Республика күніне орай Мәслихаттардың 30 жылдығы аясында «Elorda Aqparat» медиахолдингінің ұйымдастыруымен журналистер мен жазушылар арасында өткен бильярд турнирі аяқталды.
Дәстүрлі бильярд турнирінің жеңімпаздары анықталды
656
оқылды

Республика күніне орай Мәслихаттардың 30 жылдығы аясында «Elorda Aqparat» медиахолдингінің ұйымдастыруымен журналистер мен жазушылар арасында өткен бильярд турнирі аяқталды.

Осымен үшінші рет дәстүрлі түрде ұйымдастырылып жатқан турнирге белгілі ақын-жазушылар, журналистер, медиаменеджерлер, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым және баспасөз өкілдері қатысты.

Жарыстың бас төрешісі Несiп Жүнicбайұлы болды. Нәтижесінде қатысушыларға қомақты жүлде қорынан бөлек арнаулы сыйлықтар таратылды. Сөйтіп «Зодиак» бильярд клубында өткен жарыста, үздік ойын көрсеткен «Мәдениетті ойыншы» номинациясын қоғам қайраткері Дархан Мыңбай жеңіп алса, «Мерген ойыншы» номинациясын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, «Шебер ойыншы» номинациясын ардагер журналист Кенже Жұмағұлов, «Үздік дуплет» номинациясын Талғат Ешенұлы ұтып алды.

Ал «Астана ақшамы» газетінің бір жылдық тегін жазылымы «Елорда ақпарат» медиасеріктестігінің Республика мерекесіне және Астана қалалық мәслихатының 30 жылдығына арналған журналистер арасындағы бильярд турнирінде үздік ойын көрсеткені үшін грамота Несіп Жүнісбайұлына және «Вечерняя Астана» газетінің грамотасы Аяған Сандыбайұлына табысталды. Сонымен қатар номинанттарға Қазақстан Мәслихаттарына 30 жыл медалі табысталды.

Ал финалға шыққан ардагер журналист Тұрмағанбет Ердешұлы мен Дәулеткерей Кәпұлының жарысы шын мәнінде тартысқа толы болды. Нәтижесінде жарыстың жеңімпазы ақын Дәулеткерей Кәпұлы болса, екінші орын Тұрмағанбет Ердешұлының қанжығасына бұйырды. Ал үшінші орынды Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің баспасөз жетекшісі Ербол Ерденбек пен «Хабар» арнасының қызметкері Ахмет Қайратұлы өзара бөлісті.

 – Бұл мереке біз үшін ұлы той. Қадірі Тәуелсіздік күнінен кем емес Республика күнінің осындай дәрежеде тойланып жатуы, шын мәнінде біздің егемендікке деген құрметімізді білдірсе керек. Бірінші кезекте Еркебұлан Қайназар бауырыммен, содан кейін Базарбек Түкібайды ұтып, жартылай финалда осы жарыстың жеңімпазы болады деген Ахмет Қайратұлымен сайысқа түстім. Сөйтіп финалда жазушы, ардагер журналист Тұрмағанбет Ердешұлын ұтып, жеңіске жеттім. Шын мәнінде Республика күніне орай осындай жарыстарды ұйымдастырып тұру қаламгерлерді, ардагерлер мен жастарды жақындастырады. Өйткені мұнда жеңу мен жеңілу мәселесі емес, керісінше ұрпақ сабақтастығының көрінісі алға шығады қашан да, – деді жеңімпаз Дәулеткерей Кәпұлы.