Ауызым өзіме ұна­майды...

Бір ауылда тұратын Көмекбай де­ген құрдасым «Ауылдағының ауызы сасық» дегенді түсінбей, ауызын күн­діз-түні жуа беріпті.

Соны естіп күлге­нім бар.  Енді кеше Майлыбек деген құрдасым келді. Қабағы түсіп, әбіржіп кетіпті. Өзінің де пошымы пәлендей келісіп тұрған жоқ еді. Бүгін тіпті жа­ман-ақ.

Қазақта: «ауызы қисық болса да байдың баласы сөйлесін» деген бар еді ғой, қазір «ауызы қисық болса да бас­тықтың баласы сөйлесін» дейтін болды. Майлыбек қайда барса да оған сөз бермейді екен. 

Оған біреулер астарлап сөйлеп, «сенің ауызың қисық емес»депті. Май­лыбек оны қайдан білсін? Енді ол қайтеді туғанда ауызы шүртік болса, аузы шүртиіп жүргені сол. Өткенде жиналыста тым-тәуір бірдеңе айтқысы келген ғой, бір қайқаңдаған хатшы қыз келіп:

– Ағай, сіз сөйлемейсіз, ауызыңыз қисық емес, – десе керек. 

– Айналайын, ауызым қисық болмаса оған кім кінәлі? – деп Майлыбегім шап ете қалыпты. Ол мақалды тікелей қабыл­даған болуы керек.

– Я ничего не знаешь? – деген әлгі қыз. Майлыбек түк түсінбеген. 

Мен де түк түсінбедім. Жақында Құрболат деген құрдасым өзінің халық қа­лаулысы болуға лайық еке­нін іштей сезіп, сайлануға ұсыныс түсіріпті. Оның да құ­жаттарын қабылдамай қойып­ты. Өйткені ауызы қисық емес...

Тағы бір Түктібек деген қол-аяғы жүн-жүн, қап-қара, өгіздей  құрдасым бар. Бейшара биыл қалаға көшіп келіпті. Жұмыс сұрап қаншама есікті қақса да, аузының қисық еместігінің кесірінен еш жерге қабылданбапты. Амалы құрыған Түктібек аузын қисайту үшін көшедегі бұзақыға барып жалыныпты.

– Амансың ба, бауырым?

– Иә, аман болғасын жүрміз, – депті әлгі тентек.

– Бір шаруа бер еді.

– Айтыңыз.

– Менің ауызымды қисайтып бе­ресің бе?

– Қуасың ба не?

– Жоқ, шын айтамын.

– Сосын сотқа бергің келіп тұр ма?

– Өліп кет­сем де сотқа бер­­меймін, өті­немін, ауызы­мды қи­сайтып берші. Керек десең ақша бе­ремін, – деп Түктібек тізер­леп отыра ке­тіпті. 

Әлгі көшедегі сотқар аң-таң. Біреу талтүсте таяқ жеу үшін қолына ақша ұсынып тұрса, қалай таңғалмасқа...

– Қанша бересіз? – деді бұзақы.

– Бес мың теңге, жете ме?

– Жетеді, онда менімен жүріңіз, – деп үйдің бұрышына барып Түктібекті ауызынан жұдырықпен салып-салып жібереді. Туғалы адам баласынан таяқ жемеген, амалы құрыған Түктібектің ауызы қара қан болады. Екі тісі сол жерде түсіп қалады. Бірақ ауызы қи­саймапты. Сол баяғы қалпы. Бейшара құрдасым да мақалдың төркінін тү­сін­беген ғой. Тектен-текке таяқ жеп ал­ды. Бірақ түсінбесе өзінің обалы жоқ. Мен де қиналып жүрмін. Ауызым өзіме ұна­майды...

Ерсін ҚАЙРОЛЛА