Палестина, Йемен, Сирия, Ливан, Иран... Фран­цияның қару-жарақ эмбаргосы... Батыстағы либерал­ды қоғамның ашық наразылығы...
Көршілермен араздық  Израильді күйретіп тынбас па?
1,101
оқылды

Бір қарағанда, не­бәрі 9,9 млн халқы бар Израиль «мыңмен жалғыз алысқан», жауын жайпап тауысқан алапат қайрат иесiндей көрінеді. Шынында, кеше «Walla!» басылымы «Еліміз депрессияда» деген азалы тақырыппен шықты. Израильдің Тәуелділік пен психикалық ден­саулық орталығының есебінше, бұл ел тұр­ғын­дарының 9,5%-ы психикалық-жүйке жүйесі бұзылып, тиісті есепке қойылған.

Ашық аспан, бейбіт заман кез келген ел жұртшылығының жанын жадыратып, көңілін марқайтса керек. Керісінше, жан-жағын жау­мен қоршаған, жер бетінен жой­ыл­ып кетпеу үшін өмір мен өлім арасында арпалысқан мемлекет­тегі тұрғындардың әр күні қапаста ауыздығымен алысқан асаудай мазасыз, алаң көңілде өтері даусыз. Тәуелділік пен психикалық ден­саулық орталығының (ICA) есе­бінде айтылғандай, 2023 жылғы қазанда «Хамас»-қа қарсы «Те­мір қылыштар» соғысы бастал­ғалы, бір-ақ жыл ішінде Израильде есеп­ке тұрып, седативті заттар қол­данатын азаматтар саны 2,5 есе­ге күрт өскен. 

ICA зерттеуі бұл мемлекетте ішімдік, есірткі сияқты тәуелділік тудыратын заттарды тұтынатын, психикалық жай күйін жасанды түрде өзгертуге ұмтылатын, аддик­тив­ті мінез-құлқы ушыққан, сон­дай-ақ посттравматикалық симп­том­дары бар тұрғындардың үлесі 25%-ға жеткенін әшкереледі. Газа секторындағы соғыс Израильдің жас ұрпағына соққы болды: ICA орта­лығының зерттеуі көрсеткен­дей, 18-26 жастағы жастардың 27%-­ының, 27-39 жастағы азамат­тардың 20%-ының – психикалық денсаулығында «ауыр формадағы симптомдар» тіркелген. Аталған ор­та­лықтың профессоры Шаули Лев-Ран: «Израиль қоғамының психикалық денсаулығы үшін соғыстың салдарлары кең ауқым­ды болатынын, сондықтан алдын алуға және тиімді сауықтыруға арналған әлеуметтік, медицина­лық бағдарламалар қажеттігін» ескертті. 

Израиль үкіметінің өз халқына мойын бұруға, дәуірдің бұл сына­ғына лайықты үн қатып, сайма-сай жауап іздеуге уақыты да, мүм­кін­дігі де жоқ. Ол Иранмен со­ғыс­қа дайындыққа бас қатырып жатыр. Дәл осы кезде оның өзге көршілерімен қақтығысы ушықты. Шетелдік ақпарат құралдары Газа секторындағы ахуал қайта күрде­лен­генін жазды: ондағы Цахал­дың (Израильдің қорғаныс армия­сы­ның) жауынгерлеріне ша­бу­ыл­­­дар үдеген. «Хамастың қайта топ­та­суы­на жол бермеу үш­ін» деген сылтаумен Израиль әскері екі апта бұрын Газа секторы­ның бұрын босат­қан солтүстік өңіріне шап­қын­шы­лығын қайта жандан­дырып, Джабалия ауданында қиын-кескі шайқасқа килікті. 

Таяуда басталған Ливанға қар­сы соғысы қызған шағына жетті. Цахал «Хезболла» тобына қарсы әуедегі және жердегі шабуылдарын күшейтті. Би-Би-Си жазуынша, «Хезболла» – бүкіл әлемдегі мем­ле­кет­тік емес ең қуатты қарулы топтардың бірі. Палестиналық «Хамасты» жоя алмаған Израиль­дің ливандық «Хезболланы» түбе­гейлі құртуға күші жетуі неғайбыл. Бұл қарулы топ жуырда, иудейлер үшін қасиетті «Йом Кипур» мере­ке­сінде Израильге үстемелете соқ­қы беріп, бірнеше жүз зымыр­ан­мен, дрондармен атқылады. Оның көбісін әйгілі «Темір күм­без», авиация тұтып жойды. 

Бірақ израильдік сарапшылар оның да сыр бере бастағанын ашық айтады. Мысалы, апта бас­ында The Times of Israel жарияла­ған­дай, «Хезболла» Израильдің Биньямин ауданындағы әскери базасына дрондармен соққы беруі салдарынан 70-ке жуық жауынгері жараланды, кем дегенде төрт сол­дат қаза тапқан. 

Израильдің әуе шабуылына қар­сы жүйесі деградацияланып, күйреуі мүмкін екенін түсінген АҚШ Украина қиыла сұрағанда бермеген THAAD жүйесінің тұтас батареясын – америкалық маман­дарымен бірге Израильге барынша шұғыл жолдауға шешім қабылда­ды. Бұл жүйе сондай-ақ Иран тарапынан күшейген қауіп-қатер­мен күреске де жұмылдырылады. Ресми Тегеран америкалық әскери әуе күштері Израильге кірмеуі тиістігі жөнінде Вашингтонға ес­кер­ту жасады. 

Бұған жауап ретінде Пентагон өкілі, генерал-майор Пэт Райдер әуе қорғанысына арналған THA­AD батареясы Израильде тікелей президент Джо Байденнің нұс­қауы­мен өрістетілетінін мәлімдеді: «Бұл қадам Израильді Иранның кез келген баллистикалық зымыр­ан шабуылынан қорғаудағы Құ­ра­ма Штаттардың темірдей берік­ті­гін паш етеді», – деді Райдер. Осының алдында, биылғы 1 қа­зан­да Иран Израильге қарай 180 зымыр­ан ұшырған болатын. Оны­сы жау­ына көп зардап әкеле қой­ма­ды. 

АҚШ Конгресінің Зерттеу қыз­метінің сәуірдегі есебіне жү­гін­сек, америкалық армияда қаз­іргі кезде THAAD-тың 7 батарея­сы ғана бар. Оның әрқайсысы жүк көліктерінде орнатылған 6 ұшыру қондырғысынан, 48 зымыран тұтқыштан, сондай-ақ радиоло­кациялық жабдықтардан тұрады. Оның әрбіріне қызмет көрсету үшін 95 маман-солдат талап етіл­еді. THAAD 150-200 шақырым ра­ди­ус­тағы аумақты бақылай алады. 

Тель-Авивте тұратын экс-қа­зақ­стандық, инженер Рифхат Жұмағалиев жергілікті халықтың көңілі алаңдаушылыққа толы екенін айтады.

– Соғысқа қарсы қалың-нөпір халық қатысатын шерулер жиі өтіп тұрады. Бір топ әскери де на­ра­зы үндеу жолдап, дүйім жұртты дүрліктірді. Бірақ билік Иранға қарсы соғысқа тоқтаусыз әзірленіп жатыр. Билік пен оппозиция бұл мәсе­леде бірауызды және кең кон­сенсус бар: Иранның сәуірден бері екінші рет баллистикалық зымы­ран­дарымен жаппай атқылауы Израильге басқа жол қалдырмады. «Израиль Иранға шабуыл жасай ма?» деген сұрақ жоқ. Күн тәрті­бін­де тек: «Қашан және қалай соқ­қы жасайды?» деген сауал ғана бар, – деді Р.Жұмағалиев.

Оның айтуынша, Цахал-ды шұ­ғыл қимылдаудан тек Америка те­жеп тұр: 5 қарашада АҚШ-та Президент сайлауы өтеді. Израиль дұшпанын әлсірету үшін Иранның мұнай өндірісі секторына, құбыр жүйелеріне соққы берсе, әлемде қара алтын бағасы шарықтап кет­еді. Құрама Штаттарда электорат энергия ресурстарының қымбат­тауына төзбейді және сайлауда соған жол берген биліктің қарсы­ласын қолдайды. Билік басындағы Демократиялық партия бұған жол бергісі келмейді.

«Картаға қарасаңыз, Израиль мен Иран арасында Йордания, Ирак мемлекеттері жатқанын бай­қайсыз. «Хаарец» (израилдік газет) жазуынша, Иран мен Израиль арасы 2 362 шақырымнан асады. Ұшақтар Иранға жақындап, әуе­ден барынша дәлдікпен зымыран­дық соққы беріп, кері қайта алуы үшін оларға әуеде жанар-жағармай құюшы америкалық арнайы ұшақ­тар мен дрондар қажет болады. АҚШ-тың келісімі осы үшін де керек», – деді бұрынғы отан­дасымыз.

Осы орайда The Washington Post жағдаймен таныс дерек­көздеріне сілтеме жасап, бұл тұрғыда президент Джо Байден Израиль премьері Биньямин Нетаньяхумен ымыраға қол жет­кіз­генін хабарлады. Оған сәйкес, алдағы шапқыншылығында Из­раиль Иранның ядролық және мұнай объектілеріне соққы жаса­май­ды және жауының әскери нысандарымен шектеледі. Амери­калық сарапшылар ирандық мұн­ай нысандарына соққы әлемде энергиялық ресурстар бағасының шарықтауына, ал ядролық объек­тілерге шабуыл – соғыстың ары қарай эскалацияланып, шиеленіс­ке АҚШ-тың кең тартылуына соқтырады деп алаңдайды. Сол себепті Байден қазан айының басынан бері Израильді сабырға шақырып, «басқа нұсқаларды қарас­тыруға» үндеді. 

«Израильдің Иранға жауабы оның АҚШ-тағы сайлауға саяси ықпалын болдырмайтындай си­пат­та болуы тиіс. Өйткені израиль­дік соққының ауқымы Америкада­ғы президенттік доданың барысын күрт өзгертіп жіберуі мүмкін. Не­тан­ьяхудың асығыс емес, ұстамды ұстаным танытуы АҚШ президен­тінің Израильге THAAD зымы­ранға қарсы қуатты қорғаныс жүйесін бағыттау шешіміне оң әсер етті. WP дереккөзінің мәліме­тін­ше, Израильдің Иранға шабуы­лы 5 қарашада өтетін президенттік сайлауға дейін жүзеге асырылуы тиіс», – деп жазады The Washington Post.

Америкалық басылымның бай­ла­мынша, Израиль өз терри­тория­сын үстемелете атқылауға мүлдем жауап бермесе, Тегеран мұны «қорқақтық, әлсіздік» деп түсінуі және шабуылын қайталауы мүмкін. Мұның сыртында АҚШ-пен кеңес-консультациялары кез­ін­де Израиль «Ливандағы әскери операцияларын таяу апталарда тоқтататынын» жариялаған. Сөй­тіп, ол барлық күш-жігерін Иран­мен қақтығысқа шоғырландыруы ықтимал. 

Ал Нетаньяхудың досы, АҚШ президенттігіне кандидат Дональд Трамп керісінше, Израильді Иран­ның ядролық объектілеріне аяусыз соққы беруге шақырды: «Алдымен ядролық объектілерін күйре­тулерің қажет, қалғанына кейін бас қатырасыңдар!» – деді Трамп сайлауалды митингте. 

Израильдік саясаттанушы Уди Эцион өз елінің Иранмен соғысқа 20 жыл бойы дайындалғанын жазады. Оның дерегінше, өткен айда Израиль F-15 ұшақтарымен өз шекарасынан 1 800 шақырымда, көрші Йемен аумағындағы нысан­аларды шабуылдады. F-15 жойғыш ұшақтары әу бастан жаудың авиациясымен күреске арналған. Алайда Израиль оны америкалық және израильдік қару түрлерімен жердегі нысаналарға зымырандық-бомбалық соққы беруі үшін қайта жабдықтап шықты. 

«Израильді Иранмен де Йем­ен­мен арадағыдай қашықтық бөл­іп тұр. Бірақ ирандық ядролық және әскери объектілерді шабуыл­дау – төтенше күрделі міндет. Бал­листикалық зымырандардың қой­малары, ядролық нысандар жер астында терең жасырылған. Бұған қоса, Иран негізінен өзі әзірлеген заманауи әуе қорғанысы құрал­дарына ие. Ол Израильдің ұшыр­ған зымырандарын қағып түсіре алуы мүмкін», – дейді Уди Эцион.

Израильмен қақтығысқа Те­геран да дайындалып жатыр. Бұл елде көп нәрсе құпияға жатқызыл­ғандықтан, әзірліктің қандай күй­де екені белгісіз. Шетелдік және ресейлік ақпарат құралдары Мәс­кеудің оған осы айда заманауи С-400 «Триумф» зениттік зымыран кешенінің дивизионын жеткіз­генін хабарлады. Сондай-ақ иран­дық басылымдар жергілікті ғалым­дар мен мамандар әзірлеген зенит­тік зымыран кешендері рес­ей­лік С-300 кешендеріне жол бермейтініне сендіреді. 

Бұдан бөлек, ирандық әскери-әуе күштерінің ұстынын ескірген ресейлік МиГ-29 жойғыш ұшақ­тары және америкалық F-14 «Фан­томдар» құрайды. Соңғыларын АҚШ шах тұсында, Иран зайырлы мемлекет болған өткен ғасырдың алпысыншы жылдары берген. Каспий бойынша бұл көршіміздің қолында 2,5 мың шақырымға ұша алатын қанатты зымырандары бар. 

Оларды тұту үшін Израиль америкалық Lockheed Martin-мен бірлесіп, F-15I («Раам») және F-16I («Суфа») ұшақтарын жетіл­дірді, олар енді 4 сағатқа дейін тоқтаусыз ұша алады. Израильдің әскери авиациясының басты қаруы – америкалық F-35 бомба­лаушы истребительдерін кемеліне келтіріп, жаудың әуе қорғанысы күштері үшін көрінбейтін етті (F-35-тің оригинал қосымша бактары оның жасырынуына кедергі келтіреді). 

Құрлықта шекарасы шектес­пейтіндіктен, Иран мен Израиль өз ұшақ, зымыран, әуе қорғанысы жүйелерін сұрапыл әуе шайқас­тарына әзірлеп жатыр. Бұл соғыс­тан екеуінің де жеңімпаз шығуы неғайбыл. Себебі әскери шиеленіс экономикаларына алапат соққы берері даусыз. Кеше Израильдің Орталық статистика басқармасы елдің ЖІӨ өсімі 2024 жылғы ІІ тоқ­санда нөлге түскенін (бар-жоғы 0,3%) жариялады. Ендеше бейбіт күннен артық ештеңе жоқ, тек бейбітшілік қана бақуатты бола­шаққа, ынтымақ қана ырыс­қа, татулық қана тұрақты дамуға жол ашады.

Айхан ШӘРІП