Ғарыш саласы – жаңа технологиялардың болашағы, аталған бағытта терең ізденіс пен ғылыми зерттеу жұмыс­тарының ұдайы жүргізіліп отыруы әркез өзекті.
Сымбат Барсағазы, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы: Марста оттегі өндіретін технологияны дамытқым келеді
3,437
оқылды

Жуырда Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Сымбат Барсағазы АҚШ-тың Хьюстон қаласында орналасқан NASA-ның беделді United Space School бағдарламасы аясында тағылымдамадан өтіп келген еді. Марсқа адам қондыру миссиясы жобасын әзірлеп қана қоймай, NASA-ның ардагер маманы Том Санзонмен кездесіп, ғарыш орталықтарын көзімен көрген қазақ қызы енді жиған білімі мен тәжірибесін отандық ғылымды дамытуда қолданғысы келеді. 

– Сымбат, қазақ қыздарының сонау АҚШ-тың тәуелсіз агенттігі саналатын NASA-ға табан тіреуі – расымен қуанарлық жағдай. Ең алдымен тағылымдама турасында то­лығырақ айтып өтсең. Бұл қандай тағылымдама? Әлемдік деңгейдегі ғарыш агенттігіне қалай тап болдың? 

– United Space School – әлемнің түкпір-түкпірінен таңдап алынған 45 оқушыны астрофизика, аэро­ғарыш инженериясы және биохи­мия са­лалары бойынша оқыту бағ­дар­ламасы. Тағылымдамаға келген балалар мұнда екі апта бойы Марс ғаламшарына аттанатын миссияны жобалайды. Бағдарлама аясында негізгі барлық жұмыс АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтеді. Алға­шында International Space Education, яғни осы мектепті құрған ұйым­ның поштасына хат жаздым, ал олар маған эссенің басты кри­терийлерін жолдады. Мен эсседе болашақта Марс ғаламша­рына қолданғым келе­тін технологиялар туралы жаз­дым. Сонымен, арадан бір ай уақыт өткен соң сұхбатқа қа­былданғаным туралы хабарлама келді. Сұхбат кезеңінде Біріккен ғарыш мектебінің үш директоры менен аэроғарыш ғылымындағы тәжірибем туралы сұрады.

– Аспан әлеміне деген ерекше қызығушылығың қайдан пайда бол­ды? Зерттеу ісіне қадам басуыңа бел­гілі бір оқиғалар әсер етті ме?

– Ең алғаш 7-сыныпта мек­теп­тің зымыран клубына қосылдым. Мұнда біз өзіміздің зымыран мо­дельдерімізді жасап қана қоймай, оларды аспанға ұшырдық. Сондай-ақ кейінірек мен KAZROCKETS қорының мүшесі атандым. Бұл ко­мандамен бірге 5 жастан асқан балалар ғарыш туралы бәрін біле алатын білім жинақтарын жа­садым. Одан бөлек, аталған қор аясында ғарыштық қоныстар туралы хака­тондар мен зымыран үлгісіндегі спорт жарыстарын ұйымдастырумен айналыстым. Осылайша, зымыран модельдерін жасаумен айналыса келе NASA-да тағылымдамадан өтуге қызы­ғу­шылығым артты.

– Білуімізше, бағдарламаның тақырыптары жыл сайын қазіргі уақыттағы ең өзекті астрономиялық мәселелерге байланысты өзгеріп отырады. Биылғы тақырып қандай мәселеге арналды?

– Тағылымдамаға қатысқан барлық оқушының алдына қойыл­ған басты міндеті – Марсқа атта­натын адамдармен басқары­латын миссияны жобалау. Бағдарламаға әлемнің 25 түрлі елінен 45 оқушы таңдап алынса, ал мен күллі Азия құрлығы бойынша жалғыз өзім қа­тыстым. Тағылымдама барысында бізді 5 топқа бөліп қарастырды. Мен Марстағы астронавтардың өмірін қолдауға жауапты жасыл коман­да­ның мүшесі болдым. Мұнда біз үшін маңызды міндеттердің бірі – от­тегімен қамтамасыз ету, радиа­ция­дан қорғау және т.б болды.

– Мыңдаған шақырымды артқа тастап мұхит асу, әлемнің түкпір-түк­­пірінен жиналған кіл мықты­лар­мен бірге біліміңді арттыру, тә­жі­рибеңді жетілдіру – нағыз жетіс­тік. Осы рет­те өзге елдердің ғарыш ғылы­мының даму деңгейіне қарап қандай ой түйдің? Қазақстандағы астро­но­мия ғылымынан нендей айырма­шылы­ғымен ерекшеленеді?

– АҚШ-та, әсіресе NASA ұйым­дары бар қалаларда балалардың ғарыш және астрофизика тақы­рыбына деген қызығушылығын кіш­кентай кезінен бастап арттыруға тырысады. Америкада оқушылар мұражайдағы ғарыш экспонаттарын таныстырып, өздерін осы салада белсенді көрсете біледі. Ғылымға деген осындай ерекше ынта мен ізденісті қазақ балаларының бо­йынан көргім келеді. Сондықтан біз қазір KAZROCKETS қорымен бірлесіп өздігінен зымыран құрып, оны ұшыра алатын жинақпен айна­лысудамыз. Осылайша, мен соңы­мыздан еріп келе жатқан жас өрен­дердің ғылымға деген талпынысын арттыруға үлес қосқым келеді. 

– Ғаламшардың әр түкпірінен жиналған қатарластарың еліміздің ғарыш саласы, соның ішінде Бай­қоңыр туралы біле ме?

– Әрине, көптеген астронавт пен инженер Қазақстанды Бай­қоңыр ғарыш айлағы арқылы жақсы біледі. Алайда Америкаға сапарымда мен әңгімелескен кәсіпқойлар әлі күнге дейін Байқоңыр қаласына барып көрмегенін айтады. Ал мен 2022 жылы Байқоңырдан Союз зымыранының ұшырылуын ба­қыладым. Шетелдік достарыма да зымыранның ұшырылып жатқан сәтінен видеосын көрсеттім.

– NASA-да тәжірибе жинақтау барысында қандай технология ме­ханизмдерін қолдандың?

– Жобаны жүзеге асыру үшін біз бұрыннан бар технологияларды қолдандық, бірақ барлық есептеу болашақта 15 жыл ішінде күтілетін нәтижелер бойынша жүргізілді. Мысалы, Халықаралық ғарыш стансасында ауа жасайтын жүйенің өнімділігін (Oxygen Generation Assembly) 70 пайыздан 85 пайызға дейін ұлғайттық. Онымен қоса, ғарышкерлер үшін қолайлы атмо­сфера құру үшін озонды N2O цис­терналары форматында сақтауды меңгердік. Өйткені мұндай әдіс қазір ауруханаларда кеңінен қол­данылады және оны нақты миссияларда ком­мерциялық тұрғыдан алу тиімдірек. 

– Мұнда аэроғарышпен айна­лыс­қысы келген балалар үшін қандай мүм­кіндіктер қарастырылған? Тағы­лымдамада теория маңызды рөл ат­қа­ра ма, әлде практика басымырақ па?

–Тағылымдамада қарас­тырыл­ған миссиямыз заманауи әрі ешкім сезіп-көрмеген Марсқа аттанушы болғандықтан, көбіне теориялық бі­лімімізді қолдандық. Осының нә­тижесінде тағылымдамаға қа­тысқан оқушылардың болашақта орын­дауға жоспарлаған жобаларына қы­зығу­шылығы одан сайын арта түседі. Оқушылар келешекте осы салада жұ­мыс істегісі келсе, негізгі тақы­рып­тарды түсінуде де қиындық тумайды.

– NASA-ның Джонсон ғарыш орталығы мен Хьюстон табиғи ғы­лым­дар мұражайы ғылымда несімен ерек­шеленеді? Нені байқадың?

– Джонсон ғарыш орталығында көрсетілген экспонаттың көбі ға­рышта болған. Мәселен, мұнда ға­рыш скафандры көрсетілген. Бұл – жай ғана модель емес, расы­мен астронавтар киген киім. Мұра­жайда және орталықта көрсетілген техно­логиялардың басым бөлігі интера­ктивті, яғни адамның өзі олардың қалай жұмыс істейтінін көре алады.

– Қазір медиада Марстағы тір­шілік туралы ақпарат кеңінен тара­лып жатыр. Ғалымдар да Марс­тағы тір­шілік белгілерін анықтау үшін жыл­дар бойы зерттеу жүргізіп келеді. Ал сен келешекте Марс ғалам­ша­рында қан­дай технологияларды қолданғың ке­леді? Бұл технологиялар несімен маңызды?

– Менің ойымша, Марс – біздің жаңа үйге деген болашақ үмітіміз. Қазір Artemis миссиясына белсенді дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Оның нәтижесінде Қызыл плане­та­мен жақсы байланыс орнату үшін ай базасын құру жоспарланып отыр. Сондай-ақ Марстағы ғарышкерлер үшін оттегі өндіруге көмектесетін MOXIE технологиясы бойынша эксперименттер жүргізілуде. Оның жалғыз проблемасы – машинаның өнімділігі мен жылдамдығы салыс­тырмалы түрде аз. Мен болашақта осы перспективалы технологияны дамытуға көмектескім келеді.

– Екі апталық тағылымдамадан елге оралған соң біліміңді тәжірибеде қолданып көрдің бе? АҚШ-тағы өмірің, NASA-да өз көзіңмен көрген қызықты деректер туралы доста­рыңмен бөлістің бе? 

– Иә, Америкадан елге оралған соң айналамдағы адамдарға, қатар­ластарыма көрген-білген тәжі­ри­бемді, қызықты оқиғалар туралы ай­тып бердім. Одан бөлек, алған білімімді қатарлас достарыма бөлісу мақсатында түрлі дәріс өткіздім. Жуырда өткен NASA Space Apps ха­катонында ментор ретінде жұмыс істеп, қатысушыларды халықаралық ұйымның берген түрлі тапсырмасын шешуге бағыттадым. 

– Болашақта өзіңді ғарыш сала­сының қай бағытынан көресің? Әлем­де нені өзгертуге үлес қосқың келеді?

– Расында, Америкадан алған тәжірибем биоинженерия сала­сында дамуға деген ұмтылысымды көрсетті, өйткені маған физика мен биология ғылымын бір технологияға біріктіру ұнады. Мені АҚШ-тағы оқу, әсіресе солтүстік-батыс уни­верситеттері қатты қызықтырады. Мұнда оқуға түсудің өзі қиын бол­ғанына қарамастан, мен үшін Аме­рикада білім алу, осында тәжірибемді жетілдіру қолайлы. Болашақта ин­женерия мен аэро­ғарыш ғылым­дарының дамуына, әсіресе Бай­қоңыр қаласындағы зерттеу жұ­мыстарына көмектескім келеді. Келе­­шекте біз сияқты жас маман­дардың кө­мегімен еліміз осынау тарихи және тех­нологиялық маңызы бар орынды өзі пайдалана алады деп ойлаймын.

– Әңгімеңе рақмет, Сымбат! Ғылым жолында толағай табыс ті­лейміз!

Сұхбаттасқан

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