Қай кезде де мал шаруашылығы ауыл шаруашылығының күрделі саласы саналады. Соның ішінде асылтұқымды мал шаруашылығын өрістету ісі жоғары маңызға ие.
Жайылымнан сән, ауылдан мән кетті ме?
708
оқылды

Алайда жайылымды жаңғырыққа бөлеп, төрт түлігін түлетіп жүрген малшы қауымының бүгінгі жайы алаңдатарлық күйде тұрғаны жасырын емес. 

Бұрын ауылдың сәні төрт түлігімен құнды болатын. Сол кездері қорасы қойға, жайылымы тайға толған ауыл халқының жағдайы жақсы еді. Атадан балаға аманат болып жеткен атакәсіптің желкенін керіп жүрген майталман ма­ман­дарға мемлекеттің де қолдауы ұшан-теңіз болатын. 

Жалпы, елімізде мал шаруашылығы­ның тоқырауы сонау 90-жылдары бастау алды. Оған ауыл шаруашылығы саласы­ның назардан тыс қалуы себеп болды. Соның салдарынан саналы ғұмырын төрт түлікпен тығыз байланыстырған шаруалар атакәсібін тастап, басқа шаруаға бейімделе бастады. Осыдан кейін ет, сүт фермаларының күйі қашты. Қатары сиреді. Қолда бар малдың басы қожырап кетті. Қанша еңбекпен өсірген асылтұқымды мал басын да кемітіп алдық. Сол себепті бүгінде асылтұқымды малды шетелден алдыруға мәжбүр бо­лып отырмыз. Оның өзі де мәз емес. Бұл тұрғыда атакәсіптің аяқалысы Сыр өңірінде де ақсап тұрғаны аңғарылады. 

Қызылорда облыстық Ауыл шаруа­шылығы және жер қатынастары басқар­масының мәліметіне сәйкес, өңірде 2024 жылдың 1 қазанына 420,2 мың бас мүйізді ірі қара, 827,3 мың бас қой мен ешкі, 253,4 мың бас жылқы, 65,4 мың бас түйе және 120,4 мың бас құс тір­кел­ген. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңі­мен салыстырғанда мүйізді ірі қара 36 пайызға, қой мен ешкі 17,1 пайызға, жылқы 0,7 пайызға, түйе 4,6 пайызға, құс 0,1 пайызға артқанын алға тартады.

«Сыр өңірінде мал шаруашылығын өркендету бағытында көптеген жұ­мыстар атқарылып жатыр. Оның ішінде мал басы санын арттыру, асылтұқымды мал шаруашылығын өркендету, мал өнімдерін өндіру бағытында қыруар шаруа жасалуда. Соның нәтижесінде нақты уақытта 25,5 мың тонна ет (тірі салмақта), 33,9 мың тонна сүт және 5,4 млн дана жұмыртқа өндірілді. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстыр­ғанда ет өндірісі 2,9 пайызға, сүт өндірісі 2,7 пайызға, жұмыртқа 1,9 пайызға арт­қанын көрсетеді», – деп мәлімдеді бұл жайында басқарманың баспасөз қыз­метінен.

Сонымен қатар өңірде асылтұқымды мал шаруашылығын өрістету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар барысын тілге тиек етті. Осы орайда басқарма тарапынан 2024 жылдың 1 қаңтарына облыс бойынша асылтұқымды ірі қара­ның саны 15,6 мың басты құрағанын мә­лімдеп отыр. Оның ішінде асыл­тұқым­ды қойлар 185,0 мың басты көр­сетсе, жылқы 3,2 және түйе 0,3 мың бас­қа тең болып тұрғанын алға тартты.

Алайда малшы қауымы төрт түлікті түлетуде кесе-көлденең кездесетін қиындықтар көп екенін айтып отыр. Атап айтқанда, бүгінгі қоғамда малдың терісі мен жүнін игеретін орындар тапшы. Бұл бірінші кезекте төрт түлікті түлетіп отырған фермерлерге оңайға соқпай тұрса керек. 

