Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің қазақ тілі туралы орынсыз әзіліне қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Министр, ең алдымен, бас бапкердің кәсіби қызметіне қарап баға беруге шақырды. Сонымен қатар ол мәселені ары қарай өршітпей, кешірімді болуға үндеді.
«Құрметті достар! Әрине, Станислав Черчесовтің «француз тіліне» қатысты қалжыңы орынсыз болды. Мұны Қазақстан футбол федерациясы да, бапкердің өзі де бек түсінеді. Дегенмен Черчесовтің басты міндеті – ұлттық құраманы жаңа деңгейге шығару. Ендеше, оған ең алдымен, кәсіби қызметіне қарап баға беруге шақырамын. Біз қашаннан қонақжай, дархан мінезді, кешірімді елміз. Бізді мықты ел ететін де осы қасиеттер. Сондықтан мәселені одан әрі өршіте бермей, халқымызға тән кеңпейілдік танытқанымыз абзал. Кез келген даулы мәселені ақыл-парасатпен шешетін толерантты, өркениетті, яғни дана қоғам екенімізді көрсете білейік. Станислав Черчесов – халықаралық деңгейдегі танымал футболист әрі 20 жылдық тәжірибесі бар кәсіби жаттықтырушы. Сондықтан ол түбінде қазақстандық жанкүйерлердің сенімін ақтап, ұлттық құраманы қазіргі күрделі кезеңнен абыроймен алып шығады деп сенемін. Бәріміз мүддесі ортақ футбол жанашырлары ретінде бір-бірімізді қолдап жүрейік!», – деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айта кетейік, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің қазақ тілін кемсітуге тырысқаны туралы видео қоғам тарапынан наразылық туғызған болатын.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.