Жуырда Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Сымбат Барсағазы АҚШ-тың Хьюстон қаласында орналасқан NASA-ның беделді United Space School бағдарламасы аясында тағылымдамадан өтіп келген еді. Марсқа адам қондыру миссиясы жобасын әзірлеп қана қоймай, NASA-ның ардагер маманы Том Санзонмен кездесіп, ғарыш орталықтарын көзімен көрген қазақ қызы енді жиған білімі мен тәжірибесін отандық ғылымды дамытуда қолданғысы келеді.
– Сымбат, қазақ қыздарының сонау АҚШ-тың тәуелсіз агенттігі саналатын NASA-ға табан тіреуі – расымен қуанарлық жағдай. Ең алдымен тағылымдама турасында толығырақ айтып өтсең. Бұл қандай тағылымдама? Әлемдік деңгейдегі ғарыш агенттігіне қалай тап болдың?
– United Space School – әлемнің түкпір-түкпірінен таңдап алынған 45 оқушыны астрофизика, аэроғарыш инженериясы және биохимия салалары бойынша оқыту бағдарламасы. Тағылымдамаға келген балалар мұнда екі апта бойы Марс ғаламшарына аттанатын миссияны жобалайды. Бағдарлама аясында негізгі барлық жұмыс АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтеді. Алғашында International Space Education, яғни осы мектепті құрған ұйымның поштасына хат жаздым, ал олар маған эссенің басты критерийлерін жолдады. Мен эсседе болашақта Марс ғаламшарына қолданғым келетін технологиялар туралы жаздым. Сонымен, арадан бір ай уақыт өткен соң сұхбатқа қабылданғаным туралы хабарлама келді. Сұхбат кезеңінде Біріккен ғарыш мектебінің үш директоры менен аэроғарыш ғылымындағы тәжірибем туралы сұрады.
– Аспан әлеміне деген ерекше қызығушылығың қайдан пайда болды? Зерттеу ісіне қадам басуыңа белгілі бір оқиғалар әсер етті ме?
– Ең алғаш 7-сыныпта мектептің зымыран клубына қосылдым. Мұнда біз өзіміздің зымыран модельдерімізді жасап қана қоймай, оларды аспанға ұшырдық. Сондай-ақ кейінірек мен KAZROCKETS қорының мүшесі атандым. Бұл командамен бірге 5 жастан асқан балалар ғарыш туралы бәрін біле алатын білім жинақтарын жасадым. Одан бөлек, аталған қор аясында ғарыштық қоныстар туралы хакатондар мен зымыран үлгісіндегі спорт жарыстарын ұйымдастырумен айналыстым. Осылайша, зымыран модельдерін жасаумен айналыса келе NASA-да тағылымдамадан өтуге қызығушылығым артты.
– Білуімізше, бағдарламаның тақырыптары жыл сайын қазіргі уақыттағы ең өзекті астрономиялық мәселелерге байланысты өзгеріп отырады. Биылғы тақырып қандай мәселеге арналды?
– Тағылымдамаға қатысқан барлық оқушының алдына қойылған басты міндеті – Марсқа аттанатын адамдармен басқарылатын миссияны жобалау. Бағдарламаға әлемнің 25 түрлі елінен 45 оқушы таңдап алынса, ал мен күллі Азия құрлығы бойынша жалғыз өзім қатыстым. Тағылымдама барысында бізді 5 топқа бөліп қарастырды. Мен Марстағы астронавтардың өмірін қолдауға жауапты жасыл команданың мүшесі болдым. Мұнда біз үшін маңызды міндеттердің бірі – оттегімен қамтамасыз ету, радиациядан қорғау және т.б болды.
– Мыңдаған шақырымды артқа тастап мұхит асу, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған кіл мықтылармен бірге біліміңді арттыру, тәжірибеңді жетілдіру – нағыз жетістік. Осы ретте өзге елдердің ғарыш ғылымының даму деңгейіне қарап қандай ой түйдің? Қазақстандағы астрономия ғылымынан нендей айырмашылығымен ерекшеленеді?
– АҚШ-та, әсіресе NASA ұйымдары бар қалаларда балалардың ғарыш және астрофизика тақырыбына деген қызығушылығын кішкентай кезінен бастап арттыруға тырысады. Америкада оқушылар мұражайдағы ғарыш экспонаттарын таныстырып, өздерін осы салада белсенді көрсете біледі. Ғылымға деген осындай ерекше ынта мен ізденісті қазақ балаларының бойынан көргім келеді. Сондықтан біз қазір KAZROCKETS қорымен бірлесіп өздігінен зымыран құрып, оны ұшыра алатын жинақпен айналысудамыз. Осылайша, мен соңымыздан еріп келе жатқан жас өрендердің ғылымға деген талпынысын арттыруға үлес қосқым келеді.
– Ғаламшардың әр түкпірінен жиналған қатарластарың еліміздің ғарыш саласы, соның ішінде Байқоңыр туралы біле ме?
– Әрине, көптеген астронавт пен инженер Қазақстанды Байқоңыр ғарыш айлағы арқылы жақсы біледі. Алайда Америкаға сапарымда мен әңгімелескен кәсіпқойлар әлі күнге дейін Байқоңыр қаласына барып көрмегенін айтады. Ал мен 2022 жылы Байқоңырдан Союз зымыранының ұшырылуын бақыладым. Шетелдік достарыма да зымыранның ұшырылып жатқан сәтінен видеосын көрсеттім.
– NASA-да тәжірибе жинақтау барысында қандай технология механизмдерін қолдандың?
– Жобаны жүзеге асыру үшін біз бұрыннан бар технологияларды қолдандық, бірақ барлық есептеу болашақта 15 жыл ішінде күтілетін нәтижелер бойынша жүргізілді. Мысалы, Халықаралық ғарыш стансасында ауа жасайтын жүйенің өнімділігін (Oxygen Generation Assembly) 70 пайыздан 85 пайызға дейін ұлғайттық. Онымен қоса, ғарышкерлер үшін қолайлы атмосфера құру үшін озонды N2O цистерналары форматында сақтауды меңгердік. Өйткені мұндай әдіс қазір ауруханаларда кеңінен қолданылады және оны нақты миссияларда коммерциялық тұрғыдан алу тиімдірек.
– Мұнда аэроғарышпен айналысқысы келген балалар үшін қандай мүмкіндіктер қарастырылған? Тағылымдамада теория маңызды рөл атқара ма, әлде практика басымырақ па?
–Тағылымдамада қарастырылған миссиямыз заманауи әрі ешкім сезіп-көрмеген Марсқа аттанушы болғандықтан, көбіне теориялық білімімізді қолдандық. Осының нәтижесінде тағылымдамаға қатысқан оқушылардың болашақта орындауға жоспарлаған жобаларына қызығушылығы одан сайын арта түседі. Оқушылар келешекте осы салада жұмыс істегісі келсе, негізгі тақырыптарды түсінуде де қиындық тумайды.
– NASA-ның Джонсон ғарыш орталығы мен Хьюстон табиғи ғылымдар мұражайы ғылымда несімен ерекшеленеді? Нені байқадың?
– Джонсон ғарыш орталығында көрсетілген экспонаттың көбі ғарышта болған. Мәселен, мұнда ғарыш скафандры көрсетілген. Бұл – жай ғана модель емес, расымен астронавтар киген киім. Мұражайда және орталықта көрсетілген технологиялардың басым бөлігі интерактивті, яғни адамның өзі олардың қалай жұмыс істейтінін көре алады.
– Қазір медиада Марстағы тіршілік туралы ақпарат кеңінен таралып жатыр. Ғалымдар да Марстағы тіршілік белгілерін анықтау үшін жылдар бойы зерттеу жүргізіп келеді. Ал сен келешекте Марс ғаламшарында қандай технологияларды қолданғың келеді? Бұл технологиялар несімен маңызды?
– Менің ойымша, Марс – біздің жаңа үйге деген болашақ үмітіміз. Қазір Artemis миссиясына белсенді дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Оның нәтижесінде Қызыл планетамен жақсы байланыс орнату үшін ай базасын құру жоспарланып отыр. Сондай-ақ Марстағы ғарышкерлер үшін оттегі өндіруге көмектесетін MOXIE технологиясы бойынша эксперименттер жүргізілуде. Оның жалғыз проблемасы – машинаның өнімділігі мен жылдамдығы салыстырмалы түрде аз. Мен болашақта осы перспективалы технологияны дамытуға көмектескім келеді.
– Екі апталық тағылымдамадан елге оралған соң біліміңді тәжірибеде қолданып көрдің бе? АҚШ-тағы өмірің, NASA-да өз көзіңмен көрген қызықты деректер туралы достарыңмен бөлістің бе?
– Иә, Америкадан елге оралған соң айналамдағы адамдарға, қатарластарыма көрген-білген тәжірибемді, қызықты оқиғалар туралы айтып бердім. Одан бөлек, алған білімімді қатарлас достарыма бөлісу мақсатында түрлі дәріс өткіздім. Жуырда өткен NASA Space Apps хакатонында ментор ретінде жұмыс істеп, қатысушыларды халықаралық ұйымның берген түрлі тапсырмасын шешуге бағыттадым.
– Болашақта өзіңді ғарыш саласының қай бағытынан көресің? Әлемде нені өзгертуге үлес қосқың келеді?
– Расында, Америкадан алған тәжірибем биоинженерия саласында дамуға деген ұмтылысымды көрсетті, өйткені маған физика мен биология ғылымын бір технологияға біріктіру ұнады. Мені АҚШ-тағы оқу, әсіресе солтүстік-батыс университеттері қатты қызықтырады. Мұнда оқуға түсудің өзі қиын болғанына қарамастан, мен үшін Америкада білім алу, осында тәжірибемді жетілдіру қолайлы. Болашақта инженерия мен аэроғарыш ғылымдарының дамуына, әсіресе Байқоңыр қаласындағы зерттеу жұмыстарына көмектескім келеді. Келешекте біз сияқты жас мамандардың көмегімен еліміз осынау тарихи және технологиялық маңызы бар орынды өзі пайдалана алады деп ойлаймын.
– Әңгімеңе рақмет, Сымбат! Ғылым жолында толағай табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