«Мал басын көбейтіп, атакәсіптің ізін жалғауға ниетті жандар ел ішінде әлі де аз емес. Бірақ кәсібін дамытуға кесе-көлденең кездесетін қиындықтар көп. Өзім қой шаруашылығымен айна­лысамын. Соның ішінде асылтұқымды қойдың қаракөл тұқымын өсіремін. Алайда мал шаруашылығының өркен­деуіне кері әсерін тигізетін кедергілерге жиі тап болып жатамыз. Мәселен, соң­ғы жылдары мемлекеттен фермерлерге түрлі бағытта берілетін субсидия көлемі кеміп кетті. Сонымен қатар жемшөпке қолдау жоқ. Соның салдарынан өңірде бірнеше жыл бұрын қуаңшылықтан талай малдың қырылып қалғаны белгілі. Бұдан өзге, малшы қауымы төрт түлігі­нің жүні мен терісін өткізетін жер тап­пай тентіреп жүр. Жыл сайын қырықтық науқанында қойдың жүнін игере алмай, өртеп жібереміз. Бұл айналып келгенде малшы қауымын артық шығынға алып келеді. Мемлекет осындай келеңсіз­діктерді қаперге алып, фермерлерге қолдау болатын жедел шараларды қолға алуы тиіс сияқты. Әйтпесе, мал шаруа­шылығынан мән кетіп барады», – дейді асылтұқымды қой шаруашылығымен айналысатын «Асан» шаруа қожалығы­ның иесі Қойшыбай Асанов. 

Шынында да, бүгінде малдың терісі мен жүніне деген сұраныс болмай тұрғаны жасырын емес. Мол табысқа кенелуге болатын бұл кәсіпке қызығу­шылық жоқ. Соған орай малшы қауымы ауылдардан малдың жүні мен терісін қабылдайтын арнайы пункттер ашылса деген тілегін жеткізіп отыр. Ең болма­ғанда, бизнесті қолдау бағытында жастарға осы бағытта жұмыс жүргізуге мүмкіндік берілуі керек. Сонымен қатар республика көлемінде шикізатты өндіретін арнайы цехтар ашылып, халықты табиғи өніммен қамтуға жол ашылуы тиіс. Сонда ғана халыққа қажетті киім-кешектер өзге мемлекеттен тасымалданбай, отандық өнімді тұтыну­ға бетбұрыс жасалары сөзсіз. Бұған қоса, сүттен дайындалатын құрт, ірім­шік, брынза өнімдерін дайындауға да мүмкіндік жасалу қажет. Бір сөзбен айтқанда, мал өнімін тиімді өндіруге қатысты тың бастамалар қолға алынса, халықтың сапалы дүние тұтынуға мүм­кіндігі артып қана қоймай, малшы қауымы мен кәсіпкерлердің кәсібі де өрге жүзер еді. 

Малшылар қауымын мазалайтын тағы бір түйткіл – ветеринария маман­дардың тапшылығына келіп тіреледі. Бүгін кейбір ауылдарда ветеринарлар мүлде жоқ. Соның салдарынан қауіпті дерттердің алдын алу жұмыстары жүйелі жүргізілмей, төрт түлікте кездесетін жұқпалы аурулардың жылдам тарауына тежеу болмай тұр. Соған орай мал басын өсіруге мән беріп, әр ауылда, әрбір шаруашылықта ветеринар мамандардың болуына жол ашылуға тиіс. Малшылар қауымы осылай деп мұңын шағады. 

Осы орайда тағы бір айта кететін жайт, қазір өңірде ежелден еті мен сүті жанға шипа, дертке дәру саналатын түлік төресі түйе малының да саны сиреп бара жатқаны байқалады. Әсіресе, облыстағы солтүстік ауданның бірі – Арал өңірінде айыр өркештілердің саны аз емес еді. Сол уақытта өңірде өсірілетін түлік төресінің шұбаты мен өркешіне деген сұраныс та жоғары болды. Бүгінде түйе шаруашылығының бұл өңірде де тұралап тұрғаны жанға батып тұр. Ащы сортаңды шөппен қоректенсе де, шөлге шыдамды келетін ойсылқара тұқымын өсіруге деген сұраныстың соңғы жыл­дары неліктен күрт төмендеп кет­кені әзірге беймәлім. 

Қалай дегенде де, ауыл шаруа­шылығы саласында сан мәселе бар. Оның ішінде мал шаруашылығын дамы­ту бағытында шешімін күткен мәселелер шаш-етектен екені байқа­лады. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы