Демек, ауыл шаруашылығынсыз мемлекеттің тұрақты дамуын елестету мүмкін емес. Өйткені аграрлық сектор – халықты азық-түлікпен қамтамасыз ететін сала. Жақында Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Жер – ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың басты кепілі» екенін атап өткен болатын. Дегенмен соңғы уақытта Қазақстанның ауыл шаруашылығына инвестиция көлемі 19,4%-ға қысқарған.
БҰҰ-ға қарасты Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының мәліметтері бойынша гуманитарлық көмектің ұлғаюына қарамастан, соңғы уақытта азық-түлік тапшылығынан зардап шегетін адамдардың саны өсуде. Сондықтан барлық дамыған ел ауыл шаруашылығы саласын дамытуға басымдық береді. Ішкі нарықты қорғау үшін қатаң шаралар қолданылады. Себебі бұл сала табиғи-климаттық жағдайларға өте тәуелді және көбіне табиғи апаттармен байланысты тәуекелге ұшырайды. Сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін заманауи техникалық жабдықтар, түрлі ресурс пен жұмыс күшіне ауқымды инвестициялар қажет. Ал ауыл шаруашылығының тұрақты және серпінді дамуы үшін тұрақты мемлекеттік қолдау мен реттеу қажет. Мұндай қолдау негізінен мемлекеттік қаржыландыру және субсидиялар арқылы көрініс табады.
Мемлекет басшысы осыған дейін Жолдауда агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет екеніне баса назар аудара отырып, салаға бөлінетін қаражаттың 70 пайызы мемлекет қаржысы деп атап өткен болатын.
«Бұл салаға коммерциялық банктердің қаражатын да тарту қажет. Диқандарға өсімі аз несие беру үшін мемлекеттік қаржы институттарын субсидиялау шаралары қолға алынды. Мұның бәрі шаруаларды айналымға қажетті қаражатпен шұғыл қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық қатерін азайтуға және несие алуды оңтайландыруға жол ашады. Агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу – аса маңызды міндет. Бөлінген қаражаттың бәрі тиімді жұмсалуға тиіс. Алайда шындыққа жанаспайтын ақпарат беру, басқаша айтқанда, мәліметтерді бұрмалау ауыл шаруашылығындағы шынайы ахуалды бағалауға кедергі келтіріп отыр», – деді Президент.
Бұл мәселенің саланы қаржыландыруда қиындық туғызатынын тәуелсіз экономист Данияр Әшімбаев та құптайды. Оның пікірінше, ауыл шаруашылығына субсидиялардың артып келе жатқанын ескере отырып, әкімдіктер мен өндірушілердің қатысуымен жалған мәліметтермен күресу саланы реттеуге мүмкіндік береді.
Әзірге аталмыш секторға тартылған қаражат көлемі өткен жылмен салыстырғанда салыстырғанда 17,1%-ға азайған. Finprom сарапшыларының деректері бойынша қаңтардан шілдеге дейін Қазақстанда ауыл, орман және балық шаруашылығы саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар 407 млрд теңгені құраған. Нақты көлем индексі (НКИ), яғни инвестиция көлемі өзгерісінің көрсеткіші – 80,6%-ды құрады. Бұл ауыл шаруашылығы секторына салынған нақты капиталдық салымдардың 19,4%-ға қысқарғанын білдіреді.
«Инвестициялардың басым бөлігі (402,4 миллиард теңге) өсімдік және мал шаруашылығына бағытталған, бірақ бұл салада да 16,6%-ға төмендеу байқалады. Балық аулау және балық өсіру саласына бар болғаны 4,2 миллиард теңге салынған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 44,7%-ға аз», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар саладағы барлық инвестицияның 77,5%-ы, яғни 315,4 миллиард теңге, бизнестің өз қаражаты есебінен жүзеге асқан. Яғни, қаржыландыру көзінің басым бөлігін шаруашылықтың капиталы құрайды. Оның өзі өткен жылмен салыстырғанда 9,1%-ға қысқарғанын көреміз.
«Қарыз қаражаты есебінен 83,2 миллиард теңге (жалпы көлемнің 20,4%-ы) салынған. Әсіресе, банктік несиелер арқылы қаржыландыру айтарлықтай азайып, 67,3%-ға, яғни 8,1 миллиард теңгеге дейін төмендеген (барлық инвестицияның тек 2%-ы). Мемлекеттік қаражат есебінен бар болғаны 335,4 миллион теңге салынған, бұл жалпы инвестициялардың 0,1%-ын ғана құрайды. Бюджет қаражатынан тек 335,4 млн теңге немесе инвестициялардың жалпы сомасының 0,1%-ы ғана жұмсалған», – дейді мамандар.
Бұл ауыл шаруашылығы секторына салынған жалпы инвестициялардың едәуір қысқарғанын дәлелдейді. Әсіресе, банктік несиелер және басқа да сыртқы көздер арқылы қаржыландыру азайған. Ал өңірлер арасында Павлодар облысында ауыл, орман және балық шаруашылығына ең көп инвестиция салынған. Одан кейінгі орында Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстары жайғасқан. Қаңтар-тамыз айларында инвестициялар көлемінің қысқаруына қарамастан, ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 4,7%-ға 3,2 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Ең көп көлемде өнім өндірген өңір Түркістан облысы. Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысы мен Астананы есепке алмағанда, елдің барлық өңірінде ауыл шаруашылығы саласы өнімдерін өндіру көлемі артқан.
Бұл мәселе, яғни АӨК-нің негізгі капиталына инвестициялар тарту қарқыны Ауыл шаруашылығы министрлігінің облыс әкімдіктерімен селекторлық кеңесінде талқыға салынды. Ведомство биыл алғашқы жеті ай ішінде АӨК – ге 488 млрд теңге сомасына инвестиция тартылғанын мәлім етті.
«Оның ішінде ауыл, орман және балық шаруашылығына – 407 млрд теңге, азық-түлік өндірісіне 81 млрд теңге тиесілі. Сондай-ақ 2024 жылдың 8 айында пайдалануға берілген 82 жобаны іске асыруға 66,5 миллиард теңге инвестицияланған. Соның ішінде басым бағыттардың бірі мал шаруашылығы (соның ішінде сүт фермалары мен құс етін өндіру), егіншілік, суару жобалары, өнімді сақтау жобалары бар. Одан бөлек, ет, сүт және дәнді дақылдарды терең өңдеу жобалары мен өнеркәсіптік жылыжай шаруашылығын дамыту да басымдыққа ие», – делінген хабарламада.
Алайда АӨК саласында бірде-бір жоба іске асырылмаған аймақтар да болған. Олардың қатарында Алматы, Атырау, Маңғыстау және Ұлытау облыстары бар. Ведомство басшысы бұл өңірлерде саланың дамуына үлкен әлеует бар екенін, соған қарамастан жобалардың әлсіз дайындалып, іске асыруға қызығушылық болмағанын атап өтті. Сонымен қатар ол елімізде инвестиция тартуға жағдай жасалғанына тоқталды. Дегенмен жеңілдетілген несиелер мен инвестициялық субсидиялар болса да, жергілікті жерде жұмыс қарқыны төмен.
Halyk finance басқарма төрағасының кеңесшісі, экономист Мұрат Темірханов ауыл шаруашылығына ауқымды инвестициялар тартуға негізінен кедергі болып отырған «жекеменшік құқығының» жоғы деген пікірді алға тартып отыр.
«Ұлттық даму жоспарында ауыл шаруашылығы алқаптарын тиімді пайдалануға бағытталған белгілі бір шаралар ұсынылған. Дегенмен онда негізгі элемент – ауыл шаруашылығы жерлеріне жекеменшікті енгізу қарастырылмаған. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ауыл шаруашылығы жерлеріне жекеменшік құқығы және осындай жерлердің сатып алу-сату нарығының дамуы аса маңызды. Өйткені ол – агробизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың және қаржыландыруға қолжетімділікті жақсартудың маңызды алғышарты. Көптеген ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін негізгі кепіл көзі – жер. Қазір ауыл шаруашылығы жерлерін нарық емес, мемлекеттік қызметкерлер қайта бөледі. Ал мұндай жердің ешқандай инвестициялық құны жоқ. Осыған байланысты біздің ойымызша, Қазақстанда жер реформасын түбегейлі өзгерту қажет», – дейді экономист.
Кәмила ЕРКІН