларына ісімен де, сөзімен де өнеге бола білгенін оның өмірбаяны толық дәлелдейді. Балалық шағын Төңкеріс елді мекенінде өткізген Өмірбай сегізге толғанда шешесі дүниеден өтеді. 30-жылдардағы аштық зардабын әбден татып шыққан үш ұлдың үлкені Өмірбай оқу жасына келгенімен, ең алдымен өмір үшін күресуіне тура келді. Үйден таң ата масақ теруге шығып, күн батқан кезде оралатын кездері жиі болатын. Отбасының бар ауыртпалығы өз басына түскен Өмірбай бастауышты бітіргенімен, жеті жылдық мектепті аяқтауға мүмкіндігі болмайды. Буыны бекімей жатып ұжымшардың жұмысына шығып, өгіз қосып, соқамен жер жыртып, арба айдап, тракторға су таситын.
Бір зобалаңнан екінші зобалаңға түскен жас жігіт 1941 жылдың 11 желтоқсанында әскерге алынады. Алғашында Атшабар базары маңындағы ескі қораларда 1942 жылдың мамырына дейін жаттығудан өтті. Ал 6 қарашада майдан шебіне жетіп, 11 қарашада басталған Сталинград шайқасында алғашқы ұрысына қатысады. Сол соғысқаннан 2 мамырда Берлинді алуға қатысып, бір-ақ тоқтайды. 1945 жылдың 22 шілдесінде Мәскеудегі Жеңіс шеруіне қатысқан Өмірбай атамыз жаудың 11 танкісі мен 17 автомашинасын жойып, 40 фашисті жаһаннамға жіберген. Тіпті, ол кісі Кеңес Одағының батыры атағына да ұсынылыпты. Бұл тұрғыда Өмірбай Сақұлының тағдыры 1945 жылы 6 мамырда Совет Одағының Батырына ұсынылып, бірақ белгілі себептермен жоғары атақты ала алмай қалған Рақымжан Қошқарбаевқа ұқсас.
1947 жылдың басында әскерден туған жерге оралады. Ауылға келгеннен кейін де тыным табуды білмеген ол еңбегінің арқасында Алматыдағы колхозшылар съезіне делегат болып, 1963 жылы Мәскеудегі көрмеге қатысқан. 1950 жылдың қазанында партия ұйымының хатшысы болған. «Молотов» ірілендірілген ұжымшарының жылқы фермасының бастығы, шаруашылық бригадирі болып қызмет етті. Кейін 18 жылдай №1 тауарлы-сүт фермасын басқарды. Соғыстағы ерлігі үшін Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, II дәрежелі «Отан соғысы», екі дүркін I дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, ал бейбіт өмірдегі ұзақ жылғы жемісті еңбегі ескеріліп, Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Зайыбы екеуі он үш перзент тәрбиелеп өсірді. Қайрат – осы үйдің үшінші ұлы.
Балағынан топырақ борап жүрген бала кезінен газеттерге мақала жазып, елдің көзіне түсе бастаған Қайраттан ата-анасы да, ауылдың үлкендері де көп үміт күтті. Ол сол сенімді ақтады да. Қазір қазаққа белгілі азамат. «Жігітке жеті өнер де аз» деген қағидамен тәрбие алған Қайрат жас кезінен сөз өнеріне жақын болғанымен, бертін келе өмірін ғылымға арнауға бел буды. Ғалым ретіндегі басты қасиеті «Ғылым – Газет – Кадр дайындау» үштағанын ұштастыра білгенінде жатыр деп ойлаймын. Осы синтезді өзінің еңбек жолында басты арқау етіп алған ол ғылыми өмірінің мәнін дәл тапқан оқымысты екені – басы ашық ақиқат.
Белгілі алаштанушы Қайрат Өмірбайұлы Сақ ғылымға бет бұрған алғашқы күннен қазақтың өшуге аз қалған қилы тарихын ғасырлар қойнауынан іздеуден бастады. Оған барар жол ретінде аз уақытта төте жазуды (Ахмет Байтұрсынұлы әліппесін) жетік меңгеріп алды. ҚазМУ-дің Журналистика факультетін 1990 жылы үздік бітіріп, шетелдегі қазақтармен мәдени байланыс жасайтын «Біздің Отан» газетіне тілші болып орналасқаны да өз септігін тигізбей қалған жоқ. Араб жазуын жетік білуінің арқасында белгілі библиограф-ғалым Үшкілтай Сұбханбердинамен бірге «Дала уәлаятының газеті» энциклопедиялық жинағын құрастыруға атсалысты.
Тарих қойнауына сүңгіген жас ғалым кезінде зорлықпен жабылып қалған «Қазақ» газетін қайта жандандыруды қолға алып, осы басылымның бас редакторының орынбасары қызметін атқарғаны да – әлгі симбиоздың сиқырлы сәті. Кейіннен ол осы газеттің энциклопедиялық жинағын құрастырып, отандық және шетелдік ғалымдардан жоғары бағасын алды. Тиімділігі тас жаратын симбиоздың барлық тылсым тұстарын аша білген адам ғана журналистика диалектикасының апогейіне дейін аударып-төңкеруге қауқары жететінін Қайрат Сақ осылайша өз ізденісімен аз уақыттың ішінде дәлелдеп шықты. Тіл білген, төте жазу таныған жас ғалым кеңестік кеңістіктің ірі қалаларындағы мұрағаттарды ақтарып, тапқанын мұқият зерделей білді. Ақыры, студент кезінде ұстазы Тауман Амандосовтың ғылыми жетекшілігімен үздік баға алған диплом жұмысының тақырыбын дамытып, 1998 жылы ұстазы Темірбек Қожакеевтің ғылыми жетекшілігімен «Қазақ» газетінде ұлттық-саяси және әлеуметтік мәселелердің жазылуы» деген атаумен кандидаттық диссертациясын абыроймен қорғап шықты.
Шынында да, журналистиканың ғылыммен тығыз байланысын орнатпай және соның бәрінің басында өзің жүріп, зерделемей, оның үстіне, осы салаға маман дайындау ісінің қыр-сырын меңгермей органикалық тұтастыққа жету мүмкін емес. Қайрат – дәл осыны жыға түсінген ғалымның бірі. Сондықтан да бұл қасиеті ғылымға адалдықтың өлшемін бір адамдай білетін Қайрат Өмірбайұлының азаматтық мәртебесін асқақтата түседі. Қазақстан журналистикасының маман даярлау ұстаханасының менеджеріне айналған Қайрат Сақ шын мәнінде журналистика теориясы мен тәжірибесінің өзара байланыста дамуына зор үлес қосқанын астын сызып айтып отырғанымыз да сондықтан.
Ғалым жолы – даңғыл жол емес. Олай болса, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, 2007 жылғы «Жылдың ең үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері Қайрат Сақтың өмір жолын қысқаша шолып өткеннің әбестігі бола қоймас. Ол 1996 жылы өзі түлеп ұшқан Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің «Журналистика тарихы» кафедрасының аға оқытушылығына келді. 1998-2008 жылдар аралығында «Қазақ университеті» газетінің бас редакторы, «Қазақ университеті» баспасының директоры, «Баспа ісі және әдеби редакциялау» кафедрасының доценті, көп ұзамай осы кафедраның меңгерушісі болып бекітілді.
Еуразия Халықаралық теледидар және радио академиясының академигі, профессор Қайрат Сақ ғалымдық һәм ұстаздық жолында талай қиындықты бастан өткерді. Дей тұра, білімі мен парасаты, ақық жаны мен жайлы мінезі оны талай кедергілерден сүріндірмей алып шықты. 200-ден аса ғылыми мақаланың, 500-ге таяу публицистикалық еңбектің авторы Қайрат Сақ «Қазақ» газетінің тарихы мен тәжірибесін зерттеп, гранттық қаржыландыру бойынша ғылыми жобаларды іске асырып, бірнеше оқу құралы мен монография жазды.
Осы жылдар ішінде «Елу деген бір белес» публицистикалық жинағы мен «Ұлттық сана ұйытқысы», «Қазақ журналистикасы», «Алаш мұрасы» атты оқу құралдарын жарыққа шығарды. «Алаш көсемсөзі: Жер мәселесі», «Алаш көсемсөзі: Тіл мәселесі», «Алаш көсемсөзі: Дін мәселесі», «Алаш көсемсөзі: Шаруашылық мәселесі» атты кітаптардан тұратын көптомдықты дүниеге әкелген Қайрат Сақтың алаштануға қосқан үлесі өте зор деп батыл айта аламыз. Оның сондай-ақ қытайдың көрнекті жазушысы Ба-Цьзиннің «Ызғарлы түн» романын қазақшаға аударғанын да айта кеткен ләзім.
Журналистика тарихында ғана емес, ұлт шежіресінде маңызы зор Алаш қайраткерлерінің баспасөз ісін ұйымдастырудағы азаматтық көзқарасы мен ұстанымдарын жас ұрпақ санасына сіңіру үшін күні бүгінге дейін аянбай еңбек етіп келе жатқан Қайрат Сақ 1992 жылы Осло және Стокгольм, 2008 жылы Ыстанбұл, 2009 жылы Бесторос, 2011 жылы Үрімші, Париж, 2017 жылы Вашингтон, Нью-Иорк, 2018 жылы Шанхай қалаларында шетелдік іссапарларда болып, тағылымдамалардан өткен Қайрат Сақ әлемдік журналистика өнерінің қыр-сырын меңгерумен қатар өзінің де жеке тәжірибесімен бөлісіп қайтты.
2008 жылы Қайрат Сақ Астанадағы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Филология факультетінің «Журналистика» кафедрасының меңгерушісі қызметіне шақырылды. Ал Журналистика және саясаттану факультеті өз алдына отау тігіп шыққаннан кейін «Баспасөз және баспа ісі» кафедрасының меңгерушісі болды. 2011 жылы Журналистика және саясаттану факультетінің деканы қызметіне кірісті. Он үш жылдан бері осы орнында қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан оның алған асуы аз емес.
Қайрат Сақ басқаратын факультетте алғашқы жылы студенттердің жалпы саны 200-ден сәл артық болса, ал биылғы жаңа оқу жылында қабылданған бірінші курс студенттерінің өзі 200-ден асты. Солардың басым көпшілігі мемлекеттік білім грантының иегерлері, ал үштен бірі «Алтын белгі» иегерлері және халықаралық, республикалық олимпиада мен ғылыми жоба жеңімпаздары екенін ескерсек, факультеттің абитуриенттер арасында қандай зор беделге ие болғанын анық аңғарасыз.
Қайрат декан болғалы көптеген жоба жүзеге асырылды. Біріншіден, факультет қысқа мерзімде журналист мамандар даярлауда республикадағы бірегей орталыққа айналғанын басқа жоғары оқу орындарындағы әріптестері мойындады. Оның нақты дәлелі – республикалық оқу-әдістемелік бірлестіктің «Журналистика және ақпарат» бағыты бойынша жобаларды басқару тобына жетекшілік ету Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2017 жылғы шешімімен Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне берілді. Бұрын журналистика бойынша диссертациялық кеңес тек әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де ғана болса, енді Астанадағы ЕҰУ де жас ғалымдарға зор мүмкіндік туғызып отыр.
Екіншіден, факультетте «Қазақстан» телерадио корпорациясы» мен «Хабар» агенттігінің арнайы аудиториялары, ҚР Президенті телерадио кешені сыйлаған оқу телестудия, «Қазақ» радиосы сыйға тартқан радиостудия мен Aiqyn газеті жабдықтап берген арнайы аудитория мен Қазақ футбол федерациясының көмегімен ашылған Сейдахмет Бердіқұлов атындағы «Спорт журналистикасы» аудиториясы студенттерге сапалы білім берудің бір көрінісіне айналды.
Үшіншіден, журналистік білім берудің заманауи талаптары мен өзектілігін жан-жақты зерделеп, бірнеше жаңа білім беру бағдарламасы іске асырылуда. Қазір факультетте 17 білім беру бағдарламасы бойынша болашақ журналистер, саясаттанушылар үш деңгейлі білім алуда. Салалық журналистиканы дамытуда факультеттің профессор-оқытушылар құрамы тәжірибелі мамандармен толықтырылуда. Сондай-ақ факультеттің ғылыми әлеуеті жоғарылап, жыл сайын жас ғалымдар қосылып келеді.
Факультеттегі «Цифрлы медианы басқару» білім беру бағдарламасы елімізде бірінші болып ашылды. Бұл – университеттің үш факультетінің біріккен жобасы. Нәтижесінде, елімізде цифрлы медианы дамытатын шәкірттер дайындалуда. Факультетті бітіруші түлектерді жұмыс берушілер аяғын жерге тигізбей қызметке алып жатқанының сыры да осында. Бұдан бөлек, алғаш рет спорт журналистерін арнайы білім беру бағдарламасымен оқыту осы жерде жүзеге асырылды. Сонымен бірге «Медиа өнері» білім беру бағдарламасы бойынша телевизия мен кино индустриясына продюсерлер мен сценаристер дайындау қолға алынды.
Төртіншіден, 2020 жылы баспа ісі білім беру бағдарламасы аясында халықаралық пән олимпиадасы ұйымдасты-рылды. Ресейдің бірнеше жоғары оқу орнындағы баспа ісі білім беру бағдарламасын даярлайтын әріптестермен байланыс орнатылды.
Дала философиясын бойына сіңіріп өскен Қайрат Сақты кездестірген сайын сабырлықтың эталонын көргендей боламын. Жалпы, ең жедел қимылды талап ететін журналист мамандығын иеленген әріптестердің арасынан ілуде біреуден табылатын сирек қасиет. Өмірдің ең үлкен мәні сабырлық екенін өресіне бала жасынан ұялатқан Қайрат урбанизация тұтқыны болудан бойын аулақ ұстаған көшпенділердің соңғы тұяғы секілді. Ата-бабамыздың сана түйсігіне берік орныққан еркіндіктің символындай сабырлық пен кеңдік қасиет оның өмірдегі өз орнын ойып алуына даңғыл жол ашқаны дәлелдеуді керек етпейді.
Қайраттың жүрісінің өзінен сабырлықтың иісі шығып тұрады. Сүйегіне сабырлық сіңгенін Қайрат Сақтың айтқан әңгімесінен де, жазған мақаласынан да, ғылымдағы ізденісінен де, ең аяғы бильярд ойнағанынан да қапысыз байқайсың. Туа бітті ырғағынан жаңылмайтын Қайратты жанталасқан зымыран уақыт та өзгерте алмады. Сол баяғы қалпы. Үстінен түйе жүріп өтсе де, сыр бермейді.
Алайда сабырлық көмбесінен ұзамайтын Қайраттың көштен қалған кезі жоқ. Арбамен қоян атып алатын Қайраттың несібесі ешкімнен кем емес. Ықылым заманнан бері төрт құбыласы тұйықталмаған, көсіле шапқан тұлпарға, желдей ескен сұңқарға жеткізбес қазақ даласының төңкерілген көгілдір күмбездей аспан әлемі тура осы салқам даланың сағым ойнаған белдерінен басталып кететінін жас кезінен жадында сақтап өскен Қайраттың бойындағы барлық адами қасиеті мен журналистикадағы ізденісінің бәрі туған жерден басталып, туған жерге қайта оралып отыратынымен қастерлі екеніне көзім талай жетті. Тың мысал келтіре кетейін. Жақында ғана өзі туып-өскен Төлеби ауданының Құрметті азаматы атанған Қайраттың болмыс-бітімі осындай ойларға жетелейтінінде де бір заңдылық жатқаны даусыз.
Қарт Қазығұрт пен ақ басты Алатауға иық тіреген ауылдан шыққан дарынды адамның қиялына қанат байлайтын, шарықтатып шырқау көкке көтеретін – қасиетті туған жері. Әрбір талантты тұлғаның түп темірқазығы, айналып келетін кіндігі байланған от ортасы – табанының мөрі қалған атамекен топырағы. Сол жерде орныққан сана оны ешқашан халықтан ажыратпайды. Биікке көтерілген оның бойындағы барлық асыл қасиет бала кезінен бойына біткенін байқау қиын емес. Білімдарлығы мен ілкімділігі, етінің тірілігі мен еңбексүйгіштігі, лидерлік қасиеттері мен ат аунағанша ақыл тауып кететін тапқырлығы... бәрі-бәрі ауылда балағынан топырақ борап жүрген уақыттан басталғанына күмәнім аз.
Бір анық: Қайраттың өмірдегі барлық жеңісі қашанда туған елге сүйіспеншілікпен табантірегінің тартылыс күшіне жинақталып жатқанына шек келтірмейсің. Өр рухты, өміршең өлке перзентінің жан жүрегінде бала кезінде лып етіп тұтанған білте шамның жарығындай әлсіз ғана сәуленің кейін оның әр шәкіртіне жылу шашып тұратын алаулы жарыққа ұласуының сыры осында болса керек.
Шархан ҚАЗЫҒҰЛ