Тарихқа көз жүгіртсек, 1995 жылы Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет елдің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілеттік берілген орталық атқарушы орган ретінде құрылған болатын. Осы күн азаматтық қорғау жүйесінің кәсіби мерекесі – Құтқарушылар күні болып белгіленді.
1995 жылдан бастап азаматтық қорғау жүйесі айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Орталық атқарушы органдардың құрылымын жетілдіру шеңберінде МКЖС комитет, агенттік, министрлік болып қайта құрылды, ІІМ жүйесінде болды, одан әрі 2020 жылы ТЖМ боп бөлек шықты. Барлық кезеңде төтенше жағдайларды жою қызметі кәсіби түрде дамып, құтқару бөлімшелерімен толықтырылды.
ТЖ қызметтері жұмыс істеген жылдары (1995-2023 жж.) төтенше жағдайларды жоюға 1,6 млн астам рет шыққан екен. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың қызметі, кәсібилігі, жеделдігі арқасында 421 мыңнан астам адам құтқарылған, ТЖ түрлі аймақтарынан 383 мыңнан астам адам эвакуацияланып, 72 мыңнан астам зардап шеккен адамға медициналық көмек көрсетілген.
Жыл сайын орта есеппен 18 мыңнан астам табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай, оның ішінде 12 мың өрт оқиғасы тіркеледі. Мәселен, биыл жыл басынан бері құтқару бөлімшелері өртке және авариялық-құтқару жұмыстарына 70 мыңнан астам рет шықты, 12 мыңнан астам адам құтқарылды, ТЖ аймағынан 65 мыңнан астам адам эвакуацияланды, 4,6 мың зардап шеккен адамға шұғыл медициналық көмек және 1 мыңнан астам адамға шұғыл психологиялық көмек көрсетілді.
Азаматтық қорғау органдарында бүгінде 27 мыңнан астам қызметкер қызмет атқарады. Еліміздегі болашақ құтқарушыларды дайындайтын жалғыз жоғары оқу орны – Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы өз тарихында 6 мыңнан астам маман даярлап шығарды.
Еліміздің азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру бойынша елеулі жұмыстар атқарылды. Олар – заңнаманы қабылдау, төтенше жағдайлардан қорғау үшін жаңа объектілер салу, құтқару және өрт техникасы мен жабдықтарын сатып алу, азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысын арттыру, қызмет өткеру жағдайларын жақсарту, кәсіби кадрларды даярлау, өрт-құтқару спорты мен халықаралық ынтымақтастықты дамыту. Осылайша, 29 жыл ішінде 1,7 мыңға жуық өрт-құтқару автотехникасы мен 22 мың бірлік өрт-құтқару жабдығы мен жарағы сатып алынса, 38 өрт сөндіру депосы салынды. Жедел жағдайда талдау барысында трассалық медициналық-құтқару пункттерін жолдардың неғұрлым авариялық-қауіпті учаскелеріне көшіру мәселесі пысықталған болатын. Биыл жедел әрекет етуді арттыру мақсатында «Анар» трассалық медициналық-құтқару пункті Ақмола облысы Аршалы кентіндегі өрт сөндіру бөлімінің ғимаратына көшірілді.
Ведомствоның мақсаты – қызметкерлердің әлеуметтік қамсыздандырылуын жақсарту, материалдық-техникалық жарақтандыруды нығайту, жаңа өрт сөндіру деполарын, құтқару станцияларын салу, әуе авиациясы паркін жаңарту. Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін ТЖ-ны жоюдан цифрландыруды енгізе отырып, олардың алдын алуға қайта бағдарлау көзделеді. Осы мақсатта ТЖМ-да жаңадан ТЖ-ның алдын алу комитеті құрылды.
