Жамбылдық шаруалар шырылын кім ұғады?
Биыл қызылша жинаудан рекордтық көрсеткішке қол жеткізген диқандар дабыл қаққанымен, жергілікті билік дәрменсіз күйде отыр. Шенділер «шаруаның сөзін сөйлеп отырмыз» дегенімен, Меркі ауданындағы қант зауыты қызылша қабылдауға қауқарсыз. Осылайша, «ары тарт та, бері тарттың» кесірінен дақыл далада қалғалы тұр.
Жалпы, биыл еліміз бойынша 1,1 млн тонна тәтті түбір жинау жоспарланған. Соның 600 мың тоннадан астамы Жамбыл облысына тиесілі. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда үш есеге артық. Диқандар ала жаздай еңбек етіп, гектарына 900 центнерге дейін өнім алғанымен, өткізетін орын болмай, шаруалар қант зауытының есігін күзетіп жүр.
Негізі, Жамбыл облысында бұған дейін екі қант зауыты жұмыс істеген. Алайда биыл Тараз қант зауыты тәтті түбір қабылдамай, тірліктері тұралап қалды. Содан 11,2 мың гектарға дақыл еккен диқандар Меркі қант зауытының алдында тәуліктеп кезекке тұруға мәжбүр. Тау болып үйілген тәтті түбірін қайда апарарын білмей отырған шаруалар «еткен еңбегіміз еш кетіп, өнімімізді үсік шалып кете ме» деп алаңдайды.
Жамбыл облысы әкімі Ербол Қарашөкеев өнім жинау науқаны басталмай тұрғанда қант зауыты 410 мың тоннаға дейін қызылша қабылдауға қауқарлы екенін айтқан болатын. Сондай-ақ Жетісу облысындағы Ақсу қант зауытымен 450 мың тонна өнім қабылдауға келіссөздер жүргізіліп жатқанын жеткізген. Осылайша, екі зауыт 1 миллион тоннаға дейін тәтті түбір қабылдаса, артылғанын Қырғызстанға апарып өткізу де жоспарланған еді. Мұндай ақжолтай хабарды естіген диқандар бөркін аспанға атып, өнім жинауға жең түре кіріскен. Алайда жоспар жүрісінен жаңылып, уәде сылдыр суға, одан әрі буға айналатындай. Олай дейтініміз – Меркі қант зауытының алдына бір аптадан бері түзілген кезектен көз сүрінеді.
– Қант зауытының алдында қаңтарылып тұрғанымызға бірнеше тәулік болды. Кезек өте баяу жүруде. Мұнда жатқан шығынымыз бар, тамағымыз бар, бізге оңай соқпай жатыр. Өнімді қайта кері алып кетпейсің ғой. Содан амал жоқ, әйтеуір тәуліктеп күтіп отырмыз. Билік өкілдері биыл қызылша қабылдаудан еш қиындық болмайтынына сендірген еді. Алайда ол құр уәде болып қалды. Қазір біз қант зауытының алдында емес, тәтті түбір жинайтын алқабымызда жүруіміз керек, – дейді ашынған шаруа Нұрдәулет Ахметов.
Екінші нұсқа ретінде ұсынылған Жетісу облысындағы Ақсу қант зауытына жол қашық. Аймақпен арасы шамамен 1000 шақырымға дейін барады. Сондықтан өзге өңірге жол тартқан көліктер 7-8 күн-де әрең оралуда. Оған қоса, жол шығыны да шаруаларға оңай соқпауда.
Билік өкілдері өз кезегінде қызылшаның әр келісіне 25, ал Ақсу қант зауытына апарса, 45 теңгеден субсидия төленетінін айтып, шаруалардың жанайқайына жұбату болуға тырысуда. Алайда Үкіметтен әзірге бір тиын да бөлінбегендіктен, тасымал шығынын диқандар өз қалтасынан көтеруде.
– Субсидия қаражаты осы қазан айында беріледі деген Үкіметпен келісім бар. Бұл жайында Ауыл шаруашылығы министрлігіне де күн сайын баяндап отырмыз. Ал облыс әкімі осы аптада Меркі қант зауытына арнайы барып, акционерлермен жиналыс өткізіп келді. Соның арқасында кезек мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. Кәсіпорын бүгінгі күнге дейін 120 мың тоннадан астам қызылша қабылдады. Ал жалпы жоспар 450 мың тонна болмақ. Қазір өнім қабылдаудың арнайы кестесі бекітіліп, күндік қабылдау қуаты 4,5 мың тоннадан 6 мың тоннаға дейін ұлғайтылды, – дейді облыс әкімдігінің Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әбдірәсіл Желеубаев.
Жамбыл облысының диқандары еккен 11,2 мың гектардың бүгінде 2 100 гектар алқабы қазылып, 150 мың тоннадай өнім жиналған. Оның 120 мың тоннасын Меркі қант зауыты қабылдаса, 1 000 тонна дақыл Ақсуға жөнелтілген.
– Өнім әкелушілер көп болғаннан кейін қызметшілеріміз үлгермей кетті. Алайда аймақ басшысымен өткен келіссөзден кейін қабылдау қуаттылығын 6 мың тоннаға дейін көбейттік. Сондай-ақ қызылшаны көп еккен Жамбыл мен Байзақ ауданына лимитті көбірек қойдық.
Енді келетін дақылдарды тек кестемен қабылдаймыз. Осылайша, ұзын-сонар кезек мәселесін шешпекпіз. Біз өңірдегі 150 шаруашылықпен байланыс орнатқанбыз. Бұйыртса, бәрінің де өнімін қабылдап үлгеруге күш саламыз, – дейді «Меркі қант зауыты» ЖШС бас директоры Нұржан Қарғабаев.
Әрине, шаруалардың мәселесі шешімін тауып жатса құба-құп. Алайда бұл диқандардың әзірге жинаған өнімі. Тәтті түбірдің алынбағаны әлі алқаптарда жатыр. Сондықтан бұл бүгін-ертең бітетін шаруа емес. Ауа райы күн санап құбылып жатқанын ескерсек, ертең дақыл алқап басында үсіп кетпей ме деген де қауіп бар. Сол себепті тәтті түбір түйткілі қазір талқылауды емес, тез арада нақтылауды қажет етуде.
– Биыл 20 гектарға қызылша еккенмін. Осы күнге дейін қант зауытына жөнелткенім сегіз-ақ «КамАЗ» болды. Қазір қол қусырып қарап отырмыз. Өйткені зауытқа жіберген көлігіміз әлі қайтқан жоқ. Оған қоса, жаңбыр да жауып, комбайндарымыз батпақтап алқапқа кіре алмауда.
20 гектардың ары кетсе, 2,5 гектары ғана қазылып отыр. Жергілікті билік өкілдері «шешеміз», «далада қалдырмаймыз» деп уәде етуде. Алайда өз басым бұған сенбей отырмын. Ақсу қант зауытына тартайын десем, ол жақта да қабылдау қиын болып жатқанын айтуда. Содан шақшадай басым шарадай болып, не істерімді білмей отырмын, – дейді шаруа Жәнібек Төлегенов.
Иә, диқандардың денінің өкпесі – осы. «Неге билік өкілдері Меркі қант зауытының қабылдау шамасына қарай өнім ектірмеді?» деп налиды.
Шаруалардың шырылдауы орынсыз дей алмайсың. Себебі биыл өнімнің мол болатынын билік білмеді емес, білді. Тәтті түбірдің көп егілгеніне қарап, алдын ала қам жасауы қажет еді.
Салаға жауапты мамандардың сөзіне сүйенсек, кеңестік кезеңнен келе жатқан Меркі қант зауыты әбден ескірген екен. Соған орай биыл кәсіпорнын жаңғыртуға Үкіметтен қаржы сұралған. Алайда ол жақтан оң жауап келмеген.
Қалай дегенде де Үкімет «қамсыз қызылша еге беріңдер, дақылдарың далада қалмайды» деген уәдесінде тұруы керек. Өйткені жамбылдық шаруалар жылда мол өнім алғанымен, арты айқай-шуға ұласуы әдетке айналып барады. Тіпті, бір жылдары Меркі қант зауыты қабылдаған қант қызылшасының қаржысын бере алмай, шаруаларды шырылдатқан еді. Әзірге бұл жағына үңіліп жатқан ешкім жоқ. Ертең осы қабылдаған тәтті түбірдің теңгесін тағы төлей алмай жатпасына кім кепіл? Сондықтан билік өкілдері бұл мәселені де жіті назарға алып, тараптарды тартыстырмай, оңтайлы шешеді деген сенім мол.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы