Әлем «5 джиге» толық көшіп үлгерген жоқ, ал ғалымдар 6G әлеуетін жариялады. Сонымен, алтыншы буындағы желі 5G-ден 8000 есе ұтқыр және жылдамдығы секундына 1 терабитке жетпек. Егер осынша ақпаратты қағазға басып шығарсақ, 200 беттен тұратын 520,3 мың кітапқа немесе сондай көлемдегі бума-бума құжатқа тең болар еді. Яғни, 6G-де тек 1 секундта ғана зу ете қалатын ақпарат 6 мың ағаштың тіршілігін сақтайды.
Ғалымдар алтыншы буынды жасанды зерде (ЖЗ) басқаратынын айтады. Адамның қабілеті оған аздық етеді. Пенденің шаршауы, басқа істерге алаңдауы, ойнап-күлуі, ауырып-сырқауы, сондай-ақ ұйқы, демалу, тамақ ішу секілді өмір қажеттігіне «уақыт жоғалтуы» секілді адами факторлар 6G-ге тек кедергі келтіріп, ісіне тұсау болады. Демек, жасанды интеллект кемелдене келе: «Аяққа оралғы болмай, былай тұршы!» деп адамдарды екінші орынға ысыруы, жер-жаһанды басқаруды өз қолына алуы әбден мүмкін. Адам қолынан шыққан жасанды ақыл-ой ақыры адамзаттың өзін құл етіп, материалдық ресурсқа айналдыратыны туралы талай кинотуынды түсірілді.
Күні кеше фантастика көрінген жаңа әлем енді табалдырықтың ар жағында тұр. Сидней университетінің ғалымы Махьяр Ширванимогаддам 6G-ге құрылған байланыстың жаңа стандарты халықаралық қауымдастық алдынан жаңа көкжиектер ашатынын, технологиялардың жаңа түрлері туындайтынын, техникалық прогресте төңкеріс болатынын болжады. Оның айтуынша, адам миы мен техниканың интеграциялануы жоғарғы деңгейге жетеді. Бұл жағдайда адамдар бір-біріне қонаққа баруды қоюы ықтимал, себебі арнайы VR-көзілдірік кию арқылы бір-бірінің қасында отырғандай сезіне алады.
Алты джи небәрі бір секундта 142 сағат видеоны жүктеп алуға мүмкіндік бермек. Рас, бұған қол жеткізу үшін біраз тер төгуге тура келеді. Мысалы, инженерлер компьютерлік архитектураны өзгертуі, материалдардың жоғарғы қуат пен жүктемеден қызып кетуі проблемасын шешуі, бұрын-соңды болмаған 6G инфрақұрылымын түзуі керек.
Оны айтасыз, тіпті «бес джи» мұнаралары да соған шыдамай, өздігінен өртке оранғаны бейнеленген видеороликтер интернетте қаптап жүр. Дегенмен 2020 жылғы ақпандағы жағдай бойынша 5G коммерциялық пайдалану үшін жеткілікті жаһандық инфрақұрылымға ие. Ал алтыншы буын желісі алғаш рет 2030 жылға қарай Жапонияда іске қосылады деп жоспарланған. Оған әзірлік басталып кетті.
ЖЗ институты және заңы болады
Қазақстан жасанды интеллектті кіріс әкелер «сауынды сиырға» айналдыруға болады деп санайды. «Digital Almaty: жаһандық экономиканың цифрлы болашағы» халықаралық форумында Үкімет басшысы Асқар Мамин Artificial intelligence арқасында республикамыз 25 миллиард доллар пайда таба алатынын мәлімдеді. Осы мақсатта инновациялық технологияларды дамытуға баса мән берілмек. Премьер-Министр осынша табыс негізінен қай салаларда күтіліп отырғанын да атады, бұлар – көлік, логистика, тау кен, мұнай-газ өндіру секторлары. Оларда инновация ендіру 2050 жылға қарай 5 триллион теңге экономикалық тиімділік әкеледі екен.
– Ғасыр ортасында дамыған 30 ел қатарына қосылу мақсатына жету жолында біз экономиканы жыл сайын 5-6% өсіріп отыру міндетін қойдық. Бұл өсімнің елеулі бөлігі еңбек өнімділігінің артуы арқылы қамтамасыз етілуге тиіс. Осы орайда, жасанды зерде енгізудің зор әлеуетін көріп отырмыз. Қазақстанда жасанды ақыл-ойды қолданудан болатын жалпы экономикалық тиімділік жылына шамамен 25 миллиард долларды құрайды. Ең үлкен нәтиже жылына 15 млрд долларға дейін табыс әкелетін қызмет көрсету мен 9 млрд долларға дейін пайда түсіретін тау-кен өндіру саласынан күтіліп отыр, – деді Асқар Мамин.
Елімізде инновациялық экожүйені өркендетуге бағытталған іс-шаралар кешені жүзеге асырылып жатыр.
«Екі жыл бұрын Astana Hub халықаралық ІT-стартаптардың технопаркін аштық. Оның негізінде «Alem» ІТ бағдарламалау мектебі оқытудың заманауи тәсілдері мен әдістерін қолдана отырып жұмыс істейді. 2019 жылдың қыркүйегінде инновациялық ІT-университетті аштық. Қазіргі уақытта оның Amazon және UNICEF секілді алдыңғы қатарлы ІT компаниялармен және даму институттарымен ынтымақтастық жасауы мәселесі пысықталуда. Дүниежүзілік экономикалық форуммен бірлесіп, «Астана» қаржы орталығы негізінде Төртінші өнеркәсіптік революция орталығын құруға уағдаластық. Ол биылғы жыл соңына дейін іске кіріседі. Qwazar компаниясымен бірге инновациялық бағдарламалау мектебін ашу жоспарлануда», – деді А.Мамин.
Ол сондай-ақ Қазақстанда жасанды зерде ұлттық кластерін құру қолға алынғанын жеткізді. Мұнымен Назарбаев Университет айналыспақ. Кластерге зертханалар, деректерді өңдейтін зерттеу орталығы және жасанды интеллекті дамыту ұлттық паркі кіреді. Бұл ретте мемлекеттің серіктесі Дүниежүзілік банк болады.
Бұдан бөлек, ЖЗ Үкіметке кіреді: Smart Data Ukimet атты қолданыстағы үкіметтік базада қолданылады.
«Бұл үлкен деректер негізінде басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Назарбаев Университеті базасында смарт-жүйелер мен жасанды зерде институты құрылады. Жалпы, барлық салада жасанды интеллект енгізу жоспарланып отыр. Бұл еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды факторы. Осыған байланысты бүкіл Еуразиялық одақта ЖЗ технологияларын үдемелі дамыту және қолайлы жағдайлар жасау бойынша бірқатар шара қабылдауымыз қажет!» – деп нықтады Үкімет басшысы.
ЕАЭО шаралар кешені ортақ стандарттар түзуді, деректерді интеграциялау мен алмасудың бірыңғай саясатын әзірлеуді, ғылыми-зерттеу қызметін өркендету бойынша өзара әрекеттесуді қамтиды.
Әзірге табыс емес, тек үнем
Мамандардың түсіндіруінше, Премьер айтып отырған $25 млрд – таза табыс емес. Бұл – экономикалық тиімділік, яғни басым бөлігінде кіріс әкелуге емес, ақша үнемдеуге қатысты. ЖЗ экономикадағы көптеген сала қызметін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Мысалы, көлік және логистика саласында ЖЗ қолдану транзиттік бағыттардың ұтымдылығын арттыруға ықпал етеді. Кеденде – шекарадан өту уақытын жеделдетеді. Саудада – көлеңкелі және контрафакт айналымы көлемін азайтады.
Бұл ойды халықаралық ұйым зерттеулері растайды. PwC дерегінше, жасанды интеллекттің жаһандық ЖІӨ-ге үлесі осы онжылдықта 15,7 трлн долларға жетеді. Оның 6,6 триллионы – бизнес процестерді автоматтандыру арқылы еңбек өнімділігін арттыру, ал 9,1 трлн-ы – сауданың жалпы аудиторияға емес, енді әр адам сұранысына қарай дербестенуі арқасында тұтынудың өсуі есебінен болады.
«Қазақстан жасанды ақыл-ойды жаппай енгізуге әзір емес. ЖЗ тіпті 4G-де тұсаулы аттай тапырақтайды. Ал еліміздің басым бөлігінде 2 не 3 джи. Үкімет 2020 жылы интернетпен ел халқының 93%-ын қамтитынын мәлім етті. Бірақ «қосылды» деген елді мекендерге барсаңыз, көбінде ұшқыр интернет жоқ. Видео түгіл, бір суреттің жүктелуін минуттап күтіп отырады. Кейбір жерге кең жолақтысы келді, әйткенмен оған тек мектептер, әкімдік және бірлі-жарым мекеме филиалы қосылған. «Қазақтелеком» ол кент-аудандағы қарапайым тұрғындар үйлерін қосуға бас қатырмайды. Ендеше Үкімет көзбояушылықты тоқтатып, АҚШ-тағыдай ауыл-аймақты ғарыштық интернетпен жабдықтауды жолға қоюы тиіс. Әйтпесе, бюджет қаржысына дотацияланатын ЖЗ ел игілігіне айналмайды, тек алпауыт зауыт, цифрлы фабрика, автоматтандырылған кеніш инвесторлары мен қожайындарын кіріске кенелтер өнім болады», – дейді ІТ маманы Руслан Ермеков.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев 2019 жылы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыруға бюджеттен 18,7 млрд теңге шығындалғанын хабарлады. 2018-2019 жылдары цифрландыру іс-шаралары 802,5 млрд теңге көлемінде экономикалық тиімділік әкеліпті. Инновациялық экожүйеге 32,8 млрд теңге тартылды және іргелес салаларды ескерсек, барлығы 120 мың жұмыс орны құрылды.
«ЖЗ саласында жұмыс басталды. Ол үшін арнайы заң жобасы әзірленді. Назарбаев Университеті Дүниежүзілік банкпен бірге ЖЗ институтын құрып, оның бағдарламасын жасауда. Біз 2020 жыл бойы осы жоба аясында жұмыс істейтін боламыз. Бұл жаңа экономикалық модельдерді құруға мүмкіндік береді. Жасанды зерде технологиясы бар Smart Data Ukimet жобасы 180 млрд теңгеден астам сомадай жанама әсер береді», – деп сендіреді министр.
Айхан ШӘРІП