Елімізде ежелден келе жатқан атакәсіп – мал шаруашылығынан да мән кетіп жатқаны алаңдатады.
Мал шаруашылығынан мән кетті
1,487
оқылды

Жайылым жерлердің тапшылығы, жем-шөптің қымбатшылығы, басқа да өзекті факторлармен қоса, еліміздің сырт елдерге мал етін өткізуге тыйым салуы шаруалардың басты күнкөріс көзі – мал басын сойып тастауына әкеліп соққан. Қара малдың, тіпті етті және сүтті асылтұқымдылары да жаппай пышаққа ілініп жатыр.

Шаруалар ішкі нарықты тұрақтандыру үшін жасалған бұл қадамның іс жүзінде тұтастай мал шаруашылығының тамырына балта шауып, саланың дамуын тұралатып тастады деп санайды. Мал етінің құны күрт төмендеп кеткені фермерлерге аса ауыр соққан. Сондықтан бағаны ұстап тұру әрі малды асырап-бағу көл-көсір пай­дасынан бұрын зор шығынға ұш­ыратқан. Сон­дықтан шаруалар асыл­тұқымды малдың өзін жаппай ақтара сойып бауыздап тастауға мәжбүр болғанын айтады. Шаруа­лардың айтқан уәжіне қарағанда соңғы бес жыл ішінде сыртқы экспортқа мал етін шығару мүмкін емес. Ал ел ішінде асыл­тұқымды жас малдың етіне сұраныс аса төмен. 

Деректерге сенсек, биыл еліміздегі асылтұқымды мал басы 50 пайызға дейін көтерілудің орнына, керісінше 10 пайызға дейін азайып кеткен. Фермерлер мұны малды жаппай сойып, ондаған жыл мал шаруашылығымен айналысқан адамдардың өзі кәсіптің тиімсіздігінен құтылуға мәжбүр болғанымен түсіндіреді. Мамандар Ауыл шаруашылығы министрлігінің асылтұқымды малды экспортқа шығаруға тыйым салуы тұтас саланың шатқаяқтап қалып, шаруа­лардың малмен айналысуды тоқтатып тас­тауға дейін жеткізді деп есептейді. 

–  Былтыр аналық малдың басы көп алынған. Биыл олар бұзаулауы тиіс бол­ғандықтан, асылтұқымды мал басы бір­шама ұлғаюы керек еді. Біз мал басын 30 пайызға дейін көтеріледі деп күттік. Ал­а­йда іс жүзінде керісінше жаппай мал басының құлдырап тым төмендеп кеткеніне куә болдық. Фермерлер жаппай жабылып немесе малды жаппай сойып тастап жатыр. Мал басы азайғандықтан, нарықта тиісінше ет бағасының қымбаттағанын көреміз, – дейді қазақтың ақбас тұқымы республикалық палатасының директоры Бахтияр Өтелбаев.

Сарапшы аналық қара малды экспортқа шығаруға рұқсат беру қажет деп санайды. Бұл елдегі құлдырап бара жатқан мал шаруашылығының тамырына қайта қан жүгіруіне мүмкіндік береді деп сенеді. Қазақ ақбас сиыры тұқымы республикалық палатасының мәліметінше, тіркелген асыл­тұқымды малмен қатар сатылып жат­қан жас малдың да саны тым төмендеп кеткен. Мәселен, былтырғы жылдың 9 айында 58 410 бас асылтұқымды мал тір­келсе, биыл дәл осы кезеңде 53 276 бас мал қалған. 

– Бұл дегеніңіз, шамамен 30 мың бас асылтұқымды малдың іс жүзінде малды асыраудың тиімсіздігінен жоғалтып алғанымызды көрсетіп тұр. Мұнымен қоса, фермерлерді мал бағасының да тым төмен болуы алаңдатады. Мәселен, былтыр мық­ты бұқалар аукцион арқылы 1,5 мил­лионға сатылса, қазір небары 1 миллионға жетер-жетпес сомаға кетіп жатыр. Мәселе еліміздегі малды сыртқа экспорттау ашылмайынша шешімін таппайды. Шаруаның шығыны еліміздегі инфляция мен өндіріс құралдары құнының ұлғаюынан көбейіп, оны малды өсіруге деген ынтасын жоғалтып отыр, – дейді Бахтияр Өтелбаев. 

Асылтұқымды мал өсіруші шаруалар да бұл уәжді толықтай келісетінін жеткізді. Фермерлердің пікірінше, нарықтағы еттің бағасы шаруаның шығындарын мүлде ақтамайды. Салдарынан малмен айнал­ы­сатын шаруалар жылдан-жылға несиеге шырмалып, малды бірнеше есе азайтуға мәжбүр болған. 

– Малдың бүгінде құны жоқ. Қазір қол­­да бар малымыздың етінің келісі 2 мың теңгеге ғана өтіп жатыр. Яғни, 200 келі ет берсе, небары 400 мың теңге пайда әкеледі. Ал іс жүзінде қысы жеті айға созылатын теріскей аймақта жаңа туған бұзауды 2 жыл бағу үшін кемінде 630 мың тең­ге шы­ғын шығады. Қазір сыртқы экс­порт мүлде жабық. Малды асырап, оны сатуға дейін оның өзіндік шығыны 1 миллион теңгеден асып кетіп отыр. Ше­телден 1-1,5 миллион теңгеде дейін алынған малдың іс жүзінде сатылу құны бірнеше есе төмен. Неге біздің де малды сыртқа шығарып сатуға мүмкіндік берілмейді. Тағы бір себеп – несие және ауыл шаруашылығы техникаларына қосы­латын 15-20 пайыздан да асып жығылатын утильсбордың көптігі. Мен биыл Ресейден алған комбайн 80 миллион теңгеге шықты. Несиеге батып қалдық. Субсидия берілгені­мен, мемлекет бір қолымен берсе, екінші жағынан еселеп алып жатыр. Салық пен несиелерден мал басын еріксіз кемітуге мәж­бүр болудамыз. Бірнеше жылдан бері ет өңдейтін шағын цех алуға несие де ала алмадым. Өз қар­жы­мызбен салып жатыр­мыз, – дейді Ақкөл ауданынан «Сивка-Бурка» ЖШС-ның басшысы Игілік Таутенов. 

Сарапшылар асылтұқымды аналық малды да экспортқа шығаруға рұқсат бер­ілу­ге тиіс деп есептейді. Сондай-ақ ме­м­лекеттік субсидияның уақытында берілмеуі ахуалдың одан сайын тұралауына ықпал еткенін айтады. 

– Қазір қазақ асылтұқымды жас малы Қырғызстан мен Өзбекстанда елінде сұр­анысқа ие. Бірақ бұған тіпті мән берілмей отыр. Сондай-ақ субсидия саласындағы жағдай да аса өткір. Фермер сәуір-мамыр айларында өтінім берсе, оны тек жыл соңына қарай ала алады. Ал­ ол жазда қысқа жем-шөбін әзірлеуі керек. Қыста оның құны екі есеге қым­баттап шыға келеді. Мем­лекеттік бағд­арламалар тұрақсыз. Суб­сидиялау ережелері соңғы бес жылдың ішінде ғана 10 мәрте өзгертілді, – дейді Бахтияр Өтелбаев. 

Қарағанды облысында болған аусылдан кейін отандық етті қабылдайтын аса ірі нарық Қытай мен Ресейге экспортқа шы­ғарудың жолы кесілген. Қазақстан ет одағы да ет экспортын жөнге келтірмей, сала­ның алға жылжуына еш мүмкіндік жоқтығын айтады. 

– Қазіргі сәтте ең тиімді өнім – әрине, малды тірідей өткізу. Көршілерімізде сұра­ныс болып тұрғанда осы сәтті пай­далануға тиіс едік. Үкіметтің малды сыртқа шығарсақ, өзіміз жейтін ет қалмайды деп алаңдауы баланың ертегісі сияқты. Өйткені өзіне та­быс әкеліп тұрған сиырын ешкім де сатып жібермейді, – дейді Қазақстан ет ода­ғының атарушы директоры Асқар Жұбатыров.

Мамандар дәл қазір нақты шара қа­был­дамаса, еттің құны малдың жаппай сойылуынан тұрақсызданып, сондай-ақ ел тұтастай ет импортына тәуелді болып қалу мүмкіндігі жоғарылайды деп санайды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мал етінің экспортына тыйым салу қолда бар малды түгендеу әрі ішкі нарықтың бүтін­делуі үшін жасалғанын айтады. Министрлік осыған дейін асылтұқымды мал басын экспорттауға салынған тыйымды тағы да алты ай мерзімге ұзартуға шешім қа­был­даған. Құзырлы министрлік мұның мал басын көбейтуге септігі тиетініне сенімді. 

– Ауыл шаруашылығы министрлігі Қаржы министрлігімен бірлесіп асыл­тұқымды ірі және ұсақ қара малды экс­порт­тауға тыйымды ұзарту туралы жаңа бұйрық шығарды. Аталған шара алдағы алты ай бойы қолданыста болмақ. Тыйым салу барлық сиырға оның ішінде асыл­тұқымды малға да қатысты болады. Бұл – осыған дейін жүргізілген шаралардың жалғасы, – дейді Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері.

Министрліктің мәліметінше, осыған дейін болған экспорттық тыйымдардың арқасында қара мал саны  2,5 пайызға өсіп, ішкі нарықта еттің қамтылуына оң ықпал еткен. Сондай-ақ ет өңдеу көлемі 7,7 пайызға дейін жоғарылаған. 

Фермерлер мен асылтұқымды мал өсі­ру­шілер одағындағылар мал басы жаппай сойылып жатқанын айтып дабыл қаққаны­мен, Ұлттық статистика бюро­сының мәліметі керісінше мал басының көбейгенін хабарлады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл 1 қазанда елімізде ірі қара мал саны 8 миллион 395,7 мың басқа жеткен. Ал былтыр елде ірі қара мал саны не­бәрі 7 миллион 9,2 мың ғана болған.

– 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бо­йынша, республикадағы бүкіл ірі қара малдың 45,5 пайызы жұртшылық шаруа­шылықтарында, қорада, 44,2 пайызы – шаруа немесе фермер қожалықтарында және дара кәсіпкерлерде, 10,3 пайызы ғана ауыл шаруашылығы кәсіпорын­дарында ұсталады, – деп хабарлады статистика органы.

Қалай дегенмен де мал шаруашы­лы­ғының алға басқан қадамын кері тартқан түйткілдің түйіні тарқатылмау себебі сала мамандары және құзырлы министрлік пен жергілікті әкімдіктердің өзара байланысы­ның төмендегінен болып тұрғаны аңғартады. Жағдай одан әрі ушығып, елдің шын мәні­нде еттің импортына тәуелді болып қалмау үшін асылтұқымды мал шаруа­шылығы жайын тағы бір мәрте жан-жақты талдап барып түпкілікті шешім қабылдаған жөн сияқты... 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы