Шығыс Қазақстан облысында Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін ең ұзын көпір халық игілігіне берілді.
Жаңа көпірдің игілігі мол
743
оқылды

Өңірдегі жеті ауданды байланыстыратын жаңа заманауи нысан – тәуелсіздік алғалы ашылған ауқымды жобаның бірі. Ұзындығы 1 316 метрді құрайтын көпірдің салынуы жергілікті жұрттың өмірін жеңілдетері анық. Өйткені осыған дейін облыс орталығына тұрғындар жазда ескі паром өткелімен, ал қыста жүздеген шақырым айналма жол арқылы жететін. Нысанның өңірдегі әлеуметтік-экономикалық даму және логистикаға әсері жайында ШҚО әкімінің кеңесшісі Әлішер Сүлейменов әңгімелеп берді.

Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір салу туралы Мемлекет басшысы 2019 жылдың қыркүйегінде тапсырма берген болатын. Әлішер Асқарұлы бүгін сол тапсырманың ауқымды нәтижесі екенін атап өттті. Оның айтуынша, көпір 3 қала, 191 елді мекенде тұратын 152 мыңнан астам тұрғынын қамтиды, 2 жүру жолағы бар, ұзындығы – 1 316 метр, ені – 12,1 метр. Жобаның құны 61,4 млрд теңгені құраған. Оның 50,9 млрд теңгесі тікелей көпір салуға, 9 млрд теңгесі – оған апаратын жолға, қалған 1,5 млрд теңге инфрақұрылымдық жобаларға байланысты вибробатырғыштар, бақылауға алынған теңізбен жүретін қайықтар секілді техникалық шығындарға жұмсалған.

– Облыс тұрғындары үшін бұл – үлкен қуаныш. Мұндай зияткерлік, заманауи инженерлік инфрақұрылысты салуға кәсіби деңгейі жоғары 500-ден астам жоғары кәсіби құрылысшы тартылды. Оның ішінде 30-ы – инженер, бәрі де Қазақстан азаматтары. Менің ойымша, мұндағы ең үлкен инвестициялық үлес – осындай күрделі зияткерлік инженерлік құрылысты салу тәжірибесі өзімізде қалады және бұл – біздің технологиялық күрделі жобаларда инвестициялық жағынан тартымды екендігіміздің сөзсіз дәлелі. Сонымен қатар бұл жоба Орта Азия аумағындағы ең ірі көпір болуымен ерекше. Қазақ «Жақсылық жасағың келсе, жол сал» деген. Ал жолдың ең жоғары инженерлік шыңы бұл – көпір, – деді облыс әкімінің кеңесшісі. 

Оның айтуынша, жоба аясында қосымша ұзындығы 20 шақырымға жуық көпірге апаратын автожол салынған. Автожолдың таза ұзындығы – 18,6 шақырым. Оң жақ жағалау, яғни Күршім жағы – 1,3 шақырым, сол жағалау Самар ауданындағы ұзындығы – 13,5 шақырым. Бұдан бөлек, 62 арнайы жабдық пен техника сатып алынған. Олардың қатарында: вибробатырғыштар, түрлі модификациядағы крандар, бұрғылау жабдығы, компрессорлар, жүзу құралдары және т.б.

– Бұқтырма су қоймасы маңында орналасқан 7 ауданды жалғап жатыр: Зайсан, Марқакөл, Күршім, Самар, Алтай, Үлкен Нарын, Қатонқарағай. Жобаның негізгі мақсаты – өңірде жыл бойы көлік құралдарының үздіксіз және қауіпсіз қатынасын қамтамасыз ету, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына дем беру. Себебі қазір заманауи экономиканың дамуы жолдар мен инфрақұрылымға негізделген. Сонымен қатар автокөліктердің жыл бойы қауіпсіз әрі дұрыс қозғалысын қамтамасыз ету де негізгі міндет болып отыр. Шығыс Қазақстан халқы бұл күнді 60 жылдан астам уақыт күтті. Өкінішке қарай, осы уақыт аралығында оқыс оқиғаларға байланысты 300-ге жуық адам қаза тапты. Бұл мәселеге осымен нүкте қойылды деп есептесек те болады. Өйткені бұрын адамдар мал тасымалдау үшін де, өздері өту үшін де мұздың үстімен жүретін. Әсіресе, күзден көктемге дейін паром жұмысы тоқтаған сәтте су қоймасынан өту өте қиын болатын. Тіпті, осындай оқыс оқиғаларға байланысты халық арасында бұл жерді «Қызыл су» деп атап кеткен, – деді Әлішер Асқарұлы.

Сондай-ақ спикер заманауи инфрақұрылыс санатындағы көпірдің мультипликативтік әсеріне де тоқталды. Бұл ауыл шаруашылығына (туризмге) өнеркәсіп салаларын қарқынды дамытуға өз үлесін қоспақ. Оның ішінде құрылыс материалдары өнеркәсібінің өнімдері, темір бетон конструкцияларды өндіру өнеркәсібіне, жалпы құрылыс индустриясына көмектеседі.

– Әлеуметтік экономикалық әсеріне келсек, іргелес аудандардың инвестициялық тартымдылығы артады. Сол арқылы сауда және көлік логистикалық кәсіпорынның жанар-жағармай материалдарының шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді. Жалпы ішкі тауар айналымының өсуіне оң әсерін тигізеді. Себебі жаңа көлік магистралі Ресей мен Қытайды байланыстыратын ең қысқа транзиттік жолға айналды. Ресей жақта Шемонаиха, Қытай жақта Қапшағай кедендері бар сол аумақ алпыс шақырымға қысқартылды. Бұл стратегиялық маңызды қадам, өйткені екі ел арасындағы жолаушылар тасымалының уақыты мен шығындары едәуір қысқарады. Нәтижесінде, транзиттік көлік ағыны, автотуристер саны артады, – деді кеңесші. 

Оның айтуынша, заманауи инфрақұрылыс нысаны аймақтағы туризм саласының да өркендеуіне айтарлықтай әсер етеді. Себебі осыған дейін қыс мерзімінде туристерді тартуда жол мәселесі қолға тұсау болып келген. Ал бір ғана көпір құрылысының аяқталуы тауар айналымы, жолаушылар тасымалы, туристік нысандар салу секілді көптеген мәселенің түйінін тарқатты. 

– Шығыс Қазақстан облысы – еліміздің маржаны. Өйткені төрт климаттық аймағы бар, ну ормандары мен өзен-көлдері көздің жауын алады. Экологиялық тұрғыдан алғанда өте таза Қатонқарағай ұлттық паркі бар. Емдік санаторийлер, Бұқтырма жағалауындағы демалыс орындары мен Күршім ауданындағы Қиын-Керіш каньондары, Марқакөл, Зайсан көлдері мен Сауыр таулары, Ескі аустриялық жол туристер арасында сұранысқа ие екенін білеміз. Сондықтан бұл көпірдің ашылуы экотуризм, балықшылық секілді ішкі және халықаралық туризмді дамытуға үлесін қосады деуге толық негіз бар. Жергілікті ресми мәлімет бойынша, көпірдің ашылуы өңірге келуші туристердің қатарын 30 пайызға арттырмақ. Мысалы, 2023 жылы аймаққа шамамен 370 мыңға жуық адам келген, ал биыл 400 мың адам келді. Болжамға сәйкес, келер жылы 475 мың адамға дейін турист келеді деп күтілуде. Министрлік ұсынған статистика бойынша, 185 мың адам деп көрсетілді, десек те туризмнен келетін кіріс жыл сайын 15-20 пайызға өседі. Демек, алдағы уақытта туристік науқан ұзарады, – деді облыс әкімінің кеңесшісі.

Спикер аталмыш жаңа нысанның арқасында жергілікті бюджет түсімі де толыға түсетінін алға тартты. Өйткені өңірдегі кәсіпкерлік өркендеп, өз ісін дамытуға мүмкіндік алып отыр. 

– Экономикада ішкі жалпы өнімнің өсуі деген ұғым бар. Көлік логистикасының жақсаруы осы ішкі жалпы өнімді алдағы 3-5 жылда 5-7 пайызға өсіреді. Нә­ти­­жесінде, жұмыспен қамту мәселесі де шешімін таппақ. Өйткені көпірге баратын және одан шығатын жол бойын­дағы жанар-жағармай құю бекеттері, техникалық қызмет көрсету стансалары салынады. Осылайша, жергілікті бюджетке қосымша түсім қамтамасыз етілмек. Өңірдегі кәсіпкерлердің табысы артып, ауыл шаруашылығы өнімдері: сүт пен ет өнімдерінің тасымалы жеңілдеп, малды бордақылау орталықтары ашылады. Тіпті, жедел жәрдем жеткізу қызметінің де қолжетімділігі артып, арақашықтық 500 шақырымға қысқартылды. Қазір көпірден автокөлікпен 4 минут ішінде арғы жағалауға өтуге мүмкіндік бар. Медицина саласы да жаңа заманауи көпірдің игілігін көреді. Өйткені Шығыс Қазақстанда фармацевтикаға қажетті емдік шөптердің қоры мол. Көпір арқылы медицинаның осы саласы да жандана түспек. Одан бөлек, аймақ – тау-кен өндірісінің орталығы. Сондықтан өңірдегі инфрақұрылымның дамуы кәсіпорындарға шикізат пен дайын өнім тасымалын жеңілдетеді, – деді Әлішер Сүлейменов.

Кәмила ЕРКІН