Республика күні қарсаңында Президент Жарлығымен бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Біз таңдаған жол – өркендеу мен даму
1,244
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты жиында қазақстандықтарды ұлтымыздың ең ұлық мерекесімен құттықтап, бұл азаттықтың алтын қазығын қаққан күн екенін атап өтті. Президент еліміздің Егемендігі туралы декларация қабылданған күнді қасиетті Тәуелсіздігіміздің бастауына балады.

Мемлекет басшысы болашаққа сеніммен қарайтын ұлт қана табысқа жете алатынына назар аударып, өмір болған соң түрлі қиындық та кездесетініне тоқталды.

– Еліміз таңдаған даму жолынан еш­қашан айнымайды. Мұны биылғы таби­ғи апат кезінде тағы дәлелдедік. Алапат тас­қын, шын мәнінде, еліміз үшін зор сынақ болды. Қаншама елді мекенді қарғын су басты. Қазақ­станның 10 аймағында төтенше жағдай жарияланды. Мыңдаған адам баспанасыз қалды, мал-мүлкін жо­ғалтты. Күрделі сәтте менің халыққа арнайы үндеу жариялағанымды білесіздер. Онда бірде-бір адам ескерусіз қалмайты­нын нақты айттым. Мемлекет сол уәде­сін орындады. Қысқа мерзім ішінде 2 700-ге жуық үй салынды. Баспанасын қал­пына келтіру үшін 9 мыңнан астам отбасына өтемақы берілді. Сондай-ақ 6 мың­­ға жуық үй сатып алынды. Жаздан бері мыңдаған отбасы қоныстойын тойлады. Мемлекет бүлінген инфрақұрылымның көпшілігін аз уақытта қалпына келтірді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұның бәрін қоғамның бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі деп бағалап, апат салдарын жоюға атсалысқандарға, әсіресе, құтқарушыларға, еріктілерге, кәсіпкерлерге және басқа да жанашыр азаматтарға алғыс айтты.

– Өзара тілеулестік пен қамқорлықтың арқасында сынақтан сүрінбей өттік. Шын мәнінде, біздің барлық жетістігіміз берекелі бірлік пен ырысты ынтымақтан бастау алады. Бұл – ұйысқан ұлт, мықты мемлекет болудың басты кепілі. Елде тұрақтылық болмаса, ешқандай даму болмайтынын қазір әлемде болып жатқан оқиғалардан анық аңғаруға болады. Өкінішке қарай, көптеген елдер алауыздық пен түрлі жанжалдың кесірінен тоқырауға ұшырап отыр. «Бірлік бар жерде ғана тірлік бар». Бұл – ақиқат.

Біз елімізде жан-жақты реформаларды жүзеге асырып жатырмыз. Бұл – ең алдымен, халқымыздың тұтастығы мен бірлігінің арқасы. Себебі біз таңдаған жол – өркендеу мен даму жолы. Бүгінде оның жемісін барша азаматтарымыз көріп жатыр, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, ауқымды саяси жаңғыру­лар арқылы мемлекетіміздің демократиялық дамуы­ның жаңа бағдары айқындалды. Конституциялық реформаны іске асыру нәтижесінде биліктің негізгі институттары қайта құрылымдалып, орнықты саяси жүйе қалыптасты. Бұл саяси жүйенің негізі – ашықтық пен әділдік, тиімділік пен бәсекеге қабілеттілік. Ең бастысы, халыққа қызмет ету қағидасы қамтылған. Мемлекет басшысы осындай құндылықтар негізінде біздің қоғамдық-саяси өмірімізде іргелі өзгерістер болып жатқанын айтты.

– Жақында өткен Атом электр станcасын салу жөніндегі референдумның қорытындысы – соның жарқын дәлелі. Азаматтардың 70 пайыздан астамы АЭС құрылысын қолдап дауыс берді. Бұл халқымыздың тағдыршешті сәттерде өрлеу жолын таңдайтынын көрсетті. «Түрлі көзқарас, біртұтас ұлт» қағидаты – мемлекеттік саясатымыздың негізі. Жалпы, энергия тапшылығының артуы – еліміз үшін өте өзекті проб­леманың бірі. Оны дер кезінде шешпесе, эко­номикамыздың дамуына кедергі келтіріп, азамат­тардың тұрмыс сапасына кері әсерін тигізеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдарына сәйкес ауқымды жұмыс атқарылып жатқанына тоқталды. Елдің көлік, энергетика және индустрия жүйесі қайта құрылып жатыр.

