Футболдан ұлттық құрама тізгінін ұстағанына төрт ай болған Черчесовтың басы тағы да дауға қалды.
Бапкер неден мүлт кетті?
890
оқылды

Бұл жолы да тіл мәселесіне келгенде сүрінгені бар. Оның паңдана жауап бергеніне федерациядағылар бой үйреткенімен, жанкүйер риза емес. Федерацияның әлеуметтік желідегі парақшасын аша қалсаңыз, #Черчесоваут хештегінен аяқ алып жүре алмайсыз. 

Жеңістің ауылы алыс па?

Иә, жергілікті футбол федера­ция­сы Станислав Черчесовты барынша «ақтап» жатыр. Оның қазақ тіліне құрмет көрсететінін, рәміздерді сыйлайтынын айтып әлек. Бірақ ашынған жанкүйердің қарасы көп. Өйткені бұл қазақ тілінің статусына қатысты екінші жағдай еді. Алғашқы  оқиғада бапкер Нұрсұлтан Құрманның қа­зақ­ша сұрақ қойғанына «шы­дай алмады». Сонда федерация тарапы оның қазақ тілін үйре­тетін курсқа жазылғанын хабар­лаған-ды. Ал екінші жағдайда баспасөз мәслихатында қазақша сұрақ қойған журналиске «Сен француз тілінде сөйлеп отырсың ба?» деген еді. Сонда журналист ПСЖ клубының жейдесін киіп отырған. Мұны Черчесов астарлы әзілмен жеткіздім деп ойласа керек. Арты қоғамда резонанс тудырып, 200 АЕК арқаларын болжамаған тәрізді. 

Жалпы, Станислав Черче­сов – футболдан ұлттық құра­маның 21-бапкері. Ол бұған дейін ұлттық құраманы жаттық­тыруға бел шешкен он шетел маманының бірі. Федерация ат­тай қалап ал­дырған бапкер бір жолдастық кездесу, төрт ресми ойын өткізіп үлгерді. Әзірге жең­іс дәмін тат­падық. Соңғы рет жол­дастық кез­десуде ғана гол соққанымыз тағы бар. 

«Ұлттық құраманың Ұлттар лигасындағы ойыны көңіл көн­шітерлік емес. Мамандар да, жан­күйерлер де риза болмады. Менің­ше, мұның бірнеше себебі бар. Алғашқысы, кейінгі екі жыл­­да жеткен нәтижеден соң, жан­күйер­дің күтері көп. Оның үстіне бапкер ауысты, Ұлттар лигасында «Б» дивизионына түстік.  Онда Норве­гия, Словения мен Аустрия бар. Салыстырсақ, олар бізге қарағанда әлдеқайда қуатты. Мысалы, Аус­трия мен Словения биыл өткен еурододада доп тепті. Естеріңізде болса, Магомед Адиевтің кезінде Слов­е­ния­дан екі рет жеңілгеніміз бар. Норвегияға келсек, құрамада әлем­дік деңгейдегі ойыншылар бар әрі олар «Б» тобындағы көш­бас­шы. Сондықтан  топтан жо­ғары көрсеткішпен шығатыны­мызға мүмкіндік аз-ды. Сол се­­бепті футбол федерациясы көп­шілікті алдағы нәтижеге арнайы дай­ы­ндап, Ұлттар лига­сында «оңай шағылар жаңғаққа» тап болмағанымызды түсіндіруі керек-ті. Сонда ұлттық құрамаға қысым аз болар ма еді», – дейді спорт жур­налисі Всеволод Хван. 

Оған қоса спорт сарапшысы­ның айтуынша, тағы бір себеп – құрамада буын ауысып жатыр. Бір­неше негізгі ойыншыны жас­арта алмаймыз. Ал кейбір пози­цияда жас ойыншылар керегі көрініп-ақ тұр. Оның пікірінше, бұл – қалыпты құбылыс. Әрі на­ғыз мәселе осы болуға тиіс. Өйт­кені тәжірибелі ойыншыларды алмастыратын жас футболшылар жоқтың қасы. Мысалы, Слове­ния­мен өткен соңғы кездесуді алайық. Сонда дебют жасаған Асхат Балтабековтың жасы 30-да, Жан-Әли Пайруз 25-те, Ұлар Жақсыбаев 29-да. Ал әлемде фут­болшылар кемінде 19 жасы­нан карьерасын бастап, орташа есеп­пен 35 жасында мансабын аяқ­тайды. Қазақстанмен салыс­тыр­ғанда жер мен көктей айырма бар. Яғни, жанкүйерлер резервті жасақтап, жастарды жинақтап жатқанынан бейхабар. 

Құрама өзара дүрдараз ба?

Бұдан бұрынғы бапкер Маго­мед Адиевтің кезінде жанкүйер­лер бірігіп, «Астана Аренада» 30 мың адам «Атамекенді» шырқа­ды. Тіпті, Еуропа чемпионатына шығатын мүмкіндік болды. Командадағы атмосфераға тәнті болып, қорғаушы Әліп пен фе­дерация президенті Бәрмен­құлов­тың видеосын күтетін болдық. Мүмкін ұлттық құрама ішінде салқын жел ескен болар?

«Турнирлік кесте өзі-ақ сөйлеп тұр. Үш жеңіліс, бір тең ойын. Үш жеңілістің екеуінде ірі есеппен ойсырай ұтылды. Ресми төрт ойын қатарынан гол соқпа­ды. Командадағы нәтижеге жау­ап­ты біреу болса – ол бапкер. Так­тика тұрғысынан да, психоло­гия тұрғысынан да құрама бұ­рынғы нәтижесін қайталай ал­мады. Бұған себеп те бар. Де­­р­ек­көздердің мәліметінше, бас бапкер мен кейбір ойыншылар арасында қарым-қатынас жақсы емес. Бұл ойынға да, құрамадағы ішкі климатқа да әсерін тигізеді. Словениямен ойында Само­родовтың алаңға шықпа­ғаны, Оразовтың тізімнен тыс қал­ғаны сұрақ туғызады. Бас бап­керге келсек, өз басым Черчесов­ты анау айтқандай маман дей ал­май­мын. Бұрын қақпашы болған. Осыған дейін ортаңқол Венгрия чемпионатындағы «Фе­рен­цварош» клубын баптады. Керемет нәтиже көрсеткен жоқ. Еуропа додаларында, халықара­лық жарыста көзге түскен жоқ. Ресей құрамасымен өз жерінде өткен әлем чемпионатында бағы ашылғаны рас. Бұдан кейінгі жарыс­тарда көзге түскен жоқ. Сарапшы ретінде ойын тактика­сына да, техникасына да көңілім толмайды. Тіл мәселесі бойынша дауға қалғаны тағы бар. Меніңше, өз еркімен отставкаға кеткені жөн болар», – деді спорт сарап­шы­сы Ардақ Тоғым.

Сарапшы сөзін спорт сайт­тары да растап отыр. «Тотальный футбол KZ» телеграм арасында Исламбек Қуат пен бас бапкер арасында дау туғаны жазылған-ды. Құраманың бірінші жаттығу жиынында  екеуара сөзге келген деседі. Ойыншы содан кейін-ақ құрамаға шақырылмайтынын түсінген сыңайлы. Әрі Черчесов­тың келе сала осындай мінез көр­с­еткені ойыншылар арасында түрлі пікір тудырған. 

Алайда спорт журналисі Все­волод Хван  құрама көңіл күйіне әсер етуді әр бапкер өзінше түсінетінін айтады. Бұл тұрғыда кейінгі төрт ойынға қарап Чер­чесовты айыптай алмай­тынын алға тартты. Өйткені үзіліс кезін­де оның жігіттерді қалай жігер­лендіретінін, не айтатынын көз­бен көрмегені тағы бар. Қазақстан құрамасының аяқалысын қалған ойынында байқаймыз деп отыр. Оның айтуынша, не дегенмен Черчесовтың қандай нәтиже көрсететіні, келісімшартын үзіп-үзбейтіні алда белгілі болады. 

«Черчесов қойған тактикаға келсек, ол командаға өзінің бар біл­генін сіңіріп жатыр. Яғни, оған бірнеше ай аз болған сыңай­лы. Сондықтан бас бапкерге әлі де уақыт керек», – дейді ол. 

Иә, Станислав Черчесов осы­ған дейін Ресейдің алты, Аустрия­ның екі және Венгрияның бір клубын жаттықтырған. 2016-2021 жылдары Ресей құрамасын бап­тады. Қазақстан құрамасы тіз­гінін ұстағанында Венгрияда жұмыс істеп көргенін, енді өзіне ыңғайлы ортада жұмыс істегісі келетінін жеткізген-ді. Сонда­ғысы Қазақстанда бәрі орыс тілінде сөйлейді деп ойласа ке­рек. Оның үстіне, Әділет Бәрмен­құлов БАҚ-қа берген сұхбатында бас бап­кердің келер жылдың нау­рыз айына дейін нәтиже көр­сететініне кепілдік беріп отыр. Ал қазақ тілін үйренуі туралы осетин тілімен ұқсас сөздерді біл­е­тінін, үйреніп жатқанын нұс­қады. Тілдің деңгейін де, ой­ын мәнерін де алда бақылаймыз...

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