Қызылорда «AMANAT» партиясының бастамасымен ауыл әкімдерінің облыстық форумы өтті. Онда партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру, ауылдық аумақтарды дамыту, қаржылық дербестік пен ауылдық округтер әкімдері сайлауын іске асыру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Алқалы жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев, Сенат депутаты Наурызбай Байқадамов, сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігі Өңірлік даму департаментінің директоры Нұрлан Мақсұтов, барлық деңгейдегі әкімдер, облыстық мәслихат төрағасы мен депутаттары, басқарма, департамент және құқық қорғау органдарының басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында партия Хатшысы Ержан Жылқыбаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына тоқталып, Қызылорда облысы – өндірістік, логистикалық және транзиттік әлеуеті зор аймақ екенін атап өтті.
«Сыр өңірінде агроөнеркәсіп, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағыттары қарқынды дамып келеді. Күріш өндірісінің басым бөлігі де осы аймаққа тиесілі. Жаңа әуежай терминалы мен автовокзал, оқушылар үйі, музыкалық колледж, үстел теннис орталығы, физика-математикалық мектеп-интернаты, 10 мың орындық стадион сынды нысандарға қарап-ақ құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатқанын байқауға болады. Халқымызда «Ауылына қарап азаматын таны» деген керемет сөз бар. Қай кезде де ауылдағы мәселенің барлығын әкімімен байланыстырамыз. Өңірдегі Нағи Ілиясов, Бесарық, Таң ауылдарының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші өзге ауылдарға да үлгі болса дейміз», – деді партия Хатшысы Ержан Жылқыбаев.
Бүгінде өңір тұрғындарының саны 845 мың адамды құраса, оның 53%-ы ауылда тұрады. Ауылдарды дамыту – мемлекеттің, «AMANAT» партиясының да маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі. Президент Үкімет пен облыс әкімдеріне мемлекет тарапынан жасалып жатқан барлық қолдауды тиімді және мақсатты пайдаланып, ауыл тұрғындарының табысын арттыру, экономикасын жоғары көрсеткіштерге жеткізу міндетін қойды. Президент биылғы Жолдауында да мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыру мәселесіне баса мән берді. Атап айтқанда, алдағы уақытта аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайланады. Бұл бағытта аймақта ауыл әкімдерінің сайлауы нәтижелі жүргізілуде. Екі аудан әкімі, 145 қала, кент және ауылдық округ әкімдері сайланды. Олардың 140-ы – «AMANAT» партиясының мүшесі. Мемлекет басшысы атап өткендей, кәсіпкерлер, қоғам белсенділері және жастар қатарынан шыққан көптеген әкімдер қазір ел басқару бойынша тәжірибе жинақтауда.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев қабылданған шаралар халықтың қажеттілігі мен талап-тілегіне сай жұмыс жүргізуге мүмкіндік беріп отырғанын атап өтіп, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы, «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты», «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламалары сәтті жүзеге асуда. Бүгінде Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауы арқылы облыс бюджеті 744 млрд теңгеден асты. Осыдан екі жыл бұрын 364 млрд теңге болатын. Өсім 204,4 пайызды құрады. Аймағымызда әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық негізгі көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасып, республика бойынша алғашқы үштікке енді. Өнеркәсіп өндірісі – 2%-ға, өңдеу өнеркәсібі – 28%-ға, ауыл шаруашылығы – 3,8%-ға, инвестициялар тарту – 25,1%-ға, құрылыс жұмыстарының көлемі – 43,6%-ға, тұрғын үй – 4,6%-ға, көлік – 3,5%-ға, сауда – 6%-ға артты. Елдіимекендердің әлеуетін көтеруге бағытталған «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында облыста тірек және спутник елді мекендер айқындалды. Жоба жүзеге асқан 5 жыл ішінде (2019-2024 жылдар) облыста құны 31 млрд 200 млн теңгені құрайтын 435 жоба жүзеге асырылды. Биыл облыстың 39 ауылдық елді мекенінде 71 жобаны жүзеге асыруға 11 млрд 100 млн теңге бөлінді. Бұл қаржы елді мекендердің инженерлік-инфрақұрылымдарын жаңғыртуға, әлеуметтік нысандар құрылысын салу мен жөндеу жұмыстарына бағытталды», – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Бесарық ауылдық округінің әкімі Дәулет Сәрсенбаев партиялық жобалар мен мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында ауылда өзекті мәселелер өз шешімін тауып жатқанын жеткізді.
«Ауылымызда 2 437 адам тұрады. Оның 1011-і – экономикалық тұрғыда белсенді тұрғындар. Жыл басынан бері ауылда мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 1,1 млрд теңгені құрайтын 46 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. «Абай-Даулет» серіктестігінің демеушілігімен елді мекен орталығында көлемі 3600 шаршы метрді құрайтын шағын өндірістік аймақ салынды. Тұрғындар «Ауыл аманаты» жобасына жоғары қызығушылық танытып, белсенді қатысуда. Мәселен, биыл Бесарық ауылында «Ауыл аманаты» жобасы аясында құны 62,7 млн теңгені құрайтын 6 жобасы қаржыландырылды. Былтыр жоба аясында «Сыр құсы» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі құрылып, құны 27,6 млн теңгенің «Құс етін өндіру» жобасы іске қосылды. Нәтижесінде, 5 тұрақты жұмыс орны ашылды. Мұнда бүгінге дейін 80 тонна құс еті өндірілді. Қазір құс етін өңірде ғана емес, Шымкент, Тараз, Алматы қалаларының сауда нүктелерінде де сатылуда. Қазір ауылымызда өндіріс өркендеп, кәсіпкерлік саласы дамуда және әлеуметтік мәселелер де кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді», – деді Дәулет Сәрсенбаев.
Айта кетейік, былтыр «Ауыл аманаты» жобасы аясында облыста 3 млрд теңгеге 406 жоба несиелендіріп, 713 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл құны 4 млрд 600 млн теңгені құрайтын 575 жоба жүзеге асырылуда.
Форум аясында оқыту сессиялары да ұйымдастырылды. Онда ауыл әкімдері «AMANAT» партиясы құндылықтарын партиялық жобаларды іске асыру арқылы ілгерілету, тұтынушыға бағдарлану, қызметті кәсібилендіруге негізделген мемлекеттік қызметтің жаңа принциптері, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік сатып алуды іске асыру, агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік қолдаудың қолжетімді тетіктерін қалыптастыру, кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету және инвестиция тарту шаралары, бұқарамен жұмыс істеу, IV бюджет деңгейі, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі мемлекеттік саясаттың жаңа қадамдары секілді түрлі бағыттарда арнайы мамандардан дәріс алды.