Каспий теңізінің қазақстандық секторының акваториясында Ұлттық теңіз авариялық-құтқару қызметін құру және азаматтық қорғау академиясының құрылысы бойынша мәселені жоспарлы пысықтау басталды. Осы мақсатта 20 өрт сөндіру депосының құрылысы жүруде, елордада бірегей тез салынатын өрт сөндіру депосы мен жатақхананың пилоттық жобасы іске қосылды. Жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен құтқарушылардың отбасыларына 50 пәтер берілді. Осы жазда елордалық Дағдарысты басқару орталығы тәулік бойы табиғи және техногендік төтенше жағдайларға мониторинг пен болжау жүргізілетін Командалық орталық болып қайта құрылды.
Құтқарушылар Түркия мен Ауғанстандағы жойқын жер сілкіністерінің салдарын жоюға қатыса отырып, халықаралық деңгейде өз кәсібилігін дәлелдеді. Қиын экстремалды жағдайларда және жерасты дүмпулерінің жалғасуына қарамастан, құтқарушылар үйінділерді бөлшектеп, адамдарды эвакуациялау және құтқару, зардап шеккен адамдарға медициналық көмек көрсету жұмыстарын жүргізді. Тек соңғы үш жылда ғана қазақстандық мамандар Түркия Республикасына, Сирия Араб Республикасына, Украинаға, Тәжікстан Республикасына, Ауғанстан Республикасына, Қырғыз Республикасына, Палестинаға көмек көрсеткен екен.
Елімізде қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында апта сайын профилактикалық акциялар мен оқу-жаттығулар өткізіледі, бұл ретте біздің құтқарушыларымыз өз дағдылары мен білімдерін шетелдік әріптестерімен бөлісіп отырады. Алматы облысының Тамғалы Тас шатқалында орналасқан «Жартасты қала – Астана» базалық полигонында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер – Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан Республикаларының және Ресей Федерациясының төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою саласындағы уәкілетті органдарының құтқару бөлімшелерінің қатысуымен «Скала-2024» бірлескен арнайы-тактикалық оқу-жаттығу өтті.
Сонымен қатар осы полигонда Орталық Азия елдерінің өкілдері үшін ТЖ-да ұшқышсыз авиацияны қолдану бойынша мастер-тренинг өтті. Тренингке Қазақстан Республикасы ТЖМ, Қырғыз Республикасы ТЖМ, Тәжікстан Республикасы ТЖК және Өзбекстан Республикасы ТЖМ ұшқышсыз ұшу аппараттарының 24 операторы қатысты. Соңғы 5 жылда ТЖМ ұшқышсыз аппараттар паркі 6 еседен астам ұлғайғанын және осыған байланысты дрондарды басқару бойынша мамандарды даярлау қажеттілігі туындап отырғанын атай кеткен жөн. Сонымен қатар полигон базасында ТЖ волонтерлердің республикалық форумы өтті.
Биылғы жылы елімізде Алматы қаласында Қазақстан, Беларусь, Болгария, Ресей, Словакия, Чехияның ең мықты спортшыларының қатысуымен өткен ұлдар мен жасөспірім ұлдар, қыздар мен жасөспірім қыздар арасындағы өрт-құтқару спорты бойынша әлем чемпионаты өтті. Онда ұлттық құраманың ұлдар мен жасөспірім ұлдар, қыздар мен жасөспірім қыздар командасы «Жауынгерлік қанат жаю» бойынша екі дүркін әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ биылғы күзде Көкшетау қаласында ҚР Төтенше жағдайлар министрінің кубогіне қоян-қолтық ұрыстан біріншілік турнир өткенін атай кеткен жөн.
Еліміздің өртке қарсы және құтқару қызметтерінің мамандары өз өмірін қатерге тігіп, азаматтарды құтқару жолында аянбай еңбек етіп келеді. Қызметтік міндеттерін атқару кезінде осы уақытқа дейін 73 қызметкер қаза тапқан екен. Олардың еңбек жолы мен ерлік істері қашан да жадымызда. Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері өздерінің қызметтік міндеттерін күнделікті орындай отырып, басқаларды құтқару үшін өз өмірін қауіпке тігіп, өздерінің кәсібилігі мен жанқиярлығын дәлелдеп келеді.
Нұрлан СӘРСЕНҒАЛИҰЛЫ