– Бес жыл бұрын Бұқтырма бөгеніне көпір салу туралы тапсырма бердім. Жұрт жылдар бойы жазда – пароммен, қыста мұздың үстімен жүретін. Бұл өте ыңғайсыз әрі қауіпті болғаны түсінікті. Енді мәселе біржола шешімін тапты. Көпірдің құрылысы аяқталды, бірнеше күн бұрын ресми түрде ашылып, ел игілігіне берілді. Бұл – Қазақстандағы ең ұзын көпір. Осылайша, шекара маңындағы аудандар транзиттік аумаққа айналды, яғни Қазақстан арқылы Қытай мен Ресейді жалғайтын тағы бір төте жол пайда болды. Осы маңызды жоба Шығыс Қазақстандағы бірнеше ауданның көлік қатынасын едәуір жақ­сартады. Жалпы, сапалы жол – халықтың тұрмысына оң ықпал ететін фактор. Мен бұл мәселеге айрықша мән беремін, – деді Президент.

Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев биылдың өзінде ұзындығы 12 мың шақырым жол салынып, жөнделіп жатқанын еске салды. Әсіресе, аймақтардағы жолды жақсартуға баса назар аударылып отыр. Оның айтуынша, Батыс Қазақстанда сонау Кеңес заманынан бері қараусыз қалған жолдар бар. Казталовка – Жәнібек – Ресей шекарасы бағытындағы жол биыл толық пайдалануға беріледі. Сонымен қатар әуе­қатынасын дамыту бағытында нақты жұмыс атқары­лып жатыр. Жақында Қызылорда және Шымкент әуежайларында жаңа терминалдар ашылады.

Президент экономиканы әртараптандыру үшін қабылданып жатқан жан-жақты шаралар туралы мәлімет берді. Атап айтқанда, биылғы 8 айда өңдеу өнеркәсібінің экспорты 17,8 миллиард доллардан асқан. Оның үштен бірі – күрделі технологиямен өңделген өнімдер. Қазір 17 серпінді, яғни озық инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығының даму қарқынына тоқталды.

– Бұл – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан айрықша маңызды сала. Қазақстан әлемдік азық-түлік нарығындағы рөлін күшейте береді. Қазір күзгі жиын-терін науқаны аяқталып қалды. Диқандар қауымына шынайы ризашылық білдіремін. Көктемгі тасқынға қарамастан 26 миллион тоннадан астам астық жиналды. Мұны рекордтық көрсеткіш деуге болады. Бұған мемлекет тарапынан көрсетілген нақты көмек те септігін тигізгені анық. Биыл көктемгі егіс науқанына берілетін арзан несие көлемі үш есе көбейді. Ауыл шаруашылығы техникасын лизинг арқылы алуға қосымша қаражат бөлінді. Жалпы, агроөнеркәсіп кешенінде 865 жоба жүзеге асырылмақ. Оның құны – 2,6 триллион теңге, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент еліміздегі кәсіпкерлік саласының өркендеу жолына түскенін, шағын және орта бизнес халықтың экономикадағы белсенді бөлігін жұмыспен қамтып отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысы елдің іскерлік ахуалы мен инвестициялық тартым­дылығын одан әрі жақсарту мақсатында мамыр айында Экономиканы ырықтандыру жөніндегі Жарлыққа қол қойғанын жеткізді.

– Отандық кәсіпкерлер елдегі маңызды жобаларды жүзеге асыруға белсене атсалысып келеді. Олар мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандар салып жатыр. Сондай-ақ өнеркәсіп пен инфрақұрылымды дамытуға инвестиция құйып, қайырымдылық бастамаларды қолдап жүр. Бұл – мемлекет пен бизнес арасындағы жасампаз серік­тестіктің, бизнес өкілдерінің әлеуметтік жауап­кершілігінің айқын көрсеткіші, – деді Президент.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдердің тікелей міндеті – бизнес-қауымдастыққа жан-жақты қолдау көрсету, кәсіпкерлермен тығыз қарым-қатынас жасау екенін айтты. Президент елімізде басымдық беріліп отырған әлеуметтік сала­ларға тоқталды.

– Биыл «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 115 жаңа медицина нысаны салынды. Отандық медицинада емдеудің инно­вациялық әдістері енгізіліп, онкологиялық қызметті кешенді жаңғырту жұмысы басталды. Сала қызметкерлерін құқықтық және қаржылық тұрғыдан қорғау туралы заң қабылданды. Осы және басқа да жүйелі шаралардың нәтижесінде негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштердің жақсарғаны байқалып отыр. Орташа өмір сүру ұзақтығы Тәуел­сіздік жылдарында алғаш рет 75 жастан асты. Ұрпаққа сапалы білім беру – маңызды міндет. Елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Соның арқасында 500 мыңға жуық бала жаңа білім ордасында оқитын болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ғылымы және техникасы дамыған елдердің әлем көшін бастап тұрғанын тілге тиек етіп, осы үдерістен қалмау үшін технократ ұлт болуымыз қажет екенін алға тартты.

– Бұл – уақыт талабы. Келер жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладық. Біз техника­лық және кәсіптік білім беруге баса мән беріп отыр­мыз. Биыл осы салаға арналған мемлекеттік тапсырыс­ты едәуір көбейттік. Грант санын 10 мыңға арттырдық. Мемлекеттік тапсырыстың 65 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінді. Елімізде шетелдің беделді жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып жатыр. Білім-ғылымның сапасын жақсартуға қатысты басқа да шаралар қолға алынды. Жақында «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылданды. Мұның бәрі бәсекеге қабілетті озық ұлт болуымыз үшін өте маңызды деп ойлаймын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл өзінің бастамасымен «Таза Қазақстан» акциясы басталғанын, бұл халықтың экологиялық мәдениетін көтеруге арналған жал­пыұлттық жоба екенін атап өтті. Елдің ішкі жағдайы мен азаматтардың әл-ауқатына мемлекеттің сыртқы саясаты тікелей әсер етеді. Мемлекет басшысы бұл салаға да ерекше мән берді.

– Қазақстан ұлттық мүддеге негізделген теңгерімді, конструктивті сыртқы саясат жүргізеді. Биыл біз үшін халықаралық маңызды оқиғаларға толы жыл болды. Қазақстан бірден бірнеше көпжақты ұйымдарға төрағалық етіп, бірқатар ауқымды іс-шара ұйымдастырды. Әсіресе, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті мен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын атап өтуге болады. Мемлекетіміз әлемдік аренадағы орнын дәйекті түрде нығайту арқылы орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге және жаһандық сын-қатерлерді еңсеруге елеулі үлес қосып келеді. Қазақ дипломатиясы санғасырлық тарихы мен дәстүрі бар Ұлы даладан бастау алды. Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін нығайта түсу – ұлттық дипломатияның алдында тұрған маңызды міндет. Қазір дүниежүзі қауымдастығы біздің елімізді орта держава деп атайтын болды. Бірақ арқаны кеңге салуға болмайды, әлі де өте белсенді жұмыс істеу қажет. Әлемде түрлі қақтығыс көбейіп, қарулану жарысы белең алғанын және сауда соғысы өршіп бара жатқанын көріп отырсыздар. Бірақ ең қауіптісі – сананың милитаризациясы, бір-бірінің ұстанымын мойындамау және сенімсіздіктің артуы, диалог пен консенсус үшін мүмкіндіктің азаюы. Осының бәрі әлемдік тәртіптің түбегейлі өзгеріске ұшырап жатқанын көрсетеді. Біз осындай жағдайдың өзінде тұрақтылық пен келісім мекені болып қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бейбітшілік пен тыныштық – біздің ең құнды байлығымыз, оны аялап, көздің қарашығындай сақтауымыз керек, – деді Президент.

Бұл ретте Мемлекет басшысы бейбітшілік пен дамудың түп негізі отбасындағы тәрбиеден, көшедегі тазалықтан, қоғамдағы бірліктен бастау алатынына назар аударып, неліктен Заң мен Тәртіп үстемдігі туралы ұдайы айтатынын түсіндірді.

