Конференцияға Қазақстан, Норвегия, Қырғызстан, Ресей Федерациясы және басқа да елдерден 100-ден астам қатысушы жиналды.
Шараның мақсаты – мектепке дейінгі білім беру саласындағы заманауи тәсілдер мен үздік тәжірибелермен алмасу. Қатысушылар мектепке дейінгі білім мазмұнындағы маңызды мәселелер мен оның адам капиталын нығайтудағы рөлін талқылады.
Конференцияда бірнеше халықаралық және 20-ға жуық қазақстандық спикер сөз сөйлеп, балаларды тәрбиелеу мен дамытудағы үздік тәжірибелерді баяндады. Баяндамалардың тақырыптары мектепке дейінгі білім берудегі жаһандық үрдістерді, норвегиялық және әзербайжандық білім беру жүйелерінің ерекшеліктерін, балалардың экологиялық ойлауын дамытуды, ұлттық ойыншықтардың рөлін, инклюзивті тәсілдерді, сондай-ақ STEAM технологиялары мен басқа да инновацияларды енгізуді қамтыды.
Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой қатысушыларды қарсы алып, конференцияның Қазақстандағы мектепке дейінгі білім беру саласындағы маңызды оқиғалардың бірі екенін атап өтті.
— «Осы конференцияны өткізу еліміздің білім берудегі инновацияларды енгізуге деген ұмтылысын көрсетеді. Қазіргі заманғы қоғамның қарқынды дамуы жағдайында білім беру жүйесі де өзгерістерді талап етеді. Бұл алаң барлық қатысушыларға жаңа идеялар мен практикалық шешімдер ұсынатынына және мектепке дейінгі білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенемін», – деп атап өтті ол.
Конференция аясында әлемдік жетекші сарапшылар, Оқу-ағарту министрлігі өкілдері мен мектепке дейінгі білім беру педагогтерінің қатысуымен үш бағытта: медиашығармашылық, ұлттық құндылықтарға негізделген білім беру және экологиялық тәрбие бойынша дөңгелек үстел өтті. «Қарлығаш» балабақшаларында секциялық отырыстар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, мектепке дейінгі білім беру саласына арналған инновациялық әзірлемелер, оқу-әдістемелік материалдар, танымдық әдебиеттер мен заманауи IT жабдықтары ұсынылған көрме-ярмарка өтті.
Конференция қорытындысы бойынша мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыру бойынша бірқатар нақты бастамаларды қамтитын қорытынды қарар қабылданды. Сонымен, олар отандық және шетелдік ұйымдармен тәжірибе алмасу үшін "QARLYGASH" бірыңғай алаңын дамытуды, үздік тәжірибелерді тарату мақсатында педагогтер үшін халықаралық тәжірбиелер, курстар мен семинарлар ұйымдастыруды қамтиды.