Ол келесі олимпиадаға дейін ай сайын 4 млн теңге қосымша жалақы алатын болады.
Елдос Сметовтің бапкерінің айлық жалақысына 4 миллион теңге қосылды
5,864
оқылды

Келесі айдан бастап әлем чемпионатының жеңімпазы Жарқынай Рахымбаева және қола жүлдегер Серғали Әбілда, биылғы Паралимпиаданың паражүзуден күміс жүлдегері Нұрдәулет Жұмағали мен бапкері Саттар Бейсембаевтың жалақысы өседі. Ал Елдос Сметовтің бапкері келесі олимпиадаға дейін ай сайын 4 млн теңге қосымша жалақы алатын болады. Бұл шешім Жамбыл облыстық мәслихатының сессиясында қабылданды,  деп хабарлайды Aikyn.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

Жарқынай Рахымбаева және Серғали Әбілда 16-26 тамыз аралығында Кишинев қаласында өткен жарыста армрестлингтен жүлдегер атанған болатын. 

Жүлдегерлер жалақысының көтерілуі Жамбыл облысы әкімдігінің 2017 жылғы 27 қарашадағы №262 қаулысына сәйкес жүзеге асты. Енді Жарқынай Рахымбаеваның бұған дейін алып келген жалақысына – 162 448 теңге, Серғали Әбілданың жалақысына – 81 244 теңге, Нұрдәулет Жұмағалидың жалақысына – 2 148 744 теңге, Саттар Бейсембаевтың жалақысына 974 668 теңге қосылады.

Бапкер Саттар Бейсембаев осыған дейін 385 044 теңге жалақы алып келсе, Нұрдәулет Жұмағалидың жалақысы 1 271 812 теңге көлемінде болған. 

Тағы бір айтары, Олимпиада ойындарының алтын жүлдегері Елдос Сметовтің жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиевтің де жалақысына қыркүйек айынан бастап 4 млн теңге қосылды. Бұл Спорт және дене шынықтыру агенттігі төрағасының 2014 жылғы 28 шілдедегі бұйрығына сәйкес жүзеге асты. 

Жамбыл облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мамандары бұл спортшылардың әлемдік додаларда жүлде алуына байланысты жалақысына автоматты түрде қосылатын төлем екенін айтады. 

Ал  Елдос Сметовтің жалақысына әл-әзірге ешқандай ақша қосылған жоқ. Сметов облыс әкімінің қаулысына сәйкес ең жоғары жалақы – 2 684 000 теңге алады.

Енді Жамбыл облыстық Спорт басқармасы қаулыға өзгерістер енгізіп, чемпионның да жалақысын көтеруге қадамдар жасап жатыр. Бұл келесі жылдан бастап іске асуы мүмкін.