– Бұл – біздің байыппен таңдаған айнымас қағидатымыз. Ол қоғамдық санада тамыр жаюға тиіс. «Заң – ізгілік пен әділет өнері» деген әйгілі тәмсіл бар. Заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдағы тәртіпті қамтамасыз ету үшін қажет. Әрине, заңның қатаңдығына наразылық білдіріп, «қылбұрау салып жатыр» деп ойлайтын адамдар әрқашан табылады. Бірақ жазадан жалтарып, жүгенсіз кеткендер, шын мәнінде, халық пен ел мүддесіне қарсы адамдар. Мемлекет қылмысқа «мүлдем төз­беушілік» қағидатын іске асыру үшін шара қабыл­дауды жалғастырады. Бұзақылықпен және ұйымдасқан қылмыспен ымырасыз күрес жүргізеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бір-бірімізді қолдап, биік мақсаттарға ұмтылатын бірлігі мықты ел болсақ, көк паспортымыз да мықты әрі қуатты болатынын айтты.

– Бір-бірімізге тілектес болайық, өзара құрметпен қарайық, қадірлейік. Кез келген қиындыққа қарсы тұрып, ел үшін, жер үшін бірге еңбек етейік. Халқы – біртұтас, болашағы – жарқын Әділетті Қазақстанды бірге құрайық. Азаматтарымыз барлық салада әрдайым әділдік болғанын қалайды. Ол үшін әркім әділдікті, ең алдымен, өзінен бастауы керек. Сонда қоғам да, бүкіл мемлекеттік жүйе де әділ болмақ. Еліміздің ең басты мерекесі – Республика күнінде біз Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды еңбегін атап өтуге тиіспіз. Оның қазіргі Қазақ мемлекетін құру ісінде шешуші тарихи рөл атқарғанын міндетті түрде айтуымыз қажет. Ел үшін жасалған қызмет ешқашан ұмытылмауы керек, ел жадында сақталуға тиіс. Бұл – еліміздің болашағы үшін өте маңызды. «Жақсының жақсылығын айт» деген халқымыз. Бүгінгі тарихқа әділ баға берілуі үшін кешегі тарих әділ бағалануға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның жетістіктері барша халқымыздың ортақ табысы екенін атап өтіп, ұлық мейрам – Республика күніне орай елімізді дамытуға орасан зор үлес қосып жүрген бір топ азаматқа жоғары наградаларды және Мемлекеттік сыйлықты салтанатты түрде табыстады. Олардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және ғылым қайраткерлері, өндіріс, бизнес салаларының көрнекті өкілдері, депутаттар, мем­лекеттік және құқық қорғау органдарының қызмет­керлері, әскери қызметшілер, спортшылар және еңбек ардагерлері бар.

«Қазақстанның Еңбек Ері» атағы отандық ғылымды дамытудағы айрықша жетістіктері, сондай-ақ қоғамдық қызметтегі аса үздік еңбегі үшін Президент жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті А.Жұмаділдаевқа, елдің әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы аса үздік жетістіктері үшін Алматы қаласы №4 арнайы мектеп-интернатының мұғалімі Г.Нұрпейісоваға, Орал қаласы А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының мұғалімі Э.Траисоваға және өндірістік қызметтегі ерекше еңбегі үшін Қарағанды облысы «Шахтерское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Г.Прокопқа берілді.

«Отан» орденімен Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының директоры С.Жошыбаев пен көрнекті ақын, Мемле­кеттік сыйлықтың лауреаты Н.Оразалин марапат­талды.

І дәрежелі «Барыс» ордені Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары А.Рауға, Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының әртісі Н.Өнербайға, еңбек ардагерлері Қ.Жақыповқа, Ө.Озғанбаевқа, В.Ред­кокашинге және С.Шәкіратқа, Алматы қаласы Persona халықаралық клиникалық репродуктология орталығының басшысы В.Локшинге, ІІ дәрежелі «Барыс» ордені Қазақстанның Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Н.Онжановқа және еңбек ардагері Ж.Шәріповке, 

ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені Премьер-Министрдің орынбасары Т.Дүйсеноваға, шахматтан әлем чем­пионы Б.Асаубаеваға, Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаевқа, Тараз қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы С.Сейдәзімовке табысталды.

Сонымен қатар бір топ белгілі ғалым, мәдениет, білім саласының қайраткерлері және өндіріс өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер «Парасат» орденінің иегері атанды. Олардың қатарында Алматы қаласы «Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің төрағасы З.Аманжолова, Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы «Арғымақ» жауапкер­шілігі шектеулі серіктестігінің директоры О.Байділда, «Қазақстан авторлар қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің бас директоры Б.Есенәлиев, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Х.Қалиламбекова, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының актері К.Кемалов, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас директоры К.Матыжанов, Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалды, «Мағжан» әдеби-көркем журналының бас редакторы Ж.Сүлейменов, Шымкент қаласының әкімі Ғ.Сыздықбеков, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актрисасы Д.Темір­сұлтанова бар.

Ұлтаралық бейбітшіліктің дамуына сіңірген елеулі еңбегі үшін «Ел бірлігі» орденімен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі С.Героев, күрдтердің «Барбанг» қауымдастығының төрағасы А.Алиев, «Мицва» қауымдастығының төрағасы А.Барон және «Динар-Электромаш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тең құрылтайшысы С.Вишняк мара­пат­талды.

Еліміздің дамып, өркендеуіне елеулі еңбегі сіңген бір топ азамат, соның ішінде Алматы қаласындағы «Балдәурен» балаларды оңалту орталығы» КМК директоры Ш.Абесов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Р.Бектұров, Астана қалалық Жас көрермендер театрының актрисасы С.Еслямова, скрипкашы Ж.Серкебаева, Қосшы қаласындағы мектеп-гимназияның директоры Д.Асқарова «Құрмет» орденімен марапатталды.

Бұдан бөлек, өнеркәсіп, транспорт, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да өндіріс салаларының жұмысшылары мен еңбеккерлері ІІ және ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін иеленді. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ғылым және мәдениеттің көрнекті өкілдеріне табысталды.

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері, ақын-жазушылар Т.Медетбек, В.Михайлов және И.Сапар­бай «Қазақстанның Халық жазушысы» атағына ие болды. «Қазақстанның Халық әртісі» құрметті атағы еліміздің көрнекті мәдениет қайраткерлері – театр және кино актерлері К.Жұмабековке, Л.Кә­денге, О.Коржеваға, И.Лебсакқа, Р.Махпироваға,Г.Шын­темірге және Ә.Ыдырышеваға, опера әншілері М.Мұхамедқызы мен Ж.Баспақоваға, дирижер А.Мұхитдинов пен күйші С.Тұрысбекке, сондай-ақ белгілі әнші М.Ілиясоваға берілді.

Сонымен қатар биылдан бастап құрметті атақтар қатарына «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы қосылды. «Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» акционерлік қоғамының бас директоры А.Байгенжин, «Ұлттық ғылыми онкология орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі гематология орталығының басшысы В.Кемайкин және Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасының дәрігері Б.Цхай жаңа құрметті атақтың алғашқы иегерлері атанды.

Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту кезінде көрсеткен ерлігі үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы І және ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен мара­патталды. Атап айтқанда, суға батып бара жатқан адамды құтқарғаны үшін Р.Қошқарбаев атындағы ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының аға жауынгері Ж.Пермабек, «Ерлігі үшін» медалімен Павлодар облысы полициясының учаскелік аға инспекторы Е.Қойкен, Ақтөбе қаласының полиция инспекторы Ф.Нұрманов, Талдықорған қаласының полиция инспекторы С.Серікқалиұлы, жасөспірімді өрттен құтқарғаны үшін Атырау қаласы полициясының учаскелік инспекторы Д.Қорғанбаев наградталды.

Биылғы мемлекеттік наградаларды тағайындауда қарапайым жұмысшылардың мәртебесін асыруға, еңбек әулеттерінің қоғамдағы абырой-беделін арттыруға айрықша мән берілді. Марапат иелерінің қатарында 450-ден астам жұмысшы, 137 педагог, 80-нен аса ғалым, 100-ге жуық құтқарушы мен ерікті бар. Еңбек династияларын марапаттау дәстүрі биыл да жалғасын тапты. Бұл жолы мұғалімдер, өндірісшілер, теміржолшылар әулеттері құрметке бөленді.

Асыл ТҰМАР